Тыңайтқыштар деп құрамында мәдени өсімдіктерге қажетті қоректік элементтері бар минералды, органикалық және биологиялық заттарды айтады. Оларды минералды, органикалық және бактериялы деп бөледі.
Минералды тыңайтқыштар. Минералды тыңайтқыштарда қоректік заттар минералдық тұздар түрінде болады. Фосфорлы және калийлі тыңайтқыштар химия өнеркәсібінде табиғи қазбаларды өңдеу арқылы алынады, ал азотты тыңайтқыштардың өндірілуі негізінен ауа азотының сутегімен әрекеттесуінен аммиактың түзілуіне негізделген. Барлық минералды тыңайтқыштарды шартты түрде тікелей және жанама әсер етушілер деп бөледі. Алғашқысында қоректік заттар болады, ал кейінгісі топырақтың қасиетін өзгертіп, өсімдіктердің қоректену жағдайын жақсартады /әк, ғаныш/. Сонымен бірге тікелей әсер ететін тыңайтқыштар, мысалы, аммиак селитрасы, суперфосфат жанама әсер етеді: топырақты қышқылдандырады, ал фосфорит ұны топырақты бейтараптандырады. Әк, ғаныш топырақ реакциясын өзгертумен қатар өсімдікті маңызды қоректік элемент — кальциймен қамтамасыз етеді. Химиялық құрамы бойынша минералды тыңайтқыштар қарапайым /бір ғана коректік элементі бар/ және кешенді /2-3 элементі бар/ болады. Физикалық күйі бойынша минералдық тыңайтқыштар сұйық және қатты түрде шығарылады, соңғылары кристалды, ұнтақ және түйіршікті болады.
Азотты тыңайтқыштар. Азоттық қосылыстардағы түрлеріне қарай азотты тыңайтқыштар нитратты, аммонийлі және аммиакты, аммонийлі-нитратты, амидті болып бөлінеді. Нитратты тыңайтқыштарда азот нитратты түрде болады. Негізгі өкілдері натрий және кальций селитралары. Натрий селитрасында 16% азот бар. Ұсақ кристалды ақ түсті тұз суда жақсы ериді, бойына ылғал сіңіргіш. Бұл тыңайтқыштың азотын өсімдік жеңіл сіңіреді, сондайақ, топырақ ылғалы жоғары болса оңай шайылады / әсіресе жеңіл топырақтарда/. Кальций селитрасында 17,5% азот бар. Кристалды, суда тез еритін тұз. Физиологиялық сілтілі болғандықтан, топырақтың қышқылдығын төмендетеді. Аммоний сульфатында 20% азот бар. Ұсақ кристалды, суда жақсы еритін ақ немесе сұрғылт түсті тұз, өсімдіктер жеңіл сіңіреді. Қышқыл топырақтарға әк немесе фосфарит ұнын қосып қолдануға болады. Хлорлы аммонийда 24-25% азот болады. Ұсақ кристалды ақ немесе сарғылт қышқыл ұнтақ. Қолданылуы шектеулі, себебі хлордың ионы картопқа, зығырға, көкөністерге, жеміс-көкөніс дақылдарына кері әсер етеді. Хлор ионы біршама жуылуы үшін күзде топырақ өңдеген кезде енгізуді ұсынады. Сұйық аммиакта 82% азот болады. Түссіз, жылжымалы, қайнау температурасы +34°С тең сұйық. Оны жоғары қысымға шыдайтын болат балондарда сақтайды және тасымалдайды. Аммиак суының бірінші сортында 20,5, екіншісінде 18% азот болады. Түссіз немесе сарғылттау аммиак иісті сұйық. Азот түрінде болады. Бірақ аммонийлық азоттан аммиакты азот көбірек болады. Аммиакты селитрада 34% азот болады. Кристалды ақ түсті зат — әр түрлі дақылдарға қолдануға жарайтын әмбебап тыңайтқыш. Көп жылдар бойы бір жерге қолданса, топырақты қышқылдандырады. Бұл тыңайтқыштың қолайлы қасиеті — өсімдікке зиянды заттардың жоқтығы және тез әсер ететін нитратты және шабан қозғалғыш аммонийлы азоттың болуы. Мочевинада /несеп нәрі/ 46% азот болады. Ұсақ кристалды ақ түсті зат, суда жақсы ериді. Мочевина немесе карбамид топырақта бактерияның әсерінен аммонификацияны тез өтіп, физиологиялық қышқыл — көмірқышқыл аммоний тұзын бөліп шығарады. Сондықтан енгізген алғашқы күндері топырақтың уақытша аздап сілтіленуі қышқылданумен ауысады, бірақ өсімдіктер азотты сіңіреді және бірте-бірте нитрификацияланады. Осының салдарынан топырақтың сілтіленуі қышқылданумен ауысады, бірақ өсімдіктер азотты сіңіргеннен кейін топырақтың алғашқы /мочевинаны қолданғанға дейінгі/ реакциясы қалпына келеді.
Фосфорлы тыңайтқыштар. Бұлар үш топқа бөлінеді: фосфоры суда ерігіш түрде болатын тыңайтқыштар /жай және қос суперфосфат/, фосфоры суда ерімейтін және әлсіз қышқылдарда нашар еритін тыңайтқыштар / преципитат, томасшлак, фторсыз және т.б./. Фосфор аталған тыңайтқыштарда өсімдікке сіңімді түрде болады. Суперфосфат жай және қос болады. Жай суперфосфатта 14-20%, ал қосында 42-49% фосфор бар. Негізінен түйіршікті суперфосфат шығарылады. Фосфорит ұнтағы — қара сүр түсті ұнтақ. Фосфордың мөлшері 30-25-22-15% болады. Фосфорит ұны негізгі тыңайтқыш ретінде күзде жер жыртқан кезде топыраққа енгізіледі. Оның тиімділігі көңмен бірге енгізгенде арта түседі. Калийлі тыңайтқыштары тұзда /сильвинит, каинит/ және суда еритін жоғары концентратты /хлорлы калий және 40% калий тұзы/ түрде шығарылады. Бір бөлігі / 15% -дейін/ кешенді тыңайтқыш түрінде шығарылады Хлорлы калийде 54-тен 62,5% дейін калий болады. Ұсақ кристалды ақ немесе қызғылт түсті ұнтақ. Бұл негізгі калийлі тыңайтқыш, барлық дақылдардың астына және кез-келген топыраққа енгізуге болады. 40% калий тұзын хлорлы калийді ұсақталынған сильвинитпен немесе каинитпен араластырып алады. Құрамы және қасиеті бойынша каинит пен сильвиниттің аралығында орналасады. Хлорға аса сезімтал дақылдар /картоп/ үшін бұл қолайсыз тыңайтқыш. Күкірт қышқылды калийде 46% калий болады Хлорға сезімтал /картоп, қарақұмық, темекі, жүзім/ дақылдарға қолданылады. Кешенді тыңайтқыштар. Қоректік заттардың бірнешеуі /2 немесе 3/ болады. Оларды үш топқа бөледі: араластырылған немесе қоспа /тыңайтқыштар механикалық жолмен араласқан/, күрделі /бір қосылыста бірнеше қоректік заттары бар/, құрама /түйіршіктерде 2-3 қоректік заттар бар/. Бұлардан басқа сұйық және суспензияланған қойыртпаланған кешенді тыңайтқыш та болады. Кешенді тыңайтқыштарды тасымалдау, сақтау, қолдану шығынын азайтады.
Араластырылған /қоспа/ тыңайтқыштар. Араластырылған тыңайтқыштардың маңызы ауылшаруашылық дақылдарын қарқынды технологиямен өсіргенде арта түседі. Қоспаны сақтаған кезде физикалық қасиеттері /кесектеліп қалуы, дымқылдануы/ нашарлайтындықтан, оларды топыраққа енгізер алдында дайындайды. Кең таралған қоспаларға аммиак селитрасының суперфосфатпен және хлорлы калиймен, мочевинаның сульфат аммониймен /түйіршікті/, мочевинаның аммофоспен және диаммофоспен араластырылғандары жатады. Қоспаларды топырақтың қоректік заттармен қамтамасыз етілгендігін және мәдени дақылдардың қажет етуін ескеріп жасайды. Күрделі тыңайтңыштарға аммофос, диаммофос, калий селитрасы және т.б. жатады. Аммофоста 10-12% азот, 40-60% фосфор болады. Жақсы физикалық-химиялық және механикалық қасиеттерге ие. Оны қоспалар жасауға және басқа тыңайтқыштардың дым тартқыштығын азайтуға пайдаланады. Диаммофоста 18-20% азот, 50% артық фосфор болады. Суда ерігіш, жақсы физикалық қасиетке ие. Калий селитрасында 13-18% азот, 46% калий болады. Дым тартқыш жақсы себеленеді. Мұны хлорға сезімтал дақылдарға қолданады.
Құрама тыңайтқыштар. Бұлардан кең тарағандарға нитрофоска, нитрофос, нитроаммофоска және т.б. жатады. Нитрофоскада үш қоректік элемент /азот, фосфор, калий/ бар. Нитрофоста екі элемент — азот пен фосфор 20% -дан болады. Нитроаммосфада 17,5% азот, 52%-дан фосфор мен калий бар.
