iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Ислам дінінің пайда болуы

Бұл мәлімет 5 102 рет қаралды

Ислам дінінің тарихы яғни пайда болуы Арабияның жергілікті тұрғындарына жататын арабтар арасында қалыптасты. Семиттік халықтардан өрбитін олардың тарихы Ибраһим пайғамбарға дейін жалғасады. Бұл тек еврей жұртының ғана емес, араб халқының да арғы тегінің Ибраһим пайғамбардан тарайтындығын айғақтайды. Екі ел Ибраһимнің екі әйелінен туылған Исқақ пен Исмайыл атты ағалы-ініліден өсіп-өнген.

Егіншілікпен айналысқан көшпелі бәдәуи арабтар араб түбегінде ғана емес, көршілес Месопотамия, Сирия, Палестина жерлерінде де мекендеген. Йемен, Мекке, Ясриб сияқты Оңтүстік Арабияның шағын қалалары сауда жүретін жолдардың бойында орналасқандықтан, бұл қалаларда негізінен сауда-саттық ісі қарқынды жүрген.

Арабтардың көпшілігі, әсіресе көшпелілері пұтқа табынған. Вавилон, тіпті Вавилонға дейінгі дәуірлердегі Месопотамияны мекендеген ежелгі семиттерден қалған дәстүрлері бойынша олар, Айға, Күнге, табиғи күштерге, әруақтарға табынды. Арабияның оңтүстігінде заттар мен тастарға табынатын фетишизм болған. Семиттердің көшпелі тайпалары тым ерте дәуірлерден бері Арабияның ұшы-қиырсыз шөлінде мал шаруашылығын кәсіп етті. Әсіресе түйені қолға үйретуі, олардың еңбектерін айтарлықтай жеңілдетті. Түйенің сүті мен етін қорек қылып, жүнін киім етіп, терісінен аяқ киім тігіп киді. Олар түйеден түспестен шайқастарға да қатысатын. Түйені мініспен қатар тауар тасуға да пайдаланды. Араб көшпелі ру-тайпалары көп еді. Олардың бәрінің өмір сүру салттары осындай сипатта бірнеше ғасырларға созылып жатты.

Ислам тарихын зерттеушілер Ислам діні келмей тұрып, адамзаттың рухани азғындыққа ұшырағанын жазады. Әлсізді қанау, жарлы-жақыбайды қорлықта ұстау секілді адамдық пен гуманизмнен алшақ әрекеттер кең етек жайғанды. Мұндай жағдайлар көршілес Византия, Иран, Мысыр, Үндістан, Александрия, Месопотамия, Қытай, т.б. жерлерде де орын алған. «Қараңғылық дәуірі» деп аталған бұл кезеңде адамзаттың имансыздықтан тұншыққаны сондай — аймақта азғындықтың небір түрлері етек алғанын, сол заман туралы жазылған тарихи еңбектерден білеміз.

Исламға дейінгі дәуірде Арабстанда нәпсіқұмарлық шегіне жетіп, құмар, зинақорлық, маскүнемдік, зұлымдық, ұрлық, зорлық, өтірік-өсек кең етек алды. Ең көп пұтқа табынатындар да осы өңірден шығып жатты. Тастан, тақтайдан, ұннан, кейде кәдімгі әр түрлі тәттіден пұт жасап алып, соларға табынушылықтың та сорақысы осы аймақтарда жасалды. Әйелдерінің қыз босанғанын намыс көріп, одан құтылу үшін қыз балаларды тірідей көміп тастау сияқты тұрпайы салт болған.

Исламға дейінгі кезеңде Арабстан халқы ру-руға бөлініп, әр тайпа өз тәртібіне бағынып, өз дәстүрін ұстанды. Олардың бір орталыққа бірігу, өзара ымырласу, татулықты сақтауға аса көңіл бөлмегені байқалады. Бірақ бұл айтылғандар елдің тұрғындары түгелімен адамдық санатынан шығып қалды деп тұжырымдауға мүмкіндік бермейді. Олардың арасында бір кездері Ибраһим пайғамбардан қалған таза дінге сенетін «ханифтер» де бар еді. Арабтарда қонақжайлылық, намысшылдық сияқты жақсы қасиеттер де сақталған болатын.

