литература

Ерте орта ғасырлардағы әдебиет

Рим империясының орнында пайда болған тәуелсіз мемлекеттерден метрополияға (ежелгі Грекияда қаланы мемлекет, метрополия деп соның шет елдердегі уәлаяттарын атаған) жақын жатқан батыс провинциялар (Италия, Галлия, Испания) латын тілін қабылдады. Латын тілі жергілікті тіл элементтерімен байып, өзіне тән жаңа түрге ие болды және кейін тәуелсіз роман тілдері деп аталды.

Ежелгі кельт тайпаларының едәуір бөлігі романдарға сіңіп кетті, оларға христиандық, латын тілі және Рим мәдениетінің әсері күшті болды. Тек алыс Скандинавия мен Кельт облыстарында ғана қауымдық құрылыс пен оның әдет-ғұрыптары ұзақ уақыт сақталып қалды. Шет жатқан өлкелерде феодалдық қатынастардың кешеуілдеп дамуы осының нәтижесі еді.

Рим құл иеленушілік қоғамы күйреген кезеңде Батыс Еуропада жасаған барлық «варвар» тайпалардың өз әдебиеті болды. Бұл әдебиет көне замандағы рулық тұрмысты суреттейтін көркем жәдігерлерден құралды. Орта ғасырлар әдебиетінің дамуына үш арна — халық ауыз әдебиеті, антикалық мәдениет және христиан діні белгілі дәрежеде әсер етті. Мұның ішінде, әсіресе, халық поэзиясы дәстүрлерінің маңызы ерекше болды.

Ежелгі поэзия үлгілері — еңбек жырлары. Өйткені, бұл жырлар еңбек барысында туып, оларда еңбек қуанышы, еңбек шаттығы жырланды. Адамның қимыл-әрекетіне сай түсетін дыбыстар еңбекшілердің рухын көтеріп, киындықтарын жеңілдетті. «Қауымдық хор синкретизмі» еңбегінің авторы академик А.Н.Веселовский әрқандай поэтикалық шығарманың алғашқы даму сатысында лирика, эпос және драма элементтері бірге, әрі бір-бірінен ажырамаған синкрет түрде болатындығын айтады.

Қауымдық хор мен әдет-ғұрып синкретизмі патриархалдық құрылыстың дамыған дәуіріне тиісті. Хор-өлең және мимика дене әрекетіне қосылып, би мен драмалық ойынға айналды. Бұл көркем әрекеттің алғашқы қалыптастырушы элементі ретінде ырғақ пен музыка пайда болды, мәтін болса көмекші қызмет атқарды. Ұжымдық-қауымдық тұрмысты бейнелейтін мәтіннің, яғни синкреттік әрекеттің негізгі мазмұны болды. Соңынан, әдет-ғұрыптар да жеке адам тарапынан емес, ұжым тарапынан орындалған.

Қауымдық құрылыстың күйреуі нәтижесінде әлеуметтік топтар пайда болып, ұжым ортасынан енді жеке адамдардың бөлініп шығуы арқылы синкретизм де жойыла бастайды. Өлең әдет-ғұрып арасынан шығып, дербес әдеби жанр ретінде қалыптасады. Хорда ұжым әрекетін басқарушы адам енді жыршы-ақын сипатында шығармашылықпен айналысты. Синкреттік әрекеттен лиро-эпостық жыр, соңынан лирика мен халық әдет-ғұрыптарын бейнелейтін драма бөлініп шықты. Бірақ қауымдық синкретизмнің қалдықтары халық поэзиясында ұзақ уақыт сақталып қалды. Синкретизм мен поэзияның еңбек барысында дүниеге келуі бүкіл орта ғасырлар әдебиетінің халық тұрмысына байланысты келіп шыққандығынан дерек береді.

Христиан шіркеуі орта ғасыр мәдениетінде кертартпа қызмет атқарды. Ол феодалдық үстемдікті нығайтуда, халықты бағындыруда құдіретті қару болды. Католиктік шіркеу феодалдық құрылысты «құдай жарылқаған қасиетті қоғам» дәрежесіне көтерді. Сондықтан король христиан діндарларын марапаттап, оларға көптеген жерлерді, тіпті тәуелді шаруаларды да сыйға тартты. Католиктер қолындағы жердің үштен бір бөлігі шіркеу меншігінде болды.

Орта ғасырлар әдебиетінің дамуына ықпал еткен жағдайлардың бірі — антикалық дәуір мәдениеті. «Варвар» тайпалар Рим империясына баса-көктеп кіріп, қалаларды ойрандады. Олар антикалық дүние мұраларына жаугершілік көзқараста болды. Ежелгі ақындар мен драматургтердің көптеген туындылары осы кезде жойылып кетті. Орта ғасырлардағы діндарлар антикалық жазушылар қаламынан туған, өздеріне дейін жеткен туындыларды христиан дініне негіздеп қайта өңдеп, жариялайды. Осылай болса да, шынайы өмірмен тығыз байланысты болған антикалық мәдениет орта ғасырлар тұрмысына өз әсерін тигізді. Орта ғасырлардағы серілік поэзияда Рим ақыны Овидийдің есімі кездеседі. Македониялық Ескендір туралы аңыздар, Вергилийдің «Энеида» поэмасы мен осыған ұқсас шығармалардан үйрену, пайдалану негізінде алғашқы серілік романдар мен қиссалар пайда болды.

