студенты

Әлеуметтік институт ұғымы және функциялары

«Әлеуметтік институт» ұғымы қоғамдық байланыстарды стандарттау, реттеу, заңдастыруды сипаттайды. Ал сол стандарттау, реттеу, заңдастыру процесін «институттану» дейді. Ол заңдастырылған немесе заңдастырылмаған ережелер, принциптер, нормалар мен бағдарларды құрайды. Бұлар адамдардың әрқилы қызметтерін, әркелкі іс-әрекеттерін бір әлеуметтік рольдер мен статустар жүйесіне, іс-әрекеттер жүйесіне ұйымдастыру үшін керек.

Батыс социологтарының тұжырымдауынша (Липсет, Блау, Ланберг т.б.), әлеуметтік институттар адамдардың, бұқараның тіршілікте қайталанып тұратын іс-әрекеті мен қызметін, дәстүрі мен дағдыларын, мінез-қылық нормаларын саналы түрде реттеп, тұрақтандырады, жаңартып отырады.

Қоғам — әлеуметтік институттардың біртұтас жүйесі. Әлеуметтік институттардың әрқайсысы өзінің функцияларын, міндеттерін атқара отырып, қоғамның қалыпты тіршілігі мен дамуын қамтамасыз етеді. Қоғамдағы орнына, атқаратын міндеттеріне, қызметінің сипатына қарай оларды ғалымдар бірнеше топқа біріктіре отырып қарастырады. Айталық, бірінші топта — экономикалық институттар. Олар ұлттық және трансұлттық корпорациялар, қоғамдық өндірісті, шикізат өнімдерін өңдеуші барлық зауыт, фабрикалар, экономикалық бірлестіктер, шағын және орта кәсіпорындар мен шаруашылықтар, индустрия және ауыл шаруашылығында қызмет көрсетуші субъектілер, шару шаруашылықтары, экономика институттарын өзара байланыстырушы жүйелер, банктер т.б. Әлеуметтік қызметтері — өндіріс жиынтығын қамтамасыз ете отырып, қоғамдық байлықты жасау және оны бөлу, экономиканы қоғамның басқа салаларымен үйлестіру. Сонымен қатар заң талаптарымен санаспай, табысы үкімет назарынан тыс қалып жатқан көлеңкелі экономиканың да қоғамда орын алып келе жатқанын ескеру қажет.

Екінші топта — қоғамның саяси ұйымы: мемлекет (заң шығарушы, атқарушы және соттық билік жүйесі); саяси партиялар (әлеуметтің әркелкі топтары мен қабаттарының мүдделерін бейнелей отырып, бұл мәселелердің мемлкеттің қатынасуымен шешілуін қамтамасыз ету, оған бақылау жасау және бұл істерге тікелей ат салысу, қоғамдық сана мәселері); мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдар (халық және оның әркелкі әлеуметтік топтарының өмірлік мүдделерін бейнелеу, шешу немесе оны мемлекет алдына қою, мемлекетпен бірлесе отырып іске асыру). Саяси ұйымның аталған үш элементтерінің (институттарының) қызметтері — қоғамның өркениет жолымен басқарылуын, дамуын қамтамасыз ету және өркениетті даму идеологиясын, стратегиясын жасау, құндылықтарын нақтылау негізінде әлеуметтік ұйымдастыру. Әрине, жеке тұлға да басқару субъектісі. Ол ешбір ұйымға, партияға енбей-ақ, өзінің ғылыми, жасампаздық, мамандық еңбектері арқылы, ақпарат құралдарын пайдалану, сайлау құқын адал пайдалану т.б. жолдармен басқару, бағдарлау ісіне өз үлесін қоса алады. Сайлаудың демократиялық мүмкіндігін өзі мен халық таңдырын сеніп тапсыратын тұлғаларды дұрыс таңдауға саналы түрде пайдалану оның қоғам игілігіне тікелей қосқан үлесі деуге болады.

