Жануарлардың аталық және аналық даралары үшін арнайы фенотиптік белгілер (көлемі, дене құрылысы, түсі мен басқа қасиеттері), сонымен қатар мінез-құлқының айырмашылығы болады. Аталықтар мен аналықтарының арасындағы қасиеттерінің айырмашылықтары жыныстық диморфизм деп аталады. Жануарларда ол эволюциялық дамудың төменгі сатыларында-ақ, мысалы, жұмыр құрттарда, буынаяқтыларда кездеседі, аталықтары мен аналықтарының арасындағы сыртқы айырмашылықтары өте айқын байқалатын омыртқалы жануарларда шегіне жетеді. Аталық және аналық даралары да кездесетін өсімдіктердің түрлерінде де жыныстық диморфизм орын алады, бірақ ол онша айтарлықтай байқалмайды.
Егер жануарларда аталық және аналық жыныс клеткалары аталық та, аналық та жыныс бездері болатын бір дарада өндірілсе, онда бұл құбылыс гермафродитизм деп аталады. «Гермафродитизм» термині Гермес (ер адам көркінің құдайы) және Афродита (әйел заты көркінің құдайы) деген грек аттарының үйлесуінен шыққан. Нағыз және жалған гермафродитизм болады. Нағыз гермафродитизм көбіне, эволюцияның төменгі сатыларында тұрған организмдерде, мысалы, жұмыр және сақиналы құрттарда, моллюскаларда кездеседі. Жалпақ құрттарда аталық және аналық жыныс бездері дараның барлық тіршілік барысында қызмет атқарады. Керісінше, моллюскалардың жыныс бездері жұмыртқа клеткалары мен сперматозоидтарды кезектесіп өндіреді. Десе де, нағыз гермафродитизм ұйымдасқан жануарларда да кездеседі. Мысалы, ол сүтқоректілерде болады.
Мысалы, шошқаларда кейде жұмыртқа бездерінің денесінің бір жағында, ал тестистердің екінші жағында дамуы байқалады, немесе құрама құрылымдардың (овотестистер) дамуы жүреді және екі жағдайда да қызметтік белсенді жұмыртқа клеткалары мен сперматозоидтардың синтезі орын алады. Мұндай жануарларды «аралық» жынысқа жатқызады әрі аралық сексуалды типті даралардың көбісі екі ХХ-хромосомалы аналық даралар болып табылады. Олардың кейбіреулері агрессивті мінез-құлқымен сипатталады, ол тектикулярлы ұлпа ұрықтық клеткалардан тұрмаса да, мінез-құлыққа әсер ететін тестостерон өнімінің орны бөлек екенін көрсетеді. Осыған ұқсас құбылыс ешкілерде де байқалған.
Нағыз гермафродитизм дамудың бұзылуы нәтижесінде пайда болған адамда да кездеседі. Гермафродиттердің генотиптері 46ХХ немесе 46ХҮ болып табылады эрі көптеген жағдайларға XX жатады (шамамен, 60%). ХХ-тің генотиптері жиі негроидты африкалық популяциялардың гермафродиттерінде кездессе, ал ХҮ генотиптері жапондықтарда кездеседі. Гермафродиттердің екі типінде де гонадалардың билатеральды ассиметрия жағына қарай тенденциясы байқалады. Нағыз гермафродиттер арасында соматикалық клеткалары жұп XX хромосомадан, басқалары-ХҮ жұп хромосомалардан тұратын хромосомалық ала-құлалық та кездеседі.
Жалған гермафродитизм де белгілі, бұл жағдайда индивидумдарда екі жынысқа да тән сыртқы жыныс мүшелері мен екінші жыныс белгілері болады, ал жыныс клеткалары тек бір жыныс клеткаларының — аталық немесе аналық типін өндіреді. Көптеген гүлді өсімдіктерге гермафродитті гүлдер тән, оларды жиі қос жынысты деп атайды, әрбір гүлде аталығы және аналығы болады. Осыған орай ұрық барлық гүлдерде дамиды. Қос жынысты өсімдіктерге: бидай, шие, алма және көптеген басқа өсімдіктер түрлері жатады. Қос жыныстылардан басқа эволюция барысында бір түрдің шегінде жыныстары бөлінген өсімдіктер дамыды, яғни өсімдіктердің бір үйлі мен қос үйлілері пайда болды.
Өсімдіктерде бір мезгілде аталық және аналық гүлдері болса, онда олар бір үйлі болып саналады. Бір үйлі өсімдіктерде ұрықтары тек аналық гүлдерден дамиды. Бір үйлілерге жүгері, қияр, асқабақ және басқалары жатады. Керісінше қос үйлілерде не аналық, не аталық гүлдері болады (бір түрдің шегінде). Қос үйлілердің жеміс беретіндеріне аналық гүлдері (аналық даралар) барлары ғана жатады. Қос үйлілерге терек, құлпынай және т.б. ағашты және шөпті өсімдіктер жатады. Адамдардағы гермафродитизм патологиялық жағдайлардың бірі болып табылады. Өсімдіктердің гермафродитизмі жайында білу ауыл шаруашылығының практикасы үшін аса маңызды.