old-letters

Қазақ шежіресі

Қазақ шежіресі Абайдан бастап талай кемеңгер ғалымдардың қаламына іліккені баршамызға мәлім. Қазақтың шығу тегі жөнінде Абай атамыз жазса да, шежіреге келгенде тайсақтағанға ұқсайды. Себебі, 1900-жылы Семей қаласында жарық көрген Н.Коншиннің «Орта жүз қазақтарының шығу тегі туралы естеліктер» атты мақаласында былай делінген: «…Мақаланың сөз басы ретінде Н.Я.Коншин: «Әр жолға берілген ескертулермен қоса бұл мақала түгелімен Семей облысына өте танымал қазақтың сөзі негізінде түзілді. Бұл қазақ (арғын руының тобықтысынан) жарияланғалы отырған мәлімет өздерінің шығу тегі туралы алуан түрлі аңыздарға бой ұрып жүрген кейбір рулардың көңіліне келіп қалар деген қауіппен өз фамилиясын көрсетпеуді өтініп отыр», — деп жазған. Коншин түсіндірмесінен атын атамаса да, мақала (шежіре) авторы Абай екені анық». Қ.Мұхаметханов. Белгілі абайтанушы Қайым Мұхаметхановтың бұл сөзінен кейін аталмыш шежіренің авторы Абай екендігі күмән туғызбайды. Шежіреге шындықты жазу оңай мәселе емес екенін көріп отырсыздар. Біз тұрмақ Абайдың да тісі батпаған «Қазақ шежіресі» әлі де аса даулы тақырып. Қазақ шежіресі Патшалық Ресей кезінде Абайдан басқа да зиялылардың назарына іліккенін баспа беттерінен көруге болады т.т. Қазан төңкерісіне дейінгі шежірелерден Шоқан Уәлихановтың, Әлихан Бөкейхановтың, Шәкәрім Құдайбердіұлының шежірелерін атап айтқан жөн болар. Кейіннен Әлкей Марғұлан, Мұхаметжан ТынышбаевМәшһүр-Жүсіп Көпейұлы және т.б. шежірелері жарық көрді. Қазақстан егемендік алғаннан бері жарияланған шежірелерге келер болсақ – ұшан теңіз. Қолынан мұндай іс келетін әр адам өз атасын, өз руын, өз елін таратуда. Қазақ шежіресінің 100-томдығы да шығып жатыр.Осындай шежірешілердің қатарында мен де бармын. Соңғы он жыл көлемінде он шақты шежіре шығарып, шежіре теңізіне тамшы қосып келемін.

Шежіре таратқан сайттар да біршама. Оның бәрін тауып, оқып шығу да талай шаруа. Шежіреге орыс халқы да қызығушылық танытып, өз шежіресін құруға талпынуда. Міне, осындай телегей-теңіз ақпаратты келер ұрпақ тауып оқи ала ма, әлде бәріміздікі құр арам тер ме деген мәселенің басын ашып алған жөн болар. Әрине бәрінің де керегі бар, оған сөз жоқ. Бірақ аталарымыздың ғасырлар бойы жинап келген мәдени мұрасын қалайша жүйелеп, ұрпағымыздың үлесіне қалайша оңтайлы жеткізе аламыз. Әңгіме осы жайлы. Бүгін әркімнің үйінде компьютер бар. Халықтың компьютерлік сауаты күннен күнге артып келеді. Жастардың қалтасында мини компьютері бар. Мұндай техникалық жетістікті неге пайдаланбасқа? Осы орайда шежіре жазуда өзім қолданып жүрген жүйенің қыр-сырымен бөліссем деп едім. Ол үшін арнайы компьютерлік бағдарлама құрған жоқпын. Бәрімізге белгілі EXСEL-ді пайдаландым. Автордың шежірелері компьютерлік EXСEL бағдарламасын қолданумен, кесте түрінде жасалған. Ал кестенің ғылыми негізін 1940-1941 жылдары француздың ірі ғалымы, генеалог (шежіре) граф Жак де Абовил (1919-1979) ұсынған жүйе құрайды. Осы нұсқамен басқа да шежірелер [шыға бастаған. Тек олар қолданған кестені біз 90 градусқа бұрып жібердік. Сонда жылнама жол көрсеткіші емес, бағана көрсеткіші болып кетеді. Сонан кейін EXСEL бағдарламасы қолданылды. Сырт пішіні осыған ұқсас сайт та (elim.kz) бар. Бірақ онда бүкіл 22 атаны бір жолға жазбақ әрекет жасап, үлкен қолайсыздыққа тап болған. Неге EXСEL-ді пайдаланды дейсіз ғой?

