artemis

Политеизм мен монотеизм

Политеизм дегеніміз («көпқұдайлылық», грек тілінен аударғанда — көп және — құдай) — көп құдайдың барлығына негізделетін діни жүйе. Ғалымдар политеизмді діни өмірдің ең көне формаларының бірі деп қарастырса, ислам және христиан дінінің өкілдері оларды пұтқа табынушылар деп санайды.

Политеистік сенімдерде көбіне құдайлар адамдарға тән бейнелермен суреттеліп жатады. Олардың өздеріне тән мінезі болып, жеке қызығушылықтары болып, өзге құдайлармен және адамдармен қарым-қатынасқа түсе алады.

Түрлі табиғи құбылыстарға жан беру, әруақтар мен жын-перілерге сену, кейбір ғажайып құдайылық күшке ие заттарға сену және ардақтау сияқты көріністер политеистік діндердің көне формаларына тән.

Дамыған политеистік жүйелерде құдайлардың өз пантеондары болып, әрқайсысының өзіндік ерекше қызметтері болады. Мұндай күрделі иерархиялық жүйеде құдайлардың бірі көптеу билікке, ал екіншілері аздау билікке ие. Политеизмде әрбір құдайдың өзіндік бір бейнесі болады. Антикалық мифологияларда құдайлар мәңгі өмір сүретін келбетті ер мен әйел бейнелерінде бейнеленген. Құдайды адам бейнесінде суреттеуді антропоморфизм деп атайды.

Әрбір кұдайдың қызметтік саласы өзге құдайлардың қызметтік саласынан ерекше. Мысалы, Ежелгі Грекияда Артемида — аң аулау құдайы, Афродита — махаббат құдайы, Гефест — теміршілер құдайы, Дионис — шарапшылар құдайы деп есептеледі тағыда басқа. Пантеон басында әдетте жоғарғы құдай тұрып, монотеизмге қарағанда жалғыз болмайтын. Ежелгі Грекия пантеонында найзағай құдайы Зевс тұрды. Политеизмде тайпалық құдайға табыну өзге елдердің құдайын мойындамайды деген сөз емес.

Көптеген құдайдың барлығына сену негізінде әрбір жеке объект, әрбір тірі жанның рухы немесе иесі бар деп сенеді. Политеизмнің ғибадат элементтері құдайылық күшпен қарым-қатынас орнатуға бағытталған еді. Ондағы маңызды салттардың бірі — құдайларына келтіретін құрбандықтары еді. Оның мақсаты, адам құдайға құрбандық шалу арқылы өзіне қажетін сұрау болды.

Политеизм бастапқы наным-сенім мен ежелгі заман діндеріне тән болғанымен, қазірге дейін өз ықпалын сақтап қалған. Индуизм, синтоизм, даосизм сияқты қазіргі бірқатар діндерді де политеистік діндер қатарына жатқызуға болады. Политеизмнің белгілері африкандықтар, Австралияның тұрғылықты тұрғындары, Солтүстік және Оңтүстік Америка тұрғындарының құдайға табыну салттарында да көрініс тапқан. Олардың діни жүйесі мифологиямен байланысты.

Монотеизм («бірқұдайлылық», грек тілінен аударғанда -бір және -құдай) — бір құдайға шақыратын діни сенім мен оқыту жүйесі. Монотеистік діндердің негізінде «барлық әлемнің жаратушысы мен барлық нәрсенің бастамасы болып бір абсолютті Құдай» принципі жатыр.

Аты аңызға айналған Ибраһим пайғамбар монотеизмнің арғы атасы болып саналады. Аңыз бойынша, бір күні ол аспандағы шырайлы жұлдызға көзі түсіп, сұлулығына тәнті болады. Ибраһим таңырқаған күйі жұлдызды ғибадат етуге лайық құдіретті күш иесі деп таниды. Кейіннен аспанда ай пайда болып, жұлдыздың жарығын жауып тастайды. Ибраһим пайғамбар айды сиынуға лайық құдай деп санады. Кейіннен айды күн ауыстырып, барлық жарық көздерін жоғалтып жіберді. Күн жылу мен жарық таратады, демек құдай болуға сол ғана лайық — деп санады. Алайда кеш түсе күн де батты. Мұны көрген Ибраһим мынадай қорытындыға келді: «Нақты бір затқа құлшылық жасамау керек, керісінше адам көзі көрмейтін, барлық нәрсені жаратқан құдіретті күшке сиыну керек. Айды, күнді, жұлдыздарды және аспан астындағы өзге де құбылыстарды біріктіретін бір күш бар. Әлем жаратушысы мен өмір мағынасы, жоғарғы заң қалаушы, аса құдіретті және адам ақылы мен қиялына сыймайтын бір бастама бар».

Монотеизм әлемдегі барлық құбылыстың бірлігі идеясын көрсетеді. Құдай көзге көрінетін, материалды болмайды. Адамдарды, жануарларды және жансыз заттарды біріктіруші күшке жатады. Шексіз Құдай уақыт тауқыметіне бағынышты болмай, мәңгілік күш иесі болып қала бермек. Құдайға сенетіндер оған абсолюттік мінездеме береді. Ол — абсолютті жақсылық иесі, абсолютті білім иесі, абсолютті сұлулық иесі. Құдай — жоғарғы идеал иесі. Яғни, бір Құдай идеясы арқылы адамдар ғаламның бірлігі мен әмбебаптығын, ондағы барлық бөліктің кереметтілігін, сонымен қатар өзге әлемдермен мыңдаған жіптермен байланғанын, тамырластығын көрсеткісі келген.

