Адам популяциясындағы жеке тұлғалар тек физикалық жағынан ғана емес, сонымен қатар мінез-құлқы бойынша айырмашылығы болатыны бұрыннан белгілі болды. Адамдағы бұл ерекшелікті түсінуге арналған талпыныстар нәтижелері қарама-қайшы пікірлерге алып келді, яғни кейбір пікірлер бойынша бұл қасиет тұқым қуалайды, ал басқа пікірлер бойынша жүре пайда болған. Сондықтан-да өткен ғасырларда бұл қасиет «табиғат және тәрбие» деген пікір арқылы түсіндірілді.
Адамдағы белгілерді зерттеу барысында қандай-да болмасын белгінің пайда болуына тұқымқуалаушылық және сыртқы орта факторлары әсер ететіні анықталды. Кейбір белгілердің көрінуіне тұқымқуалаушылық басым әсер етсе, енді біреулеріне орта факторлары әсерін тигізеді. Мысалы, адамдағы қан тобы толық түрде тұқым қуалау факторына байланысты, ал адамның дене бітімі және көмірсудың метаболизмі генетикалық және сыртқы орта факторларына байланысты болады. Тілдің формасы және құрылымы генетикалық факторларға, ал тілді игеруге қабілеттілік генетикалық факторлармен бірге орта факторларына да тікелей тәуелді болады.
Адамның мінез-құлқының генетикалық негізін түсінуде «табиғат және тәрбие» пікірі маңызды рөл атқарады. Қандай-да болмасын жануардың өмір сүріп отырған ортасы сол организмнің есейген шағындағы мінез-құлқына тікелей әсер ететіндігі көрсетілген. Мысалы, макак-резус маймылдарының туылған кезде аналықтарын бөліп алып, оқшаулап өсіріп, есейген кезінде басқа мамак-резус маймылдарының ортасына жіберсе, онда жыныстық мінез-құлқында, социалды ойындарда өзінің белсенділігін көрсете алмайды.
Мінез-құлықтың қалыптасуында жүйке жүйесі маңызды рөл атқаратыны анықталды. Сонымен қатар жеке мінез-құлықтың қалыптасуында гормональды реттелу де үлкен рөл атқарады. Жыныстық жағынан мінезі «түйсікті» жануарларда гормондарға сезімталдылығы тек белгілі бір уақытта ғана болады, басқа уақытта гормоналдық қозу оларда ешқандай жауап тудырмайды. Керісінше, адамның көбеюге деген қабілеттілігі белгілі бір уақытқа мүлде тәуелді емес, сондықтан гормондардың әсері жыныстық мінезге әсері шамалы. Жүйке жүйесі де, гормональды жүйе де негізінен генетикалық бақылауда болады. Сондықтан-да адамның мінез-құлқы, өзін-өзі ұстауы генетикалық факторлар арқылы реттеледі, ал оның іске асуы белгілі бір ортада ғана жүзеге асырылады (тәрбие).
Адам мінез-құлқының негізін зерттегенде көбінесе, қылмыстың биологиялық негізін де қарастырады. XIX ғасырдың соңында италяндық психиатр Чезаре Ломброзо (1835-1909) қылмыстың биологиялық негізін тұжырымдады, яғни қылмыстың негізін биологиялық факторлар құрайды немесе қылмыскерлер «жаратылысынан» қылмысқа бейім болады. Бұл теория биологиялық фактор есебінде тұқымқуалаушылықты негізге алады. Адамдағы басқа да ақаулар және жезөкшелік генетикалық факторларға байланысты деген тұжырымдамалар белгілі. Бірақ-та осы кезге дейін әлі ешкім қылмысқа және жезөкшелікке жауапты генді анықтаған жоқ. Қазіргі кездегі көз-қарастарға сүйенсек, тұқым қуалайтын қылмыс және жезөкшелік гендері емес, ал адамдардың қандай да болмасын сыртқы ортаның реакциясына жеке жауабы.