Органикалық тыңайтқыштар және ауыспалы егісте тыңайтқыштарды қолдану. Көң. Барлық коректік заттар, оның ішінде микроэлементтер де бар, негізгі және ең тиімді органикалық тыңайтқыш. Оны жүйелі түрде енгізгенде топырақтың физикалық-химиялық /сіңіру сыйымдылыры артады, қышқылдылығы төмендейді, ауысу катиондарының құрамы жақсарады және т.б./ және биологиялық қасиеттері жақсарады. Көң садрасында орта есеппен 0,25% азот, 0,5% калий, 0,01% фосфор болады. Ірі қара малдан қорада тұрған кезде 2 т дейін садра жиналады. Құс саңрығы — бағалы, тез әсер ететін тыңайтқыш. Макроэлементтермен бірге микроэлементтер де /марганец, кобальт, мыс/ болады. Негізгі тыңайтқыш ретінде отамалы дақылдар плантациясына енгізеді. Компостар /кордалар/. Бұл органикалық тыңайтқыштардың жасанды қоспасы. Қоспалардың түрлеріне қарай шымтезеккөңді /торфкөңді, торфсадралы/, шымтезек-садралы және т.б. компостар болады. Торфкөңді /шымтезеккөңді/ компосты танаптың маңайына дайындайды. Көктемде, жазда дайындағанда көңнің бір бөлігіне торфтың үш бөлігі, ал қыста дайындағанда торфтың бір бөлігі алынады. Дайындаудың кең тараған тәсілі — қабаттардың кезекпен салынуы: бір қабат /20-30 см/ көң, бір қабат торф. Ертөленің /штабель/ көлденеңі 4-5 м, биіктігі 1,5-2 м болады. Компостың танапқа енгізу мөлшері таза көңдей /20-40 т/га/.
Жасыл тыңайтқыш /сидерат/. Бұлай деп, өскеннен кейін белгілі бір кезеңінде топыраққа жыртып араластыратын өсімдік-сидераттарды атайды. Сидерат ретінде бұршақ тұқымдас өсімдіктерді /көп біржылдық бөрі бұршақтар, сераделла, түйе жоңышқа және т.б./ сондай-ақ, қыша, қарақұмық, күздік және жаздық рапс, күздік қара бидай, фацелия қолданылады. Жасыл тыңайтқыш топыраққа кешенді әсер етеді: азот пен қара шіріктің жиналуына, минералды заттардың жуылмауына және жауын-шашынды тиімді пайдалануға, эрозияның болмауына, топырақтың физикалық қасиеттерінің жақсаруына, танаптың арамшөппен ластанбауына, саңырауқұлақ ауруларының зияндығын кемітеді. Бұл тыңайтқыш өз алдына жеке /сидератты өскен танабына жыртып араластырады/, орып алып /сидератты бір танапта өсіріп екінші, жақын жердегі сүрі танабына тасымалдап енгізеді/, алшынкөк /орып алғаннан кейінгі шыққан алшынкөгін сол танапқа жыртып енгізеді/ түрінде қолданады. Негізгі сидерат жіңішке жапырақты бөрі бұршақты күздіктерді себерден 20-25 күн бұрын / сұрғылт бұршақ кезеңінде/ ауыр топырақтарда 12-15 см, жеңіл топырақтарда 15-20 см тереңдікке жыртып араластырады. Тыңайтқыштарды танаптарға енгізуге теңгермелік / баланстық/ есептеу әдісі қолданылады. Мұнда өсімдіктердің топырақтан және тыңайтқыштардан қоректік заттарды пайдалану коэффициентін дифференциалды түрде қолданады. Қоректік заттарды пайдалану аймақтың топырақ-климат жағдайына, агротехникаға, өсімдіктің және сорттың биологиялық ерекшеліктеріне тәуелді. Оны 1 тонна тау-арлы өніммен соншалықты қосалқы өнімге киломен /кг/ көрсетеді. Қоректік заттарды пайдалану коэффициентін дақылға, сортқа, топырақ типіне, тыңайтқыштың түрі мен формасына қарай дифференциялайды.
Тыңайтқыштан жоғары тиімділікті енгізу мерзімі мен тәсілін дұрыс байланыстыра отырып алуға болады. Тыңайтқышты қолданудың екі тәсілі бар: топырақ бетіне тегіс шашу және топыраққа енгізу. Қолданылу уақытына қарай тыңайтқыштар негізгі /егуге дейін/, егу кезіңде және егуден кейін /үстеп қоректендіру/ болып бөлінеді. Негізгі тыңайтқышты көбінесе сүрі жерді дайындағанда, сүдігер көтергенде немесе көктемде қопсыту жүргізгенде қолданады. Мұндайда негізінен органикалық және фосфорлы-калийлі тыңайтқыштар енгізіледі. Тыңайтқыштың мөлшері ауыспалы егістегі барлық дақылдардың қажетін есептеп енгізеді: көң 40-50 т/га, фосфорлы тыңайтқыш 80-120 кг/га ә.е.з. бойынша. Ауыспалы егісте сүрі жер болса, азотты тыңайтқыштың 20-30 кг/га ә.е.з. сүрі жерден кейінгі 3-4 дақылға қолданылады.