Бұл бағдарламаға әркімнің қолы жетеді. Әркім өз деңгейінде меңгере де біледі. Әрмен қарай бұл бағдарлама деңгейінде білімін тереңдету де қиындық туғызбайды.
EXСEL Microsoft фирмасының өнімі болғандықтан, Microsoft өнімдерінің барлық мүмкіндіктерімен қамтамасыз етілген (қазақ әріптері, графикалық мүмкіндіктері, іздеу т.т.).
EXСEL-дің кестесі WORD-тың кестесінен гөрі шежіреге қолайлырақ. Дерекқорын құрып, оны басқа, мысалы .dbf дерекқорына айналдыру сияқты өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы EXСEL-дің өзі – ДЕРЕКҚОР. Шежіре жазуға қандай талаптар қойылады дейсіз ғой?
Біріншіден, белгілі ғалым, академик Әбдуәли Қайдар «Қаңлы» атты тарихи шежіресінде қазақтың кейінгі шығып жатқан шежірелеріне тоқтала келе, оларға тән бірнеше кемшіліктерді атап өтеді. «6. Шежіредегі анахронизм. Этнодемографиялық ғылымда ұрпақ ауысуының бір айналымы (циклы) 25-30 жыл болып саналады. Демек, 250-300 жылда 10 ұрпақ (поколение) алмасып, ауысып үлгереді екен. Қазақ салты бойынша 7 жасар бала 7 атасының тегін таратып, жатқа айтып беретін болған. Сонда ол бала саналы түрде болмаса да, жадында ата — бабаларының (өзінен бастап) 200-210 жылдық этникалық даму үрдісін жаттап өскен. Шежіре дәстүрінде хронология деген фактор аса маңызды. Бірақ, бір өкініштісі, сол факторға қазақ шежірешілері көп назар аудара бермейді. «Атты арбаның артына жеккенге» ұқсас, кейде атамзаманда дүниеден кешкен, аты-жөні бүгінге ғажайып аңызға айналып жеткен өлі аруақтарымызды «тірілтіп», кеше ғана өмір сүрген, аты-жөні тарихтан белгілі ата-бабаларымыздан туғызып, таратып жататын фактілер де шежірелерде жиі кездеседі. Бұл тәрізді анахронизмдер қаңлы шежірелерінде де ұшырасып қалады. Оны болдырмаудың бірден-бір жолы – тарихи тұлғалармен заманмен салыстыра өлшеп қарастыру қажет. Бәйдібек бабамыздың туған жылын, ең болмаса, дәуірін (VII ғасыр ма, жоқ XVI ғ. ма?) анықтап алу – бүгінгі қаңлы шежірешілерінің басты міндеті болса керек. Қорыта келгенде айтарымыз: шежіре жасау еріккеннің ермегі емес, зиялы қауымның ұзақ жылдар ізденісінің, тер төккен зор еңбегінің ғана жемісі болмақ. Бұған көпшілік түгел атсалысуы қажет. Жақсы шежіре әрбір отбасының қастерлі тарихы. Оны жоғарыда аталған «кінәраттардан» таза сақтаған жөн» – дейді академик Ә.Қайдар. Академик ағамыз «Қаңлы» тарихи шежіресінің «Шежіре бастаулары» атты тарауында өте құнды кеңес береді. Әрбір шежіре жазам деп талпынған адам жұмысын бастар алдында осы еңбекті мұқият талдап, ұғып алғаны абзал болар еді. Бұл кеңесін академик 6-шы рет санымен берсе де, шын мәнінде, кітап шығарушы үшін бұл алғашқы кеңес болуы тиіс. Жеті атасын толығырақ жазғысы келген адамға кездесетін қиыншылықтардың бірі –қағаз бетіне ата таралымын сыйғыза алмауы. Әрине, компьютер беті де қағаздың бейнесі емес пе? Түбі қағазға басылады. Сондықтан, ең оңай тәсілмен: «атадан – әке, әкеден – бала» деп жазбаша жаза береді. Кейінгі шығып жүрген шежіре кітаптардың дені осы тұрғыдан жазылған. Ол кітаптардан керекті адам атын іздеп табу қиынға соғады. Ал, жоғарыдағы айтылған анахронизмдер туралы айтпаса да болады. Шежірешілердің келесі бір бөлігі аталарының атын графикалық тәсілмен төртбұрыш «кірпіштің» ішіне жазып, араларын сызықшамен жалғастырып, қалап шығады. Ата аттары тек төмен қарай емес, оң жаққа қарай да өсетін болғандықтан, көп ұзамай үлкен қиындыққа әкеліп соғады. Оның үстіне, жазу кезінде қалыс қалған аталарды кіргізу, болмаса түзету де оңайға соқпайды; «қалап қойған құрылысы» бұзылып, қым-қиғаш болып, қиюы қашады. Сондықтан да, шежіреге кіріспей тұрып, кітаптың бет пішінін, жазу тәсілін анықтап алған дұрыс болар. Бұл пішін арқылы, шежіреге мынадай талаптар қойған абзал:

