Жалпы сипаттамасы. Дәнді бұршақ дақылдары (асбұршақ, ноқат, ноғатық, бөрібұршақ, т.б.) дәнді дақылдардың үшінші биологиялық тобын құрайды да, бұршақ тұқымдасына жатады. Бұл дақылдардың тұқымдарында 20-30% және одан да жоғары мөлшерде ақуыз болады, ал бұл дәнді астық дақылдарынан 1,5-3,0 есе артық. Оның үстіне ақуызды заттар амин қышқылдарының құрамы бойынша (лизин, триптофан, т.б.) толыққұнды, жеңіл ериді, адам мен жануарлар ағзаларымен жеңіл қорытылады. Тұқымдар мен жемістерінде ағзаның қалыпты қызмет істеуіне қажетті көп мөлшерде көмірсулары (крахмал) және әр түрлі дәрумендер (А,В,С, т.б.) де шоғырланған.
Дәнді бұршақ дақылдары мал шаруашылығындағы ақуыз мәселесін шешуге мүмкіндік жасайды. Таза және аралас егістіктерде олардан қоректілігі жақсы жасыл балауса, пішен және сүрлем дайындалады. Олардың сабағы мен мекені де мал азықтық құндылығымен ерекшеленеді. Дәнді бұршақ дақылдарының тұқымдары өңдеу өнеркәсібінде де пайдаланылады. Айта кеткен жөн, ақуыздың көп бөлігін бұршақ тұқымдас өсімдіктер ауадағы азотты сіңірудің нәтижесінде қалыптастырады. Олардың агротехникалық маңызы да зор: тамырларында орналасқан түйнек бактерияларының азотты байлау қабілетінің арқасында топырақ органикалық заттармен және биологиялық азотпен байытылады. Сондықтан барлық бұршақ тұқымдас өсімдіктер көптеген ауыл шаруашылығы дақылдарына жақсы алғы дақыл болып табылады.
Дәнді бұршақ дақылдары астық дақылдарынан бірқатар морфологиялық ерекшеліктерімен де ажыратылады: тамыр жүйесі кіндікті, көптеген бүйір тамыршаларын түзеді, топыраққа 1,5-2,0 м тереңдікке дейін бойлайды. Ұсақ тамыршаларында түйнектер орналасқан және оларда азотты байлайтын бактериялар дамиды. Сабағы әр түрлі деңгейдегі беріктілігімен ерекшеленеді: біреулері (ноқат, майбұршақ, т.б.) тік өскен қалпын сақтайды, ал басқаларында (асбұршақ, жасымық, ноғатық, т.б.) жапырылғыш, мұның өзі егін жинауда үлкен қолайсыздық тудырады. Жапырақтары қүрылысына қарай үш топқа бөлінеді: біріншісі — қауырсын жапырақты өсімдіктер (асбұршақ, атбас бұршақ, ноғатық, т.б.), екіншісі -үштік жапырақтылар (майбұршақ, үрме бұршақ) және үшіншісі — саусақ-салалы жапырақтылар (бөрі бұршақ). Гүлдері бұрыс пішінді, бестік түрде болады. Жемісі — әр түрлі көлемді және пішінді бұршаққап. Бұршақ дақылдарының кейбіреулерінің (асбұршақ, жасымық, т.б.) жемістері піскен кезде жарылады да, тұқымдары шашылып, астық өнімін темендетеді. Тұқымның көлемі мен түсі де әр түрлі.
Өсіп-даму кезеңінің ұзақтығы бойынша дәнді бұршақ дақылдары екі топқа бөлінеді: қысқа (асбұршақ, жасымық, т.б.) және біраз ұзақтау (ноқат, үрме бұршақ, т.б.). Жылуға талабы бойынша дәнді бұршақ дақылдарынан суыққа төзімділеу (асбұршақ, жасымық), жылу сүйгіштеу (бөрі бұршақ, атбас бұршақ, ноқат) және жылу сүйгіш (майбұршақ, үрме бұршақ) деп ажыратылады. Бұл дақылдардың ылғалға да талаптары бірдей емес: ең ылғал сүйгіштерге май бұршақ, бөрі бұршақ, атбас бұршақ жатады, сондықтан оларды ылғалы молырақ аудандарда немесе тек суару жағдайында өсіреді: құрғақшылыққа төзімді деп ноқат, асбұршақ, ноғатық саналатындықтан, оларды Қазақстанның солтүстік және орталық облыстарында үлкен табыспен өсіруге болады. Қазақстанда егістік көлемі бойынша дәнді бұршақ дақылдарының ішінде бірінші орынды асбұршақ, одан кейін ноқат, ноғатық, т.б. орналасқан.