Славян халықтарының эпикалық поэзиясы да орта ғасырлар әдебиеті тарихында маңызды орынды алады. Қарапайым халықтың тәуелсіздік үшін жүргізген күресін бейнелеген «Игорь жасағы туралы жыр», болгар және серб эпостары, Крали Марко туралы жырлар әлем әдебиеті қазынасына қосылған бірегей туындылар. Батырлық эпостар жайлы әңгіме қозғағанымызда, Батыс пен Шығыс халықтары әдебиетінде кейбір жақындық пен ұқсастықтардың болуы, осы дәуірдегі халықтардың бір тарихи даму сатысында жасауы мен болашақ бақытты өмір туралы армандарының ортақ болуында екендігін естен шығармауымыз тиіс.

Орта ғасырлар әдебиетінің дәуірлерге бөлінуі
Орта ғасырлар әдебиеті он ғасырдан артық дәуірді қамтып, екі сатыға бөлінеді:

  1. қауымдық құрылыстың күйреуі мен феодализмнің пайда болуы дәуіріндегі әдебиет;
  2. дамыған феодалдық қоғам дәуіріндегі әдебиет.

Орта ғасырлар әдебиетінің алғашқы сатысы X ғасырға дейінгі дәуірді қамтиды. Бірақ Еуропа мемлекеттерінде феодалдық қатынастар түрлі мерзімде қалыптасқандығына байланысты бұл дәуірлеу де шартты. Мәселен, феодалдастыру әрекеті алдымен Францияда (IX ғасыр), одан кейін Германияда, соңынан Англияда іске асты. Еуропаның Солтүстік өлкелерінде, кельт және скандинавтар мекендеген жерлерде бұл жағдай өте кеш басталды. Кельт және скандинавтарда көне көркем шығармалардың өзгеріссіз сақталып қалуы және онда тайпалық тұрмыс қалдықтарының көрінуі, осы өлкелерде христиан діні әсерінің әлсіздігі мен халықтың өз еркіндігі үшін күрестерінің айқын дәлелі еді. Соның үшін Кельт және Скандинавияның жергілікті діндарлары-монахтар тайпалық рухпен суарылған барлық халық әдебиеті ескерткіштерін өз әлдерінше жазып алған.

Дамыған феодализм дәуірі де (ХІ-ХV ғасырлар) үш түрлі көркем шығармашылықты — халық әдебиеті, діни және феодалдық серілік әдебиетті қамтиды. Орта ғасырлар тұрмысында өз үстемдігін сақтауға ұмтылған діни-шіркеу әдебиеті мен замана тудырған феодалдық-сері әдебиет бір-бірімен тығыз байланыста дамыды. Сол дәуірдегі батырлық эпоста серінің өз сертіне адалдығы бірінші орынға қойылды. Бұл XIII ғасырдың аяғына дейін жалғасты. Өйткені, сол дәуірдің саяси өмірінде серілер маңызды орын алып, соғыстар ашып және оны әрқашан өз пайдаларына шешіп отырды.

XIII ғасырдың аяғы мен XIV ғасырдың басында үлкен қалалардың бой көтеруі мен нығаюы жаңа саяси топ — бюргерлерді дүниеге әкелді, олар дұшпанға қарсы аттанып, феодалдар қосындарына ізбе-із соққы берді. Сөйтіп, бюргерлер мен шаруалар серілерді жеңіліске ұшыратты. XIII ғасырда дами бастаған қала әдебиеті халық шығармашылығы дәстүрлерін негізге ала отырып, барша кедей топтардың арман-тілектерін бейнеледі, билеуші дворян-ақсүйектерге қарсы халық наразылығын күшейтті, жігерлендірді. Сондай-ақ, орта ғасырлар бізге ғажайып әдеби мұралар мен сәулет ескерткіштерін қалдырды. Бұл дәуір «ұлы ілгерішіл өзгеріс» дәуірі, батырларға мұқтаж болған және алыптарды туғызған, өздерінің мәңгі шығармаларымен адамзат мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан Боккаччо мен Рабле, Шекспир мен Сервантес сияқты ірі жазушыларды тарихи сахнаға шығарған дәуір болды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

Қобыланов Ж.Т. — Шетел әдебиеті тарихы: Оқулық. — Астана: Фолиант, 2008. — 344 б. Мәлімет оқулықтың 4-ші бетінен алынды.Пікір жазған: Тебегенов Т.С. — филология ғылымдарының докторы.

0

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.