iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Ауыспалы егістер

Бұл мәлімет 1 276 рет қаралды

Ауыспалы егістер жөніндегі түсінік. Ауыспалы егіс дегеніміз — ғылымға негіздеп дақылдар мен сүрі танапты белгілі бір мерзімде және аумақта кезектестіріп орналастыру. Дақылдар мен сүрі жердің кезектесу ретімен бірінен соң бірінің орналасуын ауыспалы егістің сұлбасы /кескіні/ деп атайды. Мысалы, Солтүстік Қазақстандағы ең кең тараған ауыспалы егістің сұлбасы:1 — сүрі жер, 2 — жаздық бидай, 3 — жаздық бидай, 4 — арпа. Дақылдар мен сүрі жердің ауыспалы егістің барлық танаптары арқылы өтуі олардың аумақта кезектесуін білдіреді. Дақылды бір танапта ұзақ уақыт өсіруді ауысымсыз, ал шаруашылықтағы негізгі дақылды дара дақыл деп атайды. Ауыспалы егістерде, кейде бір дақылды бірнеше жыл бойы қатарынан егеді, сосын оны басқа дақылмен ауыстырады. Мұндай егістіктерді қайталама егістік деп атайды.

Ауыспалы егістің әр танабында әдетте бір дақылды өсіреді, кейде бір танапта биологиясы және өсіру технологиясы ұқсас бірнеше дақылды орналастырады. Ауыспалы егістің мұндай танаптарын құрама деп атайды. Ауыспалы егістің жақсы алғы егіспен басталып, келесі жақсы алғы егістің алдында аяқталатын бөлігі ауыспалы егістің буыны деп аталады. Ауыспалы егіс тәсіліне сәйкес, дақылдар мен сүрі жердің кезектесуінің толық циклі өтетін кезеңді айналым (ротация) деп атайды. Оның ұзақтығы әдетте ауыспалы егістегі танаптар санына тең. Ауыспалы егістің тыс танабы деп дақылдардың кезектесуінен уақытша шығарылып және бірнеше жыл бойы бір дақыл ретінде өсірілетін танапты айтады. Тыс танапта көбінесе көпжылдық шөптер, жүгері өсіріледі. Алғы дақыл деп осы танапта өткен жылы болған дақылды немесе сүрі жерді атайды, яғни ауыспалы егістегі әрбір дақыл немесе сүрі жер өзінен кейінгі дақыл үшін алғы дақыл болып табылады. Ауыспалы егістің, дақыл мен сүрі жерді ретімен ауысуына, олардың кезектестік қағидасына өзгертулер енгізуге мүмкіндік беретін қасиетін оның икемділігі (бейімделгіштігі) деп атайды. Айналымы ұзақ және биологиясы ұқсас дақылдардан тұратын ауыспалы егістің икемділігі жоғары. Дақылдардың кезектесу қажеттілігі химиялық, физикалық, биологиялық, экономикалық себептерге байланысты.

Бір дақылды тұрақты немесе ұзақ уақыт бойы бір жерге өсіре берсе, онда арамшөптер, зиянкестер және аурулар қаптап, топырақ тозады да, өнімнің азаюына әкеп соқтырады. Ауыспалы егісте дақылдарды кезектестіру, биологиялық себептердің кері әсерін төмендетеді немесе тіпті мүлдем жояды. Мәселен, күнбағысты тұрақты сепкенде ол тоғышар арамшөп сұңғыладан күшті зақымданады; бидайды кезектестірмей сепсе, онда ол тамыр шіріндісі ауруына шалдығады.

Бірнеше дақылдарды (дәнді, отамалы дақылдар, көпжылдық екпе шөптер) өсіру оларды себудің, орып алудың мерзімдері әр түрлі болғандықтан, еңбекті, техниканы, жұмысшы күшін біркелкі пайдалануға, мал шаруашылығын азықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды.

Ауыспалы егістегі алғы дақылдар. Дақылдар өнімінің мөлшері мен сапасына алғы дақыл үлкен әсер етеді. Солтүстік Қазақстанның құрғақшылық жағдайында, ең жақсы алғы дақылға сүрі жер (танабы) жатады. Ол топырақта ылғалдың, өсімдікке сіңімді түрдегі қоректік заттардың жиналуын, танаптың фитосанитарлық күйінің жақсаруын және арамшөптен тазалануын қамтамасыз етеді. Қазақстандағы таза, екпе, ықтырмалы, сидералды, жазықтілгіш гербицидті, т.б. сүрі танаптары кең тараған. Отамалы дақылдар (қант қызылшасы, жүгері, картоп, көкөніс, т.б.) алғы дақыл ретінде танаптарда арамшөптермен күресті жақсы жүргізуге мүмкіндік береді: жаз бойы арамшөптермен қатарлықта күрес жүргізіледі, топыраққа тыңайтқыштар енгізіледі.

Бұршақ тұқымдас дақылдар топырақтағы азотты көбейтеді. Жемшөпке себілген дақылдарды жазда шабу арамшөптерді азайтады. Көп жылдық шөптер топырақты органикалық заттармен байытады, оның құрылымын жақсартады, су және жел эрозиясынан қорғайды, өсіп-өнген патогенді микроағзаларды құртады. Солтүстік Қазақстанның құрғақшылық жағдайында негізінен көпжылдық дәнді екпе шөптерді, ал оның ішінде құрғақшылыққа ең төзімділерін (еркекшөп) пайдаланады. Көп жылдық екпе шөп қыртысындағы бидайдың астық өнімі, ықтырмалы сүрі танапқа қарағанда гектарына 2,3 ц төмен, бірақ сүрі танаптан кейінгі екінші бидайға қарағанда гектарына 0,7 ц жоғары.

Қарақұмық тамырының жоғары ерітетін қабілетіне байланысты қиын еритін қосылыстардан қоректтік заттарды пайдаланып, басқа одан кейін өсірілетін дақылдарға жеңіл сіңетін түрде қалдырады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының тамыр жүйесі құрылысындағы айырмашылықтары топырақ ылғалдығын пайдаланғанда байқалады. Қуатты тамыр жүйесі бар өсімдіктер — жүгері, күнбағыс, қант қызылшасы, жоңышқа ылғалды төменгі терең қабаттардан пайдаланады, ал көптеген басқа өсімдіктер ылғалды топырақтың беткі қабаттарынан жұмсайды. Әр түрлі өсімдіктер құрғақ заттардың қалыптасуына судың мөлшерін әрқалай жұмсайды. Қант, жүгері, күнбағыс, көп жылдық шөптер тары мен арпа сияқты өсімдіктерге қарағанда суды көбірек жұмсайды және топырақты күштірек құрғатады. Сондықтан ауыспалы егісте әр түрлі дақылдарды алмастырғанда қоректік заттарды және топырақ ылғалын тиімді пайдалануға мүмкіншілік туады. Танапта дақылдардың алмасуы топырақтың физикалық жағдайын, әсіресе оның құрылымы мен тығыздығын жақсартады.

Бір жылдық отамалы дақылдарды қарқынды өңдеулер мен қайталама өсіру топырақтың тым борпылдақ болуына, қара шіріктің азаюына, соңынан топырақ құрылымының нашарлауына ұрындырады. Құрғақ дала және дала аймақтарының жағдайында жел эрозиясының қауіптілігі байқалады. Бұл аймақта көп жылдық шөптер және басқа дақылдар қалың қыртысты (шымды) құрады, топырақ құрылымын жақсартады, суға төзімді агрегаттардың санын көбейтеді, су және жел эрозиясынан қорғайды.

