Әкімшілік жауаптылық

Әкімшілік жауаптылық

Әкімшілік құқық бұзушылық және әкімшілік жауаптылық. Әкімшілік құқық бұзушылық ұғымы және құрамы. Қоғамдағы адамдардың мінез-құлқы заңды және заңсыз (құқыққа қарсы) болуы мүмкін. Құқыққа қарсы мінез-құлық азаматтық-құқықтық, тәртіптік қылықтарды, әкімшілік құқық бұзушылықтарды және қылмыстарды жасауда көрінеді. Әкімшілік жауаптылықтың заңды негізі болып әкімшілік құқық бұзушылық саналады. Жеке тұлғаның құқыққа қарсы, кінәлі (қасақана немесе абайсызда жасалған) іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі, заңды тұлғаның құқыққа қарсы іс-әрекеті не әрекетсіздігі әкімшілік құқық бұзушылық деп танылады (ҚР ӘҚБТ кодексінің 28-бабы). Бұл норманы талдау барысында барлық әкімшілік құқық бұзушылықтарға тән, жалпы белгілерді анықтауға және осы белгілері арқылы заңсыз мінез-құлықты, заңды мінез-құлықты, сонымен бірге басқа да құқық бұзушылыққа тән (қылмыстар, тәртіптік қылықтар және т.б.) ерекшеліктерді айыруға болады.

Бұл белгілердің қатарына мыналарды жатқызуға болады:

  • теріс қоғамдық;
  • құқыққа қарсылық;
  • кінәлілік;
  • жазаланатын әрекет.

Осы аталғандардың ішінен бастапқы сипаттамалық белгілер болып әрекет саналады. Бұл мінез-құлықтың ерікті актісі. Ол мінез-құлықтың екі аспектісін құрайды, олар: әрекет және әрекетсіздік.

Әрекет — бұл саналы түрде міндеттерді орындамау, заңды талаптарды және де тыйым салуларды бұзу (мысалы, аң аулау тәртібін бұзу, жол полиция қызметкерінің талабы бойынша көлік құралын тоқтатпау және т.б.).

Әрекетсіздік — бұл салғырттық танытып, тиісті міндеттерді орындамау (мысалы, өрт қауіпсіздігі ережелерін орындамау және т.б.).

Өзінің әлеуметтік мағынасына қарай әрекет оң немесе адамдардың, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне зиян келтіретін теріс қоғамдық әрекет болып бөлінеді. Қандай әрекет теріс екендігі әкімшілік жауаптылық институттың шеңберінде заңмен анықталады. Сондықтан қандай да болмасын теріс қоғамдық әрекет әкімшілік құқық бұзушылық белгілерінің мазмұнына қатысты болмайды. Құқық нормасын бұзатын әрекетті жасау. Бұл нормалар тек әкімшілік құқық нормасына жатуы ғана мүмкін емес, сонымен қатар басқа да құқық салаларына жатады. Бірақ бұл жағдайларда белгіленетін нормалар әкімшілік жауаптылық шаралармен қорғалады. Кінәлілік әкімшілік құқық бұзушылықты қасақана жасау немесе абайсыздықпен жасауды білдіреді. Кінә — әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамының аса маңызды бір бөлігі болып саналады. Кінәнің нысандары толығырақ ҚР ӘҚБтК 29-30-баптарында қаралады. Әрекет үшін әкімшілік жауаптылық әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілеріне жатады.

Бір жағынан, әкімшілік құқық бұзушылық -әкімшілік жауаптылықтың негізі, ал екінші жағынан мұндай жауаптылық — әкімшілік құқық бұзушылықтың заңдылық табиғатын анықтайтын белгі. Заңда белгіленген жағдайларда әрекетті ә.қ.б. деп тану үшін, әрекет және оның заңға қарсы, қолайсыз зардаптарды келтіруінің арасында себепті байланыс болуы қажет. Әкімшілік құқық бұзушылық түсінігі (ҚР ӘҚБтК 28-бабы) барлық әкімшілік құқық бұзушылықтарға тән жалпы әлеуметтік-құқықтық белгілерін қамтиды.

