iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Саяси басқару

Бұл мәлімет 480 рет қаралды

Саяси басқару билік құрылымын қалыптастыруда, үкіметтің бағдарламасын айқындауда, заң актілерін даярлау мен қабылдауда, экономиканы реттеуде, биліктің әртүрлі деңгейлері мен түрлі тармақтарының өзара әрекеттесуін ұйымдастыруда саясаттанудың ғылыми әдістері мен қол жеткізген нәтижелері кеңінен пайдаланылады. Қоғамды басқару үрдісі барған сайын ғылымилану үстінде, ал саясаттану болса психология, кибернетика, әлеуметтану және экономикамен және өзге де ғылымдармен қатар оған өзіндік үлесін қосуда. Саяси басқару — саяси өмірдің басты және бөлінбейтін бөлшегі болып табылады. Оның көмегімен қоғамдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік үрдістердің ауқымды міндеттері де, сонымен қатар, бұқараның сеніміне кіру, сайлауда жеңіске жету, даулы жағдайды шешу және т.б. сияқты нақты мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізумен байланысты ұсақ мәселелер де шешімін табады. XX ғасырдың екінші жартысында біртіндеп саяси-басқарушылық пәндерінің тұтастай бір кешеніне айналған саяси басқару деп аталатын білімнің жаңа саласы қалыптасты. Бұл күрделі ғылыми кешен әлеуметтік-гуманитарлық пәндердің үш топтамасының пәндік кеңістігінің қиылысында қалыптасты, олар: 1) әлеуметтік-саяси (саяси, әлеуметтік және экономикалық ғылымдар); 2) когнитивтік (философия, психология және ақпараттық-байланыстық зерттеулер); 3) менеджерлік (мемлекеттік басқару, ұйымдастыру теориясы, жалпы менеджмент, әскери ғылымдар). Әлеуметтік-гуманитарлық білімдер аясы електен өткізілді, уақыт өте келе оған математикалық, кибернетикалық зерттеулер, ақпаратты өңдеу әдістемесі қосылды. Осынау електен өткізілген пәнаралық саланың басында 1940-50 жылдары Г. Лассуэлл мен Г. Саймон тұрды. Лассуэлл Д. Лэрнермен бірігіп «Саяси-басқару ғылымдары» (1951 ж.) деген еңбекті даярлады. Саймон болса өзіне Нобель сыйлығын әкелген «Әкімшілік жүріс-тұрыс: әкімшілік ұйымдардағы шешім қабылдау үрдісін зерттеу» деген монографиясын жариялады.

Бүгінгі саясаттану әдебиеттерінде «саяси басқару» термині кеңінен қолданысқа ие болды. Алайда оның мәніне қатысты пікірлер көптігімен ерекшеленеді. Осы саладағы зерттеушілер саны қаншалықты көп болса, саяси басқарудың соншалықты көп анықтамасы бар. Сондықтан бұл ұғымның мәнін анықтап, оның қоғамды басқарудағы орны мен ролін түсіну үшін ең алдымен «саясат» және «басқару» ұғымдарының мәнін айқындап алған жөн. Саяси ғылым тарихы оның мазмұны мен нысанының өзгеріссіз қалмайтындығына, әртүрлі факторлар әсерінен өзгеріске ұшырайтындығына, әлеуметтік даму зандылықтарымен тығыз байланыстылығына, әртүрлі қоғамдар мен тарихи кезендерде өзіндік ерекшеліктерімен көрініс табатындығына куә болды. «Саясат» термині Ежелгі Грекияда пайда болды және polis-қала-мемлекет деген сөзден құралған. Дәстүрге сай Аристотель еңбектерінен бастау алатын оның негізгі мазмұны мемлекетке тиесілі болатын мемлекеттік басқару нысанын саралаумен, сипаттаумен және мінездеме берумен байланыстырылды. Мұндай көзқарас ұзақ уақыт бойы толығымен мемлекетке бағышталған саяси ғылымда мықтап орныққан болатын. Тіпті XX ғасырдың бас кезінде американдық Дж. Гарнердің «Саяси ғылымдарға кіріспе» деп аталатын әйгілі оқулығында саяси ғылымның мемлекеттен басталып мемлекетпен аяқталатындығы жөнінде тұжырымдама жасалған болатын.

