iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Марат Бисенғалиев

Бұл мәлімет 246 рет қаралды

Марат Бисенғалиев оңайлықпен қолға түсе қоймайтын асқақ өнерпаз-скрипкашы қалайша сұхбаттасудың реті келер екен деген ойда болатынмын. Сәуір айының басында Құрманғазы атындағы консерваторияның ескі ғимараты алдындағы жарнамаға көзім түскенде Жәния Әубәкірованың Марат Бисенғалиевпен осы айдың 6-жұлдызында Үлкен залда бірлескен концерті болатындығын көргенімде қуанып кеттім. Екі алғы шептегі аса дарынды өнерпаздардың классикалық шығармаларды орындауын консерваторияның студенттік симфониялы оркестрі сүйемелдеді. Залда бірде-бір бос орын жоқ. Қатысып   отырғандардың   жас   мөлшерлері   консерваторияның   бірінші курс студенттерінен бастап ақсақалдарға дейіңгі зиялы музыка сүйер қауымды (меломандарды) қамтыған. Кейін Марат Сәметұлының сұхбаттасқанымда оны Алматыда концерт қоюға консерватория ректоры Жәния Әубәкірова Делиден әдейі шақырғандығын білдім. Концертте Ж.Әубәкірова — фортепианода ойнаса, М.Бисенғалиев скрипкада орындаушылығымен қатар дирижерлікті қоса атқарды. Тыңдармандар әрбір шығарма орындалғаннан кейін екі өнерпаздың шеберлігіне ұзақ қол соғудан жалықпады. Концерт аяғында аяқтарынан тік тұрып қол соғуларын овацияға айналдырды. Олардың әртістерді қайта-қайта шақыруына орай тағы да бір шығарманы орындады. Оқырмандар зейінін енді Марат Бисенғалиевтің өмірі мен шығармашылық жолына бұрсақ. Мараттың әкесі Сәмет Бисенғалиевтің ата тегі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданын мекендеген. Ол институтта жоғары білім алған соң Қырғызстанның Жалалабад облысының қаржы бөлімін басқарды. Кейін отбасы Алматыға коныс аударғасын Сәмет Бисенғалиев қаладағы Калинин ауданының қаржы бөлімінің төрағасы қызметінде болды.

Мараттың анасы — Арухан көршілес Астрахань облысынан, мамандығы — мұғалім. Сәмет пен Аруханның ұрпақтары — Ғалия, Райхан, Батима, Ғанимат, Сағадат. Олардың кенжесі — Мараттың Алматыда 1962 жылы 13 наурыз күні кіндігі кесілді. Егер де оның анасы Маратты Алматыға қонаққа келгенінде босанбаса, жолшыбай туып қалар еді. Сәмет Бисенғалиев домбыра аспабында тамаша ойнайтын. Жерлестері ортасында үлкен құрметке иетұғын. Оның орындаушылығында Дәулеткерей мен Сейтек күйлері әуен фирмасында кезінде таспаланған-ды. Мараттың музыкалық қабілеті кешірек оянды. Мектепте жүрген шағында оны алда музыка өнерпазы болады деп ешбір жан ойламаған. 1969 жылы Күләш Байсейітова атындағы музыкалық училищенің скрипка класында оқуды бастайды. Ол 8 сыныпта Нина Михайловна Патрушевнаның тәрбиесінде нағыз ұстазын табады. Сонда ғана скрипкада беріле ойнайды. Училищені бітірген соң ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, ардақты Н.М.Патрушеваның класына қабылданды. Үшінші курста П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Борис Владимирович Беленькийдің класына ауысты. Марат ұстазы туралы: — Борис Владимирович Беленький атышулы ұстаз, профессор Л.М.Цейтлиннің шәкірті. Оның шәкірті болған, ассистенті Алексей Бруни менің музыкалык дамуыма барлық жағдайды жасады және талай еңбектенуімді қадағалауда болды. Ол маған дегенде активті, кей кезде беделді позицияда болды. Биік методикалық әдіспен жүргізілген сабақтар және қатал тәртіп менің техникалық шеберлігімді шыңдай түскен мектеп еді, — дейді. Мараттың жарқын орындаушылығы оның аспиранттық шағында Мәскеудің Үлкен театры және Ленинград симфониялық оркестрінің концертмейстері С.Гришенконың жетекшілігімен дами түсті.