Мысалы, ұсақ бұзақылық, теріс қоғамдық, заңға қарсы, кінәлі әрекет әкімшілік түрде жазаланады. Бірақ, әкімшілік құқық бұзушылықтың әрбір түрі өзіне тән әрекетін, зардаптарын және құқық бұзушылық жасаған жеке тұлғаны сипаттайтын белгілеріне ие. Олардың жиынтығын заңғылымында әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы деп атайды. Әкімшілік құқық бұзушылық құрамында әкімшілік құқық бұзушылық түсінігінің жалпы белгілері нақтыланады. Қандай да болмасын құқық бұзушылық белгілі бір қоғамдық қатынастарға қол сұғады (нысан), өз алдына, белгілі бір жағдайдағы тұлға еркінің сыртқы көрінісі (объективтік жағы), белгілі бір адам жасайды (субъект) және сол адамның істеген әрекетіне деген психикалық қатынасы көрінеді (субъективті жағы). Осы төрт элемент әкімшілік құқық бұзушылық құрамын құрайды.

Сонымен, әрекетті нақты әкімшілік құқық бұзушылық деп анықтайтын әкімшілік құқықтық заңмен белгіленген элементтер әкімшілік құқық бұзушылық құрамы деп аталады. Әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілерін оның заңдылық құрамынан айыра білу қажет. Әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамында мынадай элементтер бар:

  1. Құқық бұзушылық нысаны (қандай да болмасын аядағы қоғамдық қатынастардың тұрақты жетілуіне құқық бұзушының қол сұғуы);
  2. Объективтік жағы (белгілеген ережелерді бұзуға байланысты нақты әрекет;
  3. Құқық бұзушылықтың субъектісі — ақыл-есі дұрыс, 16 жасқа толған жеке тұлға.
  4. Құқық бұзушылықтың субъективті жағы, құқық бұзушының жасаған әрекетке деген психикалық қатыстылығы, яғни қасақаналық немесе абайсыздық нысанындағы кінә.

Әкімшілік құқық бұзушылық нысанының дәрежесіне қарай жалпы, текті, түрлі және нақты деп бөлінеді. Құқық нормаларымен реттелінген және әкімшілік жауаптылық шараларымен қорғалатын қоғамдық қатынастар жалпы нысан болып саналады. Оларға еңбек және халықтың денсаулығы, меншіктің түрлері, қоғамдық тәртіп, басқарудың белгілеген тәртібі және т.б. жатады.

Текті нысан — жалпы нысанның жеке бөлігін құрайтын қоғамдық қатынастар тобы, бұған мысалы, ҚР ӘҚБ Кодексінің 21-тарауында қамтылған, әкімшілік құқық заңының қорғауына алынған қоғамдық қатынастар жатады. Түрлі нысан — бір текті құқық бұзушылыққа тән қоғамдық қатынастар (жол қозғалыс, төлқұжат ережелерін бұзу және т.б.). Нақты нысан — әкімшілік жауаптылықтың шараларымен қорғалған нақты қоғамдық қатынастарға зиян келтіру. Мысалы, ӘҚБтК 330-бабының нақты нысаны -«қоғамдық тәртіп». Әкімшілік құқық бұзушылықтың көп бөлігі бір ғана нақты нысанға қол сұғады. Бірақ, екі немесе одан да көп нақты нысанға зардап келтіретін әкімшілік құқық бұзушылықтар бар. Мысалы, ҚР ӘҚБтК 468-бабының 1-тармағында жүргізушінің жол қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан көлік құралдарына зиян келтіруі үшін жауаптылық белгіленіп отыр. Бұл құқық бұзушылық жол қозғалысының қауіпсіздігіне және де меншіктің қандай да болмасын түріне зиян келтіреді.

Әкімшілік құқық бұзушылық құрамында екі немесе одан да көп нақты нысанын көрсетуіне қарай негізгі, қосымша және факультативтік нақты нысандар бөлінеді. Негізгі нақты нысан — қоғамдық қатынастардың қорғалуына шығарылған норма. Мысалы: ҚР ӘҚБтК 27-тарауында жол қозғалысы қауіпсіздігі көрсетілген. Қосымша нысан деп негізгі нысанға қол сұғушылық жасаған кезде зардап келтірілетін қоғамдық қатынас саналады. Факультативтік нысан — әкімшілік құқық бұзушылық жасау кезінде зардап келтірілуі мүмкін қоғамдық қатынас. Мысалы, ұсақ бұзақылықтың нақты нысаны болып қоғамдық тәртіп саналады. Бірақ, бұндай ұсақ бұзақылықты жасау кезінде, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, азаматтарды қорлап тиісу жеке адамның мәртебесіне нұқсан келтіреді. Ал кейбір жағдайларда мұндай әрекеттерді жасау кезінде жеке адамның мәртебесіне нұқсан келмейді. Құқық бұзушылықтың объективтік жағы — әкімшілік құқықпен тыйым салған әрекет немесе әрекетсіздік.