Араб халқында шешендік өнер кеңінен тарады. Ол заманда ақындар елінің зиялысы еді. Бір ақынның сөзінен екі тайпа соғысып, бір ауыз сөзбен екі ел арасындағы көп жылдық қырғын тоқтап, татулық орнайтын. Ақындар арасында мүшәйра жарысы өтіп, жеңімпаздың өлеңі Қағбаның қабырғасына ілінетін. Шешендік өнері шырқау биігіне көтерілді. Сөз қолдану шеберлігінде дүниежүзінде арабтарға тең келер халық болмады. Шайырлар ата-баба дәстүрін де, тарих пен шежіре, наным-сенімді де өлең сөздермен өрнектеді.

Араб қоғамында шайырлар керемет құрметке бөленді. Ақынның атақ-абыройы батырдан да асып түсті. Әркім-ақ шайырлардың сынына ұшыраудан қорқатын. Алайда, Алладан аяттар түсе бастағанда әйгілі ақындардың көпшілігі Құранның әдеби көркемдігінің жоғары екендігін мойындағаны да шындық.

Ислам — біздің заманымыздың 609-632 жылдар аралығында (VII ғасыр) шығыс пен батыс мәдениеттері тоғысып жатқан Араб түбегінде пайда болған әлемдік діндердің ең жасы. Ол әлемде кең таралу жағынан екінші орында.

Бұл кезде Араб түбегіндегі діни наным-сенім өте күрделілігімен ерекшеленді. Көне ғасырлардан келе жатқан иудейлік пен христиандық діндері де өз ықпалын сақтап тұрды. Иудейлік әсіресе, қалаларда орнықты. Ірі еврей қауымдары, еврей көпестері оңтүстік Арабияның сауда орталықтарын иемденіп, Ясриб (Мәдина) пен Йеменде өз діндерін жаюға күш салды. Йеменді кейіннен эфиоптықтардың (христиандар) басып алуы, бұл өңірдегі иудейліктің ықпалын бәсеңдетіп, христиандықты күшейтті. Христиан дінінің несториандық бағыты Сирия, Палестина, Месопотамияға тарады. Бұл кезеңде Арабияның маңайында Византия, Мысыр, Ақсум секілді христиан мемлекеттері қалыптасты. Оңтүстік Арабияның қалаларын христиан қауымдары мен храмдары жайлады. Бұдан басқа оңтүстіктегі арабтарға Ираннан келген зороастризм де өз әсерін тигізді. Арабтардың өз ішінде көпқұдайшылдық, пұтқа табынушылық та кең тараған еді. Бірақ, Ибраһим пайғамбардан келе жатқан бір Құдайға сенетін, пұтқа табынбайтын Ханиф дінін ұстанушылар да кездесті. Ислам діні міне, осындай күрделі уақытта пайда болды. Ол ортағасырлық араб халқын ортақ идеяға ұйыстыруда, біртұтас ел қалыптастыруда, жаңа саяси құрылым «халифаттың» орнығуында, әлемде «мұсылман үмбеті» деп аталатын жаңа қауымның түзілуінде маңызды факторға айналды. «Ислам» сөзі арабшада «бейбітшілік», «бағыну», «мойынсұну» деген мағыналарды білдіреді.

Жаратушыны жалғыз, дара деп қабылдауымен Ислам монотеистік дін болып табылады. Негізгі ұстанатындары — Құран кітап пен Мұхаммед пайғамбардың өнеге етіп қалдырған іс-амалдары (сүннеті).