Біздің кейіпкеріміз консерваториядағы оқу жылдарында өзінің курстас жолдастары арасында үлкен құрметке ие болды. Ол Б.Беленькийдің кластық концерттерінде, консерваторияның кіші залында скрипкада шебер орындайтынын таныта түсті. Оның жеке концерті Мәскеу консерваториясының Үлкен залында Мемлекеттік симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Л.Бетховеннің скрипкалық концертін орындады. Консерваториядағы оқуы аяқталғасын Марат Бисенғалиев бойындағы жастықтың алаулаған күшін халықаралық скрипкалық сайыстарда сынай бастады. 1991 жылы Испанияда өткен Никанор Забелета атындағы конкурста бірінші орынды жеңіп алды. 1988 жылы Қазақстанға келіп «Алтын алма» атты жеке батыстық музыка ұжымдарымен тайталаса алатын камералық концерт құрды. Дирижер Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры Я.Фудиман, Р.Хисматуллин, Я.Мавриди, С.Бисенғалиева, М.Бекмағанбетов сынды өнерпаздарды шақырды. Бұл Мараттың өзі үлкен қанағаттанушылықпен есіне алатын оркестрді басқару тәжірбиесі еді. Бастама Мараттың Англияға кетуіне орай тоқтап қалды. Мәскеу консерваториясында оқып жүргенінде ағылшын ұлтының қызы Стинамен танысады. Оқуын аяқтағысын бірден Лондонға барады да үйленеді. 1990 жылы Англия корольдігінің оркестрімен үлкен концерт атқарды. Оның скрипкашылық өнері таныла түсті. Осы жылы «Наксос» фирмасының менеджері оны байқап, осы фирмамен бірге жұмыс істеуге шартқа отыруды ұсынады. Мұның өзі скрипкашы алдында батыстың көптеген концерттік залдарының есіктері айқара ашыларына және әлемдік жетекші маңыздағы оркестрлерде орындауына жол ашылды. Ол әлемнің ең үздік, әркімнің қолына түсе бермейтін «Карнеги Холл» және «Барбикен Холл», «Альберт Холл», «Гивен Хауз» залдарында өнерімен тамсандырды. Осылардың арқасында Марат Сәметұлының орындауындағы шығармалар жазылған үнтаспалар сатылымы молая түсті. Оның көптеген дискілері ағылшын журналы «Граммофонның» үздігі аталды. 1989 жылы Мәскеудегі «Мелодия» фирмасы да оның орындауындағы шығармаларды үнтаспалады. Оның репертуарына 80 скрипкалық концерттері мен 1,5 сағаттық камералық музыкаға арналған бағдарламалары енді.

Марат: — Менің ең сүйікті композиторым — Эдвард Эльгар. Үш шығармашылық жылымды осы композитор өмір сүрген және қызмет істеген Англияның Мальер қаласында өткіздім. Мұнда маған резиденцияның музыканттық орнын берді. Осылайша оның шығармаларын зерттеуге, үйренуге мүмкіншілік алдым. Оны ең бір ұлы композитор деп бағалаймын… Мен ағылшындарға оның белгісіз шығармаларын ашып, таныттым, — дейді. 1999 — 2001 жылдары «Эдвар Эльгар» деген атпен диск жарық көрді. 1994 жылы Хабер Телльдің, ал 1997 жылы Мендельсонның шығармаларынан тұратын диск шығардым. Негізінен Еуропада өнерпаздың аты оның орындаушылығында тұратын дискілердің таратылуымен бағаланады, — деп сырласты.

— Марат, Карл Джексон фольк-музыка жанрында еңбектенгені белгілі. Осы жайлы не айтар едіңіз?

— Бұл дәл емес. Ол өзінің айырықша танымалдығын әртүрлі музыка жанр саласында тапты. Негізінен музыкалық-классикалық жағына арқа сүйеді.

— Музыка танушылар жанрлар мен стильдердің осылайша араласуы халық әуеніне, ұлттық мәдениетке деген қызығушылық туғызады. Сіздің осы бағыттағы тәжірбиеңізді Қазакстанда қолдануға бола ма?

— Менің ойымша осындай жобалар арқасында қазақтың халықтық музыкасына деген ынтызарлық арта түспекші. Карл Джексон бұл күндері жержүзінде классикалық танымал композиторлардың арасында бірінші ондыққа кіреді. Оның музыкасы қалың демократиялық көпшілікке бағытталған, барлық социалдық қауымға жат емес, қандай жастағы болмасын тыңдарманның жүрегінен орын табады.

