iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Қазақтардың ауа-райына байланысты болжамдары

Бұл мәлімет 3 625 рет қаралды

Қазақтардың ауа-райына байланысты болжамдары ерте заманнан бері табиғатқа етене жақын өскен, табиғаттағы болып жататын құбылыстарға назар аударып, тіршілік тірегі болған дәстүрлі шаруашылығын соған сәйкестендіріп жүргізген. Қазақ халқы ауа-райын алдын-ала болжауға адамнан бастап, жан- жануар, аң-құс, балық әртүрлі жәндіктердің қылықтары, сол сияқты табиғаттағы ағаш, өсімдіктер, табиғи құбылыстар және т.б. арқылы бақылаған. Қазақ халқында ерте кезден ауа-райын алдын ала бақылап, мал-жанын түрлі апаттарға бермейтін астроном – есепшілер де өте көп болған. Осындай есепшілерді әр ауыл, әр тайпа адамдары жиі іздеп барып, одан сол жылғы табиғатта қандай өзгерістер болатынын және жауын-шашының, ыстық-суықтың қай деңгейде болатындығын сұрап біліп, соған сәйкес мал-жандардың жағдайларын ерте бастан жасап, түрлі апаттардан сақтанып отырған. Қазақ ауа-райын болжаушылары ауа-райын бақылап, күн есептеудің дәстүрлі әдістерін құпия ұстап, оны атадан балаға мұра етіп қалдырған. Сонымен де олар аспан денелері мен табиғат құбылыстарын бақылап, естелікке алып отыруымен бірге, өз кезегінде ман-жанға қолайлы жаңа өріс, ел-жұртқа жайлы құтты қоныс таңдауда да шешуші рөл атқарып келген. Жыл мезгілі қазіргі күнтізбе бойынша көктем, жаз, күз, қыс деп төрт мезгілге бөлінеді. Бұл қазіргі кездегі күнтізбедегі топтастыру. Ерте кездегі қазақ есепшілері жыл мезгілін, яғни жыл он екі айды төртке бөлген. Бірақ әр мезгілдің атауы қазіргі мезгілдің атауынан өзгеше болатын. Жылтоқсан (көктем), Жазтоқсан (жаз), Желтоқсан (күз), Қыстоқсан (қыс). Жылтоқсан деп аталуы жыл сөзінің мағынасына байланысты айтылған. Көктемде –көктеуде (бірер ай), жазда – жайлауда (екі айдам астам), күзде – күзеуде немесе күзекте (бірер ай), қыста – қыстауда отыратын шаруашылық ыңғайына байланысты. Халқымыз ертеден-ақ ауа-райын бақылаудың қарапайым әдіс, тәсілдерін білген. Ауа — райын болжай алатын бұл халық қағидалары қой мінезін жетік меңгерген, қойдың ауа-райы өзгерісін сезу қасиеттерін терең анықтай алған қазақтың өмірлік тәжірибесінен, таным-түсінігінен туындап отыр. Қойдың мінез-құлқын мен әрекетіне қарап ауа-райын болжау қағидаларының көптеп кездесетіне қарағанда, өзге түліктерден бұрын қой қазақ жерінің климатын тез сезетін, қазақтың жері мен табиғатына әбден бейімделген түлік екенін байқатады. Кешкі уақытта малдың бәрі бағытта күйсеп жатса, келер күні сол жақтан боран тұрады. Жылқы – бір жылдық, қой – жарты жылдық, сиыр 2-3 күндік өзгеріс, құбылыстарды болжай алады. Жыл басы саналған, күн мен түннің теңелген күні, яғни 22-Наурыз Ұлыстың ұлы күніндегі бақылаулар мен болжамдар дәл келіп отырған. Ұлыстың ұлы күні есепшілер таңертең Күннің шығыс көкжиектен қандай болып көрінетінін бақылауға ала отырып, байырғы тәжірибеге сүйеніп, Күннің түрліше аталуына көңіл бөлген:

— егер бұл күні таңеретең Күннің түсі күңгірт тартып, қорланып солғын көрінсе, ол жылы жауын-шашын мол болып, жер көгі құлпырып өсетін көрінеді;

— егер бұл күні таңертең Күн сары-қызыл тартып, ыстық лебі бірден бетке ұрып, шақырайып туса, ол жылы құрғақшылық болуы мүмкін. Мұндай жылдары таулы аймақтарда жиі-жиі тасқын болып, шалғынды далада өрт қаупі пайда болады;

— егер бұл күні таңертең Күн сәулесі жан-жаққа шашағын төге шашырап, рауандап атса – ол жылы жанға жайлы, молшылық жылы болады. Есепшілер бұл Күн белсенділігін он бір, он төрт жылда бір рет қайталанып отыратын кезеңдік құбылыстарынан бақылап білген. Әдетте, ауа-райын бақылаушылар жаз есебін күн мен түннің теңелген тоғысынан бастайды. Онда ел алдымен сол түнгі төрт түлік малдың қимыл-қылығын ерекше қадағалайды. Ұлыстың ұлы күніне басқа да жаңа тоғыс айлары болады. Жаңа тоғыс айларының қарсаңындағы немесе күн мен түн теңелер сәтіндегі төрт түліктің мінез-құлқы мен әрекетіне қарап есепшілер сол жылдың қандай болмағын бақылап отырған. Мысалы, егер сол күні кеште өрістен қайтқан қой қораға алшаңдай басып кірсе, көктем ерте келеді деп жорамалдайды. Ал сол түні түйе түлігі ернін жиі жыбырлатып, жылқы оқыранып жұтынса да көктем ерте келеді екен деп есептеген. Сондай-ақ ол күні қойдың өз қорасына алшаңдай басып кіруі де көктемнің ерте туатынының белгісі. Қойдың құмалағы қар ішінде бармақ бойы батып кетсе, көктем ерте туып, жер тез қызады. Қарға тасталған құмалақ қар үстінде тұрып қалса, көктем 40 күн кеш туады. Яғни, көктемнің «алтын күрегіне» дейін суықтар болады деп күтіледі. Осыған байланысты қазақта айтылатын мынындай сөз бар: «Ұлыс күні құмалақ қарға бармақ бойы батса, қырық күндік жерге арбамен шық. Құмалақ қар бетінде қыдырып жатса, қырық күндік жерге шанамен шық».

Егер құмалақ қарға өз бойындай батып барып тоқтаса, сол жылы жауын-шашын мол болып, жер көгі желініп біткенімен, тез бой көтеріп отырады. Яғни, жердің ылғалы қара күзге дейін сақталады. Қыстың соңғы кездері жылқы ықылықтап, жабағылар ішін тартса, көп кешікпей қар суын ішіп, көктем ерте туады екен. Ал, көктемде қорадағы қойлар жайылымнан келген соң түнде жалаңдап тұрса, онда ол жылы құрғақшылық болады. Егер ауа-райын болжаушылар сол арқылы жазда шөптің қалай шығатынын білмек болса, онда шолпан жұлдыздың тууына қарайды. Жаңа тоғыстың бастапқы күндері тұманды болып басталса, жаз жаңбырлы болады. Бұл – құт белгісі. Ол жылы шөп шүйгін болып, төрт түлік тез қонданады және сол жылғы қыстан мал басы аман шығады деп күтіледі. Егер жаңа тоғыста көлшіктегі құрбақаның құрқылдаған даусы естілсе, алдағы күндер тез жылынып, ауа-райы малға да, жанға да жайлы болады. Жаңа тоғыста Шідер-Үшарқар-Таразы шоқжұлдызы көкте биік тұрса, онда жаз айлары жаңбырлы болып, шөп шүйгін болады. Сондай-ақ, бұл күні «қойшының қоңыр жұлдызы» Шолпан жарқырап туса, ол да келер жылдың жайлы болатындығының белгісі. «Қой үстіне бозторғай жұмытқалаған кез» деп осындай жылдарды атаған. Шолпан ерекше жарқырап туса, онда жазда шөп мол шығады. Ал шолпан шұнтиып туса, шөп маңдымды шықпайды деп тұжырымдаған. Бұдан басқа бұлақ- бастау көзі, өзен-көл деңгейі және жер асты суларының азайып-көбеюіне қарап та жаздың қандай болатындығын болжаған. Торғайлар суға шомылса, сиырлар сәске болмай оқыраласа күн жауады деп жорамалдайды.

