Малазықтық тамыржемістер

Малазықтық тамыржемістер

Малазықтық тамыржемістер — малазықтық қызылша, мал азықтық сәбіз мал шаруашылығының өнімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Оларды мал азығына қосу қатты сабақты және құнарландырылған жемшөптің қорытылғыштығын жақсартады, сүт өнімін жөне сапасын арттырады, малдың семіруін жеделдетеді, жануарлардың науқастануын азайтады. Тамыржемістерде жеңіл сіңірілетін көмірсулар бар, минералды тұздар мен дәрумендерге бай. Түріне, топырақ-климат жағдайына және агротехникаға байланысты тамыржемістілерде 9-23% құрғақ зат бар, оның ішінде ақуызы 1-2% .Олардың күлінде орташа есеппен 3,4 % калий, 1,1 фосфор, 0,7 кальций, сондай-ақ микроэлементтер: кобальт, мырыш, жез, марганецболады. Тамыржемістердің жапырағы да жануарлар үшін өте құнды азық, оны жас, әсіресе сүрлем түрінде пайдаланады. Жапырақтары құрғақ заттың көптігімен ерекшеленеді. Малазықтық қызылшаның 100 кг 12 а.ө., сәбізде-24 а.ө., ал 100 кг жапырағында тиісінше 10-11 а.ө., бар. Тамыржемістер мал азырындағы ақуыз заттарын крахмал мен қант бойынша теңестіруге мүмкіндік береді.

Тамыржемістердің ішінде малазықтық сәбіз қоректілігі және дәрумендері бойынша барлық малдар мен құс үшін ең жақсы шырынды жемазық болып табылады. Ірі қара малды сәбізбен қоректендіргенде сүттілігі ғана артпайды, сүті мен етінің сапасы да әжептәуір артады. Тамыржемістер геофиттер тобына жатады. Олардың эпикотилі (басы), гипокотилі (мойны) және өзіндік тамыры қоректік заттарды сақтайтын мүшеге айналған, жапырақтың және гүл шығарғыш өркендерді жандандыратын бүршіктер топырақ үстіндегі және топырақ астындағы мүшелерде, топырақ бетіне жақын орналасады. Тамыржемістер — екіжылдықтар. Тіршілігінің бірінші жылы олар тамыр жемісі мен жапырақ шоғын, екінші жылы гүл сидамды сабақ және жеміс қалыптастырады. Екі ботаникалық тұқымдастыққа жатады: алаботалар (қызылша), балдыркөктер (сәбіз).

Малазықтық қызылша. Тамыры ұзын тамыршалары бар, топыраққа 2-2.5 м бойлай алатын кіндік тамыр, негізгі тамыры өскен сайын жуандайды жөне тамыр жемісіне айналады. Тамыржемістер сортына қарай пішіндері, көлемі және түсі бойынша ажыратылады. Бірінші жылғы жапырағы ірі, сағағы жақсы дамыған және шоқтанып түбіне шоғырланған. Пәлек жапырақтары жалпы өнімнің 30-50% құрайды. Сабағы қырлы, қуатты, биіктігі 150 см дейін. Гүл шоғыры — қомақты масақ тәрізді шоқпарбас. Тозаңдануы айқас, жемісі — жаңғақша, піскен кезде бірігіп жеміс шоғырына айналады. 1000 жеміс шоғырының массасы 10-20-50 г.

Транспирациялық коэффициенті — 240-400, өсу-даму кезеңінде 200-350 мм ылғал түссе, жоғары өнім қалыптасады. Ылғалды мол қажет ететін кезеңі (қарқынды өсу кезі) шілде-тамыз айларына сәйкес келеді. Малазықтық қызылша, шалқан мен тарнаға қарағанда, жылуға және топыраққа талабы жоғарырақ. Оның тұқымы 2-5°С жылылықта өне бастайды, біркелкі өскіндері 12-15°С-та пайда болды. Олар 2-4°С бозқырауға шыдайды. Тамыржемісі мен жапырақтарының өсуіне ең қолайлысы — 13-20°С жылылық. Бұл дақыл үшін органикалық заттарға бай, рН 6-7 тең құмайт, құмбалшықты қара топырақтар ең жақсы саналады.

Сәбіз — балдыркөктер тұқымдасына жататын екі жылдық өсімдік. Тіршілігінің бірінші жылында жапырақтар дегелегі мен конус пішіндес тамыр жемісі қалыптасады. Жапырағы 3-5-ке тілгіленген қауырсын тәрізді, көптеген бөліктерден тұрады. Гүл шоғыры — шатыр. Гүлдері — ақ, ұсақ 5 күлтелі. Жемісі — жеңіл екіге айырылатын тікенекті тұқымша. Бұл — жарық сүйгіш, қоңыржай климаттың өсімдігі. Суыққа төзімді. Ылғалы жеткілікті топырақтарда тұқымы 3-4°С өне бастайды, жаппай көктеуі 18-20°С жүреді. Сәбіздің өскіні және ересек өсімдігі -4-5°С бозқырауға оңай шыдайды. Ол басқа тамыржемістерге қарағанда құрғақшылыққа төзімдірек, сонымен бірге суландыруды және топырақтың ылғалды болғанын қалайды. Ылғалдың молырақ болуын қажет ететін кезеңі — себу-көктеу және тамыржемістің жуандану кезі. Қуаңшылықтан кейінгі мол жауын-шашын немесе ұзақ кідірістен кейін суарғанда тамыржемісі қарқынды өседі және жарылады, ал бұл оның сақталуын нашарлатады.

Қызылшамен салыстырғанда сәбіздің топыраққа талғамы аздау, ол жеңіл құмдақ топырақтарда да өсе алады. Жоғары өнімді борпылдақ, саздақ, арамшөптерден таза ойпаң жерлерде қалыптастырады. Тығыз, ауыр, батпақтанатын топырақтарда ұсақ, бұратылып, тармақталып өскен тамыржемістер алынады. Сәбіз топырақ құнарлылығына үлкен талап қояды. Коректік заттарды ұзақ уақыт тұтынады. Тыңайтқыш енгізуді қажетсінеді. Сәбіздің өсу-даму кезеңінің ұзақтығы — бірінші жылы 110-150, екінші жылы 110-130 күндей.

Тарна және шалқан. Бұлар — қырыққабаттар тұқымдасына жататын екі жылдық, салқын, әрі ылғалды климаттың айқас тозаңданатын өсімдіктері. Шалқан тарнаға қарағанда суыққа төзімдірек. Оның тұқымы 1-2°С-та өне бастайды. Топырақ температурасы 8-10°С болғанда, дымқыл топыраққа себілген тұқымның көгі 3-4 күннен кейін пайда бола бастайды және -5°С бозқырауға шыдайды. Ал жетілген өсімдігі -б°С суыққа шыдайды. Тарнаның да тұқымы +1-2°С-та өнеді, бірақ өте баяу. Тұқымның сіңіру қабатындағы топырақ температурасы +8-10°С болғанда, оның өскіні 4-5 күннен кейін пайда болады. Екеуі де ылғал сүйгіш өсімдіктер, бірақ шалқан басымырақ. Бұлардың өсуіне топырақтың қолайлы дымқылдығы (ТДЫ) -70-75%. Тарна саздақ топырақтарды қалайды, ал шалқан жеңіл топырақтарда да өсе алады. Топырақ ерітіндісінің реакциясы рН-6,0-6,5 болғаны дұрыс. Қазақстанның солтүстігінде тұрақты және жоғары өнімді суармалы жағдайда ғана алуға болады. Шалқан — тамыржемістердің ішіндегі ең ерте пісетіні.