Шал ақын
Шал ақын Құлекеұлы 1748 жылы туып, 1819 жылы қайтыс болған. Туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына қарайды. Бейіті де сол жерде жатыр. Әкесі Құлеке жасында батыр атанып, жоңғарларға қарсы соғыста талай жорықтарға қатысқан. Абылайдың замандасы, ханмен жақын қарым-қатынаста болған. Әдебиет тарихының бұрынырақта жарық көрген оқулық-тарында да, әр жылдардағы жекелеген ғылыми зерттеулерде де Шал ақын XVIII ғасырдағы жыраулар тізбегіне тіркесіп, солардың соңын ала жүретін. Өйткені оның өмірінің дені сол ғасырдың екінші жартысында өткен де, соңғы жиырма шақты жылы ғана XIX ғасырдың еншісінде болатын. Қазіргі тәуелсіздік жағдайында, еліміздегі қоғамдық-саяси құрылыстың түбегейлі өзгеруіне байланысты, әлеуметтік ғылымдар саласындағы көптеген ұстанымдармен бірге ұлттық әдебиет тарихын дәуірлеу жөніндегі көзқарастарда да елеулі өзгерістер орын алып отыр. Соларға сәйкес әр дәуірдің ішкі құрылымында да тиісті алмасулар, ауыстырулар мен толықтырулар болатыны түсінікті.
Соның бір көрінісі — Шал ақын шығармашылығын зерттеу мен зерделеу мезгілінің XIX ғасыр басына шығарылғандығы. Бұл уақыт шеңберіндегі жай ғана тасымалдау емес, ақын мұрасының бүкіл табиғатын ескергендіктен туған мәнді өзгеріс. Сөйтіп, бір ғасыр жыраулар қазынасымен аяқталып, одан кейінгі ғасыр ақындар шығармашылығының шымылдығымен ашылып отыр. Мұның мәнісі — екі ғасырдың ара жігінде халықтың тарихи тағдырындағы күрделі өзгерістердің әсерімен оның рухани өмірінде, атап айтқанда, ауыз әдебиеті үрдістерінде бір дәуір тәмамдалып, жаңа бір кезең басталды деген сөз. Осы орайда мынадай орынды сұрақтар туындайды: Жырау деген кім? Жыраулар толғауы деген не? Жыраудың ақыннан, жырау толғауларының ақын өлеңдерінен қандай айырмасы бар? Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеушілердің бұл сұрақтарға жауап беретін айқын анықтамалары, түйінді тұжырымдары бар. Мұхтар Әуезов мұны былай сипаттайды: «Жырау құр ғана тақылдақ өлең айтпайды: бұл — заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді, Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрін терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді… Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі туралы не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады». 1927 жылы жарық көрген оқулығында айтылған осы пікірді М.Әуезов кейінірек, отызыншы жылдардың басында жазған бір еңбегінде былай деп толықтыра түседі: «Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Жыраудың мақсаты, міндеті — не болса сол, көңіл ашар, әлде не дерлік сөзді айту емес. Ол заман сынын, мезгіл, дәуір болжамын, тарихи оқиғаның мазмұнын, бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады». Расында да, жыраулар поэзиясының айрықша бір белгісі — онда ғаламдық, заманалық проблемалар болмаса, күнделікті күйбең тіршіліктің күйкі жәйттері сөз болмайды.
Сәбит Мұқанов — Сыпыра жырау, Асанқайғы, Бұқар толғау-ларын қарастыра келіп, жырауларды XIX ғасырға дейінгі қазақ ақындығының символы деп атайды. Олардың хан ордасына жақын жүріп, әр кездегі мемлекет мәселелерін шешуге белсене араласқанын, қиын кездерде ханның ақылшысы болып, қазақтың ел-жұртын сақтап қалуға себін тигізгенін Мұқанов та жоғары бағалайды. Бірақ бұл тұста есте болатын бір жәйт, олардың бірде-біреуі сарай ақыны рөлінде сайрамаған. Ханның аузынан шыққан әрбір сөзді қағып әкетіп, бұқара халық алдында мадақ пен марапатқа айналдырмаған. Ел сүйсінер жақсы ісі болса, оңашада өзіне хоштау білдіріп, ал ұнамсыз, жолсыз қылықтары үшін, қай ханның да бет-жүзіне қарамай, жұрт алдында қатты сынап, батыл әшкерелеп отырған. Асанқайғының Жәнібек ханға («Ай, хан, мен айтпасам білмейсің»), Марғасқа жыраудың Тұрсын ханға («Ей, Қатағанның хан Тұрсын»), Бұқар жыраудың Абылай ханға («Ал, тілімді алмасаң») айтқан қаһарлы сөздері — осының айқын айғағы. Әрине, уақыт бір орында тұрмайды. Тарих тегершігі ілгері жылжы-ған сайын заман өзгереді. Олардың зардабы алдымен халықтың ба-сына қасірет болып орнайды, арқасына ауыртпалықтың жүгін артады.
