Қазақ халқының дәстүрі еңбек, тағам даярлау ерекшеліктерімен байланысты туып, ал ең бастысы — баспана яғни, киіз үй болып саналады. Қазақ халқы туралы айтсақ та, қырғыз, қарақалпақ, моңғол, ойрат, хақас халықтарының баспанасы киіз үй болып саналған. Ол тез жиналып, көлікке артып көше беруге, шапшаң тігуге лайықты жасалған. Киіз үйдің ағашы мен киізіндегі орама: үймен бау-басқұрындағы ою-өрнектерге қарап қай халықтың баспанасы екенін бірден ажыратуға болады. Оның сүйегі «қазақ» және «қалмақ» үлгісінде екі түрде жасалады. Қазақ үлгісінде жасалған киіз үйдің уығы иініш, жалпақ болып келсе, ал қалмақ үлгісіндегі киіз үйдің уығы ұзын тікше болып келеді. Киіз үйлер кереге көздерінің кең немесе тар жасалуына қарай да ерекшеленеді.
«Кең көзді» кереге (оны «жел көзді кереге» дейді) түйеге теңдеуге жеңіл болғанымен, желге төзімсіз, ал «тар көзді» кереге («тор көзді кереге» дейді) желге төзімді, бірақ ауыр болады. Киіз үйдің сүйегі (құрылысы) дегеніміз — кереге, сықырлауық (ағаш есік), уық, шаңырақ. Киіз үйдің сүйегі арнайы дайындалған ағаштан жасалады. Соның бірі кереге — киіз үйдің шеңбер қабырғасын құрайды. Кереге жасау үшін шыбық талды кесіп кептіріп, оны қоламтаға (морға) төсеп балқытады. Арнаулы үлгімен белгілі қалыпта (формада) қатырады. Үлгіге келген талды жонып, жұмырлап, жылғалап, жосамен бояйды. Көк өткізетін тор көздің біріккен жерін бізбен тесіп, түйенің мойын терісінен жасалған таспамен көктейді.
Керегенің аяғы, басы, сағанағы (екі қанаттың жалғасатын бүйірі) болады. Уық — шаңырақ пен керегені байланыстыратын бөлшек. Уық та керегеге ұқсас әдіспен жасалады. Уықтың керегеге жақын бүгілісін «иіні», ал шаңыраққа байланысар жерін «қары» дейді. Шаңырақтың тесігіне енер төрт қырлы ұшын «қаламы» деп атайды. Шаңырақ — киіз үйдің күмбезді төбесін құрайтын еңжоғарғы бөлшегі. Қазақ ұл-қызына бата бергенде «Шаңырағың биік болсын» деуі осыдан шыққан.
Жалпы қазақ халқы шаңырақты қасиетті санаған. «Пәленшенің әулеті пәлен шаңырақ болыпты» деген сөз сол адамның үрім-бұтағының өскендігін көрсетеді. Ал әйелдер бір-бірімен ұрсысқанда «Шаңырағың шайқалсын», «Шаңырағың ортасына түссін» деп қарғауы бір-біріне өлім тілеуін білдіреді. Немесе ерлі-зайыптылардың ұрыс-керіспен өмір сүруін тілеуді білдіруден шыққан. Шаңырақты қатты қайыңнан жасайды. Қайыңның қабығын алып кептіріп, тезге салып иіп, өн бойына көкөріс өрнектермен немесе «ырғақ», «тіс», «қошқар мүйіз» оюларымен безендіреді.
Киіз үйге күмбезді түр беріп, түндікті көтеріп тұру үшін шаңырақты кере жарты ай бейнелес шыбықтарды иіп әкеп, айқастырып шеңберге бекітеді. Мұны «күлдіреуіш» деп атайды. Күлдіреуіш арқылы үйге жарық түседі, түтін шығады. Сықырлауық (жарма ағаш есік) кереге шеңберіне басқұр арқылы тарты-лып, кереге баумен байланады. Есік табалдырықпен маңдайшадан, қос босағадан, жарма беттен тұрады. Есіктің жарма беттері мен қос босағасы нәзік ұлттық өрнектермен әшекейленеді.
Шаңырақтан кейінгі киіз үйдің қасиетті бөлшегі — босаға. Жаңа қосылған жас жұбайларға «Қос босағаң берік болсын», «Ақ босағадан аттаған келін оң аяғымен енсін» деуі, немесе балаларға «босағаны керме, босағаға бақытсыздық орнайды» деп ырым етуінде үлкен мән-мағына бар.
Ал киіз үйдің сыртқы әбзелдері (туырлық, үзік, түндік) күн сәулесі мен жаңбырды өткізбеу, жылу сақтау қызметін атқарады. Олар пісірілген ақ киізден, ою-өрнекті жіппен жиектеу, мақпал немесе шұғадан дөдеге (шеттеріне жапсырылған оюлы киізшелер) ою бастыру киіз үйге ерекше сән береді. Киіз үйдің басқұрлары мен жел баулары әрі үйдің дауылға жығылмауына қызмет етсе, әрі әшекейлі сән беріп тұрады. Киіз үйдің ерекшелігі біріншіден көшіп-қонуға қолайлы болса, екіншіден, жазда салқын, қыста жылы болады. Үшіншіден, ұлттық ою-өрнекпен әшекейленіп үйдің қай ұлтқа тән екенін білдіріп тұрады. Киіз үй тұрмыс та екі мың жылдан бері өзгеріссіз қолданылып келеді. Ол ұлттық өнердің (ағаш өңдеу, тері илеу, жүн тоқу, т.б.) қосындысынан тұратын қол-өнер туындыларының көркем обсерваториясы сияқты.
Киіз үйді сәндеп жасау халық шеберлерінің қолынан ғана келген. Ол атақты үйшілер (ағашшылар) мен білгір үй жонғыштар, шебер өрнекшілер мен тамаша тоқымашылардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Оған ерлер де, әйелдер де, өрмекші, тоқымашылар да, ұста балташылар да қатынасады.
Кезінде осындай ақ ордалы сәнді үй жасаушылар: Арқада Сандыбай, ағайынды Мылтықтай, Абылаев Асқар, Үйсінбай, Шән, т.б. шеберлер болған. Олар әшекейлеп жасаған үйлерді былайғы жұрт 10-12 құлынды бие беріп сатып алатын. 1913 жылы Петерборда Романовтар тұқымының таққа отырғанына 300 жылдық тойына қазақтың Шорманның Мұсасы бастаған байлары осындай «Ақ орданы» сыйға тартқан. Ал 1905 жылы Парижде өткен дүниежүзі халықтарының этнографиялық көрмесінде қазақтың киіз үйі аса жоғары бағаланып, бірінші бәйгеге ие болуы — оның ұлттық өнердің асыл қазынасы екенін дәлелдесе керек.
Киіз үйді тігу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тәжірибесіз адам тіккен үй бір жағына қарай қисайып немесе уығы ығысып кетуі мүмкін. Киіз үйді тіккенде ең алдымен керегелерін жайып, оның сағанақтарын бір-біріне жанастырып, таңғышпен мықтап таңылған кереге шеңберінің үстіне шаңырақ көтеріп, оған уықтарды шаншады. 12-18 қанат үйлер аса биік болғандықтан, атты кісі шаңырақты көтеріп тұрғанда уықты шаншатын болған.
Уықты керегенің басына балақ бау-мен байлап бекітеді де, уықтарды шалма жіппен ортасынан байлап, бір-бірінің арасын жалғастырады. Осыдан кейін туырлық, үзік, түндік, киіз есік деп аталатын киізден жасалған бөлшектерді жауып, бір-бірін баумен байлап бекітеді. Үйдің ортасына тамақ асатын ошақ (таған) немесе темір пеш орнатып қояды. Ал шай қайнату үшін айыр темір мосыға (үш аяқты темір мосы) шәйнекті асып, от жағады. Үйдің оң жағына ағаш төсек қойып, үстіне көрпе-жастық жинайды. Оның тұсына тұскиіз ұстап, шымылдық құрады. Төрге жүкаяқ қойып, оның үстіне әбдіре, көрпе-жастық, т.б. жүктер жинайды. Үйдің сол жағына тамақ салатын кебеже, қазан-аяқ салатын аяққап, ыдыс-аяқтар қойылады да, бетін шым шимен қоршап жабады.
Келінге арнап көтерген үйді «Отау» деп атайды. Отау үйдің ішін жасау-жиһаздармен толтырып, іші-сыртын әшекелейді. Жиһазбен жайнатқан «жұмыртқадай ақ отау» жас жұбайлардың отбасы өміріне үлкендердің жасаған сый-құрметі, ата-ананың қамқорлығы болып саналады. Үйленетін жастарға әке-шешесі алдымен отау даярлайтын болған. Қазақта кейбіреулерді «Отауын сайламай, орнын сайлапты» деп сынайтын мәтелі содан қалған. Жас жұбайлардың ұлттық киімдерімен, үй-ішінің сәнді жиһаздарымен толған ақ отаумен көрікті болып көрінген.