«Массагеттер» атауы туралы. Зерттеушілер «Массагет» атауын ежелгі грек жазбаларынан алған. Массагеттер дегеніміз – ежелгі грек авторларының айтуынша Арал бойын, Амударияның және Сырдарияның жағалауларын, Үзбойдың аймақтарын мекендейтін тайпалар бірлестігі болып табылады. Көне деректерді зерттеген тарихшылардың ойынша, Массагет атауына біріккендер қатарында бірнеше тайпалық бірлестіктер топтары болған, және олар б.з.б. І мыңжылдықтың орта шеніне дейін осы атауды жоғалтпаған. Аталмыш өңірді мекендеген әртүрлі көшпелілерден құралғандықтан да Массагеттердің шығу тегі туралы тарихшылар нақты пікірге келген жоқ. Л.Гумилев сөзбе-сөз былай деп жазады: «Массагеттер – өмір сүрмеген. Бұл атау тек Геродотта және Страбонда бар (оның үстіне соңғысы алғашқысынан көшіріп алған), және дәлме-дәл «Үлкен сақ ордасы» дегенді білдіреді». «Массагеттер» атауының «балық» деген мағына беретінін айта келе, олардың өздерін «балық жегіштер» деп атап жүргендер де баршылық. Бұл атауды тілдік негізде талдап «Ұлы Сақ(Скиф) ордасы» деп әсірелеп айтатындар да бар. Ал көне Хорезмді зерттеген С.П.Толстов «Массагет» ұғымын «Мазагеттер», яғни «Ұлы геттер» деп түсіндіретіндерді жақтай келе, еуроцентристік көзқарасты ұстанып, оларды Шығыс Еуропаның фракия кимерия тайпаларымен байланыстырмақ болады. Мұндайда, өздері жат жерден, шығыс Еуропадан келген болса Массагеттер табиғаты қатал, әрі жұтаң Каспий және Арал бойын жат жерлік басқыншылардан неге жандарын аямай қорғады? — деген сауал еріксіз туындайды. Массагеттердің Үзбой-Хорезм аймағында Ахемен әулетінің негізін қалаған парсы патшасы Кирмен соғысқаны белгілі. Бұл ежелгі Сарматтар аймағынан онша қашық емес. Осыған байланысты тарихшылар әртүрлі көзқарастар ұстанып, олардың бір бөлігі Массагеттер дегеніміз – Тиграхауда сақтары деп атап көрсетсе, ал екінші бөлігі Массагеттерді Тиграхауда сақтарымен шатастыруға қарсы болды және Сыр бойын мекендеген Дахтар (Дайлар) тайпа бірлестігін Массагеттер деп атауды ұсынды. Біздің ойымызша алғашқы емес, кейінгі пікір тарихи шындыққа жақын. Десекте айтылғандардан шығатын қорытынды: Массагеттер туралы антикалық авторлар қайшылықты деректер беретінін де айтпасқа болмайды. Осыған байланысты бүгінгі күні зерттеушілерді Батыс Қазақстанның едәуір бөлігіне ықпал жасаған массагеттер кімдер? – деген нақты сауал мазалап келеді. С.Г.Кляшторный Аррианның еңбектерін пайдалана отырып, массагеттерге берілген сипаттаманы сөзбе-сөз келтіреді. Онда мынадай жолдар бар: «Скифтер дегеніміз – олар (массагеттер) өте кедей тұрмыс кешті, оларда қалалар да, отырықшы баспаналар да болған емес. Олар өздерінің игіліктері үшін сондықтан да ешқашан да қорқа қойған жоқ, және сондықтан да оларды кез-келген соғысқа жетектеп алып келу қиыншылыққа түсе қоймады… Өздері жеңіліп қалған массагеттер өздерімен бірге соғысқан бактриялықтардың және соғдылықтардың жүктерін тонап, шөл далаға Спитаменмен бірге қашып кетті. Олар Александрдың шөлге баса көктеп кіруге дайындалып жатқаны туралы хабарды алған бетте, Спитаменнің басын кесіп алды және оны