Америка, Еуропа елдеріне бару әрдайым жетістік табудың шарты болмайды. Мен сәтті лотереяға іліккендеймін. Концертіме келген өте ірі фирма басшысы концерт аяқталғанда шартқа отыруды ұсынды. Екі айдың ішінде дискім жазылып, жарық көрді, — деп табыстарымен бөлісті. Скрипкаға арналған «Сары қыз» концертінің авторы белгілі ағылшын композиторы Карл Дженкинс Британиядағы қазіргі кезеңнің атышулы композиторы. Оның шығармалары — «Реквием» және «Адиемус» бүгінге дейін британдық классикалық альбомдардың ортасында әрдайым алдыңғы бестікте орын алды. Бірде бұл композитор Қазақстанға келгенінде меценат Сапар Ысқақов оған қазақ тақырыбына және әуендеріне арналған туынды шығаруды ұсынды. Лондонға қазақтың 22 ұлттық аспаптарында орындалған әуендер үнтаспасын жіберді. Композитор бір жыл шамасында «Тілепті» Лондондағы «Альберт Холлда» Британия — Қазақстан қоғамы күшімен қойды. Оның «Сары қыз» атты скрипкалық концертінің премьерасы Нью-Иоркта өтті. Марат Бисенғалиевтің тікелей ұйымдастыруымен құрылған Батыс Қазақстандық симфониялық оркестр Астана, Алматы және Орал қалаларында көмеймен ән салатын өнерпаз Еділ Құсайыновтың Финляндия хоры мен Ұлыбританиялық орындаушыларының қатысуымен өткен екі сағаттық концерті тамаша өтті. Оны таспалауды Sonny classic фирмасының студиясы мойнына алды. Бұл оркестрде кеңесші дирижер болуға кезінде Фуат Мансұров пен ағылшындық дирижер Джон Андерсон қатысқанды. Скрипкашы өзі өмірге келген сүйікті қаласы Алматыда концерт өткізуді жаны қалайтындығын айтты. Екі бөлімнен тұратын Карл Дженкинстің «Палладио» және «Сары қызын» бірінші бөлімде, ал екінші бөлімінде А.Райымқұловтың «Ішекті оркестр үшін музыка», Ф.Масканидің «Селолық ар интермецосын» және Алмас Серкебаевтың «Бостон желін» орындады. Алматының ең бір үлгілі музыкашыларынан тұратын құрамды оркестр сүйемелдеуімен тамаша жемістілікпен өтті.

2003 — 2008 жылдары оркестрдің концерттік турнерлері Англия, Италия, Польша, Ресей, Украина, Индия қалаларында және Қазақстанның аймақтарында зор табыспен атқарылды. Концерттік бағдарламаға Карл Дженкинстің «Палладо», «Пассикалья», «Лакус Делорус», «Тілеп», «Стоунз», Алмас Серкебаевтың «Шалқыма», «Алматы», «Аве — Мария», «Күй» (Марат Бисенғалиевке арналған), А.Акутагаваның «Триптихі», сондай-ақ әлемнің скрипкаға және ішекті оркестрге арналған шығармалары кірді. Марат Бисенғалиев қазақстандық әртістер арасынан дүниежүзіне аса танымал өнерпаз. Сондай тағы бір өнерпаз деп ол дирижер Алан Берібаевты  атайды.  Екеуі  бірігіп  осы  жылдың  аяғында  концерт атқармақ ойда. Үшіншісі — дүниежүзінде атақты биші, бүгін Санкт-Петербургтағы Ваганова атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Алтынай Асылбекова. Ол Еуропаның елдерін өнерімен тамсандырған. — Менің шығармашылығымдағы ең басты орын — үнтаспалық дискілерді жарықка шығару. Олар ғасырдан ғасырға менің өнерімді паш етеді, — деп өнерінің алдағы ғұмырына ойын жүгіртті. Марат Бисенғалиевке ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағы 2008 жылы берілді. Бұл хабарды Қазақстанның Англиядағы төтенше және өкілетті елшілігінен естиді. Аса шебер өнерлі скрипкашыны 2005 жылы Англияда өткен концерттің аяқталғанында үндістандық менеджер сахна сыртына көтеріліп, оған үлкен ұсыныс жасайды. Мақсаты — Марат Бисенғалиевтің тікелей көмегімен Үндістанда симфониялык оркестр құру. Бұл күндері Үндістанда сондай оркестр қанатын жая түсуде. Енді ол Францияның мәдениет министрлігінің сұранысымен Парижге қоныс аудармақшы.

Марат Сәметұлы екінші рет әкесі грек, шешесі француз Василияға үйленді. Екеуінің 5 жастағы қызы Шорай, 1 жастан асқан ұлы бар. Оның бірінші ағылшындық әйелінен туған қызы Арухан 19 жаста. Ол Британ Корольдік мектебінде әншілікке дайындалуда, алда кино және драмалық театр әртісі болуды армандайды. Маратпен сұхбаттасу біздің үйімізде өтті, әйелі екеуі қонақ болды.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>