frog

Көпклеткалылар типі

Губкалар типі (Spongia). Бұл типке ең қарапайым көп клеткалы организмдер жатады, бірақ клеткалары жіктелген. Губкалардың 3000-ға жуық түрі белгілі. Теңіз мекендеушілері болғандықтан, су түбінде немесе әртүрлі суасты заттарында қозғалмай тіршілік етеді. Губкалар — колониальды организмдер. Олар үшін әртүрлі форма тән, ұсақ тесіктермен тесілген денесі жұмсақ және серпімді, оларға су өтеді, реңі алуан түрлі. Ішкі қаңқа (известі, кремнийлі немесе мүйізді) болады. Сонымен қатар орталық (гастральды) қуыс та бар. Тыныс алу үшін суда еріген оттекті пайдаланады. Өсімдіктер мен жануарлардың органикалық қалдықтарымен, сол сияқты қарапайымдылар және бактериялармен қоректенеді. Жаңа зерттеулер көрсеткендей, теңіз губкалары майда кварц бөлшектерін ерітіп және сіңіретін қабілетінің болатынын көрсетті, оны губкалардың аскорбин қышқылына мұқтаждығымен байланыстырады. Мұндай қабілеттілік жануарлар әлеміндегі өте сирек ұшырайды. Губкалар үшін жыныссыз (бүршіктену арқылы) көбею, сонымен қатар жыныстық бөлшектену (дифференциация) және жынысты көбею тән. Губкалардың жекелеген түрлері адам үшін улы. Адамның шаруашылық қызметінде қолданылатын губкалардың түрлері де (моншалық губкалар, бодягалар, мөлдір губкалар) белгілі. Губкалардың шығу тегі анық емес. Олар эволюцияның тұйық бұтағы болуы мүмкін.

Ішекқуыстылар типі (Coelenterata). Бұл типтің организмдеріне негізінен теңіз мекендеушілері жатады, сонымен қатар олар тұщы суларға да енген. 9000-ға жуық түрі белгілі. Ішекқуыстыларға біршама қарапайым құрылым тән. Олар үшін радиальды-остік симметрия тән. Олардың денесі экто- және энтодермадан тұрады, олардың арасында клеткалықемес заттардың қабаты болып саналатын мезоглея жатады.
Теңіз суларында мекендейтін кәдімгі өкілдері маржан полиптері болып табылады, олар жиі колония құрып, қозғалмай тіршілік етеді және жеке әрі қозғалып (жүзетіндер) тіршілік ететіндерге медузалар жатады. Ішекқуыстылардың тұщысу өкілдерінен ең белгілісі гидра болып табылады.

Жыныссыз және жынысты жолдармен көбейеді. Ішекқуыстылар комменсализм, мутуализм, паразитизм түрінде басқа теңіз организмдерімен селбестік қарым-қатынас түзуге бейімді. Ішекқуыстлар табиғатта өте маңызды. Олар көптеген теңіздік экологиялық жүйелерге қатысушылар болып табылады. Колониялар құрып, маржан полиптері рифтер, маржан аралдарын түзейді. Ішекқуыстылар — ең көне көп клеткалы жануарлар, қазіргі заманда гүлденуде. Олар докембрийде де кездескен. Эволюцияның негізі бағанасына енеді. Олардың ата-тектері бір кездердегі қарапайым көп-клеткалы жануарлар деген жорамал бар, олар үшін еркін жүзіп тіршілік ету тән болған.