Александрды бастапқы ойынан айныту үшін, оған жіберді». Бұл жолдардан байқайтынымыз, Массагет бірлестігіне, негізінен алғанда жергілікті(автохтонды) көшпелі тайпалар кірген. Олар отырықшылықпен айналыспағандықтан, егін екпеген, қала салмаған. Бір сөзбен айтқанда, Массагеттердің тұрмыс-тіршілігі көшпелі Сарматтарға, яғни Аорстарға өте ұқсас. Страбон Массагеттердің жауынгерлік ерлігіне сүйсінсе, ал Геродот «олардың елінде алтын мен мыстың сансыз көптігіне» таңданған еді. Массагеттер Дахтар(Дайлар) ма? Тегінде Массагеттер деп жүргендеріміз Дахтардың(Дайлардың) өзі болуы да мүмкін. Зерттеуші С.Г.Кляшторный Дахтар дегеніміз – Геродотта айтылатын Массагеттердің өзі болса керек деген қорытындыға келеді. Өйткені, аталмыш өңірде адамдарды және жылқыларды қорғайтын сауытты осы Дахтар ғана пайдаланған. Ал, Геродоттың жазбаларында Массагеттердің өздерінің жылқыларының кеудесін мыстан жасалған сауыттармен қаптайтыны айтылады. Осыған байланысты заттық деректі, темірден жасалған пластина сауытты С.П. Толстовтың Хорезм экспедициясы да осы аймақтан тауып алғаны ойландырады. Осы айтылғандарға қосарымыз, ежелгі деректер «Авестада», Ксеркстің жазбаларында, Арианның еңбегінде Дахтардың дәл осындай атаумен аталатынына зерттеушілер назар аударып отыр. Соған қарағанда, Сыр бойындағы тайпалар бірлестігі айтарлықтай ұзақ мерзімге Дахтар (дайлар) деген атаумен тарих сахнасында әрекет жасаған тәрізді. Кезінде б.з.б. ІV ғ. Танаистың арғы бетін (Сырдарияның арғы бетін) және Арал бойын мекендеген Дахтар Александр Македонскиймен шайқасып, Дарий ІІІ-нің жағында соғысқанын білеміз. Бүгінгі күні тарихшылардың бір тобы Батыс Қазақстан территориясындағы ерте сарматтардың ескерткіші «прохоров» мәдениетін қалыптастыруда осы көшпелі Дах тайпаларының шешуші рөл атқарғандарын және кейінгілердің Арал бойына Каспийдің оңтүстік-шығыс бөлігінен келіп қоныстанғандарын айтып жүр. Кейіннен Александрдың жағына шыққан олар оның одақтасына айналып, тіптен Үндістанға жасалған жорықтарға да қатысқан. Бұл Арриан келтірген деректерден. Александрдың жанындағы серіктері скифтердің ішінде жоғарыда атап көрсеткеніміздей, ең кедей тайпаларды Массагеттер деп атаған. Осы айтылғандардан аңғаратындарымыз, Массагеттер мен Дахтарды бөтен тайпалар ретінде қарсы қоюға болмайды. Оның үстіне, бұл тайпалардың территориялық жағынан да саяси, тіптен рухани тұрғыдан да Арал бойында ортақ қасиеттері көп болған және Страбон жазғандай,бұлар бір ғана құдайға – күн құдайы Митраға табынған, және оған бағыштап жылқыларын құрбандыққа шалып отырған. Оларға жеміс теріп, балық аулайтын, тіптен өзендер бойында жер өңдейтін кейбір тайпалар да бағынышты болған. Бұл айтылғандарды Түгіскен мен Ұйғарақта жүргізілген археологиялық қазбалар жақсы дәлелдеп беріп отыр. Бұдан шығатын қорытынды: Массагеттер негізінен көшпелілердің көптеген бірлестіктерін қамтыған. Олардың жалпылама атауы Массагеттер – Арал бойындағы ортақ генеологиялық дәстүрлері бар, бәлкім, эпонимі, яғни ортақ ата-бабасы, бәрінен бұрын аңыздық тұрғыдағы бабалары бар Арал бойындағы