Мемлекеттің көптеген анықтамасы бар: дескритивтік және нормативтік, діни және зайырлы, пәлсафалык және құқықтық, әлеуметтанушылық, саяси және либералдық, консервативтік, әлеуметтанушылық және т.б. Бұл институттың қызметтері, мөні мен саясаты да әрқилы талданады. Алайда мемлекеттің тарихи-табиғи дамудың жемісі екендігі, адамдар қауымдастығында реттеуші, ұйымдастырушы және әділдік етуші екендігі, ортақ игілікті айқындап, барлық мүшелерінің ортақ мүддесін білдіруші екендігі жөніндегі көптеген зерттеушілердің пікірлері бір жерден шығады. Ол арнайы институттар мен мекемелердің жүйесі және кәсіби басқарушылардың тобы арқылы негізгі «ойын ережесін» қалыптастырады және өз билігіне адамдардың жүрістұрысы мен қоғамдық үрдістерге әсер етуге қажет сәйкес қорлар мен мүмкіндіктерді алу арқылы оның орындалуын қадағалайды. Осылайша, барлық маңызды басқару қызметтері, сонымен қатар, барлық саясат мемлекеттің қызметіне тәуелді болады. В. И. Лениннің көзқарасы бойынша, саясат даму кезеңінде мемлекеттік істерге қатысуды, мемлекетті бағыттауды, мемлекет қызметінің нысанын, міндетін, мазмұнын айқындауды білдіреді. Алайда қоғам дамуына байланысты оның өзін-өзі ұйымдастыру институттарының құрылуымен (партиялар, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, БАҚ және өзге де азаматтык қоғам институттары), сонымен катар, демократиялық үрдістер мен билікті жүзеге асыру тетіктерінің құрылуымен саяси аядағы жағдай түпкілікті өзгеріске ұшырайды. Мемлекет біртіндеп саясаттың жалғыз құралы ретіндегі мәнін жоғалта бастайды. Оның дамыған азаматтық қоғам институттарымен байланысуы саяси биліктің демократиялық сипатқа енуіне ықпал етеді. Тиісінше, саясатты түсінуге де түзетулер енгізіледі. Саясат көбінесе қоғамның өмірлік маңызы бар мүдделерін, қажеттіліктерін және мақсаттарын жүзеге асыру үшін бұқаралық билік институттарын пайдаланумен байланысты орын алатын қоғамдық қатынастардың айрықша түрі ретінде қарастырылады. Саяси ғылымның басты назарында тек мемлекет қана емес, билік пен барлық саяси жүйе болады. Зерттеушілерді саясаттың әртүрлі субъектілерінің билікке таласуының заңдылығының мәселелері, олардың саяси жүйедегі ролі мен қызметтері, оны оңтайландырудың сипаты мен тетіктері, мемлекеттік органдардың қызметіне әсер етудің нысандары мен әдістері, кадр саясаты мен қоғамдық істерді басқарушыларды тандау, қоғамды міндеттеуші шешімдерді жасау, қабылдау және жүзеге асыру барысындағы басқарушылар мен басқарылушылардың әрекеттесуі көп қызықтырады.

Саясатты жасау мен жүзеге асыру тетіктері әртүрлі мемлекеттерде өзіндік сипатқа ие болады. Мысалы, бұрынғы КСРО-да саясат пен басқару толығымен мемлекет қызметіне тірелетін еді. КОКП-ның болуы ешнәрсені өзгерткен жоқ. Ол кеңестік саяси жүйеде ядро рөлін атқарған, басқарушы және бағыттаушы күшке ие, саяси басқару мен бақылау қызметін жүзеге асырған мемлекеттік партия болды. Партиялық басқарудың мәнісі партияның қоғам дамуының бағыттарын айқындап, оның жүзеге асырылуын мемлекеттік және қоғамдық институттар арқылы бақылауында болды. Жеке мүдде мен кұқық мәселесі есепке алынбады, тіпті мүлде қаперден тыс қалдырылды. Мемлекеттік басқару тіптен қоғамның және жеке тұлғалардың барлық істеріне басшылық жасау ретінде қарастырылды. Социалистік құқықтық жүйеде құкықты бұқаралық және жеке деп бөлу орын алмады, ал конституциялық құқық мемлекеттік құқыққа айналдырылды. Басқару ғылымның бір саласы ретінде заң ғылымдары аясында негізінен әкімшілік құқық саласында дами алды. Батыс мемлекеттерінде, әсіресе АҚШ-та, меншік, экономика мен басқару басынан бастап жеке, саясаттан тыс мәселелер болып танылды. Қоғамның бұқаралық (қоғамдық) өмірі саяси-мемлекеттік болды, бірақ, тәжірибеде олай болмағандықтан, саясат пен басқарудың көп мәнділігіне алып келді. XIX ғасырдың соңында қоғамды басқару ғылымы және бизнесті басқарудан толықтай бөлініп шықты және оны көптеген мемлекеттерде саясаттану ғылымдары шеңберінде салыстырмалы мемлекеттік басқару, жария құқық және саяси теория сияқты пәндермен қатар меңгереді. Бұған сол кезендегі әлеуметтану мен саясаттану ғылымдарының да мемлекеттің қоғам істерін басқарудың ерекше тетігі ретінде қарастырылуы өз әсерін тигізген еді. Сәл кейінірек, XX ғасырда бұқаралық басқару үрдісін және мемлекеттік қызметшілердің өздерін ғылыми менеджмент негізінде кәсібилендіруге талпыныстар бұқаралық басқару шеңберінде public policy, қазақшаға аударғанда жеке адамның, ұйымның немесе үкіметтің әрекеттерінің (қағида, жоспар, бағыт) мақсатқа сай, ақылға қонымды курсы деген мағына беретін жаңа ғылым саласының пайда болуына алып келді. Қазіргі кезде бұқаралық басқарудың бұл саласы policy science, яғни бұкаралык саладағы (саяси бағыттар туралы ғылым) әрекеттерді (шешім) жасау мен жүзеге асыру туралы ғылым деп аталады. Ол кей кезде policy analisis (басқарушы бұқаралық органдардың қызметі мен оның қоғамға әсеріне сырттан математикалық және арнайы саралау жасауға бағытталған) және policy making (осы органдардың шешімдерін жасау мен қалыптастыру) болып екіге бөлінеді.