Асбұршақ. Асбұршақ бағалы, жоғары ақуызды дәнді бұршақ дақылы болып табылады. Қазақстанда аудандастырылған сорттарының тұқымдарында орта есеппен 24-27% ақуыз, 50% -дан астам көмірсулары (негізінен крахмал), айтарлықтай мөлшерде май, күлдік заттар мен дәрумендер (А,В,С ж.б.) болады. Тұқымдары жоғары қоректілігімен және жақсы дәмдік сапасымен ерекшеленеді, әр түрлі тағамдар дайындауға бүтін және үгітілген тұқымдар кеңінен қолданылады, консервіленген түрде де пайдалануға болады. Асбұршақтан әр түрлі мал азықтық өнімдер де (дара азық, шөп ұны, пішен, пішендеме, т.б.) өндіріледі. Ол — жаздық бидай және басқаауыл шаруашылығы дақылдарына жақсы алғы дақыл. 2000 жылы Қазақстанда өсірілген дәнді бұршақ дақылдарының (57,4 мың/га) 80%-дан астамы асбұршақтың үлесінде болды.
Морфологиялық ерекшеліктері. Асбұршақ бірнеше түрлерді біріктіреді, барынша кең тарағаны егістік асбұршақ және ол негізінен азық-түліктік мақсатқа өсіріледі. Оның тамыры кіндікті, сабағы жапырылғыш, жапырақтары күрделі, қосқауырсынды, гүл шоғыры — бұтақбас, жемісі — бірнеше тұқымды бұршаққап, тұқымдары домалақ, ашық түсті.
Биологиялық ерекшеліктері. Асбұршақ — суыққа төзімді әрі ылғал сүйгіш өсімдік. Оның тұқымы 1-2°С жылылықта өне алады, алайда тіршілікке қабілетті егін көгі +5°С жылылықта 20-25 төуліктен кейін, ал 15°С температурада 7-8 тәулікте пайда болады. Бұтақтану, бүрлену, гүлдену және пісіп-жетілу кезеңдеріне барынша оңтайлы температура 15-20°С. Дақылдың егін көгі — 8°С дейінгі қысқа мерзімде бозқырауды көтереді, ал гүлдену мен дәннің толысу кезеңдерінде тіпті — 2-4°С бозқырау қауіпті. Ылғалға қоятын талаптары мен бір өлшем құрғақ затты қалыптастыру үшін шығындайтын ылғал мөлшері бойынша асбұршақ ылғал сүйгіш өсімдіктер қатарына жатады, дегенмен өзінің қуатты тамыр жүйесімен топырақтың терең қабатынан суды соруына байланысты, ол көптеген басқа дәнді бұршақ, жаздық астық дақылдары, т.б. қарағанда құрғақшылықты жеңіл көтереді. Асбұршақтың ылғалға барынша жоғары талабы бүршіктену-гүлдену кезеңіне сәйкес келеді. Осы кезеңдегі топырақтың жақсы ылғалдылығы оның жоғары өнімінің кепілі болып табылады. Асбұршақтың транспиранциялық коэффициенті 300-600 аралығында. Гүлдену кезеңінің созылыңқылығына байланысты оның тұқымдары біркелкі піспейді, ал бұл ерекшелік егін жинау мезгілі мен тәсілін дұрыс таңдап алуға мәжбүр етеді. Асбұршақ қоректену элементтері жеткілікті қара, күңгірт, қара қоңыр, т.б. топырақтарда жақсы өседі. Асбұршақ үшін қышқыл, механикалық құрамы ауыр, сортаңды және батпақтанған топырақтар жарамсыз, жеңіл құмдақ топырақтарда да ол нашар өседі. Солтүстік және Орталық Қазақстанда асбұршақтың Неосыпающийся І, Омская неосыпающийся, Рамонский 77, Шал, т.б. сорттары өсіріледі.