Жоғарыда атап өткендей, әрекет немесе әрекетсіздік көптеген құқық салаларымен (азаматтық, еңбек, қаржылық және т.б.) реттелетін нақты қоғамдық қатынастарға қол сұғуы мүмкін. Әкімшілік құқық бұзушылықтың объективтік жағын заң шығарушы көптеген жағдайларда уақытына, орнына, әдісіне, әрекеттің жасалу сипаттамасына, оның келтірген зиянды зардаптарына, бұрын құқыққа қарсы әрекет жасауы, оның қайталануына қарай ажыратады. Әкімшілік құқық бұзушылықтың субъектісі болып нақты әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жеке тұлға саналады.

ҚР ӘҚБтК субъектілердің 8 тобын белгілейді:

  1. ҚР азаматтары(31, 32-баптар).
  2. Кәмелетке толмағандар (72-бап).
  3. Лауазымды тұлғалар (34, 35-бап).
  4. Заңды тұлғалар (36-бап).
  5. Артықшылықтары және әкімшілік жауаптылықтан қорғанышы бар адамдар (686,687, 688,689, 690-баптар).
  6. Жеке кәсіпкерлер (34-бап, 3-тармағы).
  7. Дипломатиялық қорғанышы бар адамдар (692-бап).
  8. Шетелдіктер, шетелдік заңды тұлғалар және азаматтығы жоқ адамдар (37-бап).

Заң әкімшілік жауаптылыққа тартылатын лауазымды тұлғалардың мемлекеттік және кәсіпқойлық қызметтерінің ерекшеліктеріне байланысты құқықтық режимін белгілейді.

Осыған байланысты олар 5 топқа бөлінеді:

  1. Мемлекеттік әкімшілік және саяси қызметшілер;
  2. Әскери қызметшілер мен жиында жүрген азаматтар, әскери міндетті адамдар.
  3. Прокурорлар, ІІО-ның қатардағы және басшы құрамдағы тұлғалары, салық полициясы мен кедендік органдар қызметі.
  4. Тәртіптік жарғылар (темір жол, теңіз, өзен көлігі мен азаматтық авиацияның қызметі) қолданатын адамдар.
  5. Артықшылықтары және әкімшілік жауаптылықтан қорғанысы бар адамдар (парламент депутаты, Президентке, Парламент депутаттығына үміткерлер, Конституциялық Кеңес мүшелері, судьяның, ҚР Бас прокурорының жауаптылығы).

Әкімшілік құқық бұзушылықтың субъективті жағы -субъектінің заңға қайшы әрекеті немесе әрекетсіздігінің және оның салдарына деген психикалық қатынасы. Ол қасақаналық және абайсыздық нысан түрінде жасалынады.

Әкімшілік құқық бұзушылықты саралау

Әкімшілік құқық бұзушылықты саралау деп жасалған әрекеттің нақты әкімшілік құқықтық нормада белгіленген әкімшілік құқық бұзушылық құрамының белгілеріне сәйкестігін анықтауды айтамыз.

Саралау — қандай да болса лауазымды тұлғаның, жасалған әрекеттердің заңдылық нормасында көрсетілген құқық бұзушылық, құрамының сәйкестігін анықтауға бағытталған айқындау процесі. Ол салыстырудың қорытындысы болып жасалған әрекетке құқықтық баға беру саналады. Әкімшілік құқықтық саралау әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер өндірісін жүргізудің сатыларында болады, оларға:

  1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау.
  2. Істі қарау және әкімшілік іс бойынша қаулы шы 3. Іс бойынша қаулыға шағым беру және наразылық білдіру.
  3. Іс бойынша шешімді орындау.