Деректер бойынша, хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) пайғамбарлық ақыл-ойы кемелденген 40 жасында қонған. Елшілік міндетті 610 жылы Рамазан айында Хира тауының басында Жәбірейіл періште жеткізген делінеді. Періштенің жеткізген аяндары «уахи» деп аталған.

Тауда үңгір ішінде оңаша отырған бір сәтінде Жәбірейіл періште хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) өз бейнесінде көрініп, алғашқы аяттарды түсірген. Алғашында бұл оқиғадан хазірет Мұхаммед (с.а.с.) қатты қорыққан. Кейіннен өзіне елшілік міндеті берілгеніне нақты көзі жеткенде, түскен әмірлерді қалтқысыз орындай бастаған. Жәбірейіл періште арқылы, Алла тағаладан аян түсуі өмірінің соңына дейін үзбей жалғасқан.

Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) уағыздарын өзіне жақын кісілерден, туыс-туғандарынан бастаған. Оның пайғамбарлығын алғаш болып жары Хадиша, досы Әбу Бәкір және туысы Әли мойындаған. (Бұл кісілердің барлығы кейіннен Ислам діні жолында үлкен еңбек сіңірген қадірлі тұлғаларға айналған).

Пайғамбар, сондай-ақ жаңа дін туралы хабар Меккеден тыс жерлерге де тез тарап үлгерген. Алайда пұтқа табынуды, көп құдайшылдықты санасына әбден сіңірген Меккеліктердің көбі алғашында оны келеке-мазаққа алып, кейіннен ашық қарсылықтар таныта бастаған.

Алғашқы мұсылмандардың Меккелік пұтқа табынушылардан көрген зорлық-зомбылығы, Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) қолдау білдіріп жүрген жары Хадиша мен Әбу Талибтың қатар қайтыс болуымен, тіптен асқына түскен. Күн сайын мұсылмандардың Меккеде тұрақтауы қиындаған.

622 жылы мұсылмандар Меккеден Ясриб қаласына көшеді. Ясриб қаласы кейіннен Мәдина деп аталған. Бұл көш Ислам тарихында «хижрат» деп білінген.

Мәдина қаласына көшіп келгеннен кейін Ислам дінінің таралуы қарқынды күш алған. Мәдинаға хижрат жасау мұсылмандардың жыл санауының басы саналған (ай күнтізбесі бойынша). Осы уақыттардан бастап Мәдина қаласы Ислам дінінің таралу орталығы ғана емес, бүкіл мұсылман-араб әлемінің қасиетті мекеніне айналған. 630 жылы Мекке қаласын да мұсылмандар азат етіп, қасиетті Қағбаның ішін қолдан жасалған құдайлар мен пұттардан тазартқан.

Ислам дінінің кең жағрапияға таралуы Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) кейінгі халифаттар кезеңінде жүзеге асқан. Ислам тарихында олар «хұлафа рашидин» (әділетті халифалар) деген атпен қалған. VIII ғасырдың өзінде Ислам дінінің аумағы Араб түбегін қоса алғанда солтүстік Африка, Пиреней түбегі, Месопотамия, Иран, Ауғанстан, Кавказ аймағы, Орталық Азия мен Үндістанның солтүстігіне дейін жеткен.

Мұсылмандарда адам Құдайдың құлы, ең алғашқы пайғамбар Адам (а.с), ал ең соңғы пайғамбар хазірет Мұхаммед (с.а.с.) болып есептелінеді. Екеуінің арасында жіберілген пайғамбарлардың баршасына иман етіледі.

Адам Ата мен Хауа Ана шайтанның азғыруымен өздеріне тыйым салынған жемісті жеуімен Жұмақтан жерге түскен. Алайда, бұл христиандықтағыдай адам баласы о бастан күнәһар деген ұғымды білдірмейді.

Исламда адамның ең үлкен жауы — шайтан мен нәпсі болып табылады. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) бұрынғы пайғамбарлар сияқты белгілі бір қауымдарға ғана емес, күллі адамзатқа жіберілген Алла тағаланың елшісі ретінде ерекшеленеді.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>