Қарапайымдарда — арнайы көбею жүйесі болмайды. Губкада және ішекқуыстыларда да мұндай жүйе болмайды. Олардың жыныс клеткалары денесі арқылы сыртқа шығарылады. Ең алғашқы көбею жүйесі жыныс бездері мен жыныс клеткалары сыртқа шығатын өзектері жалпақ құрттарда пайда болды. Гермофродитизм болғанына қарамастан, жалпақ құрттарда аталықтарының тұқым жолы және жыныс клеткаларын сыртқа шығаратын тұқым шашқыш өзектер, сонымен бірге аналықтарында жұмыртқа жолы, жатыр мен қынап қалыптасты. Жыныс клеткалары аталық бездер мен аналық бездерінде дамиды.
Жұмыр құрттарда дара жыныстылық пайда болған. Олар да іштей ұрықтану үшін шағылысу қалтасы бар. Хордалыларда көбею жүйесі прогрессивті түрде күрделене түсіп, арнайы аналық және аталық бездер дамыды, ол іштей ұрықтануға бейімделу бағытында жүрді. Ланцетниктің желбезек маңындағы саңылауларының қабырғаларында көптеген жыныс бездері (26 жұп) болады. Бұл бездерде жыныс клеткаларын сыртқа алып шығатын өзектері болмайды. Сондықтан клеткалар қабырғаны жарып, желбезек саңылауларына түседі, одан кейін артриопор тесігі арқылы сыртқа шығарылады. Жұмыр құрттарда сыңар жыныс безі пайда болады, бірақ оның өзегі болмайды. Пісіп жетілген ұрық дене қуысында болады, ол жерден жыныс тесігі арқылы сыртқа шығарылады.
Балықтар жыныс бездерінің көп болуымен ерекшеленеді. Аналық безі көбіне сыңар, ал аталық безі жұп болады. Балықтардың жыныс бездерінің өзектері бүйректің несепағарларымен байланысты. Жұмыртқа клеткаларының суда ұрықтануының қиын болуына байланысты, жыныс клеткалары (уылдырық және сүттің) көп мөлшерде бөлінуі арқылы жүзеге асады. Қосмекенділерде жыныс бездері аталықтары (тұқым) мен аналықтарында (жүмыртқа) жұп — болады. Амфибиялар (құйрықсыздарында) әлі де болса сырттай ұрықтанады, құйрықтылар іштей ұрықтанады. Олардың дамуы метаморфозды, яғни шабақтары күрделі өзгеріске үшырап барып ересектерге айналады.