astana

Саяси тұрақтылық

Саяси тұрақтылық және ұлттық қауіпсіздік. XXI ғасырдың саяси тарихы бүкіл әлемнің бет-бейнесін түбірімен өзгертті, ол тұлға мен қоғамның қауіпсіздігі тұтас алғанда жекелеген елдер мен дүниежүзінің саяси өмірінде болып жатқан процестермен сөзсіз өзара байланыста екендігін барынша айқын көрсетті. Революциялар мен контрреволюциялар, партиялардың қарама-қарсы ұрандары және ұлтаралық қарама-қайшылықтар саяси қатынастардың дәстүрлі қалыптасқан жүйесін әлсіретті, саяси күрестің төтенше формаларының үстемдік етуіне алып келді, бұдан күрделі қатынастағы және бір-бірімен жауласушы көптеген ұлттық мемлекеттердің арасында салқындық жарқыншақтарының пайда болғанын да білеміз. Аталмыш жағдайда елдердегі мемлекеттілікті сақтауға бағытталған кез келген әрекет (күш салу) халықаралық және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуды қамтамасыз ететін саяси тұрақтылықтың бағдарламасымен байланысты болуы тиіс. Сондықтан да саяси тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің және олардың арақатынасының проблемасы кез келген қоғам мен мемлекеттер қоғамдастығы үшін аса қолданбалы мәнге ие бола отырып, таза зерттеушілік міндеттердің шеңберінен әлде-қайда шығып кетіп жатады. Соған байланысты бұл проблема бірқатар саясаттанулық, әлеуметтанулық және зандық пәндердің тақырыбы болып табылатындығына қарамастан аз зерттелгенін қадап айтуымыз керек.

Саяси тұрақтылық және ұлттық қауіпсіздік қазіргі заманғы кез келген мемлекеттің, қоғамның дамуының міндетті шарты болып табылады. Сондықтан саяси тұрақтылық — бұл жалпы мемлекеттік және өңірлік деңгейдегі әлеуметтік-саяси институттандырылған құрылымдардың арасындағы қатынастардың бірқалыпты және күні бұрын дамуынан көрінетін және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, әлеуметтік-саяси дағдарыстың туындау мүмкіндігін болдырмайтын саяси жүйенің ерекше қасиеті сияқты.

Саяси тұрақтылықтың мазмұны мен анықтамасы

Қазіргі кезде дүниежүзінде саяси тұрақтылық проблемасы аса өткір қойылып отыр және барлық елдердің саяси билігі әлеуметтік-саяси тұрақтылыққа жету проблемасын шешуге тырысады. Толыққанды даму үшін қоғамның тіршілік-қызметінің барлық салаларында тұрақтылық қажет екенін атап көрсеткен жөн. Бір саланың тұрақсыздығы мен кері кетуі барысында екінші бір саланың сапалық оң өзгерістерін елестету мүмкін емес. Мұндай жағдай қазіргі Қазақстанды да айналып өте алмады және республикалық билік демократиялық қоғамдық өзгерістердің алғашқы жылдарында біршама тепе-тендігі бұзылған қоғамдық өмірдің барлық салаларында тұрақтылыққа жетуді әрдайым негізгі міндет етіп қойды.

Қазіргі Қазақстан қоғамында саяси орталықтың барлық жаңа әрекеттерінде байқалатын, арнайы зерттеуді және жүйелі де кешенді талдауды талап ететін саяси тұрақтылыққа жету мен оны сақтау мәселесі өзекті бола түсуде. Қазіргі ғылымда «тұрақтылық» және «тұрақтандыру» ұғымдарына берілген анықтамалар өте көп. Сондықтан зерттеліп отырған проблемаға қатысты батыстық ғылымда да, еуразиялық, отандық ғылымда да бірыңғай көзқарас жоқ екендігін айтқан. Тұтас алғанда, «тұрақтылық» ұғымының мазмұнын мынаған әкеп тіреуге болады: тұрақтылық — бұл орнықтылық, бір қалыптылық, өзгермеушілік; жүйенің өзінің құрылымын өзгеріссіз сақтай отырып және тепе-теңдікті үзбей отырып жұмыс істеу қабілеті.

