Комедии Шекспира

Шекспирдің комедиялары

Шекспир тұрмыс қуаныштары, сұлу адамгершілік қасиеттер, жалындаған махаббат, берік достық, әйелдер құқығы мәселелерінде Қайта өрлеу дәуірі рухымен суарылған, терең гуманистік идеяларды алға тартқан ғажайып комедиялар жазып, оларда үгіт-насихаттан ғана тұратын феодалдық-ақсүйектік тәртіптерге қарапайым адамның жан-сезімдерін қарсы қояды. Шекспир комедияларының қаһармандары — жарқын, көп қырлы жандар. Олар өмірсүйгіш, көңілді мінездерімен де әрқандай кейіпкерден ерекшеленіп тұрады.

Шекспирдің барлық комедиялары адамдар ортасындағы достық, адалдық сияқты маңызды мәселелерді бейнелеуге арналған. Бұл ретте оның «Вероналық екі жігіт» (1594) комедиясы назарға лайық, оның фабуласы испан пастораль романы «Дианадан» алынып, онда талантты, намысшыл Валентин дарынсыз, арсыз Протейге қарсы қойылады. Ол дүние сырын білуге талпынған батыл, білімді саяхатшы, Қайта өрлеу дәуірінің нағыз өкілі. Валентин досын уақытты босқа өткізбеуге үндейді. Протейдің жалқаулығын Джулия да, Севилия мен Эгламур дасынға алады.

Джулия образы Шекспир шығармашылығындағы жаңалық болып, оның кейінгі шығармаларындағы бірқатар образдарға үлгі көрсетті. Пьесадағы күлкілі образдар да назарға лайық. Олар арқылы достықтың қадіріне жетпейтіндер сыналады. Лаунс пен оның иті Краб жайындағы көріністер туындының негізгі мазмұнын ашуға жәрдемдеседі. Протей Валентиннің шынайы достығына суыққандылық танытса, Краб та қожайынның мейірім-шапағатына көз ілмейді. Осы дәуірлерде қызметшілер қожайындар құзырында тек сайқымазақтық қызмет атқаратын. Олар нағыз адам ретінде қадірленбейтін. Шекспир олардың білімі, ептілігі, дарындылығы жағынан қожайындарынан биік тұратындықтарын көрсетеді. Мәселен, Лаунс: «Тыңдаңдар, мен тек қана ақымақпын, бірақ қожайынымның өзіне тән алаяқ екендігін түсіну үшін менде ақыл да табылады», деп қожайынын масқара қылады.

«Жаз түніндегі түс» (1595) — Шекспирдің көркем жазылған туындыларының бірі. Мұнда шынайы оқиғалар ертегілік қиял-ғажайып элементтермен тығыз байланыста суреттеледі. Комедияда шынайы махаббат жырланады. Гермия деген қыз Лизандр есімді жігітті сүйеді, әкесі болса оны Деметриге тұрмысқа шығуға мәжбүрлейді. Патриархалдық құқықтың қорғаушысы болған Тезей патша да қыздың әкесін қолдайды. Мұндай теңсіздікке бағынғысы келмеген Гермия сүйіктісімен бірге орманға қашып кетеді. Комедияда адам бойындағы ең асыл қасиет саналатын махаббат, адалдық және достық сезімдер ескі феодалдық кертартпа әдет-ғұрыптардан жоғары қойылады.

