iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Шекспирдің реалистік әдісі

Бұл мәлімет 197 рет қаралды

Шекспирдің әдеби қызметі жиырма екі жылға жалғасқан болса, соның он екі жылы (1595-1607) ең жемісті кезең саналады. Осы уақыт ішінде ол көркемдік тұрғыдан ең жоғары трагедияларын жазады. Тақырыбының байлығы, идеялық бағытының айқындығы және тұрмыстық оқиғалардың терең реалистік көрінісі Шекспир трагедияларын биік сатыға көтерді. Сол себепті оның драмалық шығармашылығы дүние жүзі театрларының сахнасында берік орнығып, бүгінгі күнге дейін көрермендерді толғандырып келеді.

Өмірді жан-жақты үйреніп, адам мінезінің құпия сырларын ашу, оның көп қырлы жақтарын шынайы бейнелеу, адам талпыныстарының негізгі себептерін көрсету Шекспирдің жазушылық шеберлігін танытса керек. Драматург, кейбір қаламгерлер сияқты көрерменге құрғақ насихат айтуды мақсат тұтпайды, керісінше оны жағдайды терең түсінуге, болып жатқан оқиғалардан тиісті қорытындылар шығаруға мәжбүр етеді.

Шекспир байлық пен тойымсыздық, сараңдық адамды азғындық жолға түсіреді деп ерекше атап көрсетеді. Өйткені, оның қаһармандарының бірі Ромео дәрі сатушыдан алтын ақшаға у сатып алып: «Сен маған у сатқан жоқсың, мен саған у саттым» деп алтынның зиянды әсерінің удан да күшті екендігін дәлелдейді.

Өмірдің ащы-тұщысын өз басынан өткізген және қоғамдағы әділетсіздікті әшкере қылып: «Қылмысыңды алтынмен безендірсең, онда оған заң найзасы да өтпей, морт сынады» дейді ызаға булыққан қарт Лир. Алтынның құлы болған Шейлоктің мейірімсіз мінезі, афиналық Тимонның алтын туралы монологы да бұл тұрғыдан ұқсас келеді.

Шекспир трагедияларындағы көптеген ұнамсыз бейнелер — мал-дүниеге құмар, атақсүйгіш, алаяқ, залым тұлғалар. Олар алғашқы байлық топтау дәуірінің өкілдері Ричард III, Клавдий, Яго мен Макбеттер. Бұл адамдар өздерінің жеке мүдделері жолында қанды қылмыстардан да қайтпайды. Оларға Шекспир биік адамгершілік қасиеттерді өз бойларына жинақтаған Ромео, Гамлет, Отелло, Эдгар образдарын қарсы қояды.

Шекспир туғызған бейнелер — жанды адамдар. Оларда жақсы қасиеттермен бірге үлкен кемшіліктер де бар. Мәселен, Отелло өте қайырымды адам, бірақ оның осал жағы — оқиғаларға сын көзбен қарай алмауында, сенгіштігінде. Лир де жақсы мен жаманды тез айыра алмауының себебінен қайғыға душар болады. Яго, Ричард III, Макбет, Клавдийлер — қылмыс дүниесінің өкілдері, бірақ олар ақылсыз, надан жандар емес. Өз мақсатына жету жолында табанды күресуші және ауыр жағдайға кездескенде күйремейді, өз қылмыстарын ақтауға яки жасыруға ұмтылатын сезімтал жандар.

Шекспир образдарында адамның табиғи мінезі, арман-тілегі, ғашықтың сезімдері айқын көрінеді. Әсіресе, әйелдердің парасаттылығы орта ғасыр заңдарына және жауыз әке зұлымдығына батыл қарсы шығуымен көзге түседі. Гермия («Жаз түніндегі түс»), Джульетта, Дездемоналардың адалдығы, ерлігі және табандылығы көрерменді тамсандырады. Карделия («Король Лир») -адалдық жолында жанын қиюға дайын қыз. Шекспир туындыларындағы әйелдер ақылы жағынан да, адамгершілігі жағынан да ер адамдармен қатар тұрады.

Шекспир драматургияны жаңа, жоғары даму сатысына көтерді. Оның тақырыбын байытып, оқиғаларды типтік және шынайы бейнелеу принципін жетілдірді. Шекспир өз шығармалары үшін түрлі тарихи және әдеби деректерден (антикалың мәдениет, Англия тарихы, Италиядағы Қайта өрлеу дөуірі өдебиеті) кең пайдаланды. Бұл болса, оның дүниетанымын байытты, ағылшын халық театры дәстүрлерін жалғастырып, тұрмыс диалектикасын аңғаруына (күлкі мен қайғыны бірге суреттеу, өнерді шектеп ңоятын антикалық әдебиетке тән үш бірлік заңына бағынбау) жәрдем береді.