Қазіргі саяси, әлеуметтану және заң ғылымдарында саяси тұрақтылықтың табиғатына қатысты көптеген көзқарастар бар, оларға төмендегілерді жатқызуға болады:

  1. Тұрақтылық қоғамда легитимді емес зорлық-зомбылыққа шынайы қауіп төнуінің болмауы немесе мемлекетте оны болдырмаудың мүмкіндіктерінің болуы ретінде түсініледі;
  2. Тұрақтылық — бір үкіметтің біршама ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуі және соған сәйкес оның өзгермелі ақиқатқа ойдағыдай бейімделу ептілігі. Алайда, мұнымен келіспеуге де болады, өйткені тұрақтылықтан тұрақсыздыққа ығысу қайсыбір үкіметтің тек құлауымен ғана түсіндірілуі мүмкін;
  3. Демократиялық елдерде тұрақтылықты айқындаушы фактор кон-ституциялық тәртіптің болуымен сипатталады;
  4. Тұрақтылық саяси биліктің легитимділігінің нәтижесі ретінде;
  5. Тұрақтылық саяси жүйеде құрылымдық өзгерістердің болмауы ретінде немесе оларды басқару қабілетінің болуы ретінде;
  6. Тұрақтылық мінез-құлық үлгісі және қоғамдық атрибут ретінде. Бұл жағдайда қоғамдағы қоғам мүшелерінің осы нормалардан кез келген ауытқуы тұрақсыздыққа ұрындыратынын есте ұстауымыз керек.

Сөйтіп, саяси тұрақтылық, менің көзкарасым бойынша, бұл сыртқы және ішкі әсерлер жағдайында, өзінің құрылымын және қоғамдық өзгеріс процестерін бақылауға қабілеттілігін сақтай отырып, тиімді жұмыс істеуге және дамуға мүмкіндік беретін қоғамның бір қалыпты жағдайы. «Саяси тұрақтылық» термині ағылшындық және американдық саясаттануда пайда болды, оларда бұл саяси жүйенің өзгерістерін талдау үшін, оның жұмыс істеуінің оңтайлы тетіктерін іздестіру үшін қолданылды. Саяси тұрақтылық жағдайын катып қалған, ешқашан өзгермейтін догма деп түсінуге болмайды. Тұрақтылык жаңару үдерісінің нәтижесі ретінде қарастырылады, ол сол жүйенің өзінің ішіндегі жүйе құрушы және жүйені өзгертуші үдерістердің арасындағы тұрақсыз тепе-теңдік жиынтығына жатады. Саяси тұрақтылық мақсаттардың, құндылықтар мен оларды жүзеге асыру құралдарының ортақтығын және сабақтастығын көрсететін байланыстар мен қатынастар жүйесі үстемдік ететін қоғамдық дамудың сапалық жай-күйі ретінде, белгілі бір қоғамдық тәртіп ретінде қабыл алынады. Сонымен бір мезгілде тұрақтылық — бұл әлеуметтік-экономикалық өмір субъектілерінің ішкі және сыртқы жүйені бұзатын әсерлерге қарсы тұру және оларды бейтараптандыру қабілеті. Бұлайша түсіндіруде тұрақтылық қоғамдық жүйенің өмірлік қамтамасыз етілуі мен дамуының маңызды механизмі ретінде түсініледі.

Саяси тұрақтылықтағы басты нәрсе — бұл билік құрылымдары қызметінің легитимділігінде, айқындылығында, тиімділігінде байқалатын, саяси мәдениеттің нормалары мен құндылықтарының тұрақтылығында, мінез-құлық типтерінің үйреншіктілігінде, саяси қатынастардың бір қалыпты-лығында байқалатын тәртіпті қамтамасыз ету. Тәртіп құндылықтарына дәстүрлі бағдар ұстаған қоғамдардың едәуір жетістіктерге қол жеткізгені белгілі. Сондай-ақ, керісінше, қоғамда өзгеріс құндылықтарының абсолюттендірілуі проблемалар мен шиеленістердің шешілуіне қиындықпен қол жеткізілуіне алып келді. Даму мен тәртіптілік қатар өмір сүруі үшін келісімділікке, бір ізділікке, өзгерістердің кезең-кезеңімен жүруіне қол жеткізетін бағдарлама қажет. Адамдардың мүмкіндіктеріне, ұғымдарына сәйкес келетін саяси өзгерістерінен нақ осы мақсаттарын тандау мен дамудың тәртіптілігі (нормасы) айқындалады. Өзінің шынайы экономикалық, әлеуметтік, мәдени-психологиялық алғышарттарынан айрылған өзгерістер, олар қаншама бастамашыл (элитаға, басқарушы партияға, оппозицияға және басқасына) болып шықса да, қоғам оны көпшіліктің «нормасы», «тәртібі» ретінде қабылдай алмайды. Әзірліксіз өзгерістерге, тәртіпке келтірілмеген дамуға деген реакция басым көпшіліктің қоғамды бүлдіруіне әкеледі.