Қой жүні қобырап, дымқыл тартып тұрса, кешікпей жауын-шашын болады. Қой пысқырынса, бұлттанып іле-шала жауын-шашын келеді. Қозы-лақ секендеп ойнақшыса, жауын жауады. Егер қойлар сілкініп, сүйкенсе, маңырап, шуылдаса, жауын басылып, күннің көзі шығады. Бақа, балықтардың мінезі де ауа-райы туралы сөйлеп береді. Саз, балшық, батпақ бақалары кешқұрым ұзақ уақыт бақылдаса, ертеңгі ауа-райы жақсы болады. Олар судан алыстап бақылдаса, ауа-райының жылынуының белгісі. Егер бақалар судан, шалшықтан тұмсықтарының ұшын ғана шығарып бақылдаса, ауа-райынының бұзылатын білдірген. Бақалар бақылдап шуласа, ауа-райының жақсаруының ишарасы. Балықтар су бетіне шығып, шоршып ойнай бастаса – жауынның белгісі. Тауық жерге аунап қанатын қағып тазалана бастаса, жаңбыр жауады. Жаңбыр сіркіреп тұрғанда тауықтар далада жем іздеп жүрсе, онда ақ жаңбыр болады, яғни ұзаққа созылады. Қыста қаздар қаңқылдаса, жылы болады, аяқтарын бауырына тығып жатып алса күн суытады немесе боран болады. Далада көкектің «қу-қу» даусын жиі естісеңіз алдағы күндер ашық болады. Шағалалар өзен, теңіз бетінде ұшып жүрсе, күн ашық болады. Егер жиекте жүрсе, күннің бұзылатындығың белгісі. Қазақ халқы құмырсқа, қоңыз, құрттардың мінез-қылықтарымен де ауа-райының өзгерісін алдын-ала болжай білген. Қатты жел дауыл алдында құмырсқалар әбігерленіп, мазасыздана бастайды. Көктемде қар еріген кезде құмырсқа үйіндісінің теріскей жағынан бастап ерісе, жаз жылы, ұзақ, жайдарлы болады, ал алдымен ерісе, салқын жаздың келгенін білдіретін болған. Егер ауа-райын болжаушылар сол арқылы жазда шөптің қалай шығатынын білмек болса, онда шолпан жұлдызының тууына қарайды. Мысалы, шолпан ерекше жарқырап туса, онда жазда шөп мол шығады. Ал шолпан шонтиып туса, шөп мандымды шықпайды деп тұжырымдайды. Бұдан басқа бұлақ-бастау көзі, өзен-көл деңгейі және жер асты суларының азайып-көбеюіне қарап та жаздың қандай болатындығына кесім жасап отырады. Торғайлар суға шомылса, сиырлар сәске болмай оқыраласа күн жауады деп жорамалдайды. Сиыр танауын тартып, мүйізін шайқаса, дауыл немесе боран болады. Сонымен қатар, торғайлар арқылы да ауа-райының өзгерісін алдын-ала болажаған. Торғайлар топтаса ұшып, қайта-қайта ұшып-қонып, денелерін әлсін-әлсін сілкінтуі жазда жауын көп жауынның, көктемде, қыста ауа-райының бұзылуының белгісі болады. Жауын- жауып жатқанда, торғайлар зуылдап ұшып жүрсе, кешікпей күн ашылады, жауын тоқтайды. Торғайлар топтанып ұшып, аспанда неше түрлі қимылдар жасаса, күз ұзаққа созылады. Ашық күндері ормандағы ақ тиін ұясынан шықпай қойса, күн райы бұзылады. Киік топ- топ болып басқа жаққа бет алса, онда ауа-райы қатты бұзылып, суық болады деген сөз. Сиыр танауын тартып, мүйізін шайқаса, дауыл немесе боран болады. Мұсылман дінді қазақтар айды киелі деп табынатын да дәстүр болған. Ай арқылы халық ауа-райын алдын-ала болжаған. Ай шалқасынан туса, онда сол айда күн жайсыз, суық болады, яғни шаруашылыққа ауа-райы қолайсыз болады, ал ай енкіш, еңкейіп туса, онда сол айда күн жылы, жайлы болады дейді. Ай туғанда бұрынғысынан үлкендеу көрінсе, сәулесі қызғылт болса, жауын жауатынның белгісі.

