Ақыл-ойының құдіретімен адам баласы жануарлар дүниесінен белініп шыққаннан бері бір ғана кәсіпті нәсібіне айналдыруда. Ол — үздіксіз ізденумен өмірдің қай саласында болмасын жаңалықтан соң жаңалық ашу, сөйтіп, оза алға шығу. Бір кездері ішетін тамағын, киетін киімін, тірлігіне қажетін табиғаттан дайын күйінде алып күн көрген жүмыр басты пенде келе-келе отты, садақты, найзаны, үй жануарларын, басқа да игіліктерді пайдалануды үйренді. Тілі шықты, жазу-сызуды дүниеге әкелді, ғылымды қалыптастырды, мемлекеттерін құрды. Бүгінде жер бетінің құпиясын тауысуға айналып, Айға адам жіберуді, Марсқа ракета қондыруды, нанотехнологияларды шырқ айналдырғаны таң қалдыра бермейтіні рас. Әлі де талай интеллектуалдық ілгерілеулер алда тосып тұр.
Иә, ақыл-ой адамзат баласының қолын ұзартты, әлеуметтік прогресс жолымен алға басу мүмкіндігін молайтты. Бірақ ақыл-ой баршада, әркімде болғанмен, халықтар, мемлекеттер дамудың түрлі сатысында тұрған жоқ па? Осының себебін ашуға талап қылған ойшылдарда шек жоқ. Оны құдаймен, тәңірімен, өндіріс тәсілімен, жеке тұлға әрекетімен, өркениетпен, модернизациямен, нәсілдік ерекшелікпен, пассионарлық қарыммен, табиғи-географиялық орта ықпалымен, т. б. факторлармен байланыстырған ойшылдар мен ілімдердің атын атап, түсін түстемей-ақ, бірден өз ойымызды айтар болсақ, яғни ең маңыздысын ауызға алсақ, қоғам мен мемлекеттің құдіреті де, қасіреті де «мәдениет» деген ұғым-түсінікке, бірінші кезекте саяси және құқықтық мәдениетіне байлаулы дегіміз келеді. Мәдениет -адамдардың ақылымен және қолымен жасаған материалдық-рухани құндылықтардың жиынтығы ғана емес, қоғамның, мемлекеттің, әрбір адамның, баршаның есеюі, жетілуі, кемелденуі, бойындағы жасампаздықәлеуеттің, таным қабілетінің ашылуы, нақты жаңалықтар, нәтижелер түрінде жүзеге асуы, емірге енуі, осының әрқайсысына және бәріне қызмет ететін, үйлестіретін саяси һәм құқықтық дәстүр, ресми мойындалған қағидат, тұтас жүйе. Мәселен, ХІХ-ХХ ғасырлар межесінде американдық өнертапқыш Форд ат жекпесе де, өзі жүретін автомобиль дегенді жасайтынын айтқанда, жұрт оны есінен ауысқан жан ретінде мүсіркеген екен. Бүгінде жер бетінде адамнан автомобиль саны басым болуы әбден мүмкін. Ал тап сол көлікті дүниеге әкелген күш: берісі — адамның ақылы, зердесі, қабілеті, ізденісі, әрісі — өркенді өнертапқыштың маңдайын ашқан, қолын байламаған саяси-құқықтық еркіндік, жинақтай айтсақ, қоғамның, мемлекеттің, адамның нағыз, мәдениеті деп пайымдаймыз.
Бұл орайда XX ғасырдың алар орны ерекше. XX ғасырға қандай ғана атау-ұғым телінбеді: ғылыми-техникалық революция заманы, атом ғасыры, космонавтикадәуірі, ақпараттарғасыры… Әрине, әр анықтамада ақиқаттың дәні бар. Дегенмен ұлы өзгерістерді әкелген ғылым да, техника да, ақпараттық тасқын да мәдениеттен бастау алады, мәдениетке жүгінеді. Күрделі қарама-қайшылықтарға толы, дүлей қара күш пен жақсылық арпалысқан XX ғасыр ақыл-ойдың, үлкен мәдениеттің салтанат құрған белесі ретінде тарихқа кіреді.