Саяси тәртіптің дәрежесіне, сондай-ақ қауымдастықтың әр түрлі деңгейлерінің әлеуметтік мүдделерінің даму қарқыны да ықпал етеді және олардың өзара әрекетін қамтамасыз етуге қабілетті. Менің ойымша, тек мүдделердің ерекшелігін, автономдығын, қызмет бағдарламаларының көптігін есепке алу жеткіліксіз, сондай-ақ олардың бір-бірімен сыйысымдылығын түсіну де маңызды болып табылады. Қоғамда саяси процеске барлық қатысушылардың мүдделері мен көзқарастарының келісім аймағы, мінез-құлықтың бірыңғай ережесі болуы тиіс. Саяси тәртіп әр түрлі саяси күштерде ортақ түпкілікті мүдделердің және оларды қорғау мақсатында ынтымақтастықтың қажеттілігінің болуы негізінде қалыптасады. Ал, қоғамның әлеуметтік мүдделерінің даму қарқынын реттеуші тәсілдерге келер болсақ, олар конфронтациялық (шиеленісті) және консенсусты болуы мүмкін.

Бұлардың бірінші типі жеңу мүмкіндіктерінен және кейде белгілі бір мүдделі топтарды жоюдан шығады. Бұл жағдайда саяси интеграцияның (бірігудің), тәртіпке қол жеткізудің бірден бір күші күштеу болып есептеледі. Ол туындаған проблемаларды шешудің тиімді әдісі ретінде қарастырылады. Әлеуметтік қатынастарды реттеудің консенсустық типі әр түрлі әлеуметтік мүдделердің болуын мойындаудан және дамудың принципті проблемалары бойынша олардың келісімінің қажеттілігінен шығады. Бұл консенсус үшін саяси іс-әрекеттің барлық қатысушылары қуаттайтын ортақ принциптер, құндылықтар негіз болып саналады. Саяси тәртіп үшін ең қауіпті нәрсе халықтың тарапынан саяси және адамгершіліктік (үлгі-өнегелік) құндылықтар мен мұраттарға деген сенімнің жоғалуы болып табылады.

Саяси тұрақтылыққа, саяси тәртіпке әдеттегідей екі тәсілмен қол жеткізіледі: не диктатура арқылы, не болмаса демократияның кеңінен өрістеуі арқылы. Күштеу, қысым жасау, репрессия арқылы қол жеткен тұрақтылық тарихи тұрғыдан ұзаққа бармайды, ол көмескі сипатта болады, өйткені оған халық бұқарасы мен оппозияцияның қатысуынсыз, «жо-ғарыдан» қол жеткізіледі. Ал, демократияның, кең әлеуметтік базаның, дамыған азаматтық қоғамның негізіндегі тұрақтылық — бұл басқа нәрсе. Тұрақтылық халықтың саяси билікке қарымқатынасынан, саяси режимнің әр түрлі топтардың мүдделерін ескеріп, оларды келістіруінен, элитаның өзінің орны мен жағдайынан, қоғамның өз ішіндегі қатынастардың сипатынан түзіледі. Саяси тұрақтылық абсолютті, статикалық және динамикалық болып бөлінеді.

Саяси жүйелердің абсолютті (толық) тұрақтылығы нақтылығы жоқ абстракция болып саналады. Өзінің ықтималдылығы жағынан мұндай тұрақтылық тіпті ішкі динамикасынан айрылған «өлі» жүйелерде де болуы мүмкін емес, өйткені ол тек саяси жүйе мен оның элементтерінің толықтай қимылсыздығын (қозғалыссыздығын) ғана емес, сондай-ақ сырттан болатын кез келген әсерден оқшаулануын көрсетеді. Егер абсолютті тұрақтылық әл-ауқаттылықтың жоғары деңгейінде, дәстүрлердің жаңғыруы барысында, теңсіздіктің жойылуында, қатаң билік жүйесінде мүмкін болатын болса, онда сыртқы факторлардың ықпалымен және ішкі дағдарысты құбылыстардың өсуімен байқалатын тұрақсыздықтың орын алуы тек уақыттың ісі болады.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.