Хронологиялық кесте-жылнама түрінде, ата санын көрсете отырып жазу;
«Ұрпақ ауысуының бір айналымы (циклы) 25-30 жыл болып», кез-келген атамыздың туған жылын осы 25-30 жылдық дәлдікпен анықтай алу;
Шежіре жазған, жинаған ғұламалардан бастап қазіргі күні тер төгіп жүрген ақсақал-қарасақалдарымыздың да атын қалыс қалдырмау;
Қиындықсыз өзгертулер енгізу, түзетіп-толықтыру, не ықшамдап отыру;
Кез келген адам есімін, не осы есімдес ата тобын жылдам, бірнеше секунд ішінде тауып алу;
Кез-келген жерінен қиып алып, болмаса тұтастай кітап етіп басып шығаруға мүмкіндік болу;
Әр атаның, адамның тұсына оның суретін, ол туралы қысқаша мәлімет, құжат материалдарын орналастыруға мүмкіндік туғызу;
Міне шежіре жазу үшін осындай негізгі талаптар қойылуы керек. Сонда ғана шежіреміз жазушының да, оқырманның да көңілінен шығар деп ойлаймыз. Әрине шежіре жазудың сапасын арттыруда өзге де талаптар қойылуы мүмкін. Қалай болғанда да, жоғарыдағы айтылған жағдайлар, көп сұраққа жауап беруі сөзсіз. Автордың 2004-жылдан бері шығарып жүрген шежірелерінің бәрі осы талаптарға сай, халық көңілінен шығып, өз оқырманын тауып, ел арасына кеңінен таралып жатыр. Оған куә ретінде белгілі ғалым-жазушылардың жазған пікірлері дәлел бола алады. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, шежіреші, профессор Тілеукен Еңсебаев, академик Сіләмхан Жаппарханов, профессор Сұлтан Жанболатұлы, ғалым-жазушы Шерияздан Елеукенов, жазушы-публицист Құсман Игісін, ғылым докторы Айтмұханбет Тұрышев т.с.с. қазақ зиялылары, автордың баспа бетін көрген кітаптарымен танысып, шежіренің құрылымына жоғары бағаларын берді. Ол пікірлер баспа бетінде жарияланған, қайталап жату артық болар. Автордың шежіре жасау әдісі «Информатика» оқу құралында «Ақпаратты модельдеу» тақырыбына мысал ретінде де келтірілген. Кітаптан қиынды келтірейік: (Қойбағарова Т.Қ. Информатика, Оқу құралы. Павлодар, 2010.) «Адам білімінің бір аймағы тектану (генеалогия), яғни ата текті зерттейтін ғылым үшін, құрылымы дәстүрлі ағаш түріндегі схемалаға түбегейлі ұқсамайтын ақпараттық модель құруға болады. «Бура шежіресі» кітабынан келтірілген үзінді бойынша шежірені құрудың, құрылымданған және ақпараттық модельдің мүлдем жаңаша түрімен танысуға болады. Ерекше айта кету керек, бұл құрылымды ақпараттық модель Microsоft Excel қолданбалы программа ортасында құрылған, оның өзі ата-тек тармақтарын құру және жазу үшін технологиялық жаңалық деуге болады. Бірінші жолда, C, D, E,. …W бағаналарында 1-ден бастап 21-ге дейін ұрпақтардың рет нөмірі берілген, яғни бұл шежіреде жиырма үш ұрпақ жазылған. Мысалы, K бағанындағы 11 цифры 1650-ші жылдары өмір сүрген онбірінші ұрпақты көрсетеді, атап айтқанда екі ағайынды кісілер: Елшібек, Байқошқар. Екінші жолда – әр бағана 30 жылдық аралықты қамтитын 1470-ші жылдан бастап 2010 жылға дейін жазылған, яғни әр бағана ұрпақтың рет нөміріне сәйкес. Бір әкенің барлық балалары осы 30 жыл аралығында туған деп есептеледі. Мысалы, 1650-ші жылдары өмір сүрген Елшібек Бура атасының 11-ші ұрпағы болса, ал, оның ұлы Есеналы 1680-ші жылдары өмір сүрген, бұл атаның 12-ші ұрпағы болады.

