Қазіргі заманның бірінші кезеңіндегі елдер
XX ғасырдың басындағы дүниежүзінің саяси картасы
Еуропада, Америкада капитализмнің жеңуі, нығаюы және оның дамудың ең жоғарғы монополистік сатысына өтуі — осы кезеңнің негізгі мазмұны. Отарлық жаулап алуға мүдделі Еуропаның индустриалды елдерінің сауда буржуазиясы, географиялық ашулардың нәтижесінде Америкаға, Австралияға, Азияға және Африка құрлығының елдеріне теңіз жолдарын салуды көздеді. Бұл істе Португалияның, Испанияның, кейінірек Англия мен Францияның сауда ұйымдары үлкен белсенділік көрсетті. XIX ғасырда «империализм» термині — Еуропалык үстемдіктің Еуропадан тыс жерде орнауының көрінісі ретінде белгілі болды. Империализм — латынша, «билік, басқару» деген мағына береді — баскыншылық саясатты, басқа аумақты басып алуды, өзге жерді билеудің үстемдігін білдіреді. Британияның отаршылдық үстемдігі орнағаннан кейін, «империализм» термині «отаршылдық» терминінің синониміне айналды.
1900 жылға қарай Ұлыбританияның отарлық иеліктері 368 млн халқы бар 33 млн шаршы шақырым аумақты қамтыды. Ұлыбританияның отарлық иеліктері Жер шарының әр түрлі аймақтарында таралып жатты. Ал Үндістан болса, «британ тәжінің інжу-маржаны» болды. Африканың көп бөлігін Франция иеленді. Еуропаның екі мемлекетінің — Швеция мен Швейцарияның ғана отарлық иеліктері болмады.
Еуропадан тысқары дүниежүзі.
Қытай. Азияның өз өнеркәсібі болмаған, тәуелсіз елдері үнемі сыртқы күштердің қысымына ұшырап отырған.
XX ғасырдың басында Азиядағы ірі мемлекет — Қытай Маньчжурлық Цин әулетінің билігінде болды. XIX ғасырдың өзінде-ақ Батыс елдері Қытайдың орасан көп табиғи байлықтарына бақылау жасауға ұмтылды. «Апиын соғыстарында» жеңіске қол жеткізген Батыс елдері Қытай үкіметін тең кұқықсыз келісімшартқа қол қоюға мәжбүр етті. Аталмыш келісімшарт бойынша, Қытайдың тұтас облыстары дерлік шетел алпауыттарының ықпалды аймағына айналды.
Қытайға шетелдік капиталдың карқынды енуі тауар-ақша қатынастарының өсуіне мүмкіндік берді. XIX ғасырдың 70-80 жылдарында Қытайда алғашқы ұлттык кәсіпорындар пайда болып, ұлттық буржуазия қалыптасты.
Корея. Қытай үлкен жеңіліске ұшыраған 1894-1895 жылдардағы Қытай-Жапон соғысы Кореяның жартылай отарға айналуының алдын алды. Кореяда іс жүзінде жапондык шапқыншылық режимі орнады. 1905 жылы Жапониямен соғыста патшалық Ресейдің жеңілуі Жапон империализмінің түбегейлі кұлам сермеуіне мүмкіндік берді. 1905 жылы американ дипломатиясының қолдауымен, Корея үкіметін протекторат туралы келісімшартқа қол қоюға мәжбүр етті. 1910 жылы Корей монархы биліктен алыстатылды. Енді Корея Жапонияның генерал-губенаторлығы болып құрылды. Елде Жапонияның отарлық режимі нығайды.
Монғолия екі ғасырдан астам уақыт бойы Маньчжур империясының отары болды. 20 ғасырдың басында Қытайдың әлсіреуі Монғолияның жағдайына күшті ықпал етті. Монғолия патшалық Ресеймен Жапонияның қарама-қарсы шайқас алаңына айналды. 1907 жылы 30 шілдеде жалпы саяси орыс-жапон конвенциясы бекітілді. Конвенция Кореяда Жапонияның «ерекше құқығын», Жапония сыртқы Монғолияда Ресейдің «арнаулы құқығын» мойындады. 20 ғасырдың басына қарай Батыс Азия елдері — Осман империясы, Иран және Ауғанстан капиталистік Батыс державаларының жартылай отарына айналды.