ежелгі тайпалардың ортақ атауы. Бұл атау тіптен, иран ономастикасында да сақталған екен. Ал Дахтарға(Дайларға) келетін болсақ, олар Сырдария және Арал бойы тайпаларының әскери ядросын құраған Ксеркстің жазбаларында саяси тұрғыдан аса зор мән берілген тайпалар бірлестігі. Яғни, әңгіме барлық жағынан да өзара жақын, қатар орналасқан екі үлкен тайпалық бірлестіктер туралы болып отырса керек. Күші басым тайпаларға әлсіздердің амалсыз бірігіп, бір тайпалық одаққа айналып кетулері ол заманда әдеттегі нәрсе еді. Массагеттердің ежелгі мекендері және жат жерліктерге қарсы күрестері. Арианның деректеріне қарағанда, Массагеттер Окстың (Амударияның) солтүстік жағалауларын мекендеген, батыста Согдианамен шектескен. Ал Дахтарға(Дайларға) келетін болсақ, олар керісінше, Согдиананың солтүстік-шығыстағы көршілері болған және Танаис (Сырдария) өңірін мекендеген. Батыс Қазақстан өңіріндегі ежелгі тайпалар тарихын әңгімелегенде, б.з.б. VІ-ІV ғғ. Ахеменид мемлекетінің және б.з.б. ІV-ІІІ ғғ. Александр Македонскийдің Шығысқа жорығының осы аймаққа ықпал еткенін айтпай кетуге болмас. Бұл кезең біз әңгімелеп отырған өңірде Ұлы Жібек жолының орныға бастаған және оның Орта Азия мен Қиыр Шығысты, сондай-ақ Жерорта теңізін байланыстыратын сауда байланыстарына айналған тұсы. Ал енді Сырдариядан шығысқа қарайғы өңірде бұл тұста сақтардың үстемдігі орын алып жатты. Жоғарыда айтқанымыздай, Ахеменид патшалары Кир мен Дарий Окстың (Амудария) және Яксарттың (Сырдария) арғы жағындағы теңіз жағалауындағы скфитерге немесе сақтарға қарсы әскери жорықтар жасады. Әсіресе, б.з.б. 558 ж. Иранның оңтүстік-батысындағы парсы тайпаларына билік еткен Кирдің жорықтарының тарихи ізі күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Бұл туралы нақты деректер Бехистун жазбаларында айқын көрсетілген. Кирдің негізгі әскери күштері Вавилонды басып алғаннан кейін 545-539 жж. Шығысқа қарай бағытталды. Мұның өзі осы өңірдегі сақ тайпаларын үлкен қозғалысқа келтірді. Кирден кейін билікке келген Дарий патша осы саясатты жалғастырып, Сырдың бойына жақын жерде Кир қаласы деп аталатын Куриштиш (Курушкат) қамал қорғанысын салды. Кейін бұл қамалды Александр Македонскийдің Кирофол деп атағаны белгілі. Міне, осы жорықтар барысында Батыс Қазақстан өңіріндегі тайпалардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты кейбір мәліметтер белгілі бола бастады. Арада жүз жыл өткеннен кейін, Геродот Кирге қарсы күрескен осы өңірдегі тайпаларды Массагеттер деп атады және оларға «үлкен және күшті тайпалар» деген сипаттама беріп үлгерді. Геродоттың айтуына қарағанда, Массагеттер Каспий теңізінен шығысқа қарай жазық далада Аракс өзенінің арғы бетінде өмір сүрген екен. Олардың қоныстанған жерлері мидай батпақ жерлерге алып барады екен. Сонымен бірге бұл кезде толық сулы өзен болған Үзбой массагеттердің оңтүстіктегі шекарасы болса керек. Осы өзеннен арғы бетке өту үшін Кир көпірлер салып, кемелерден мұнаралар тұрғызған. Кирдің осы елдерге жорығы массагеттердің қахарман патшайымы Томиристы тарих сахнасына шығарғаны белгілі. Әртүрлі әңгімелерге қарамастан, тарихшылар Кирдің осы Үзбой бойында, яғни Амудария жағасында қайтыс болғанын тарихи шындық ретінде қабылдайды. Бұл оқиға б.