Күй жанрының

Күй жанрының дамуы

XIX ғасырдың басындағы халықтын коғами және рухани өмірінде дәстүрлі күй жанрының одан әрі жалғасын тауып, жан-жақты даму процестеріне түсті. Бұған ықпал болған қазақ даласындағы күрделі саяси, әлеуметтік және тарихи өзгерістер еді — патриархалды-феодалдық қоғам алғашқы қапиталистік жолдары мен жаңа қарым-қатынастарға ауыса бастады. Халықтын мәдени болмысында ән мен күй жанрлары кеңінен қарқындауымен қатар, жеке әншілік пен жеке аспапты орындаушылық (күй шілік) концерттік түрде, биік көркемдік және шеберлік денгейіне жоғарылады. Эстетикалык және музыканы қабылдау қабілеттер мен көзкарастар жаңашыл жолдармен қалыптасып, өнер саңлақтарының статусы көтеріледі: бақсы, жыраулардың рухани мұрасын ақын, әнші, өлеңші, күй ші, сал, серілер кәсіби (авторлық) институт сатысына жеткізді. Сонымен, өнер иелері — оны шығарушылар, орындаушылар және насихаттаушылар — казақ өмірінде биік әлеуметтік мағынада танылып, ерекше сый-құрметке, Ұлт сүйіспеншілігіне бөленді.

Халық тұрмысында ән мен күйдін алған орны, мән-маңызы туралы жоғарыда келтірілген ұлы Абай өлеңінде ән мен күйдің адамның рухани дүниесіндегі орнын асқан шеберлікпен көрсетсе, Алаштың біртуар азаматы Әлихан Бөкейханұлы өзінің «Ән, өлен һәм оның құралдары» атты мақаласында адам өміріндегі ән жанры туралы мынандай даналы пікір айтқан екен: «Жаңа туған бала жылау әні, солқылдау әнімен дүнияға амандасады. Адам жан шығар алдында арпалысып «а-а-а» деп ән салып дүниемен қоштасады. Осы екі бас ән, ақтық әннің арасында адам бірін көтеріп, бірін созып өлең қосып, бір өлеңді бір өлеңге қосарлап, іштен шерін шығарып күйін тарқатады». Ұлт мәдениетінің тарихында ХІХ ғасыр ренессанстық мағынаға ие болып, «алтын ғасыр» аталғаны мәлім.

Бұл дәуірде қазақ жерінде музыка дәстүрлі ауызекі түрде қалыптасып, дамыған. Мысалы, эпикалық өнермен қатар, қажырлы, жігерлі және отты батыс ән, күйлері, кен тынысты, аскақтаған, әуезді — философиялық арқа ән, күйлері, жүрекке жылы, жанға жайлы Жетісу ән, күйлері осы стильдік бағыттарда кеңінен орын алды. Батыс, Арқа, Шығыс, Жетісу ән мен күй мектептері өздерінің аймақтық сипаттарымен қазақ музыкасын одан әрі байытты. Аталмыш творчестволық және орындаушылық ерекшеліктер біртұтас ұлт музыкасының өзегін құрап, көрнекті өкілдерімен танытылды. Олар — Орал, Маңғыстау, Атыраудан атақты Мұхит, Аухат, Өскенбай, Арқадан — Абай, Біржан сал, Ақан сері, Шәкәрім, Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Жетісудан — Дәурен сал Құдабайұлы, Иса Тергеусізұлы, Пішән Жәлмендеұлы және т.б. Ал аспаптық музыка жанрында — Құрманғазы, Дәулеткерей, Әбди, Әлшекей, Байсерке, Бөлтірік, Есбай, Есір, Құлшар, Мәмен, Өскенбай, Тәттімбет, Тоқа, Ықылас және т.б. «Алтын ғасыр» кезеңінде кәсіби халық композиторларының шығармашылықтары ерекше көркейіп, эстетикалық, көркемдік әсерлік дәрежеге (биіктіктеріне) ие болды.