Әкімшілік құқық бұзушылық істерін қозғау және әкімшілік тергеудің бастапқы сатысында бар ақпараттар көлемі арқылы, тек қана әрекеттің құқыққа қарсы екендігі туралы қорытынды жасауға болады. Саралаудың бастапқы міндеті осы жасаған әрекеттің қандай құқық бұзушылықтың түріне жататындығын, оның ішінде:

  • әкімшілік құқық бұзушылық;
  • қылмыс;
  • тәртіптік қылық;
  • азаматтық-құқықтық қылық екендігін анықтаумен аяқталады.

Әкімшілік тергеу процесінде қаралып отырған әрекет әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның қандай нормасына сәйкес келетіндігі туралы сұрақ шешіледі. Істі қозғау және әкімшілік тергеу сатыларында әрекетті саралау бастапқы сипатқа ие болады, жасалған әрекетке қорытынды баға беруді, әкімшілік тергеу кезінде құқық нормасын қолдануды шешеді.

Оны зерттеген орган (лауазымды тұлға):

  1. Бастапқы саралаумен келіседі.
  2. Немесе қаралып отырған әрекетті басқа түріне саралауға қорытынды жасайды, ол қаулыда көрсетілуі тиіс. Яғни, іс өндірісін қысқарту немесе әкімшілік жаза салуды белгілейді. Жалпы ереже бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы қабылданған қаулыға шағымдану және наразылық танытуға болады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулығы шағым мен наразылықты қарайтын орган (лауазымды тұлға) шығарылған қаулының заңдылығы мен негізділігін тексереді (663-бап, 2-тармағы) және Кодекстің 664-бабында көрсетілген шешімдердің бірін қабылдайды.

Әкімшілік құқық бұзушылық саралау процесі жасалған әрекет белгілерінің нақты құқықтық нормада көрсе тілген әкімшілік құқық бұзушылық құрамының белгілеріне сәйкестігін, олардың ұқсастығын анықтау мақсатында жүргізіледі. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 2-бабы әкімшілік жауаптылықтың негізін бекітеді, яғни Кодекстің Ерекше бөлімінде көзделген құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері бар әрекет жасау әкімшілік жауаптылықтың негізі болып табылады. Әрекеттің белгілерін табу дәлелдемелерді жинау мен бағалау арқылы жүзеге асырылады. Олар саралау шеңберінен тыс және жасалған фактілі жағдайдың айтарлықтай көлемін құрайтын белгілерді: жасалған құқық бұзушылықтың орны, уақыты, әдісі, құрамы және жағдайы және т.б. қамтиды. Әкімшілік құқық бұзушылықты саралау кезінде көптеген белгілер арасынан қажетті түрде маңыздысын таңдап алу керек. Оларға, біріншіден, қандай да болмасын әкімшілік құқық бұзушылық түріне тән жалпы белгілер, қоғамдық қауіптілік және құқыққа қарсылық жатады.

Жасаған әрекеттің қоғамдық қауіптілігі және құқыққа қарсылығы туралы қорытынды жасауда, саралауды жүргізетін тұлға қолданыстағы күші бар заңдарды білуі, кәсіпқойлық тәжірибесі, оның ішінде заң мен арды басшылыққа ала отырып, дәлелдемелерді өз жиынтығында жан-жақты толық және объективті қарауға негізделген өзінің ішкі сезімі бойынша бағалайды. Жасалған әрекеттің қоғамдық қауіптілігін және құқыққа қарсылығын анықтағаннан кейін, саралаудың екінші, айрықша, күрделі сатысы басталады. Екінші сатының міндеті осы жасалған әрекетке қандай әкімшілік құқық норма көзделгендігін анықтау болып саналады. Бұл жерде нақты қай әкімшілік құқық бұзушылық түрінің белгілеріне жататындығын қажетті түрде анықтау және салыстыру керек.

Сонымен, әкімшілік құқық бұзушылықты саралау процесінің негізгі мазмұны жасалған әрекет белгілерін әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамының белгілерімен салыстыру болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

Қызылов М. — Қазақстан Республикасының әкімшілік құқығы: Оқулық. — Астана: Фолиант, 2009. — 504 б. Мәлімет оқулықтың 251-ші бетінен алынды.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.