Дәнді дақылдар түріне қарай алғы дақыл ретінде әр түрлі бағаланады. Күздік бидай жаздық бидай мен арпа үшін көптеген отамалы дақылдар үшін жақсы алғы дақыл болып саналады. Жемдік дәнді-дақылдарды, арпа, т.б. нашар алғы дақылға жатқызады және оларды ауыспалы егістің соңынан орналастырады.

С.Сейфуллин атындағы қазақ аграрлық университеті мен А.И.Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ деректері бойынша сұлының жазғы егісін сүрі танапты эрозиядан қорғауға және топырақтың санитарлық жағдайын жақсарту үшін пайдалануға болады. Сұлының жасыл балаусасының өнімділігі гектарына 50-75 ц жетеді.

Ауыспалы егістердің сұлбасын құру қағидаттары (принциптері). Ауыспалы егісте дақылдардың алмасу тәртібін және алғы егістерін өндірістік тәжірибелері мен аймақтық ғылыми мекемелерінің ұсыныстарын пайдаланып анықтайды. Бұған қойылатын негізгі талап — әрбір дақылға мүмкіндігінше оңтайлы жағдай жасап, сыртқы ортаның қолайсыз өсерін азайту.

Ауыспалы егістің сұлбасын құрастырғанда топырақтың құнарлылық қорларын өсімдіктердің тиімді пайдалануын ескеру керек. Сол үшін келесі қағидаттарын сақтау керек:

  1. Негізгі дақылдарға ауданның үлкен бөлігін бөлген жөн;
  2. Топырақтың құнарлылығына, танаптардың тазалығына және басқа тіршілік жағдайларына жоғары талап қоятын ең құнды дақылдарды жақсы алғы дақылдардан кейін орналастыру дұрыс, ал олар басқа дақылдарға жақсы алғы дақыл болуы керек;
  3. Ауыспалы егісті ең жақсы алғы дақылдан бастау қажет;
  4. Топырақты өте терең күшті құрғататын (күнбағыс, қант қызылшасы, судан шөбі) дақылдардың қайталама егістерін болдырмау керек; көпжылдық шөптерді күнбағыстан кейін орналастыруға болмайды;
  5. Дәнді бұршақ дақылдарын қайталап өсіруге болмайды;
  6. Отамалы және дәнді бұршақ дақылдарды пардан кейін орналастыруға болмайды; бұл жағдайда олардың құнды алғы егіс болған артықшылығы басқа дақылдармен пайдаланылмайды;
  7. Нашар алғы егістен кейін танаптарды парға қалдыру керек;
  8. Көпжылдық шөптерді суармалы жағдай немесе жеткілікті жауыншашын болған жағдайда жаздық дәнді дақылдардың немесе бір жылдық шөптердің жамылғыларының астына орналастырған абзал;
  9. Арамшөптерді азайтатын дақылдарды арамшөптерге сезімтал дақылдармен кезектестіріп орналастырады;
  10. Қысқы-күзгі және жаздық кезеңнің жауын-шашындарын тиімді пайдалану қабілетіне ие дақылдарды ауыспалы егістерде орналастыру;
  11. Вегетация кезеңі әр түрлі дақылдарды алмастырып өсірген дұрыс және басқа да талаптарды есте сақтауға тура келеді.

Ауыспалы егістерді жіктеу. Ауыспалы егістің әр түрлі жіктеулері бар.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінің деректері бойынша (Л.П.Роктанэн және В.П.Томилов) ауыспалы егістерді мынадай белгілері бойынша жіктейді: дақылдар құрамы немесе жетекші дақыл бойынша (астықтық, жемшөптік, көкөністік, техникалық, бақшалық); құрамдас бөліктерінің аты бойынша (сүрі жерліотамалы, шөпті-бұршақты, т.б.); танаптар саны бойынша (екі танапты, үш танапты, төрт танапты, т.б.); қосымша (арнайы) белгілері бойынша (суландырылатын, топырақ қорғайтын, сидератты, көп жылдық шөптердің тыс танабы, т.б.).

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>