«Мемлекеттік саясат» терминін түсінуде де үлкен өзгерістер орын алды. Кең мағынасында бұл сөз үкіметтік мекемелердің өзінің айналасындағылармен қарымқатынасын білдіреді. Мысалы, канадалық маман Лесли Пал мемлекеттік саясатты нақты бір мәселені немесе бір-бірімен байланысты мәселелер жиынтығын шешу үшін мемлекеттік орган таңдаған әрекеттен бас тарту ретінде түсіндіреді. Британдық зерттеуші Ричард Роуздың тұжырымдауынша, мемлекеттік саясат — бұл кімте қатысты болса, сол үшін накты бір салдары болатын, бір-бірімен тығыз байланысты әрекеттердің ұзын тізбесі. Американдық саясаттанушы Д. Истон мемле-кеттік саясатты барлық қоғам үшін қүндылықтарды жеке дара бөліске салу ретінде қарастырады. А.Капланның ойы да осы тектес, оның пікірінше, мемлекеттік саясат әрекеттердің кұндылықтар мен мақсаттардың алдын-ала жоспарланған бағдарламасы. Батыстық саяси ғылымның көзқарасы бойынша, саяси басқару саясатпен тікелей байланысты. Кейбір радикалдық көзқарастағы саясаткерлердің пікірінше, саясат пен басқаруды бөліп қарастыру ғылыми тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да алып қарағанда қателік. Басқарудың мазмұнын саясат айқындайды, басқару теориясы дегеніміздің өзі саяси теория, ал мемлекеттік саясат басқару жүйесі арқылы жүзеге асырылатын саяси басқару қызметі ретінде қарастырылады. Саясат пен басқару ұғымдарының үйлесетіндігі жайлы мәселені тереңірек айқындай түсу үшін басқару теориясы саласындағы мамандардың да ойларын ескеру қажет. Олардың пікірінше, баскару — бұл:

біріншіден, жүйенің қызмет етуі мен дамуын, қызмет ету режимін қалпында ұстауын, құрылымды ретке келтіруін қамтамасыз ететін қызмет, күрделі (әлеуметтік, қоғамдық) жүйе элементі;

екіншіден, қоғамға бағыттау жолымен немесе қоғамдық институттар көмегімен (басқару субъектілері) әсер ету;

үшіншіден, басқару субъектілерінің қызметінің бағдарламалары мен мақсаттарын айқындау, шешімді даярлау мен қабылдау, оның орындалуын ұйымдастыру және бақылау;

төртіншіден, тек арнайы институттардың ғана емес, қатардағы азаматтардың басқару ісіне араласуы;

бесіншіден, өзге салаларда да өзгерістердің болуына алып келетін қоғамның бір саласында басшылық жасау.

Осылайша, саясаттанушылар мен басқару теориясы саласындағы мамандардың ойлары бір-бірімен сәйкес келеді, соның нәтижесінде саясат пен басқарудың ажырамастығы, саяси басқару мәселесінің ғылыми және тәжірибелік мәні жөнінде тұжырымдама жасауға болады.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>