Тыңайтқыштың маңызы
Ауылшаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алуда топыраққа тыңайтқыштар беру, жерді сапалы түрде дайындау, уақытылы егу жұмысын жүргізу маңызды нәрсе болып табылады.
Тыңайтқыш дегеніміз — өсімдіктің қоректенуін жақсартып, жердің құнарлылығын арттыру нәтижесінде ауылшаруашылық дақылдарының өнімін жоғарылату мақсатымен жерге берілетін зат. Топыраққа органикалық және минералдық тыңайтқыштар беру оның физикалық, физика-химиялық және биологиялық қасиеттерін жақсартады, жоғары сапалы өнім алуға көмектеседі. Тыңайтқыш ауыл шаруашылығы дақылдарының ауа райының қолайсыз жағдайларына төзімді болуына (үсік, құрғақшылық), өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы тұруына көмектеседі. Тыңайтқышты пайдаланудың басты мақсаты — топырақ құнарлылығын жоғарылату, соның нәтижесінде өсірілетін ауылшаруашылық дақылдарынан мол өнім жинау.
Агрохимиктердің пікірі бойынша, топыраққа берілген әрбір килограмм азот, фосфор, калий (NРК) дәнді дақылдардың өнімділігін арттырады, мысалы, 5,0 кг картопты — 20 кг, қант қызылшасын — 26 кг-ға дейін жоғарылатады. Тыңайтқыш беру ирригациялың, агромелиоративтік, агротехникалық және басқа шаралармен ұштастыра жүргізілуі керек.
Тіпті бір фермерлік шаруашылықтың өзінде топырақтың табиғи құнарлылығы әр түрлі. Сондықтан қоректік элементтерінің мөлшері жағынан олардың айырмашылығы болады. Сол себепті, тыңайтқышты топырақтың агрохимиялық қасиетін ескере отырып бермесе, одан қажетті нәтиже күтуге болмайды, керісінше, мұндай жағдайда ол тек ауыл шаруашылығына ғана емес, сонымен бірге қоршаған ортаға да үлкен зиян келтіреді.
Тыңайтқыштарды жіктеу
Егіншілікте тыңайтқыштың бірнеше түрлері пайдаланылады. Олар бір-бірінен құрамы, өндірілу әдісі, өсімдіктің бойына сіңіретін, әсер ететін заттардың мөлшері бойынша ажыратылады. Құрамы жағынан тыңайтқыштар органикалық, минералдық, органикалық-минералдық, бактериялық болып 4 топқа бөлінеді.
Органикалық тыңайтқыштарға көң, құс саңғырығы, әр түрлі қордалар (компост), жасыл тыңайтқыштар жатады. Көң — маңызды органикалық тыңайтқыш, ол жануарлар қиының қатты және сұйық қалдықтарынан тұрады. Оның құрамында өсімдікке қажетті қоректік элементтердің барлығы бар. Көңді топыраққа сіңіргеннен кейін, ол микроағзалардың әсерінен минералданады. Көңнің құрамындағы көміртегінің үлкен бөлігі топырақта ыдырауының нәтижесінде көмір қышқыл газы күйіне дейін қышқылданады. Ал егер оның сіңіруге дейін ыдырау дәрежесі төмен болса, көмірқышқыл газы топырақта көп болады. Қоректік заттардың негізгі үш элементтерінің (NРК) ішінде көңде калий көп болады. Мұнда оның мөлшері 0,6 пайызға дейін жетеді.
Фосфор негізінен жануарлардан бөлінген қатты қалдықтарда және төсеніш ретінде пайдаланылған сабанда болады, оның мұндағы мөлшері — 0,25 пайыз шамасында. Азот көңнің барлық құрамында болады. Көңдегі азоттың мөлшері 0,3-0,4 пайыз, бірақ та өсімдіктер сұйық қалдықтың құрамындағы азотты ғана қабылдай алады. Көңнің қатты бөлігіндегі азотты қосылыстарды өсімдіктер минералданғаннан кейін ғана қабылдай алады. Жануарлар көңі төсенішсіз және төсенішті болып екіге бөлінеді.
Төсенішті көңді сақтау технологиясы. Көңді сақтағанда оның құрамындағы бөлшектер әр түрлі жылдамдықпен ыдырайды. Бұларда ыдырау процесімен (аммиакты азот түзілу) қатар қайта синтездеу (микроағзаларда ақуыз пайда болу) процестері жүреді. Көңде жүретін микробиологиялық процестер органикалық заттардың минералдануына және онда өсімдік сіңіре алатын қоректік элементтердің жинақталуына көмектеседі. Көңді сақтау тәсілін таңдағанда, оның құрамында азот пен құрғақ заттардың көп сақталуына жағдай жасауды ескеру керек. Көңді сақтаудың бірнеше тәсілдері бар.
Оларды малдар жататын жерлерде, көң сақтайтын қоймада немесе тікелей танап басында сақтауға болады. Көңді осылайша сақтағанда, мал қоршау ішінде қозғалып жүріп, төсенішті араластырып, оларды бірте-бірте таптап нығыздайды. Бұл әдістің тиімділігі және үнемділігі, көңді күнде жинап жатудың қажеті болмайды. Малдардың қиын тығыз, тығыздығы бостау және бос күйінде сақтайды. Қиды тығыз етіп сақтағанда оны қабат-қабат үйіп нығыздайды. Осылай сақтағанда көң көмірқышқыл газы және су буымен байытылады да, осының нәтижесінде көмірқышқыл аммонийдың аммиакқа, көмірқышқыл газы мен суға ыдырауына жол берілмейді. Мұндай тәсілді кейде «суық тәсіл» деп те атайды, өйткені көң үйіндісіндегі температура қысқы мерзімде 20-25°С-тан, ал жазда 30-35°С-тан аспайды. Сапасы жоғары көң алу үшін оны осы «суық тәсіл» бойынша сақтаған қолайлы. Көңді тығыздылығы бостау тәсілі бойынша сақтағанда ол 1,5-2 ай ішінде ыдырайды да, жартылай шіриді. Бос, не «ыстық» әдіс бойынша сақтағанда малдың қиын үйіндіге нығыздамай бос тастайды, соның салдарынан оның ыдырау процесі аэробты жағдайда және жоғары температурада жүреді. Әдетте, осындай жолмен сақтағанда азот пен органикалық заттардың көптеп жоғалатындығы байқалады.
Мал қиы сапалы көң алуға мүмкіндік береді. Қиды қазылған орға немесе жер үсті қоймасында сақтайды. Көң сақтайтын жерді мал қорадан кемінде 50 м қашықтықта және тұрғын үй құрылысынан 200 м алыста биіктеу жерге орналастырады. Көң қоймасының көлемі малдың саны мен көңнің сақталу ұзақтығына байланысты. Көңді қойманың бір шетінен екінші шетіне қарай көлденең орналастырады. Осылай орналастырғанда көң қоймасының бір шетінде көбірек ыдыраған көң, ал екінші басында аз ыдыраған шірік болады.
Көңді танаптарда сақтау арнайы дайындалған биіктеу жерде жүргізіледі, ол жерде қидан үлкен-үлкен үйінді жасалады және азоттың жоғалуын болдырмау үшін оны нығыздайды. Қиды салмас бұрын, ол жерді тазалап, бір қабат қамыс салады. Әдетте, қиды жинауды 1-2 күн ішінде аяқтайды. Органикалың тыңайтқыштарды роторлы шашқышпен немесе көң лақтырғышпен шашады. Органикалық тыңайтқыш себудің негізгі әдісі — оны танапқа сүдігер жыртудың алдында шашу. Органикалық тыңайтқыштарды сүрлемдік, көкөніс, картоп, тамыржемісті дақылдарға береді. Органикалық тыңайтқышты негізгі жер жырту жұмысының алдында беруден басқа, ұяға, жүйекке салуға болады.
Төсеніш көңді мал тұратын қорадан тікелей жинау арқылы алады. Жаңа көңнің құрамында 75-90% су және 10-25% құрғаң зат болады. Құрамындағы су мөлшеріне қарай төсенішсіз көң — сұйық, жартылай сұйық болып бөлінеді. Жылқының және қойдың көңі құрамы жағынан ірі қараның көңімен салыстырғанда бағалы болады. Төсеніш көңнің тыңайтқыштық әрекеті жоғары, себебі онда өсімдікке қажетті қоректік элементтер суда тез еритін формасында болады; шамамен азоттың жартысы аммиак формасында болады, фосфордың 1/3 және калийдің барлығы суда ериді. Бірақ та оларды тасымалдау және сақтау қиын. Сондықтан оларды көбінесе қорда дайындауға пайдаланады. Сұйық қи мен ағымды қидың құрамында патогенді микрофлоралар көп болады. Ұзақ уақыт, бір орында төсенішсіз көңді көп мөлшерде пайдалануға болмайды, өйткені ол малазықтық дақылдардың құрамында нитраттардың көбеюіне, қант қызылшасында қанттың, картоп түйнегіндегі крахмалдың азайып кетуіне әкеліп соғады.
Төсенішсіз көң — жануарлардың сұйық және қатты қалдықтары мен мал астына төселген материалдар. Малдың жататын жеріне төселетін материалдар ретінде қамыс, ағаш ұнтағы пайдаланылады. Бұл материалдар қидың сапасын жақсартады. Қи бос болып сақталғанда тез ыдырайтын болады. Мал жататын жерге төсейтін ең жақсы материал сабан болып есептеледі. Ыдырау дәрежесіне қарай малдардың қилары жас қи, жартылай шіріген, әбден шіріген және шірік болып бөлінеді. Жартылай шіріген қидың әбден шіріген қидан және шіріктен айырмашылығы, оның құрамында органикалық заттар және азот көп болады, ол топырақтың сапасын күштірек жақсартады. Бұған қоса топырақта жартылай шіріген қи ыдырағанда шірікке қарағанда көмір қышқылы айтарлықтай көп бөлінеді.
Құс саңғырығы қоректік әлементтер құрамы жағынан көңнен асып түседі және тез әсер ететін, концентрациясы жоғары тыңайтқыш болып табылады. Құс саңғырығындағы барлық қоректік заттар өсімдіктер үшін тез сіңетін түрінде болады. Ондағы қоректік заттардың сапасы мал азығының сапасы мен мөлшеріне, құстың түріне, олардың тұратын жеріне төсейтін материалға байланысты. Көптеген құс фабрикаларында төсейтін материал ретінде ағаш ұнтағын пайдаланады. Құс саңғырығы үлкен үйінділерде тез қызады да, аммиак күшті бөлініп, үшып кетеді. Құс саңғырығыңан азоттың көп бөлігі оны суыққа қатырғанда және жібіткенде (еріткенде) жоғалады. Сондықтан азотты және басқа да қоректік элементтерді жоғалтуды бәсеңдету үшін оған ағаш ұнтағын, сабан немесе қорда қосады.
Қатты тұрмыстық қалдықтар мен төгінді су ағындылары топырақтағы органикалық заттарды толтыратын көзі болып табылады. Қатты тұрмыстық қалдықтарға әр түрлі тағам қалдықтары, қағаз, шүберек, күл және тағы басқалары жатады. Тыңайтқыштық сапасы жағынан тұрмыстық қалдықтар көңге жақын, олардың ыдырау жылдамдығы құрамындағы компоненттердің арақатынасына байланысты. Оларды пайдаланудың ең оңай жолы — қордалау. Көкөніс шаруашылығында қалдықтарды (қоқыстарды) жылыжайларда биоотын ретінде пайдаланады. Ағынды суларда ауыр металдар көп болады. Сондай-ақ, олардың құрамында әр түрлі патогенді микроағзалар бар. Сол себепті оларды егістікке тыңайтқыш ретінде пайдалануға болмайды. Ағынды суды көбінесе орман шаруашылығында пайдаланады. Бұл орайда олар гигиеналық жағынан залалсыз болуы керек, ауыр металл қалдықтары және микроэлементтер көп болмауы керек, өсімдіктерге керекті қоректік элементтерге бай болуы керек.