з.б. 530 ж. тамыз айында орын алған болса керек. Шынайы деректер Кирдің денесі жаудың қолында қалмай, Пасаргадыға әкелінгенін және оның басына үлкен қабір тұрғызғанын айқындап береді. Алайда парсы әскерлерінің Кир қайтыс болғаннан кейін Массагеттермен ұрысты қалай жалғастырғаны туралы біздің қолымызда мәліметтер жоқ. Дарийдің Кир қайтыс болғаннан кейін 11 жылдан кейін, яғни б.з.б 519 жылы қалың әскермен Сақтар еліне барғаны және оның үшкір бас киімдер киетін Сақтармен соғысып, жеңіске жеткенін, олардың бір бөлігін тұтқындап, тіптен Скунха деп аталатын көсемдерін қолға түсіргенін, онан соң бұл тайпаларға Дарийдің жаңа көсем тағайындап, бұл елді өзіне біржолата қаратқанын тарихи деректер атап көрсетеді. «Массагет» атауы неге жоғалды? «Массагет» атауының тарих сахнасында уақытша қолданыста болғаны белгілі. Мұның әрине себебі бар. С.Г. Кляшторныйдың ойынша, б.з.б. ІІІ ғ. Дах (Дай) атауы ертеректе қолданылған жалпы атау – Массагетті толығымен ығыстырып шығарған. Бұл үрдіс бұл кезде тіптен, Каспий аймағында да толық аяқталған. Және тағы бір назар аударар мәселе, «солтүстік өңірде, яғни Батыс Қазақстан далаларында және Арал өңірінде Дах-Массагет жаулап алулары б.з.б. ІІІ ғ., яғни осыдан 1,5 мың жыл бұрынғы оқиғаны қайталап, Геродот Савроматтардың ұрпақтары, тілі және өмір дағдылары мен мәдениеті жағынан сақтарға жақын деп көрсеткен Сармат тайпаларын Қара теңіз бойындағы Скифияға кетуге мәжбүр етті». Осы қорытындыға байланысты біздің алып-қосарымыз жоқ. Бірақ та Дахтар(Дайлар) мен Массагеттер ығыстырған Сарматтар түгелдей батысқа көшіп кетті десек артық айтар едік. Өйткені, Сармат тайпаларының да құрылымы аса күрделі болғаны және олардың біраз бөлігінің сол тұста-ақ сақтарға сіңіп кеткені белгілі. Ал Дахтардың, яғни Дайлардың кейбір тайпаларының үздіксіз қозғалыста болып, кейде оңтүстікке жылжығаны тағы да белгілі нәрсе. Сондықтан да Дахтар мен Массагеттерден ығысқандар Сарматтардың көпшілік бөлігі еді деп айтқанымыз тарихи шындыққа сәйкес келеді. Осыған байланысты тағы бір толықтыра түсер мәселе, қазіргі зерттеушілердің б.з.б. ІІІ ғ. Дахтардың(Дайлардың) Сыр бойынан Каспий өңіріндегі далаларға жылжығандарын, олардың Массагеттерді байырғы мекендерінен ығыстырып шығарғандарын жазып жүргендерін айта кеткен жөн. Қалай десек те, Массагеттердің осы кезеңнен бастап тарих сахнасынан кеткенін байқаймыз. Бәлкім, олар С.Г.Кляшторный айтқандай, біржолата Дахтарға бірігіп, солардың атауын қабылдаған болар. Осылайша, үш ғасыр бойы Батыс Қазақстан өңірінде белгілі болған Массагет атауы жаңа атауға Дах(Дай) атауына орын берді. Алайда, бұдан Массагет қазақтың ежелгі тарихынан тыс тұрған тайпалық бірлестік деген біржақты қорытынды тумауы керек. Масагеттерді Сарматтармен, Сақтармен, Дайлармен тығыз байланыста қарастыру негізінде ғана ежелгі Қазақстан аймағындағы этникалық тарихтың күрделі мәселелерін толығырақ көрсете аламыз.