Бұл зандылықтың зардабынан қазақ халқы да сырт қалған жоқ. Оның өз алдына хандық құрып, дербес ел болғаннан бергі екі жүз жыл өмірі үздіксіз соғыспен өтті. Төрт құбыласынан алма-кезек соққан шапқыншылық дауылы оны бірте-бірте әлсіретті, ақырында әбден титықтауға айналды. Кезінде Тәуке, Есім, Қасым сияқты есті, көреген хандар тұсында етек-жеңін жиып, әжептеуір күш жинап қалған ел өзге әредік хандардың алауыздығынан берекесі кетіп, сыртқы жауларға төтеп бере алмайтын халге жетті. 1723 жылғы «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейін қатты күйзеліске ұшырап, бет-бетіне ыдырап кетті. Осындай шарасыздық халде жан сақтаудың амалын ойлаған Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей патшалығының бодандығына кірді. Одан кейін Орта жүз, сонсоң Ұлы жүз қазақтары да осы ретпен өз еркіндігін қолдан беріп, патшаның кіріптарлығына бой ұсынды. Халықтың саяси-экономикалық жағдайындағы мұндай мүшкілдік хал оның рухани өміріне де теріс әсерін тигізді. Ауыз әдебиеті саласында төрт ғасырлық дәстүрі бар жыраулар поэзиясы өмір сахнасынан ғайып болды. Халықтың рухани өмірі бірте-бірте жаңа тарихи жағдайға бейімделе бастады. Бұған патшалықтың алғашқы жылдардағы біршама саябыр саясаты да жағдай туғызғандай әсер еткен-ді. Ауыз әдебиетінде жыраулар сахнадан кеткенімен, олардың айтқыштық өнері, суырып салма шығармашылық дәстүрі жоғал-ған жоқ. Жыршылық, өлеңшілік, айтыс өнерлері жаңа тарихи жағдайда жаңа бір өрісті үрдіспен ілгері дами бастады. Жыраулар орнын дәл солардай суырып салып өлең тоғытатын, айтыста арқасы қозып, аруақтанып кететін ақындар басты. 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихында» тарихи жырлар мен зар заман ақындарына жеке-жеке тарау арнаған М.Әуезов бұл екі ағымның туу, қалыптасу жолына шынайы ғылыми тұрғыдан түсінік береді:
«Тарих өлеңдері, ең алдымен ел тіршілігінде анық болып өткен тарихи оқиғадан туады. Пәлен жыл мен пәлен жылдың арасында болған тарихи дәуірдің жыры. Сол дәуірде арнаулы оқиғаның қақ ортасында болған атақты адамдардың басынан кешкен өмір, қолымен істелген істің жыры болады… Бұл әңгімелердің көбі сол оқиғалардың ішінде болған, көзі көргеннің әңгімесі». Енді зар заман ақындары туралы айтқанына келейік. «Зар заман ақындарының көпшілігі ХІХ ғасырдың орта кезінен бері қарай, Исатай, Махамбет, Кенесарылар қозғалысының артынан шығады. Қалың қазақтың ұйтқысын шайқап шыққандай болып, орта жүзді, кіші жүзді түгел оятқан Исатай, Кенесары қозғалыстары қайғылы халмен біткен соң, елдің тауы шағылып, иығы түскен, бұрын болымсыз үміт болса, белгісіз келешектен күткен азғана сәуле болса, барлығы да жаңағы ерлердің жолсыз жорығынан соң суалып біткендей болады. Сондықтан XIX ғасырдың орта кезінен кейін зар заман күйі қалың елге түгел жайылады… Сол қазалы күй осы заманның қайғышыл ақындарын туғызып, зар заманшыл уайымшылдардың санын көбейтті. М.Әуезовтың айтуы бойынша, жаңағы тарихи жырларды туғызған оқиғалар мен сол жырлардың өздерінің, сондай-ақ зар заман тақырыбындағы шығармалардың дүниеге келу кезеңі Абылай заманынан бастап, Абайға дейін, яғни жүз жылдай уақытқа созылған. «Осы жүз жылдық дәуір, — деп жазды Мұхтар Омарханұлы, — қазақ өмірінің барлық суретін өзгертті, бар өмірін екінші салаға түсіріп жіберді». Бұл жерде автор екінші сала деп елдің алдында «темір ноқта мен қайыс ноқтаның» таңдауы шыққан заманды және «ел тілегін айтып, зар-мұңын сөзбен шығарған, ел қамын сөзбен жоқтаған жоқшыларды, солардың ішінде нақтылап, зар заман ақындарын айтып отыр. Олай болса, сол жүз жылдық дәуірдің қалың бір қапталын толтырып, әдебиет арнасына халықтың айтқыштық өнерін жаңа бір өріске өрбіткен суырып салма ақындар легі де өздерінің соны үрдісімен қосылған еді деп айтуға толық негіз бар. Ендеше аты-жөндері белгілі сол лектің көш басында Шал ақынның тұлғаланып көрінуі де даусыз ақиқат еді.
