АқОрда

Астана туралы слайд

Слайд Астана қаласы туралы, мазмұны Қазақстан Республикасы астанасының ауысуы туралы және Астананың көркем жерлері туралы презентация. Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі өзгерістердің бірі астананың ауысуы болды. Қазақстан Республикасының Президенті өзінің «Қазақстан жолы» атты еңбегінде астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдамас бұрын ұзақ ойланғанын, барлық қадамдарын есептеп, тарихшылармен, саясаттанушылармен, мәдениеттанушылармен ақылдасқанын, басқа елдердің астаналарын көшіру тарихымен танысқанын айта келіп, астананы ауыстырудың негізгі себептерін былайша түйіндейді: Біріншіден, астананы ауыстыру Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтудің қажеттігінен туындады. Сондықтан елдің бас қаласының орнын анықтауға ерекше көңіл бөлінді. Астана өзіне еуропалық және азиялық озық дәстүрлерді сіңіріп отырған Еуразия құрлығының орталығы болып табылады. Екіншіден, бұл шешімді қабылдағанда қауіпсіздік мәселесі де еске алынды. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы, мүмкіндігінше, сыртқы шекараларынан жырақта және елдің ортасында орналасуы тиіс.

Астананың болашақ келбеті

Үшіншіден, астананың орнын ауыстыру Қазақстанның экономикасын сауықтыру қажеттігінен де туындады. Ол елдің экономикасы үшін тиімділікті қамтамасыз етті. Облыс орталықтары дами бастады, экономиканың құрылыс материалдары өндірісі, жол төсеніштері, энергетика және машина жасау сияқты салалары аяғынан тік тұрды. Тұрғын үй құрылысы бұрын-соңды болып көрмеген қарқынмен дамуда.

Төртіншіден, астананы көшіре отырып, құрамы жағынан көп ұлтты біз, тұрақты полиэтникалық мемлекетті құру, Қазақстанды мекендеп отырған халықтардың арасындағы достықты сақтау бағытын да есте ұстадық.

Қазақстан Республикасының 1994 жылдың 6 шілдесіндегі «Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» қаулысы тәуелсіз мемлекетіміз астанасының тағдырын шешті. 1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығы, 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты. 1997 жылы 8 қарашада Астанаға мемлекеттік билік атрибуттары — Ту, Елтаңба мен Президент байрағы әкелінді.

Астанада 1997 жылдың 10 желтоқсанында Президент Н. Ә. Назарбаевтың төрағалық етуімен Парламент пен Үкіметтің біріккен мәжілісі өтті. Осы күннен бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып танылды.

1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы астанасының ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өтті. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Қазақстан астанасына «Бейбітшілік қаласы» мәртебесі беріліп, медаль табыс етілді.

Серпінді елдің сәулетті Астанасы. 1995 жылы «Жаңа Астана» арнайы қоры құрылды. Қаланы одан әрі дамытуда 1996 жылы Астананы еркін экономикалық аймақ деп жариялаған шешім маңызды рөл атқарды. Қаладағы құрылыс жұмыстары кең масштабпен құлаш жайып, Астана халықтың көз алдында жайнап сала берді. Астанадағы ірі архитектуралық-көркем композициялардың бірі «Астана-Бәйтерек» монумент ескерткіші. Оның биіктігі 97 метр. Монумент астананың барлық көрінісіне шолу жасауға болатын көру алаңшасы бар өзгеше ғимарат.

Астана монументінің сол жақ жағалауда «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының ғажайып ғимараты тұрғызылды. Көлік және коммуникациялар, Қорғаныс, Сыртқы істер министрліктерінің және Ұлттық кітапхана мен мұрағаттың ғимараттары салынды.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.