Егер бағанада бірнеше адамның аты жазылса, олар ағайынды кісілер; онда алдымен ең үлкенінен бастап, қою қара әріппен теріліп, келесі бағанаға осы атаның балалары жазылады. Тағы-тағыдай барлық ұрпағы жазылып болған соң, келесі бала сол бағанаға қайтадан қою қара әріппен теріліп, келесі бағанаға оның балалары жазылады. Егер ұрпақ жалғыз болса, қою қара әріппен ерекшелемесе де болады. Сонымен, мынадай тарату шығады: Бура – Құлатау – Сырдақ – Досық – Мұңсыз – Үмбетқұл – Елшібек – Есеналы – Қалыбай, Нұрлыбай. Мұнда соңғы екі ұрпақ жалғыз болғандықтан қою қарамен ерекшеленбеген. Байқошқар Елшібектің інісі және бір буын болғандықтан, ол 11-ші бағанаға қайтадан жазылып, әрі қарай енді оның ұрпақтары таратылады. Сонда былай болады: Байқошқар – Жанығұл – Қазыбай – Бекайдар – Мырзабай – Саңқай – Жақып – Ақанбай – Молдабай. Ақпарат көзі, яғни шежірені жинаған адамдардың цифрлық белгілеуі Е бағанында квадрат жақшаның ішінде жазылған. Шежіренің бос орындарына фотосуреттер, тарихи түсініктемелер және деректер кіріктіріліп қойылғанын айта кету керек». Енді, шежіре туралы ғылыми-зерттеу еңбек жазған белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау» атты кітабынан үзінді келтірейік: «…Қазақ хандығы жасақталған соң, судай сапырылысқан ел-жұрттың ру-тайпалық құрылымы жаңаша жіктеліп, жаңаша жүйеленгенін ел ішіндегі даңғайыр шежірешілер де тап басып, сезіп-біліп отырады. «Дербес Қазақ хандығы отау көтерген соң, ұлыстар мен рулар өз шежіресін қайта жасаған секілді. Оны және кездейсоқ емес, әдейі, саналы түрде жасаған. Арты бұлыңғыр ұзақ тарихты сызып тастап, әркім өз шежіресін «біз, міне, қазақ болдық» деген тұстан қайта бастаған», – дейді керекулік даңғайыр шежіреші Сыдықов Мүсәйіп. Мүсәйіп мырза қазақ шежірелерінде көрініс тауып отыратын ұрпақ сабақтастығын таксономиялық деңгейлер бойынша салғастыра отырып, ақиқат шындықты дәл пайымдаған. Бұл ретте, арғын Мейрамсопыдан туды делінетін балалардың ата саны бір-бірімен мүлде сәйкес келмейтінін бұлтартпас айғақ етеді… …Қазақ шежірелерінің бәріне дерлік бүгінгі ұрпақпен жалғасқан генеалогиялық түзілімінің 19-22 атамен шектеліп отыратыны басты айғақ ретінде атап айтқан жөн. Мәселен біз салғастырған 831 шежіренің 819-ында таратылатын ру тайпаның 19-22 атамен шектеліп отыратынын байқадық. Сөйте отырып, бұл ру-тайпалардың бәрі дерлік үйсін, қаңлы, дулат, қыпшақ, арғын, найман, керей, алшын т.б. сияқты, алды жаңаша жыл санауға дейінгі кезеңде, арты ерте орта ғасырдан белгі болған этнонимдерді түпкі тұғыр ететінін аңғару қиын емес. Яғни әр атаның арасын 20-25 жылдан есептегенде (этнология орныққан меже бойынша), 19-22 буынды қамтитын шежірелер Қазақ хандығы құрылғаннан бергі кезеңдегі ұрпақтар сабақтастығын айғақтайды. Сонымен бірге Қазақ хандығы шаңырақ көтерген соң ру-тайпалық құрылымның жаңадан жүйеленіп, жаңадан түзілгенін де пайымдатады. Былайша айтқанда халық жадына сақталған үйсін, қаңлы, дулат, қыпшақ, арғын, найман, керей, алшын т.б. сияқты түп тектік этнонимдер шашыранды ел-жұртын тайпалық деңгейде ұйыстыруға негіз болған» – депті Ақселеу ағамыз. (Этноним (грек. ethnos – халық, onyma – есім, атау) – ру, тайпа, ел, халық, ұлт атаулары. Көне дәуірлерде Этнонимдер ұран, ру, таңба ретінде пайдаланылып, ру, тайпа, ұлыс, ел аттарымен, солардың ішінен шыққан рубасылары мен би, ақсақал, батырлардың есімдерімен де аталған, жер-су аттары ретінде де қолданылған. Этнонимдер дербес мағыналы, көбінесе жинақтау, көптік ұғымдарды білдіретін сөздер. ). Сонымен біздің білетін ататек саны 22. Бүгінгі ұрпақты қоссақ 23. Қазақ шежіресін осылай таратсақ жеткілікті сияқты.