Жалпақ құрттар типі (Plathelminthes). Бұл типке формасы созылып жалпайған билатериальды-симметриялы және суда, топырақта, өсімдіктер, жануарлар мен адам организмінде мекендейтін организмдер жатады. Бұлар жануарлардың саны бойынша көп (9000-ға жуық түр) типтерінің бірін құрайды. Жалпақ құрттардың мөлшерлері ұзындығы бойынша өте өзгермелі — 0,5 мм-ден 30 м-ге дейін жетеді. Кейбір жалпақ құртттардың сыртқы (жамылғы) эпителийі кірпікшелермен немесе тіпті, жіпшелермен де жабдықталған, басқаларында ядро мен цитоплазма денеге тереңцеп орналасып, бату эпителийі (тегумент) деп аталатын құрылым түзуімен сипатталады. Жабынды эпителий және оның астында жатқан тері бұлшық еттері тері-бұлшық ет қапшығын түзейді. Қапшық пен ішкі органдар арасындағы кеңістік мезодерманың туындысы боп табылатын паренхимамен толған. Кейбір жалпақ құрттардың асқорыту жүйесі ауыз қуысынан, жұтқыншақтан, өңештен және шектен тұрса, ал енді біреулерінде (таспа құрттарда) ол мүлдем жоқ. Барлық жалпақ құрттар- гермофродиттер.

Жалпақ құрттар алғашқы ауызды жануарлар болып саналады. Олар сол сияқты метамерияның, қаңқаның, тамыр және тыныс алу жүйелерінің болмауымен де сипатталады. Гельминттер арасында, осы типке жататын, паразитизм кең тараған. Тип шегінде өкілдері еркін тіршілік етуден біртіндеп паразитті формаға көшкен топтар (таксондар) байқалады. Бұл еркін тіршілік ететіндердің біршама белсенді қызмет жасайтын органдары үдемелі түрде редукцияға ұшырап, паразиттерде толықтай жойылуынан көруге болады. Соның ішінде, паразиттерде сенсорлы және локомоторлы органдардың белсенділігінің төмендеуі және атрофиясы байқалады. Паразитизм жағдайында қоректі барлық денесімен адсорбциялау қабілетінің дамуымен байланысты алиментарлы тракт регрецияға ұшырайды. Осыған орай таспа құрттарда асқорыту жүйесінің нышаны да болмайды. Метаболизмнің жалпы деңгейі паразитті түрлерде елеулі өзгерістерге ұшырамаған. Деседе, жануарлардың немесе адамның ішегінде тіршілік етіп, онда оттек мөлшері шектелген, көптеген жалпақ құрттар анаэробты тыныс алу типін дамытқан, бұл кезде оттекті олар көмірсуларды тотықсыздандыру жолымен (ашу типі бойынша) алады. Нерв жүйесі ішекқуыстылармен салыстырғанда біршама күрделенуімен сипатталады. Таспа құрттардың денесінің бас бөлімінде жұп ми ганглясы немесе жұтқыншақ маңы нерв сақинасы және олардан шығатын жүйке бағаналары болады, бұлар нерв клеткаларынан тұрады.

Жұмыр құрттар типі (Nemathelminthes). Жұмыр құрттардың денесі ұзарған цилиндртэрізді, оны беті сегменттенбеген және кірпікшелері болмайды. 10 000-нан аса түр белгілі. Олар барлық экологиялық қуыстарда тіршілік етуге бейімделген, олардың көпшілігі өсімдіктердің, жануарлардың және адамның паразиттері болып саналады. Жұмыр құрттарға үшқабаттылық, билатериальды симметриялық, алғашқы дене қуысы мен тері-бұлшық ет қапшығының болуы тән. Жұмыр формасынан басқа, бұл типке жататын гельминттерде бұлшық ет, асқорыту, шығару, жүйке және жыныс жүйелері болады, бұлар үшін олардың әрі қарай прогрессивті өзгеруі тән болып келеді. Мысалы, бұл құрттарда бөлек қуыстылық байқалады, ал еркін тіршілік ететін формаларында жыныстық көбеюінде өте алуан түрлілік тән.