Биология ғылымының жетістіктеріне қарамастан адамның ақыл-парасатын өлшеу (бағалау) әдістеріне кедергі үлкен мәселе тудырады. Генетиканың шарықтау шағында Англияда Ф. Гальтон және К. Пирсон адамдағы ақыл-парасатын бағалауда ата-анасы мен балаларының арасындағы, сонымен қатар бір жанұя балаларының арасындағы (сибстер) ақыл-парасат коэффициентін салыстыру керек деді. Ф. Гальтон адам генетикасын зерттеуде қолданылатын генеалогиялық әдістің тиімділігін қорғай отырып, әйелдер ер адамдарға қарағанда ақыл-парасаты жағынан төмен тұрады деп тұжырымдады. Бірақ-та бұл тұжырымдама адамдар арасында үлкен қолдау таппады.
1905 жылы француз ғалымдары А. Бине және Т. Симон адамның ақыл-есі қабілетін тексеруде адамның ақыл-парасаты коэффициентін (IQ-тест; ағылшынның intelligence — ақыл-парасат, quotinent —коэффициенті) анықтау әдісін ұсынды. Келесі ретте американдық екі ғалым Л. Терман және М. Меррил бұл әдісті жетілдірді, яғни 2-14 жастағы балалардың ақыл-парасат қабілеттіліктерін бағалауда түйсік, ақыл-есі, зейіні, ықыласы, көру қабілеті және т.б. параметрлеріне негіздеп құрастырды. Тестілеу нәтижелері балл бойынша анықталды. Мысалы, орташа дарындылық (орташа ақыл-естік жас) 100 балмен, ақымақтық 70-50 балл аралығымен, ал жарыместік, есуастық 0-20 балл аралығындағы есептеумен анықталды. Талант 125 балымен анықталды.
Балалардың ақыл-есінің қабілеттілік деңгейін анықтайтын заманауй әдістер олардың әртүрлі қабілеттіліктеріне (жалпы білім деңгейі, зеректілік, зейінділік, сөздік қоры, географиялық білімі, арифметикалық тапсырмаларды орындау қабілеті және т.б.) және олардың жалпы жиынтығына негізделген.
IQ-тест арқылы ақыл-естің қабілеттілігін анықтау көптеген жылдар бойы көптеген ғалымдар тарапынан қайшылықтар тудырып келеді, яғни бұл қайшылықтар адам дамуының немесе биологиялық немесе әлеуметтік факторларға негізделген болады.
Бірақ-та көптеген зерттеулер нәтижелері ақыл-парасат коэффициентінің тұқым қуалау факторларымен сипатталатынын көрсетті. Керісінше, IQ-тесттің нәтижесі көпшілік жағдайда сыртқы орта факторларына тікелей тәуелді болатыны анықталды. Осыған байланысты, IQ-тест әдісін адамдардың абстракты ойлау қабілеттіліктерін анықтауда қолданылатын бағыт деп қарауға болады. Алайда, бұл әдісті қолданғанмен де көптеген сұрақтар ашық түрде қалып отыр. Соның ішінде, әдебиет беттерінде ақыл-парасаттың дәл анықтамасы жоқ бір адам екінші адамға қарағанда «ақылдырақ» деп айтуға да дәйек жоқ, және адамдардың алдына қойған мақсаттарына жетуі үшін өздерінің амбициясы немесе ақыл-парасатының, табысының, қатігездігінің маңызын түсінбейді. Сонымен қатар әр әлеуметтік топқа жататын адамдар арасында IQ-тест әртүрлі болатыны туралы сұрақтар шешімін тапқан жоқ. Ең маңыздысы, IQ-тест көрсеткіштеріне «табиғаттың» және «тәрбиенің» әсерінің деңгейі әлі күнге дейін белгісіз.
Адамдағы мінез-құлықтың генетикалық негіздерін зерттеу адам биологиясының басқа бөлімдеріне қарағанда әлдеқайда артта келеді. Негізгі себебі, адамның мінез-құлық генетикасын мендельдік заңдылықтармен тікелей байланыстыра отырып түсіндіруге болмайды, яғни белгілердің тұқым қуалау деңгейін анықтау өте қиын. Онан басқа, мінез-құлық реакцияларын молекулалық деңгейде зерттеудің мүмкін еместігі де кедергі келтіреді.