«Ұрпақ ауысуының бір айналымы (циклы) 25—30 жыл» деген академик Ә. Қайдардың сөзіне қайта оралып, жыл айналымына тоқталайық. Қазақ хандығы 1457-жылдың соңына таман орнай бастады. Дәл сол жылы шежіреге бел буып кірісе қоймаса керек. Ендеше Қазақ шежіресі 1460-жылдан қалыптаса бастады десек, күні бүгінге дейін шамамен 550 жылды қамтиды екен. Егер де 22 атаны 25-ке көбейтсек, дәлме дәл 550 жыл шығады. Ақселеу Сейдімбек ағамыздың меңзеп отырғаны осы болуы керек. Олай болса біздің шежіреміз 1460-жылдан кейін туған бабаларымыздың атынан басталуы тиіс. Сонда шежірені кім жазды? Жаңа туған бала ма? Бұл ешқандай логикаға сәйкес келмейді. Осыдан келіп, Ә. Қайдар ағамыздың 30 жыл деген цикліне қайта ораламыз. Ол бойынша 22 х 30 = 660 жыл болып шығады. Әрине, бұл да жуық мөлшер; цикл 27, болмаса 28, не 29 жыл болып та келуі мүмкін. Сонымен Қазақ шежіресін 1350-жылдан бастап, ұрпақ ауысу айналымын 30 жылдан алсақ, шындыққа жақындап қаламыз. Автордың кейінгі жылдары ел аузында және көне қолжазбаларда сақталған Найман шежіресін жинап, кітап басып шығару тәжірибесі де осы тұжырымның дұрыстығын іс жүзінде дәлелдеп отыр. Бұл өзгермейтін дүние емес, әркім жылнама ара қашықтығын өзгерте отырып, өз шежіресін дәлірек таратып ала алады. Әйтсе де, бүкіл Қазақ шежіресін таратқанда осы 30 жылға тоқталғанымыз жөн болар. Сонымен бірге 22 деген ата саны да сақталуы тиіс. Енді «дерекқор» атауына көшелік. «Дерекқор, деректер базасы (франц. – base; грек. – basіs; қаз. – негіз) – ұзақ мерзімге сақтауға (әдетте, компьютердің жадында), өңдеуге және күнделікті қолдануға арналған деректердің (мәліметтердің) реттелген жиынтығы». Жоғарыда Қазақ шежіресінің бастамасы берілген. Мысал ретінде М.Тынышбаевтың тарату нұсқасы алынды. Шежіренің құрылымы автордың барлық кітаптарында және Найман деген атаның тұсында берілген сілтемедегі сайтта жазылған. Осындай сілтеме беру арқылы, әрбір атаны бірнеше файлдарға бөлшектеп әкету керек. Осылайша «Дерекқор» жүздеген ұсақ файлдарға бөлініп, өз атасын іздеген адам тек керек мәліметті ғана қарастырады. Бұл біздің қазір шығып жүрген шежіре-кітаптарымыздың баламасы. Тек бір жүйеге келтірілген, интернеттен кез-келген адам тауып алып, өз атасын «администратор» –бағдарламаның әкімшісі арқылы толықтыра алады. Қазақ шежіресін «Үш жүзден» бастадық. Оған жүзге жатпайтын аталарды да қосып қойдық. Әр жүзді Тынышбаевтың нұсқасымен тараттық. Бұл этнонимдер «0»-інші бағанаға келді. Жылы да жоқ. Неге? «..Үйсін, қыпшақ, арғын, найман т.б. қазақ тайпаларының бәрі де, адам есімі емес. Демек, шежірелерде көрсетілгендей, олардың ұрпақтары да жеке адамнан туып-өсе алмайды, «шежірелік-кейіпкерлер» болып саналса да, жеке ру-тайпаның атауы болса да, «ата-баба» бола алмайды» – Ә.