Жапония. 1867-1868 жылдары болған Мейдзи революциясы, 1870-1880 жылдардағы реформалар Жапонияда капитализмнің дамуына жол ашып, оның әлеуметтік және саяси жағынан өзгеруіне ықпал етті. Капиталистік базистің қалыптасуы Жапония қоғамының жаңғыруына алып келді. Жапония Батыс елдерінің мәдениеті мен техникалық жетістіктерін өздерінің ұлттык ерекшеліктеріне бейімдеп, пайдалана білді.
Оңтүстік Шығыс Азия аумағында бір ғана Тайланд тәуелсіздік ел ретінде қарастырылған, қалған оншақты елдер Ұлыбритания, Франция, Голландия, АҚШ бақылауында еді. Үндіқытай түбегіндегі Вьетнамды, Лаосты, Камбоджаны Франция иеленген. Филиппиндерде XVI ғ. бері Испания үстемділігі орнаған, бірақ 1898 ж. басталған АҚШ -Испан соғысы нәтижесінде ол Америкаға өткен. Индонезия аралдарында билік голландықтардың колында болды. Сонымен бірге, Тимор аралының бір бөлігін португал отаршылдары ұстаған, ал Сулавеси, Борнео жерлерінде ағылшындардың да отарлары орналасқан. Ұлыбританияға Малайя, Сингапур, Бирма бағынышты еді. Азияның оңтүстігінде қазіргі Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Шри-Ланка толығымен ағылшын отаршылдарына тәуелді болды. Непал, Бутан билеушілері де Лондонға жалтақтап өмір сүрген. Орта Шығысқа жататын Ауғанстан, Иран, Түркия жартылай отарлы елдерге айналған. Бұл аймақты билеуге Англия және Ресей патшалығы көптен бері өзара тартысып жүрген. XIX ғ. аягында олардың катарына Германия қосылып, империалистік шиеленіс қыза түскен.
Азиядағы араб елдерінде Түркия үстемдік жүргізіп келген, бірақ өзі әлсіреген Осман әулетінің ыклалы барған сайын сарқыла түскен. Ал Африка құрлығындағы Мысырды, Суданды ағылшындар билеп-төстесе, Магрибтегі Марокконы француздар мен испандықтар, Алжир мен Тунисті француздар қанап тұрған. Ресми түрде Ливия түрік империясындағы бөлім болып саналғанымен, оны Италия өз бақылауына ала бастаған. Сахараның оңтүстігіндегі Африка мемлекеттері отарланған. Тек, Эфиопия, Либерия сөз түрінде еркін елдер деп саналған, ал Оңтүстік Африка одағы 1910 ж. Ұлыбританияның доминионы ретінде дами түскен. Оны билеген ақ нәсілділер жергілікті тұрғындарды құлдық жағдайда ұстап, апартейд саясатын жүргізіп отырды.
Отар және жартылай отар елдер. Азия мен Африканың Жапониядан басқа елдері отар елдер қатарына тіркеліп, егемендігінен айырылып, отарлаушы елдердің басқаруына көшті. XX ғ. басында дүние жүзін бөлісу аяқталды. «Бос жер» мүлде дерлік қалған жоқ. Дүние жүзін бөлісіп болғаннан кейін, әлемде империализмнің отарлық жүйесі біржолата қалыптасты. Бұл жүйенің құрамында егемендігінен толық айырылған бөлшектер отар түрінде, ал өздерінің дәстүрлі басқару құрылымдарын қағаз жүзінде сактағанымен, іс жүзінде қаржы және экономикалық жағынан империалистік мемлекеттерге тәуелді елдер жартылай отар түрінде болды. Жартылай отар елдер қатарына Қытай, Түркия, Иран, Эфиопия, Ауғанстан сияқты бір топ елдер жатты. XIX ғ. екінші жартысы мен XX ғ. басында еуропалықтар қоныстанған кейбір отарлар доминиондар деп атала бастады. Доминиондар өзін-өзі басқаруға құқық алды. Олардың қатарында — Канада, Жаңа Зеландия, Австралия және Оңтүстік Африка Одағы болды. Отарлық үстемдіктің бір түрі — протекторат түрінде байқалды. Протектор — латынша, қамқоршы-басқарушы мемлекет бағынышты елдің саясатын бақылап, отаршылдық үстемдігін жүргізеді.