Келесі топта — әлеуметтендіру институттары: отбасы, балабақша, мектеп т.б. білім мекемелері, арнайы мәдени қызмет көрсету институттары (театр, әдебиет пен өнер, бұқаралық ақпарат құралдары, музей, кітапхана т.б.). Міндетті қызметтері — жас ұрпақты қоғам мен әлеуметтік уақыт талабына сай жан-жақты тәрбиелеу, әлеумет мәдениетін, денсаулығын, интеллектуалдық рухани байлығын, азаматтық тіршілігін қамтамасыз ету. Төртінші топта — әлеуметтік бақылау институттары: сот жүйесі; ішкі қоғамдық тәртіпті, елдің қауіпсіздігін сақтау, ел іргесін қорғау органдары жүйесі және заңды бұзғандарды түзету мекемелері. Бұлардың қызметінің негізі — заң, Ата заң рухында даярланған заңдық — нормативтік құжаттар. Әрине, заңды оны қорғаушылардың өзі бұзса, өте өкінішті.

Сөйтіп, аталған әлеуметтік институттар өзінің тиісті қызметтерін барынша тиімді атқарса, қоғамның жоғары дамыған өкениетті әлеуметтік кеңістік екеніне еш күмән болмайды.

Қызметін атқаруға дәрменсіз әлеуметтік институт «дисфункцияға» (тиісті қызметін атқара алмауы) шалдығады. Оны реттеудің екі жолы бар. Біріншісі — оның қызметі ел үшін әлі қажетті болса, онда оны рефомалау. Құлаққа жиі естілетін «реформалау» ұғымының негізгі мәні де осында. Мекеме (ұйым) жұмысын қазігі сұранысқа сәйкестендіріп реттеу (мәселе кадрда ма, нормативтік құжаттарда ма, әлде дұыс басқаылмай ма, соны нақтылау арқылы), қажетті жолға салу. Екіншісі — қызмет етуге дәрменсіз, түзетуге келмейтін мекеме ретінде оның ісін тоқтату. Кей жағдайда өз уақытында қажетті болған, жаңа кезеңде қажеттілігі қалмаған институттар да енді өз қызметін тоқтатады.

Кез келген әлеуметтік институттың пайда болып, қалыпты қызмет етуінің, яғни институттануының және қызметінің тиімді және дұрыс орындалуы мына факторларға байланысты:

  • бұл мекеменің (ұйымның) қызметіне қоғамдық сұраныстың болуы;
  • мекеменің (ұйымның) заңдық, нормативтік негіздері мен мақсат, міндеттерін дұрыс анықтаған құжаттардың болуы және реттелуі;
  • әлеуметтік институттың функцияларын орындаушы маманданған кадрладың жеткіліктігі және олардың біліктілігі;
  • мекеме немесе ұйым алдына қойылған функцияларды атқаруды қамтамасыз ете алатын матеиалдық базаның болуы.

Істі атқарушы адамдар осы институт қызметі идеясын және міндеттерін өзінің ісі деп қабылдап, оны ішкі түсінігіне және қажеттілігіне айналдырған жағдайда ғана олар барлық күш-жігерімен еңбек етеді. Ал шын ниетімен емес, тек роль атқарушы адамдар да (тіпті осы істің маманы бола тұра), өмірлік тәжірибеде кездесіп тұратын құбылыс. Бұлар «қызметі» арқылы өздері қызмет етіп жүрген әлеуметтік институттардың қоғамдық міндеттерін дұрыс атқаруына нұқсан келтірері сөзсіз.

Сөйтіп, аталған алғышарттарға сай жаңа әлеуметтік институт пайда болып, бой көтеріп, адамдар мен қоғам игілігіне тиімді қызмет атақара бастаса, оның институттану процесі аяқталады деуге болады. Бүкіл даярлық жолы мен істің басталу барысын «әлеуметтік институт» процесі яғни «институттану» дейді.

«Әлеуметтік институт» тақырыбына байланысты тест: