iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Жануарлар ағзасының құрылысы мен қызметі

Бұл мәлімет 2 890 рет қаралды

Мал ағзасының негізгі қызметтеріне тітіркену, зат алмасу, көбею және қозғалып тұру жатады. Жануарлардың денесі жасушалар мен жасушасы құрылымдардан және жасушааралық заттардан қалыптасқан. Ал жасушалар мен жасушааралық заттардың жиынтығы ұлпалардың негізін қалыптастырады. Сонымен, ұлпа дегеніміз — ағзаның тарихи қалыптасқан жеке жүйелері, жасушалар мен олардың туындыларынан тұратын және өздеріне тән морфофизиологиялық, биозимиялық қасиеттері бар құрылым.

Әрбір ұлпа, дамуы кезінде, белгілі бір ұрықтық бастамадан дамыған. Жануарлар ағзасының ұлпалары негізгі төрт топқа біріктірілген — эпителиальді, тірек-қорек, ет және жүйке ұлпалары. Эпителий (жабынды) — сыртқы ортамен шектес, денені сыртынан жауып тұратын және ішкі түтікті ағзалардың ішкі беткейін төсеп жататын ұлпа. Осы ұлпа негізінен қорғау, секрет бөлу, сіңіру, т.б. қызметтерді атқарады.

Эпителий ұлпаның негізін эпителиоцит атты жасушалар құрайды. Олар бір-бірімен қатар және тығыз орналасады. Эпителий ұлпасы жасушаларының орналасу қатарының санына байланысты бір қабатты және көп қабатты болып жіктеледі. Бір қабатты эпителий жазық, цилиндр тәрізді, текше тәрізді болып бірнеше түрге бөлінеді, ал көп қабатты эпителий өз кезегінде көп қабатты жазық мүйізделінетін, көп қабатты жазық мүйізделінбейтін және ауыспалы болып бөлінеді.

Тірек-қорек ұлпалары жасушалардан және жасушааралық заттардан тұрады. Олар, жануарлар денесінің тіректік құрылымдарын қалыптастырып, қоректендіру, қорғау, т.б. қызметтерді атқарады. Тірек-қоек ұлпаларының қатарына: қан және лимфа, ретикулярлы, болбыр және тығыз дәнекер ұлпаларымен қатар май, шеміршек, сүйек ұлпалары жатады.

Ет ұлпасы — миофибрилл, миофиламент секілді жиырылғыштық қасиеті бар құрылымдарымен сипатталады. Ет ұлпасының үш түрі кездеседі. Олар: бірыңғай салалы ет ұлпасы, көлденең — жолақты бұлшықет ет ұлпасы және жүректің бұлшық ет ұлпасы. Бірыңғай салалы ет ұлпасы — еріксіз, баяу жиырылатын, құрамында жіңішке жіпшелері — миофиламенттері бар, ядросы таяқша пішінді, сырт пішіні ұршық тәрізді болып келген жасушалардан тұрады. Аталған ұлпа негізінен тамырлар мен ішкі түтікті ағзалар — ішектер, қарын, жатыр, т.б. қабырғасының ортаңғы қабығын қалыптастырады. Көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасы қаңқа бұлшықеттерінің негізін құрайды. Олар бұлшық ет талшығы — симпласстардан тұрады. Талшықтардың ішкі құрылысының құрамына көлденең жолақты миофибрилдер мен көптеген ядролар болады. Олардың жиырылу қабілеті өте жоғары болады.

Жүрек бұлшық ет ұлпасының құрылысы жасушалы құрылым болып келеді. Осы ет ұлпасының жасушасы кардиомиоциттердің құрамында жалғыз ядросы жне миофибрилдері болады. Жүрек бұлшық ет ұлпасының ерекше физиологиялық қасиеті бар. Жүйке ұлпасы ағзаның жүйке жүйесін құрайды. Жүйке ұлпасы негізгі екі құрылым — нейрон және нейроглиядан тұрады. Нейрон — жүйке ұлпасының ең негізгі құрылымдық және қызметтік бірлігі. Нейронның протоплазмасы мен ядросы бар, денесі және одан тармақталып тараған аксон өсіндісі жалғыз, ал дәндриттері бірнеше болады.

Нейроглия болса жүйке жүйесінің құрылымында тіректік және қоректендіру қызметін атқарады. Ұлпалар жануарлар денесінде белгілі бір қатынаста орналасып, мүшелерді қалыптастырады. Сонымен, мүше дегеніміз — өзіне тән белгілі пішіні бар және бірнеше ұлпадан тұратын, сонымен қатар белгілі бір қызмет атқаратын дененің бір бөлігі (бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, т.б.). Мүшелер бірігіп күрделі құрылымды жүйе құрайды. Ал ағзалар бірігіп ағзаны қалыптастырады.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>