Еуропалық мемлекеттердің үстемдігінің түп негізі. Батыс Еуропа аумағында буржуазиялық қатынастар қалыптасты. Содан барып капиталистік қатынастардың дамуына, жеке меншік иелену құқығы мен жаңа техникалық жабдықтардың өндіріске енуіне мүмкіндік ашылды. Мұндай құқық жеке адамның талаптануына өз бетімен тіршілік жасауына ашық бастама болды. Еңбек — беделді, құрметті, сыйлауға тұрарлық іс-әрекет деп қабылданды. Капиталистік қоғам құрылымында экономикалық мүдде ең жоғары, қасиетті мүдде деп түсіндірілді. Өндірістік құрал-жабдықтарды жетілдіру талаптары барынша мадақталды және үзбей көтермеленді. XVIII ғ. Еуропа елдері машина және машина жасайтын өндірістер санынан алға шықты. Сонымен қатар, өнім өндіруден басқа аймақтағы елдерді тез арада басып озып, әскери қару-жарағының басымдылығы анықталды. Бұл жетістіктер Еуропа елдерінің келешектегі отаршылдық үстемдігіне қолайлы жағдай тудырды.
Ұлттық сана-сезіммен азаттық қозғалыстардың өсуі.
Тарихи тұрғыдан алып қарасақ, ұлттық мәселе капитализммен бірге буржуазиялық ұлттардың қалыптасу кезеңінде пайда болды. Буржуазиялық ұлттардың пайда болуына байланысты қауымдық, діни, әулеттік айырмашылықтар өз мәнін жоғалта бастады. XX ғ. ұлтшылдық Еуропадағы мемлекеттік құрылыстың басты элементіне айналды. Ұлтшылдық бірынғай мемлекеттер аясындағы этностардың барлық бөліктерінің шоғырланған белгісі болды. Азия және Африканың көпшілік елдерінде ұлттық пролетариат ұлттық буржуазиядан бұрын шетелдік кәсіпорындарда қалыптаса бастады. Отарларда ұлттық буржуазия әлсіз, бағынышты жағдайда болды. Ұлттық буржуазияны көпестер, шеберханалардың, шағын кәсіпорындардың иелері құрады. Оған көптеген қалалық ұсак буржуазия жіктері қосылды. Ұлттық зиялы қауым өкілдері, офицерлер арасынан шыққандар, студент жастар, діни сословие мен феодалдар ұлт-азаттық қозғалыстардың идеологтары болды.
Өркениеттер үндестігі. Шығыс өркениеті ұзақ уақыт бойы бір-бірінен оқшау өмір сүрді. Олардың арасындағы байланыс өте сирек болатын. Көбінесе, өркениет ошақтары көшпелі және отырықшы тайпалар қоршауында қалды. Еуропа елдерінің отаршылдық экспансиясы барысында Қытай, Үнді және Ислам өркениеттерінің бұрынғы оқшаулануы бұзылды.
«Өркениет» ұғымы ғылымға XVIII ғ. енгізілді. Өркениет адамзат қоғамының әлеуметтік және мәдени даму деңгейімен сипатталады. «Өркениет» ұғымы адамзат қоғамының мәдениеті, халықтың рухани ерекшелігі, дүниетанымы және дәстүрі сияқты орнықты көрсеткіштер арқылы бейнеленді.