Шекспирдің реалистік әдісінің өзіне тән ерекшелігі сонда, ол бейнелерді типтік жағдайда дараландырып суреттейді. Бұл қаһармандардың әрдайым дамып отыруында айқын көрінеді. Характердің мүддесіне, қоғамның жиіркенішті ағымына қайшы келгенінде гуманист Гамлет сөзді қойып, қолына қылыш алады, батыр қолбасшы Гамлет даңққұмарлыққа салынып, залым қылмыскерге айналады.

Шекспир драматургиясында халық өкілдері — кедей студент Горацио («Гамлет»), сайқымазақ («Король Лир »), Флавий (« Афиналық Тимон ») және басқалар ерекше сүйіспеншілікпен бейнеленеді. Олар ақыл-парасатымен, пәк жүрегімен, адалдығымен назарға лайық. Сайқымазақтың астарлы, өткір сөздерінде халық даналығы жатыр. Шекспир типтік характерлерді дараландыру арқылы жарқын образдар жасады. Бұл нәрсе оның трагедияларын жоғары даму сатысына көтерді. Шекспир тудырған характерлердің табиғилығы мен жан-жақтылығын Пушкин өте жоғары бағалайды. Оны XVII ғасырдағы француз классицизмінің ірі өкілі Мольермен салыстырып, олардың арасындағы айырмашылықтарды ашып көрсетеді.

«Шекспир жаратқан образдар, — деп жазған болатын Пушкин, — Мольердегі сияқты бірер кемшілік, бірер жауыздықты бейнелеуші типтер ғана емес, ал бірталай сезімдер мен көптеген қылмыстарды өз бойына жинақтаған тірі жандар сипатында көрінеді. Белгілі жағдайлар олардың әрқилы характерлерін көрерменнің көз алдында дамытып отырады. Мольердегі сараң — тек ғана сараң, Шекспирдегі Шейлок — сараң, зерек, кекшіл, перзент сүйгіш, шешен адам», Пушкин Шекспирдің «Характерлерді еркін және кең көлемде» суреттейтіндігі туралы айтакеліп, «Борис Годунов» образын жасағанында оның осы тәсілдерін кең пайдаланғандығын жасырмайды.

Шекспирдің реалистік өнер туралы көзқарастары Гамлеттің актерлермен сұхбатында анық бейнеленген. Бүл — Қайта өрлеу дәуіріндегі реалистік әдебиеттің өзіне сай манифесі. Мұнда басы артық айқай-сүрең көтермеу, бойкүйездікке салынбау, «сөзге сай әрекет» ету, «әрекетке сай» сөйлеу және «оның табиғилық шегінен шығып кетпеуі шарт» екендігі жайлы айтылады.

Қаһармандардың сөзі олардың қоғамдағы алатын орнына қарай белгіленеді. Мәселен, Гамлеттің сөздері ақиқатты білуге ұмтылған, жан-жақты білімді адамның -гуманистің негізгі қасиеттерін айқын көрсететін сын мен афоризмдерге өте бай. Характерлерді дараландыру алдымен олардың сөзіндегі өзіне тән бояуларды таба білуінде көрінеді.

Отелло үшін сүйіктісінің тәні — «қардан да ақ», «мәрмәр тастан да сұлу», ұйқыдағы Дездемона — ашылып тұрған қызғалдақ, оның өлімі — күн мен айдың тұтылуына тең. Ягоның тіліндегі образдылық, оның мінезіне сай келеді. Ол өз ортасын «хайуанатханаға» ұқсатады. Яго лейтенант Кассионы кемсітеді; адал қызметшісін «есекке», адамдарды «қарғаларға» теңейді. Ягоның сөздері дөрекі, Отеллоның сөздері нәзік, жағымды және терең мағыналы.

Шекспир пьесаларында қайғылы және күлкілі жағдайлардың тұтасып кететіндігі персонаждар сұхбатындағы жедел өзгерістерде анық байқалады, яғни көтеріңкі, көңілді монологтар ащы, улы кекесіндермен ауысып отырады. Мәселен, Джульетта тойы азаға айналғанда, сайқымазақтар өнер көрсетеді. Офелияның қабірін қазып жатқан адамдар күлкілі әңгімелер айтады. Соғыс жүріп жатқанда сері Джон Фальстаф шарапханаға кіріп алып, мастық құрады. Шекспир өмірдегі қайғылы және күлкілі, қарапайым және күрделі оқиғаларды жоғары көркемдік формада, терең философиялық пікірлермен диалектикалық бірлікте беруге өте шебер.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

Қобыланов Ж.Т. — Шетел әдебиеті тарихы: Оқулық. — Астана: Фолиант, 2008. — 344 б. Мәлімет оқулықтың 288-ші бетінен алынды. Пікір жазған: Тебегенов Т.С. — филология ғылымдарының докторы.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>