Әйел

«Әйел теңдігі» туралы

«Әйел теңдігі» мәселесі туралы пікірлер. Қазақ баспасөзінде «әйел теңдігі» мәселесінің көтерілуі. Әйел теңдігі қоғамдық өмірге қатынасу мәселесін анықтау жолында қазақ баспасөзінің орны ерекше, тарихи, демографиялық, этнографиялық салада көптеген құнды материалдар береді. Қазақтың баспасөзі — маңызды ақпарат көзі болып есептеледі, төңкеріс қарсаңындағы қазақ қоғамының өмірі нақты көрсетілген. XIX ғасырдың екінші жартысынан қазақ тілінде шыға бастаған алғашқы газет «Түркістан уалаятының газеті» мен «Дала уалаятының газеті» әйелдер мәселесін маңызды қоғамдық деңгейге дейін көтерді. «Дала уалаятының газеті» ресми баспасөз ретінде өкіметттің және жергілікті әкімшіліктің өкімдерін және Қазақстан жайлы материалдарын жариялады. Олардың ішінде этнографиялық, адамгершілік — этикалық мақалалармен қатар «Түркілердің неке әдет-ғұрыптары», «Бей-таш және Килен таш», « Ертеңгі билер соты» атты мақалар да бар. Әсіресе, екі еңбекке «Ұмытылмаған» өткендегі және қазіргі қырғыздар. Очерктер» (1892), «Қазіргі қырғыз әйелінің қайғылы жағдайы» (1894) ерекше көңіл бөлуге болады.

Бірінші мақалада қазақ қоғамындағы кейбір отбасы — тұрмыстық тәртіптердің тұрақтап тұрғанын, (бесік құдалық, оны бұзғандарды өлім жазасына кесу, отбасының адалдығына қол сұққандарды қатал жазалануы) бұл дәстүрді аға буын қатал сақтауға тырысуда екенін айтады. Очерктің жақсы жағы сол, өткендегі және қазіргі қазақтардың байқағаны қазақ жастарының психологиясындағы өзгерістер, кейбір жастар бұрынғы қатал заңдарға емес жүрегіне бағынады. «Бұл биік және таза махаббат, оны әйел теңдігі идеясына дейін көтерді, достарының аяушылығын да күтпейді, жүректің терең түбіндегі сезім тығылып, өсіп, еш уақытта кетпейді… Міне осы жерде жағдайдың барлық қайғысы: бір жағынан, сүйген жүрек үшін қасиетті деп есептелген нәрсені көпшілік қауым қылмыс деп есептейді. екінші жағынан тек өзіне және өз көзқарасына ғана сенген ол қасиетті сақтаушы, ешкіммен сезімімен бөлісе алмайды». Мақала қазақ қоғамындағы әйелдердің өмірін өзгертуге, өркениетке ұмтылуға шақырады: «Әйелдердің ақылы табиғатынан ер адамдардың ақылынан, қаблетінен кем емес… Қырғыздардың әйелдеріне қатал қарауының пайдасыз екенін дәлелдеуге тырысамыз».

Очерк жарық көргеннен кейін екі жылдан соң қазақ қоғамындағы әлеуметтік мәселелерді жаңа көзқарас тұрғысынан көру, ең бастысы әйелдер қауымының белсенділігі байқалады, олар неке-отбасы қайшылықтары жайлы билерге, өкіметке жиі шағым жасай бастады. Қыздар өздерінің сүйгендеріне деген сезімдерінмен қатар және он сегіз жасар жас қызды сексендегі шалға берген қайғыны өлеңмен ашық айта бастады. Қазақ халқы саяси сахынаға баспасөз арқыла шықты. Экономикалық және әлеуметттік өмірге ұзақ уақыт бойы қазақ жазушылары — саясаткерлері әсер етті. Ұлт зиялылары демократиялық баспасөз беттерінде қоғамдық өмірдегі жағымсыз, керітартпа тәртіппен күресті. Ең алғашқы демократиялық бағыттағы маңызды саяси орган «Айқап» журналы. Редакция құрамындағы тарихшылар, педагог, әдебиетшілер мен ақындар тығыз бірлесе отырып қызмет атқарды. Журнал өз кезіңіндегі жаңашыл бағытта, көшпелі халықты отырықшылыққа бағыттап, феодалдық көзқарастарды әшкереледі. «Айқап» журналында Қазақстанның әлеуметтік — экономикалық, саяси, мәдени өмірінің өзекті мәселелерімен қатар әйелдер мәселесі де көтерілді. Бұл мәселені жазуда журналдың редакторы Мұхаметжан Сералин мен хатшылар Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Акрам Ғалимовтар жалпы прогрессивті бағыт ұстады. М.Сералин — жарқын публицист, ақын әрі халық арасында беделді қоғам қайраткері. Ол кезек күттірмейтін әлеуметтік мәселелермен қатар әйел теңдігін іске асыру үшін халықты белсенділікке шақырады. Журнал жарық көрмей тұрып — ақ ол «әйелдер мәселесі» деген ұғымды енгізді. 1903 жылы оның «Гүлғашима» деген поэмасы жарық көрді. М.Сералин поэмада ауылдағы неке қию жүйесін сынады, жеке бас бостандығын жариялады. Гүлгашима мен Баймағанбет олардың азаматтық сезімін таптауға, патриархалдық отбасы құқығына қарсы шығады және өз құқықтары үшін күресетінін жариялайды. Бұл әлеуметтік лейтмотив «Айқаптың» әйелдер мәселесіндегі идеялық бағытын анықтап берді.

Жас ақын, 1913-1914 жылдары «Айқап» журналының редколлегия мүшесі С.Торайғыров қазақ әйелдерінің теңдігі мәселесін ашық қолдады. 1912 жылы жазылған «Неке қияр» атты поэтикалық помфлетінде жас қыздарды еріксіз кәрі шалдармен некесін қиятын молдаларға және әмеңгерлікке, қалың малға қарсы өз көзқарасын білдірді. Оның жаңа әлеуметтік әуендері «Әйел» атты өлеңінде бейнеленді, әйелдердің ерлермен бірдей теңдік алатын күн туатынына сенді. Оның «Қамар сұлу» романы қазақтың әдеби және қоғамдық өміріндегі ғасырлық оқиға болып табылады. Ақын азаматтардың еңбектегі, білім алудағы теңдігін өз көзқарасымен тікелей көрсете білді. Романның кейіпкерлері Қамар — байдың қызы, Ахмет кедейдің ұлы, екеуі де білімді, тәрбиелі, өз ауылдарында оларды қарттар да, балар да сыйлайды, олар бір — біріне тең. Қамар мен Ахмет азаматтық құқықтары үшін күреспеді. XX ғасырдың басында қазақ қоғамындағы тәртіпті қабылдады. Әйел теңдігі мәселесін «Айқап журналының» беттерінен Акрам Ғалиев те өзінің шығармалары арқылы көрсете алды. «Бейшара қыз» атты әңгімесінде Алтынайдың ата- анасына қалың малды он жыл бұрын төлеп қойған ал, 16 жасқа толғанда қалыңдықты күйеуінің ауылына күштеп апарады, ұрып — соғудан есінен танып, ес-түссіз туған ауылына қайтарылады. Автор қазақ қоғамының әйелдерге теңдік беруге әлі де дайын еместігін обьективті баяндайды. Алтынайдың қайғылы тағдыры, ауыл өмірін өзгерте алмады, әйелдер әңгімелерін жалғастыруда, қарттар әр түрлі мәселер жайлы айтысуда. Ауылдастарының қарекетсіздігінен қыз өмірден тыныш кете барды. А. Ғалимов халықтың қоғамдық санасын, психологиялық деңгейін, қазақ әйелінің қиын жағдайын бейнелеп, әйел теңдігі мәселесін «Айқап» журналының бетерінен көтеруі заңды процесс. XX ғасырдың басында адамзаттың әлеуметтік — экономикалық және мәдени деңгейінің көтерілу жағдайында бұл мәселе ерекше маңызды болып есептеледі. Қазақ қоғамында некеге байланысты, қалың мал үшін тартыс тоқталмады, әмеңгерлік жалғаса берді. Журналдың редакциясы қалың мал мәселесін қазақ қоғамының өркениетті даму бағдарламасымен байланыстырды. «Қазақ түріктерінің некесі» атты мақалада: «Біздің пікірімізше қазіргі кезеңде қазақтарда әйелдер аз туылады, көп өледі. Әйелдердің аз туылуы құдайға байланысты болса, ал олардың көп өлуі -біздің өміріміздің қолайсыздығынан. Барлық ауыр жұмыс әйелге жүктелген, олардың тәрбиесіне көңіл аударылмайды. Кәмелетке жетпеген қыздарды тұрмыска берудің қаншалықты зиян екенін адамдар түсінбейді. Егер біздер осындай өмір салтын өзгертпесек, келешек ұрпақтың азаю қаупіне тап боламыз»

«Айқап» журналы күн тәртібіне маңызды әлеуметтік — демографиялық мәселелерді қойды: қазақ қоғамында 30- 40 жастағы бойдақ жігіттер көбейіп кетті, сонымен қатар бір қызға 5-6 жігіттен келеді, олардың көпшілігінің жасы үлкейген ер-азаматтар. Қоғамдағы демографиялық теңсіздіктің әлеуметтік- экономикалық салдарынан «қалың мал» өсуде, — деп қоғамдағы қиын жағдайды ашып көрсете білді. Әйелдер мен ерлердің азаматтық құқығын теңестіру, әйелдердің білім алуы жайлы көтерілген мәселелер прогрессивті және адамзаттың анасы ретінде әйелдерді құрметтеуге шақырады. «Екі қыздың қайғысы» атты мақалада: «Әйел адамзаттың жаршысы, ол барлық халықтардың анасы. Ол олардың тәрбиешісі»-, деп өзекті мәселені көтерген. «Айқап» журналының беттеріне алғашқы қазақ әдебиетші әйелдерінің -Күләш Өтегенқызының, Сақыпжамал Тілеубекқызының, Мариям Сейдалықызының өлендері жарық көрді. Сақыпжамал Тілеубекқызының «Көптен күткен арман» атты мақаласында көпшілікті әйелдерге білім беруді дамытуға шақырды. Әйелдер қауымының саяси санасын, әлеуметтік белсенділігін көтеруде журналдың маңызын жоғары бағалады. «Қазақ» газетінде де әйелдер мәселесі көтерілді. Есен Аманұлы мақаласында қазақ даласындағы қалың малдың сақталып тұрғанын, мектептерде қыздардың санынын өскенін, сонымен қатар әйелдер қауымының белсенділігінің төмендігін қынжыла жазды.

Қазақ ұлттық зиялы қауымы халыққа білім беру қажеттігін терең түсінді және баспасөз бұл қиын да, қажетті мәселеге ерекше көңіл бөлді. 1910 жылы Ахмет Байтұрсынов: «Қырғыз тілінде бір де бір газет және баспахана жоқ. Сол туралы ойлар қырғыз даласында бостандықтың бақытты күндерінде ойға келді, бірақ ол іске аспады». Қиындыққа толы үш жыл бойы шығармашылық ізденістер нәтижесінде, полицияның қадағалауынан тығылып, қазақ зиялылар тобы ұлттық газетті шығаруға мұқият әзірленді. 1913 жылы 2 ақпанда Орынбор губерниясында Троицкіде «Қазақ» газетінің 1-ші номері жарық көрді, редакторы А.Бөкейханов. Ол қазақ халқының білімге, еңбекке, халықты ғасырлық тұңғиықтан оянуға шақырды. Газет беттерінің орталық бөлімінен әйел мәселесі орын алды. Әйелдердің азаматтық құқығы жайлы материалдар «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде жарық көрді. Қазақтардың отбасы мен неке қатынастарындағы заңсыздықты сынады. А.Байтұрсынұлының мақалаларында қыздар мен ұлдарды бірге оқытуға, қалың мал мен әмеңгерлікті жоюға үгіттеді.

Әйел теңдігі мәселесін дамытуға Міржақып Дулатұлы да үлкен үлес қосты. 1907 жылы ол «Жесір дағуалары хақында» еңбегінде әйелдердің азаматтық құқығын қорғады. Ата-аналардың балаларына бесіктен құдаласуына, 60-70-гі жесір шалдарға 15 жасар қыздарын беруіне қарсылығын білдірді. Қыздарды 17-18 жасқа толғаннан кейін ғана күйеуге беруге болатынын түсіндірді. Әйелдердің азаматтық құқығы қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайын анықтайды, елді өркениетке жетелейді, деп ашық айтты.