Қытай өркениеті — әлемдегі ең көне өркениеттің бірі. Қытай өркениеті Конфуций идеяларына арқа сүйеп дамыған. Көне Қытай ойшылы Кун-Цзы «Патша — патша қызметін, азамат — азамат қызметін, ата — ата қызметін, бала — бала міндетін атқаруы қажет» деп уағыздаған. Конфуцийліктер ата-бабаларын және қарияларын ардақтап есте сақтауды, коғамдық тәртіпті, үкіметтік билікті, император билігін насихаттаған. Император шексіз билікті иеленген мемлекет қожасы болды. Шаруалар қауымдары мен жеке иеліктегі жер қоры да император меншігі деп уағыздалды. Қытайда жеке адамның өміріне катаң шек қойылып отырды. Өз елінің табыстарына масаттанған қытайлықтар шетел әлеміне мән бермей, өздерінің ғасырлық дәстүрлерін өзгертуге талаптанбады. Өздерін «аспан мемлекетіміз», «әлемнің орталығымыз» деген пікірді заңдастырып, қалған әлемді менсінбей, жабайылар — «варварлар» деп ұғынатын.
Үнді өркениеті — ең көне және ерекше өркениет. Үнді өркениеті индуизм мен буддизм ілімдеріне арқа сүйейді.
Индуизм ілімі — адам жаны сөнбейді, ол жан басқа жанмен бірігіп, Құдайға қосылады дейтін және қоғамның касталық топтарына бөліну дәстүрін уағыздады. Әр адам өз кастасының дәстүрін бұлжытпай орындап, каста жолынан таймауы қажет.
Буддизм ілімін жақтаушылар — адамды қоршап тұрған орта алдамшы, жалған, бұлыңғыр, қияли жағдай деп ұғынады. Осыған сәйкес адам өмірі қайғы-қасірет тартып, азапта өтеді. Мұндай жағдайдан құтылу үшін адам мынандай терт шартты орындау қажет:
- өмір деген қайғы-қасірет жолы;
- қайғы-қасіретке адамның құмарлығы мен үміті алып барады;
- ең жоғарғы рухани кемелділікке жету үшін құмарлықтан арылу керек;
- нирванаға жету — қайғы-қасіреттен құтылудың жолы. Буддизм — тәуелсіз, рухани бостандығы бар жеке азаматты жақтап, мемлекеттік құрылымның жағдайына онша мән бермейді. Үнді өркениетінің мықты тірегі мемлекет емес, ауыл қауымы болды.
Ислам өркениеті — VII ғ. Араб тубегінде пайда болды. Мұхаммед пайғамбар және Құран ислам өркениетінің діни негізін калады. Аллаға құлшылық ету, Аллаға ғана сену — бұл исламның негізгі қағидасы. Ислам — әлеуметтік тәртіптің өте кең жүйесі. Мұсылман өмірінің барлық жақтары дінге қатысты. Аллаға мүлтіксіз бағыну сана-сезімі кең түрде орныққандықтан, жеке адам баласының әрекетіне онша ерік берілмей, дүниені пәрменді түрде өзгертуге болады деген ой, сезім қарастырылмайды. Осындай қатаң тәртіпке сәйкес, ислам көптеген аймақтарда тұрақты діни қауымдар ошақтарын, яғни отырықшы тұрғындар, көшпелі қауымдар, қалалардағы колөнершілер, сауда-саттық топтарының діни ұжымдарын құрды.
Еуропаландыру. Еуропа елдерінің отаршылдык саясаты, олардың ашық түрдегі қарақшылығы, Еуропа компанияларының зорлық-зомбылық, қырып-жоюшылық әрекеттері Азия және Африка халықтарының көңіліне сыймайды. Олардың Еуропа отаршылдарының қарақшылық әрекетіне қарсы жасырын және ашық түрдегі күресі сәтсіздікпен аяқталды. Азия және Африка халықтарының қарсылығы аяусыз басылып, жаншылып тұрды.
Еуропалық отаршылдармен күрестегі сәтсіздіктер, Азия мен Африка елдерін еуропалык өркениеттің жетістіктерін игеруге жетеледі. Олардың Еуропа мамандарын шақырып, өнеркәсіптің жекелеген ошақтарын дамытуға талпынған әрекеттері ойдағыдай нәтижелер бермеді. Біртіндеп, осы аймактардағы дәстүрлерді түбегейлі жаңарту қажеттілігі байқалады. Мұндай жағдайда Жапония елінің тәжірибесі үлгі есебінде болды.