Қыркүйектегі ауа-райына қарап, алдағы қыстың қандай болатынын болжаған. Бұл айдағы шуақты, тымық күндер мизам шуағы деп аталатын. Шуақты күндер көп болса, алдағы қыс жұмсақ, жайлы болады деп күткен. Бұл айда желісі сағыммен шұбатылып, мизам ұшады. Ауа-райын бақылаушылар қыс есебіне күн мен түннің теңелген екінші тұсы – қазаннан бастап бақылау жүргізеді, мұнда да жан-жануарлар мен табиғат құбылыстарына ерекше назар аударады. Мысалы, 22 қазан күні мал бір жағына ықтап, жайсыз жатып, мазасызданып шықса, онда, сол жылғы қыс қатты болады. Ал түйе сол күні басын құбылаға қаратып, төрт ағын төрт жаққа жіберіп жайылып жатып ұйықтаса, онда қыс өте жайлы болады деп тұжырымдаған. Егер биелер суық күзде құлын тастаса, қойлар өрістен қайтқанда ауыздарына шөп тістеп қайтса, қыс өте қатты болады. Ал егер күзде кейбір ағаштар гүлдесе, қыс жай түседі деп топшалаған Тышқан ін қазғанда топырағын алысқа тастаса, қыс жайлы болады, ін аузына тастаса, қыс қатты болады. Тышқан інін суға жақын қазса, сол жылы құрғақшылық, ал алыс қазса, жауын-шашын көп болады. Күзде тышқан биікке шығып шиқылдаса, ұзамай қар жауады. Егер тышқандар шөбін биік жинаса, қар көп жауатынның белгісі, шөптің үстіне тас жауып, қасында күзет отырса, онда жел соғатынды білдіреді, ал шөпті аз жинаса жайдары, жылы қыс болатынның нышаны. Қыста торғайлар ұясына мамық таси бастаса, күн кенет қатты суытады. Егер қой тұяғымен төсін қаситын болса, қыс боранды болады. Күзде, қыста өріске шығардың алдында қойлар секіріп, ойнақшып, бірін-бірі қуалап, сүзісуі жиі байқалса, кешікпей қатты суытып қыс түседі. Қысты басында қорадағы қойлар жиектеп шашырай жайылса, ауа-райы жұмсақ, жайлы болсақ. Қыста қаздар қаңқылдаса, жылы болады, аяқтарын бауырына тығып жатып алса күн суытады немесе боран болады. Күн құлақтанып шықса не боран, не аяз болады. Күн құлақтанып бататын болса, ауа райы жылынуға тиісті. Қазақтың «Ертеңгі күн құлақтанса, еліңді жау шапқандай қорық, кешке күн құлақтанса, келінің ұл тапқандай қуан» деген мақал осыдан айтылса керек. Егер қыс айларында бұлт желге қарай көшсе, кешікпей қар жауады. Егер бұлт ортасынан ыдыраса ауа-райының бұзылайын дегені, ал ол шетінен көтерілсе ауа-райының оңалуға бет алғаны. Есепшілердің міндетіне тек аспан денелері бойынша уақыт мөлшерін анықтау немесе жан-жануардың мінез-құлқын бақылап, ауа-райын болжау ғана кірмей, төрт түлікке жұғымды шөптерді талғап жегізіп отыру міндеті де қосымша жүктелген. Қорытып айтқанда, ауа-райын бақылаушылар бір жылды алты ай жаз, алты ай қыс деп екіге бөліп қарайды, яғни, «үркерлі айдың бәрі қыс» деп сүмбіле туып, үркер көрінген уақытты түгел «қыс», ал үркер төмен түсіп, таразы туғанға дейінгі аралықты «жаз» деп есептеген. Қазақ халқы табиғат құбылыстарын бақылай отырып, көпжылдық тәжірибелерін қорытып, ауа-райын болжап астрономиялық түсініктері мен білімдерін жинаған.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>