Жануарлардың сыртқы дене жабыны (тері немесе интегумент) денеден артық суды жоғалтпай және дене температурасын реттеп қорғаныштық қызмет атқарады. Сонымен бірге, көптеген организмдерде зат алмасуға (тыныс алу және зәр шығару) қосымша дене мүшесі қызметін атқарады. Омыртқасыздарда дене жабыны онша жетілмеген, ол эктодермадан және соның қосалқы туындыларынан тұрады. Бұларда дене жабынының эволюциясы тербелмелі эпителийден жалпақ эпителий бағытында дамыды, осылай даму турбеллярий және басқа жалпақ құрттар, сонымен бірге жүмыр және буылтық құрттарда байқалады. Тербелмелі эпителий қарапайым қозғалу мүшесі болып саналса, ал жалпақ эпителий ондай қызмет атқармайды.
Буынаяқтыларда эпителийдің сыртқы қабаты хитинделген кутикулаға айналса, ал шаянтектестерде сауытқа айналған. Моллюскалардың сыртқы эпителий қабаты құрамында ізбесі бар бақалшақ дамиды. Жануарлардың кейбір топтарының (буылттық құрттар, буынаяқтылар және моллюскалар) эпидермистерінде бір немесе көп клеткалы бездері (сілекей, өрмек, улы және басқалары) болады.
Хордалыларда тері жабының эволюциясы бір қабатты эпителийден көп қабатты эпителийге ауысу бағытында жүрді, яғни екі қабатты және оның дамуы нағыз тері (кориум) қабатының түзілуін қамтамасыз етті. Хордалылардың тері жабынының сыртқы қабаты эктодерма немесе эпидермистен түзіледі, кейде оны кутикула деп атайды және оның астыңғы қабаты мезодерманың түзілген нағыз теріден (кориумнан), немесе дермадан тұрады. Туникаттарда (асцидий, пиросом және басқа теңіз жануарлары) сыртқы тері қабаты қоймалжың немесе шеміршекті қабықтан тұрады, ол эктодермальды эпителийлерден түзіледі, оның арасында мезодермальды клеткалар мен тамырлар орналасады. Ланцетниктердің (қандауырша) тері жабының құрылысы екі қабатты. Бірінші қабаты эктодерман пайда болады, ол цилиндр пішінді бір қабатты эпителийден, екіншісі — қоймалжың дәнекер ұлпадан тұрады және кориумның қызметін атқарады.
Омыртқалылардың жабыны күрделі дамып, олар екі әртүрлі қабатты теріден тұрады. Оның сыртқы қабаты эктодермадан түзіліп көп қабатты эпителальды эпидермистен, екіншісі — астыңғы қабаты, нағыз тері, ол тері асты ұлпасына жанаса орналасады. Тері асты ұлпа қабаты бұлшық еттер сүйектерге бекиді. Қосмекенділердің терісі қосымша тыныс алу мүшесінің қызметін атқаратындықтан, олардың терісінде көп қабатты бездер болады, олар шырыш бөліп сулы жарғақ түзіп, теріні құрғап кетуден сақтайды. Қосмекенділердің терісінде болатын улы бездер қорғаныш қызмет атқарады.
Сүтқоректілерде тері жабыннан қосалқы туындылар дамып жетіледі (мүйізді қабат, түк, тұяқ және мүйіз), олардың организмдер тіршілігінде маңызы зор. Теріде болатын тер бездері денедегі жылуды реттеуде орны өте зор.