«Виндзорлық сайқымазақ әйелдер» (1597-1600) комедиясында Шекспир буржуазияланып бара жатқан провинциялық ұсақ дворяндар өмірінің шынайы көріністерін бейнелейді. Комедия кейіпкері Фальстаф — алғашқы капитал жинақтау дәуірінде кедейленіп қалған, өзінің алғашқы мәртебесінен айырылған, бірақ жаңа жағдайға да бейімделе алмаған сері. Әскери атаққа қолы жетпеген Фальстаф кездейсоқ жағдайлар — қарыз алу, жесір әйелдердің көңілін табу жолдарымен яки жол тосып, олжа түсіру арқылы тіршілік етеді. Өмір сүру қиындап кеткен осы ғасырда «есеп-қисаппен әрекет қылу қажет екендігін біліп алған» Фальстаф ерлерінің ақшасына масаттанған бай әйелдерге «ғашықтық» хатын жазып, солардың көмегімен тұрмысын түзеп алмақшы болады. Бірақ «семіз серінің» арсыздығын сезген әйелдер одан айлакерлікпен кек қайтарады. Комедияда бірнеше сюжеттік бағыт бар. Мәселен, миссис Пейдж қызы Аннаны француз дәрігеріне бермекші, мистер Пейдж болса қызының дворян жігіті Слендерге күйеуге шығуына мүдделі. Аннаның өзі болса жас сері Фентонды сүйеді. Ғашықтар өздерінің махаббатына тосқауыл болғандардың барлығын алдап-соғып, шығарма соңында бір-бірімен табысады.

Комедияның төртінші сюжет бағытында Фальстаф пен миссис Пейдж, миссис Форд ортасындағы күлкілі оқиғалар баяндалады. Фальстафтың «тұзағына» түсіп, одан кек алмақшы болған қалалық әйелдер өздерінің іс-қимылдарымен жас Аннаның арманына кедергі жасап жатқандығын сезбей қалады. Бірақ олар да соңында дәл Фальстаф секілді әжуа болады. Фальстаф — драматург Шекспир жасаған мәңгілік образдардың бірі. Бұл образдың «Генрих IV» хроникасындағы Фальстафтан ерекшелігі, ол даналық, мейірімділік, өмірсүйгіштік сияқты жақсы қасиеттерін жоғалтады және өзгелерге күлкі болған ақымақ жанға айналады.

Фальстафтың ұнамды жақтары да бар. Онда Қайта өрлеу дәуірінің ғажайып қасиеттері жинақталған. Ол орта ғасырлық діни тәртіптерден аулақ, феодалдық-серілік қағидаларды мойындамайды. Фальстаф — «ескі сүйікті Англиясында» және оның күйзеліске бет алған, «қайғысыз» феодалдық өмірінде болып жатқан өткір қайшылықтарды паш етуші тамаша образ. Оның өмірге көзжұмбайлықпен қарауы типтік характерді туғызып, XVI ғасырда пайда болған гуманистік көзқарастардағы күйзелісті көрсетеді. Енді ойнақы әзілдер жойылып, оның орнына фордтар үстемдігі келеді. Шынайы махаббат, адамгершілік, адалдық пен шаттың Шекспирдің «Он екінші түн» (1600) комедиясында да нағыз шеберлікпен бейнеленген. Шығарма оқиғасының дамуы барысында өткір әжуа мен ащы мысқылды мол кездестіреміз.

Ағайынды Себастьян мен Виола кеме апаты кезінде бірбірінен адасып қалады. Ер адамның киімін киген Виола граф Орсино сарайына орналасады. Граф оны өзінің сүйіктісі Оливия ханшаның құзырына жаушылыққа жұмсайды. Бірақ ханша мұндай сұлу «жігітті» бір көргеннен-аң сүйіп қалады. Осындай оқыс оқиға Виоланың жүрегіне қайғы салады. Өйткені, Виоланың өзі Орсиноға ғашық болады. Ақырында Оливия Виола деп, оған өте ұқсас ағасы Себастьянға кездесіп, оған тұрмысқа шығады. Граф Орсино болса, еркек киімін киген Виоланың өте сұлу қыз екендігін біліп, оған үйленеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

Қобыланов Ж.Т. — Шетел әдебиеті тарихы: Оқулық. — Астана: Фолиант, 2008. — 344 б. Мәлімет оқулықтың 260-шы бетінен алынды. Пікір жазған: Тебегенов Т.С. — филология ғылымдарының докторы.

0

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.