Иудейлік, христиан және ислам діндерінің негізін Ибраһим қалағандықтан, бұл діндерді Ибраһимдік дін деп атайды. Бұл діндер монотеистік болып табылады. Бұл діндерді ұстанатындар бастапқыда адамзаттың барлығы бір құдайға табынғандарына, уақыт келе өздерінің негізгі сенімін өзгертіп, көптеген құдайларға сиына бастағанына нық сенімді.

Иудейлік монотеистік дін болғанымен, алғашқыда политеистік көрініске ие болған. Иудейлер арасында жүйелі түрдегі бір құдайға табынушылық б.з.д. I ғасырда қалыптасты. Алайда, монотеизмнің бастауы одан да терең де. Ғалымдардың зерттеулері нәтижесінде бір Құдайдың барлығы идеясының терең тарихы бар екені дәлелденді. Көне дәуірдегі түрлі діни сиынуларда бір тәңірге сиыну дәстүрі болды. Көне Мысырда құдайлар пантеондарының көптігіне қарамастан, күн құдайы Амон-Раның рөлі ерекше еді. Б.з.д. XIV ғасырда атақты фараон Аменхотеп IV көптеген жергілікті және тайпалық құдайларға табынуды тоқтатқызып, күн құдайы Атонға сиынуды енгізді. Көне Месопотамияда Вавилонның қорғаушысы Мардук ерекше орынға ие болатын.

Монотеизм қалыптаса келе түрлі діндерде көптеген құдайлар арасынан басты құдіретті құдайды бөліп қарастырады. Мысалы, индуизм дінінде Вишну, Шива сияқты құдайлар Брахманның сыртқы келбеті ретінде қабылданады.

Көптеген ғалымдар түріктердің көне тәңірлік дінін монотеистік дінге жатқызады. Себебі, онда Тәңірге сиыну басты орын алып, өзге түрлі күштер мен әруақтарға сиыну екінші орында болған.

Кейбір монотеистік діндерде политеистік көрінісіндегі кейбір белгілер сақталып қалған. Иудей мен мұсылмандар қатаң монотеистік бағытты ұстанып, христиан дінінің үшеуі бір бүтінді құрайтын Құдай (Құдай — әке, Құдай — бала, Құдай — киелі рух) түсінігін бір құдайға сенуден бас тарту деп қабылдайды. Христиандар болса мұндай түсінікті жоққа шығарады. Олардың ойынша, үшеуі де құдайдың жүзі, адамдарға өзін осы үш қырынан көрсетуі деп түсіндіреді.

Діни бірлестіктердің түрлері. Діни бірлестік деп бір орталыққа бағынатын, құрылымы және төменнен жоғарыға дейін басқару жүйесі бар діни мекемелерді айтамыз. Оның түрлері:

Секта («Secta», латын тілінен — «ойлау тәсілі, багыт» деген сөзінен) әдетте орнықты діни ілімге оппозициялық ағым. Әлеуметтік, дүниетанымдық, ғұрыптық қарсылық түрінде пайда болады, тек өзінің ұстанған жолының дұрыстығына күмәнсіздігімен ерекшеленеді. Секталарға тән нәрсе — өздерінің құдайдың қалаулы адамдары екендігіне берік сенім, оқшауланушылық, ғұрыптарына ерекше беріктік, секта мүшелерінің теңдігін жариялау.

Деноминация («denomination», латын тілінен — «атын өзгерту» деген сөзінен) не басқа діни бірлестіктерден бөлініп шығады, не әуелгі бастан дербес қалыптасады. Оған тән нәрселер мыналар: иланушылардың құдайдың қалаулы пенделері екендігіне деген сенімі; кез-келген иланушының рухани қайта тууына деген сенімі; оқшаулану міндетті саналмайды; қоғам өміріндегі және діни тұрмыстағы белсенділік; қауымның мүлтіксіз ұйымдық тәртібі; мүшелерінің құқықтық теңдігі және басшыларының сайланбалылығы; дін қызметшілері мен қатардағы құлшылық иелеріне бөлінбеу, сонымен қатар кәсіби ғұрып атқарушыларының болуы.

Шіркеу — қоғамның барлық дерлік топтарын қамтитын ауқымды діни бірлестік. Әдетте, шіркеудің мемлекетпен байланысы болады. Англикан шіркеуі Англияда мемлекеттік деп есептеледі. Католиктік ұзақ уақыт Италия мен Францияның мемлекеттік діні болған. Көптеген шіркеулерде дінге сенушілер, пенделер (Құдайдың кұлы) мен дін қызметшілері болып қатардағы мүшелерден құралған екі топқа бөлінеді. Шіркеудің қалыптасқан тәртіпке сәйкес иерархиялық (төмен шенділердің жоғары шенділерге бағыну тәртібіне негізделген) құрылымы бар. Шіркеуде, әдеттегідей, прихожандар (христиан шіркеуіндегі діни қауымның мүшесі) қатаң бақылауға алынбайды. Діни бірлестікке Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы жатады.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.