Геодезия

Геодезия қазақша реферат

Геодезия — жердің пішіні мен мөлшерін анықтайтын, оның бетін жоспармен /планмен/ картаға түсіріп, жер құрылымының инженерлік жұмыстарын жобалайтын, сонымен қатар олардың әр түрлі өлшеу тәсілдерін зерттейтін ғылым. Ол бірнеше салаларға бөлінеді: жоғары геодезия, геодезия /топография/, радиогеодезия, космостық геодезия, картография, аэрофототопография және инженерлік геодезия.

Белгілі бір нүктенің жер бетіндегі орнын оның координатасы арқылы анықтауға болады. Геодезияда координаталар жүйесінің мынадай түрлері қолданылады; жағрапиялық, геодезиялық, полярлық және тік бұрышты. Жер беті және оның шағын аймақтары қағаз бетіне белгілі бір масштаб арқылы кішірейтіліп салынады. Жер бетін жоспарға /планға/, картаға түсіру күрделі жұмыс, ол өте үлкен дәлділікті қажет етеді және оны дәл аспаптарды пайдаланып, маман геодезистер, маркшейдерлер жасайды. Жоспар мен картаның мазмұны толық, түсінікті және көрнекті болуы үшін арнайы белгілер қолданылады. Қазақстанда карталар мен жоспарлардағы шартты белгілер контурлық, масштабтан тыс және түсіндіргіш деген түрлерге бөлінеді. Жер бетін жоспарға масштабпен кішірейтіп салу үшін қолданылатын шартты белгілерді контурлық деп атайды. Контурлық белгілер орманның, шабындықтың көлемін де білуге мүмкіндік береді. Көптеген инженерлік есептерді шығару үшін жер учаскесінің аудандарын анықтау қажет. Учаскенің ауданы бірнеше тәсілдермен анықталады: учаскенің ауданы бірнеше геометриялық фигуралардан қалыптасса, аудандарын қосьш анықтайды; жоғары дәлділікпен палетка арқылы анықтауға болады. Палетка дегеніміз — бетіне шаршы торлар сызылған жылтыр қағаз /калька/. Картадағы учаскелердің ауданын бұдан да жоғары дәлдікпен анықтау үшін механикалық тәсіл — арнаулы аспап планиметр қолданылады.

Геодезиялық түсіріс торлары бірнешеге бөлінеді: теодолиттік түсіру — жердің контурлық планын алу үшін теодолит және өлшеу лентасының көмепмен орындалатын геодезиялық жұмыс; тахеометриялық түсіру тахеометр деген аспап арқылы жүргізіледі; мензулалық түсіру мензула және кипрегель арқылы кашықтықтың горизонталь проекциясы және биіктік өсімі анықталып, жоспар тікелей далада сызылады; аэрофотографиялық түсіру әуеде ұшып жүріп жер бетін аэрофотоаппаратпен суретке түсіру арқылы жоспармен карта жасалады; жердегі сферефотограмметриялық түсіру — арнайы алған жерде тұрып, фототеодолит арқылы жүргізілетін жұмыстар; нивелирлеу — арнаулы аспаптардың көмегімен пункттер биіктігінің айырмасын, яғни өсім биіктігін анықтау. Өсім биіктігі арқылы пункттердің /нүктелердің/ абсолютті белгілері есептеледі.

Мелиорация туралы түсінік және түрлері. Мелиорация дегеніміз — ауыл шаруашылық жерлердегі топырақ ылғалдылығын, қышқылдылығын, танаптың жылу ережесін өзгертетін, яғни жер сапасын жоғарылатуға бағытталған әр түрлі шаралар жүйесі. Мелиорация шараларын жүргізу нәтижесінде топырақтың құнарлылығы көтеріліп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі артады. Мелиорациялық шараларға мыналарды жатқызады: танаптарды суару, ылғалы өте көп саздақ жерлерді құрғату, химиялық мелиорация жүргізу /қышқылдылығы жоғары топырақтарды әктеу, тұзы көп топырақтарды гипстеу/, егістерді қорғайтын ағаштарды отырғызу, топырақты эрозиядан қорғау.

Ауылшаруашылық дақылдарының көпшілігі ылғалмен қамтамасыз етілуіне жоғары талап қояды. Суарудың бірнеше тәсілдері бар: қарықпен, жолақпен, жаңбырлатып және топырақ астымен, тамшымен суару. Суару өздерінің мақсаты бойынша отырғызу алдындағы, салқындатқыш, ылғал жинау және үсікке қарсы суару болып бөлінеді. Дақылдардың суару мөлшері олардың су пайдалану коэффициентіне, жауын-шашынның мөлшеріне байланысты. Жаңбырлату арқылы әр гектарға 300-500 м3 су беріледі.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының айтарлықтай бөлігі топырақ реакциясының бейтарап болғанын қажет етеді. Топырақтың қышқылдылығын азайту үшін әктендіреді немесе доломит ұнтақтары қолданылады. Сортаң топырақтардың құрамында натрий көп болады, мұндай топырақтың құнарлылығын көтеру үшін химиялық мелиорациялау — гипстендіру қажет. Топыраққа гипсті енгізгенде оның құрамындағы кальций ионы топырақ-сіңіру кешенінен натрий ионын ығыстырып шығарады. Осының нәтижесінде топырақтың физикалық, биологиялық қасиеттері жақсарады. Топырақтың шеттерінде отырғызылған орман алқаптары топырақта ылғал сақтауға, егістерді ыстық аңызақ желден, құрғақшылықтан сақтауға, шаңды дауылдан қорғауға, қыста танаптардан қардың ұшырылып кетпеуіне мүмкіндік береді.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.