Жұмыр құрттар зертханалық жағдайларда қолдан өсіруге қолайлы. Жұмыр гельминттердің арасында еркін тіршілік етушілер де, сол сияқты паразиттік формалары да кездеседі. Көптеген паразиттік формалары геогельминттер болып табылады, өйткені әдетте бір иеде дамиды. Олардың арасында сол сияқты биогельминттер де бар. Жұмыр құрттар типі бірнеше класқа жіктеледі, олардың ішінде ең кең тараған және маңыздысы Нағыз жұмыр құрттар (Nematoda) класы болып табылады. Паразит нематодтардың арасында біршама белгілілері адам аскаридасы (Ascaris lumbricoides), ішек угрицасы (Strongyloides stercoralis), қисықбас (Ancylostoma duodenale), трихинелла (Trichinella spiralis) және басқалары, бұлар адамда аскаридоз, стронгилоидоз, анкилостоматоз, трихинеллез ауруларын тудырады. Жұмыр құрттардың шығу тегі соңына дейін анықталмаған. Осыған қарамастан көптеген гельминтологтар оларды турбелляриялардан шыққан және жануарлар элемі шежіресінің жеке бұтағы ретінде дамыған деп санайды.

Жұмыр құрттардың эволюциясында ароморфоздар үлкен рөл атқарған, соның ішінде алғашқы дене қуысының пайда болуы, ол екі шетінде саңылаулары бар «түтік түтікке» принципі бойынша түзілген, үлкен маңызға ие. Ароморфоздарға сол сияқты асқорыту жүйесінің прогрессивті дамуы, жеке қуыстылық және тірідей туу (кейбір түрлерінде) болып табылады. Бұл организмдердің эволюциясында Нох кластерінің гендері, олар буынаяқтылардың Нох гендеріне ұқсас, маңызды рөл атқарады.

Буылтық құрттар типі (Annelides). Буылтық құрттар немесе қүртшалар — жоғары ұйымдасқан гельминттер, бұлар тұщы және теңіз суқоймаларының, топырақтың және басқа орталардың мекендеушілері болып табылады. Бұл жануарлардың 10 000-ға жуық түрі белгілі. Олардың ұзындығы миллиметрдің бірнеше үлесінен 2,5 метрге жетеді. Ең алдымен, денесінің метамериялығымен сипатталады, ол дегеніміз — олардың денесі ішкі перделермен сегменттерге бөлінген, олар өз бетінше қызмет атқарады. Денесі бас бөліміне, ортаңғы бөлімге және аналь аймағына жіктелген. Құртшалар үшін билатеральдық симметрия, үшқабаттылық, екінші (целомдық) дене қуысы, тері-бұлшық ет қапшығының болуы, асқорыту, тыныс алу, қантасымалдау, жүйке және жыныс жүйелерінің болуы, сол сияқты әрбір сегментте қозғалу органдарының (парапо диялардың) болуы тән. Буылтық құрттардың асқорыту жолының сыртқы түтігі немесе олардың денесінің қабырғасы ішкі түтіктен целомдық кеңістікпен бөлінген.

Буылтық құрттар табиғаттағы зат алмасуда маңызға ие, балықтардың (соның ішінде кәсіптік маңызы бар) қорегі ретінде қызмет атқарады. Жер құрттары топырақты қопсытуға атсалысады және оны органикалық заттармен байытады. Олар сол сияқты топырақтың су және газ балансын жақсартады. Медициналық практикада аса терең емес тұщы суқоймаларында мекендейтін медициналық сүлік (Hirudo medicinalis), оны өте ертеден гипертонияны, қанның ұюы жоғарылағанда, тромбоздарда және басқа ауруларды емдеуде қолданады. Буылтық құрттардың шығу тегі жайында көзқарастар қарама-қарсы. Бір гельминтологтар олар турбелляриялардан шыққан десе, басқалары — тарақтылармен туыс формалардан пайда болған деп жорамалдайды. Қандай жағдайда болса да, құртшалардың шығу тегі өте үлкен ароморфоздармен байланысты деп айтуға болады, олар метамерияның, целомның, қантасымалдау жэне тыныс алу жүйелерінің пайда болуымен, зәр шығару және нерв жүйелерінің күрделенуі түрінде пайда болған. Сүліктер азқылтанды құрттардан немесе олардың арғы тектерінен пайда болған деп жорамалдайды. Буылтық құрттар филогенезі бойынша буынаяқтылармен жэне жүмсақ денелілермен байланысты, осыған орай олар жануарлар әлемінің шежіресінде басты орын алады.