Қарқынды өсіру технологиясы. Солтүстік Қазақстанда асбұршақ сүрі танабынан кейінгі бірінші және екінші жаздық бидайдан кейін орналастырылады. Асбұршақ бір танапта қайта өсіруді көтере алмайды, өйткені аурулар мен зиянкестерден үлкен зардап шегеді. Топырақты негізгі өңдеу жазықтілгіштермен немесе терең қопсытқыштармен іске асырылады. Себу алдындағы топырақ өңдеу бидайдікіне ұқсас. Теңдестік тәсілімен анықталған фосфорлы тыңайтқышты топырақты негізгі өңдегенде енгізеді. Ылғалды аудандарда және суармалы жағдайда өсіргенде асбұршақ тұқымын нитрагинмен өндегенде жақсы нәтижеге қол жеткізіледі, ал мұның өзі өсімдік тамырларында түйнектердің түзілуіңе мүмкіндік жасайды, асбұршақтың азотты байлауын күшейтеді. Ауруларға қарсы нитрагинмен инокуляциялауға дейін бұршақ тұқымын жартылай құрғақ тәсілмен 70% -ды Тигам (4-6 кг/т) немесе 80% -ды ТМТД (3-4 кг/т) улы заттармен дәрілейді. Асбұршақтың аталған аймақты оңтайлы себу мерзімі — 15-25 мамыр. Оны негізінен жаппай қатардағы тәсілмен себеді, тұқымның себу мөлшері 0,6-0,9 млн/га өнгіш тұқым. Асбұршақтың тұқымдары ылғалды топырақ қабатына сіңіріледі (4-5 см-ден 8-9 см-ге дейін). Асбұршақ егістігін күтіп-баптау егін көгіне дейінгі (себуден 3-4 тәуліктен соң) тырмалаудан басталады, соның нәтижесінде арамшөптердің ақ жіпшелері жойылады және топырақ қабыршағы үгітіледі. Көктегеннен кейін және тамырланғаннан соң егін көгін көлденең немесе қиғаштап жеңіл тырмалармен тырмалайды. Асбұршақ себілетін танаптардағы біржылдық арамшөптерге қарсы линурон немесе прометрин гербицидін қолданады. Бұл гербицидтерді себу алдында З-4 см тереңдікке 1,5-3,Окг/гаә.е.з. бойынша енгізеді. Қосжарнақты арамшөптерге қарсы асбұршақтың 4-6 жапырақ кезеңінде 2М-4Х гербицидінің 2-3 кг/га мөлшерімен егістік бүркіледі (ОП-2000 және басқалармен). Бізтұмсық, дән кеміргіштерге қарсы жаппай көктеген кезде еістікті 20%-ды (0,5-1,0 л/га) немесе 40% -ды (0,25-0,5 л/га) метафоспен өңдейді.
Асбұршақ егістігі бөлектеп жиналады. Асбұршақ тұқымының орташа ылғалдылығы 30-35% жеткенде немесе өсімдіктерінің орта бөлігіндегі бұршаққаптардың 70-75% сарғайғанда оны дестелегіштермен (ЖБА-3,5) дестеге шабады, ал дестеде тұқым ылғалдылығы 18-20% жеткенде асбұршақ астығы бастырылады.
Ноқат. Азық-түліктік және мал азықтық дақыл ретінде өсіріледі. Тұқымдарында 31% -ға дейін ақуыз, 60% -ға дейін көмірсулары, 4,5% -ға дейін май, т.б. болады. Тағамға пісірілген, кофе суррогаты түрлерінде пайдаланылады. Ноқаттың ашық түсті сорттары азық-түлікке, ал қоңыр тұқымды сорттары мал азығына жарамды.
Морфологиялық ерекшеліктері. Ноқат көптеген түрлерді біріктіреді, олардың ішінде кең тарағаны мәдени ноқат — біржылдық өсімдік. Тамыр жүйесі кіндікті, сабағы тік өседі және жапырылмайды, жапырақтары дара қауырсынды, әрі түкпен көмкерілген, гүлдері ұсақ, әр түсті, қос жынысты, бұршаққаптары қампиған, қостұқымды жөне түкті. Тұқымдары сопақ пішінді тұмсықты, ашық түстен қараға дейін және 1000 санының массасы 250-315 г.
Биологиялық ерекшеліктері. Гүлдену және пісу кезеңдерінде ноқат айтарлықтай жылу сүйгіш өсімдік, алайда ол бозқырауға төзімді, егін көгі қысқа мерзімді -11°С дейінгі бозқырауды көтереді. Өсуі мен жетілуі үшін ноқатқа оңтайлы температура 18-20°С. Аймақта өсірілетін орташа мерзімде пісетін сорттарына қажетті белсенді температура жиынтығы — 1500-1700°С. Басқадәнді бұршақ дақылдарына қарағанда ноқат құрғақшылық пен жоғары температураны жақсы көтереді. Ноқат қара, қоңыр топырақтарда жақсы өседі, Сортаң және құмдақ топырақтарды нашар көтереді. Аудандастырылған сорттары – Юбелейный, Волградский 10, Камила 1255, Краснокутский 123.