Ғасырдың бірінші жартысында күндей күркіреген екі дүниежүзілік соғыс өтті, жүз миллионға жуық адамның тағдырын қиды. Екінші жартысында атом қаруын иеленген державалар КСРО мен АҚШ қырғи-қабақ соғыспен, жанталаса қарулану машақатымен ұлан-ғайыр байлықты желге ұшырды. Әлденеше рет адамзат баласының басын өлімге тікті. Бас хатшының немесе Президенттің бір ауыз бұйрығы берілсе, жер шары күлге айналатын еді. Құдай қолдағанда, сол бұйрық сыртқа шықпай, атом қаруы ауыздықталған күйде қала берді. Себеп неде деген сұраққа жауап іздегенде әскери-техникалық паритетті, держава басшыларының планета тағдырына жауапкершілікті сезінуін, өмірге құштарлықты, адамның өзін-өзі сақтауға ұмтылатын иммунитетін естен шығармағанымыз жөн шығар. Бірақ, түптеп келгенде, тіршілікті сақтап қалған құдірет-ғасырлар бойы түзілген мәдениет, адамның ақыл-ойы, зердесі. Біздің ойымызша, Homo sapiens ұрпақтары табиғаттың құпиясын ашу барысында, қоршаған әлемнің тұңғиығына бойлаған сайын өзінің болмыс-бітімін ұқты, өзін-өзі таныды әрі кемелдене түсті. Айта берсек, тіпті алғашқы адамдардың ішкі дүниесі, жанын сақтау, ұрпақ ербіту инстинкті, мәдениеті мен наным-сеніміндегі ілгерілеулер тастағы таңбаларда, суреттерде менмұндалап тұрған жоқ па? Адам баласының Альтамирден бүгінгі таңға дейін дүниені рухани тану, игеру, ұғыну жолындағы ұлы көші — ара-тұра үзіле, доғарыла жүріп, алға басқан біртұтас үрдіс. Ұлы Абай айтқандай, «тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де — ақымақтық» екенін тарих қапысыз дәлелдеді.
Мәдениеттің байлығы, адамға ғана тән ақыл-ойдың әлеуеті ұрпақтан ұрпаққа жалғасумен мәдени мұраға айналмақ. Бұларды түзу қандай қиын болса, сақталуы, мұра ретінде қолданысқа түсуі одан да қиын екен. Мәселен, байырғы түркілер қоғамында кең қолданыста болған руникалық жазу бүгінде түркі тектес халықтардың бірде-біреуінде сақталып қалмағаны былай тұрсын, ол жазуды оқи алатын ғалымдардың саны саусақпен санарлықтай ғана. Бабаларының мәдени мүрасынан көз жазып қалған этнос тарих сахнасынан түсіп қалатыны немесе басқа этностың құрамына жұтылып кететіні күмән туғызбаса, бұл этностың тарих тозаңына көмілген мәдени мұрасынабасқалардың бірде жатырқай, бірде түсінбей қарайтыны айдай ақиқат. Күні кеше ғана Елбасымыз Н. Назарбаев Күлтегін ескерткішінің Астанаға келуінде үлкен нысана, мән жатыр, мұнда үлкен тағдырлық жазу жатқан сияқты деп тебіренгені, тап сол тұста қандас мәңгүрттер тырнақ астынан кір іздеп, байырғы түркілердің қазақтармен еш байланысы жоқтығын дәлелдеумен әуреленгені әлі есімізде. Тағы бір мысал келтіре кетейік. Қазақстан жерінде жоңғарларға қатысты жерсу атаулары баршылық. Өзі жоқтың көзі жоқ деген емес пе. Бүгінде тап сол жер-су атауларын жоңғарлардың мәдени мұрасы ретінде екінің бірі қабылдай бермейтіні белгілі. «Қазақтанып» кетті. Мұндай айғақ-дәлелдерді әлем тарихынан жүздеп, мыңдап келтіруге болады.
Мәдени мұраның тарихы, тегі нақты этносқа байланса, түрі, салалары, нұсқалары, қазынасы сан алуан. Бұған үздіксіз табылып жатқан археологиялық заттай ескерткіштерден бастап, күнде көзіміз көріп жүрген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің рәсіміне дейін кіреді. Әйткенмен мәдени мұраның ең маңыздысы әрі пәрмендісі ұлттың тілі, өмір салты, ұрпақтан-ұрпаққа көшкен саяси-құқықтық құндылықтары, адамдардың санасы мен ділінде темірқазықтай нық орныққан, отансүйгіштік ұстанымдары екені сөзсіз. Тарихты жасайтын адамдар, ал адамдарды өзгертетін құдірет тарих деген қағида бар. Ендеше, мәдени мұралар да этнос әрекетімен ғасырлар барысында дүниеге келгеніне қоса, тап осы мұралар этностың даралануына, этнос қалпымен сақталуына қызмет етті. Есте жоқ ескі заманнан жеткен мұраны бағалай білу, қастерлеу тектіліктің, кісіліктің, ізгіліктің көрінісі ғана емес, халықтың басқалардан айырмашылығын ұққаны, өзін-өзі сыйлағаны. Мұнсыз бірде-бір ескерткіш бүгінгі күнге жетпес еді. Қазақтың сайын даласында тіршілік отының жанғанына миллион жылға жуық уақыт өтіпті. Сан ұрпақ ауысты әлденеше тайпалар мен мемлекеттер дәурен құрды. Іздері сайрап жатыр. Өкінішке қарай, Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштердің дәл саны әлі күнге дейін анықталмай отыр. Соңғы 30-40 жылдан бері біздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің ұзын саны 25 мың дегеннен танбай келдік. Былтырдан бері олар 35 мың екен дегенді ести бастадық. Ұлан-байтақ жеріміздегі жүгірген аң мен үшқан құстың санын біліп отырғанда, тұрған орнынан қозғалмайтын ескерткіштер статистикасын дәлме-дәл анықтау қиын шаруа емеc шығар, сірә.