Қайдар, «Қаңлы». Осы тұжырым көп жерлерде айтылып жүр, сондықтан оған талас туғызып, әрмен қарай сөзді өрбітпейміз. Бұл атаулар ата санына қосылмайды, жылнамада жылы да көрсетілмеген. Енді ғана аталарымыздың 1-ші бағанасына келдік. Мысалы, Үйсін атасының Дулат, Албан, Суан, Сары-Үйсін аталары бар екені белгілі. Осыларға Шапырашты, Ошақты, Ысты, Сіргелі қосылған дейді шежіре. Ұлы жүз шежіресін таратқанда, жоғарыдағы төрт атаның (Дулат, Албан, Суан, Сары- Үйсін) ұрпақтарының саны 22-ге жетуі керек. Тек бірер ата ғана ілгерінді-кейінді болуы мүмкін. Негізінен 22-атаға жетсе, онда шежіресі дұрыс таралған деп есептеуге болады. Ал, Мұхаметжан Тынышбайұлы (1879-1937) —қазақтың көрнекті саяси жəне қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш Орда үкіметінің мүшесі жəне оның төрағасының орын-басары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері. ол талап орындалмаса шежіре толық емес, не қате таратылған деуге негіз бар. Автордың Найман шежіресін таратудағы тәжірибесі де осыны дәлелдеп отыр. Шежіре тарату барысында тым болмаса кейбір атаңыздың туған жылын, немесе өмір сүрген жылдарын шамалап қана білсеңіз, ататекті таратудың дұрыс-бұрыстығына өзіңізге келгенде қарапайым арифметикалық есептеулер арқылы көз жеткізуге болады.

Бүкіл Қазақ шежіресін бір адам таратады, бір кісінің қолынан келеді деу мүмкін емес. Сондықтан, жоғарыдағы 1-бағанаға жататын әрбір ру-тайпаның ұрпақтары өз атасын осы тәртіппен таратып әкеткені абзал-ақ болар еді. Келешекте оған үкімет қолдау жасап, қаржы тауып, шежіре мекемесін құратын болса, бүкіл Қазақ шежіресі күннен күнге молайып, түзеліп, халқымыздың мәдени мұрасы ретінде ұрпақтан ұрпаққа жетер еді. Әзірше қолда бар, я болмаса жарық көрген шежірелерді дерекқорға кіргізіп, толықтыра берсек те абзал болар. Жоғарыдағы суреттен анық болғандай, кестенің қолданбайтын кез келген бағанасына шежіре берушінің сілтемесі (бізде тік жақша ішінде тізімнің рет саны) берілген. Кейінірек, қосымшада, бұл тізім толық айқындалады. Кестенің әр жолына бір ғана адамның есімі жазылады. Сондықтан кесте толтырылған кезде оның көп жері бос қалады. Бұл жетіспеушілік әсіресе кітап басқан кезде өте тиімсіз. Кестенің бос қалған жерлерін тиімді пайдалану керек. Бұл жерлерге сол тұста жазылған адамдардың суреті, олар туралы мәлімет қойылып отыру қажет. Сонда шежіре қызықты да әсерлі болады. Мақала авторының баспа бетіне шыққан барлық шежірелері солай жасалған. Әрине алғашқы бетте бүкіл бос орынды толтыру мүмкін емес, бірақ кейіннен барлық орын толтырылып, тіпті келесі мәліметке орын жетпей де қалуы мүмкін. Ондай жағдайда, электрондық дерекқорына жасырын мәлімет қойылып, не болмаса мәлімет жазылған файлға сілтеме жасалып кетеді. Ал, кітапты шығарған кезде оның бәрі шежіренің соңында басылатын қосымшаға қойылады. Қосымша кез келген форматта (xls, doc, jpg, т.т.) болуы мүмкін. Қағаз бетіне басылса болғаны. Дерекқорды оқу әдісі, толтыру, толықтыру, түзету, кітап басу мүмкіншілігі т.с.с. нұсқаулар бұл мақаланың сыртындағы жеке әңгіме.