Бұл — ақын, сал, сері, күйші дәуірінде қазақтың әні мен күйі өзінің тақырыптық жағынан кең ауқымды, құрылымы жағынан күрделі, жетілдірілген, қамтыған образдары жағынан сантүрлі болып келеді. Авторлық музыканың стильдік. өзіндік ерекшеліктерінің ішінде айта кететініміз — олардың музыкалық тілі. Мұнда жаңашыл интонациялар (кең интервалдар). жаңарған сарын, күрделі лад жүйесі, тың ырғақтық, ауыспалы өлшемдік өзгерістер басыңқы жүйеленеді. Речитатнвтік мақамдар кең көлемді (диапазонды) әуендермен табиғи түрде болмысын тауып, қатар келтіріліп, нәзік ызғарлы және әуезді әндер өмірдің көпсырлы, көпқырлы көріністерін мәнерлі бейнеледі. Сонымен қатар, музыка сазы ән мәтіндерімен біртұтас болып, адамның ішкі дүниесін, эмоциялық жағдайын тереңінен суреттеді.

Бұл кезеңдегі музыка өнеріне тән құбылыс — ол кәсіби авторлардың өзі шығарған туындыларды өзі ел арасында асқан шеберлікпен орындап, ол әніне үлкен талғамдылықпен өз мәтіндерін шығарып, өнердің ең бір керемет туындыларын танытқан. Аталмыш кезеңдегі музыка өнерінде тақырыптық жағы кең ракурстарды қамтиды: махаббат, сағыныш пен арман. мұн мен шердің тұңғиығы, табиғат құбылысы, туған жерге деген сүйіспеншілік асқан шеберлікпен ашылды. Сонымен қатар, халық композиторларының шығармашылығында қоғамның көкейтесті проблемасы — ұлт мәселелері — үлкен саяси-әлеуметтік деңгейде үнделді (халық тағдыры, бас бостандығы, өмір қайшылықтары, теңсіздік, жалғыздық пен жоқтық және т.б. мотивтер). Академик А.Жұбановтың айтуынша (1906-1968). «XIX ғасырдың композиторлары өз заманының түбегейлі мәселелеріне, ең басты қоғамдық құбылыстарға көбірек көңіл аударады».

Ұлттық өнеріміздің ең бір іргелі және күрделі саласы — аспапты музыка. Бұл көпғасырлы көшпенді мәдениетіміздің өзі мен көзі, қайнар бұлағына айналған мәдени мұрамыздың түрі қазақ даласының қанталанбас табиғат көріністерін, бостандық сүйгіш үнін, азаттық аңсаған арманын, халық тағдыры мен тарихын, аңыз бен шындығын, жануарлар образдарын және басқа да көптеген тақырыптар мен сюжеттерде асқан көркемділікпен, нәзік те қажырлы музыка тіл-әдістермен паш етеді. Қазақтың аспапты музыкасы (бұған домбыра, қобыз, сырнай және т.б. кіреді) формасы менк композициясы жағынан өте көлемді дамыған. Мақамы ұлттық колоритке бай, нақтылы және тартымды, суреттілігі жағынан айқын болып келеді, мұнда кәсіби симфония жанрының өзегі де мол, Қазақ күйінің ұшан теңіз ішкі дүниесі Ұлт тарихының әр кезеңінде халықтың рухани сұранысына тереңінен жауап беріп, оның өзінше найза-ұранына айналған (мысалы, Құрманғазы, Махамбет шығармаларын немесе желтоқсан трагедиясына арналған С.Жүнісовтың күйі және т.б.). Жүздеген жылдар бойы қазақ даласында әртүрлі қоғами-саяси өзгерістер, дана бабалар, ер жүрек аналар, абыз-нысандар, атақты хандар, ақылды билер өтсе де, халықтың жан серігі — әні мен күйі оның күш жігері, наным-сенімі, рухтық тірегі болды. Күй мен ән туралы керемет поэтикалық туындыларды жазған Абай, Жамбыл, Ілияс, Сәкен және т.б. кемеңгерлердің есімдері көпшілікке белгілі. Күй — адамның ішкі дүниесінің сыры. Қазақ бір бірімен кездесе қалғанда «Күйің қалай?» деп жүздеседі. Күйдің құдіретті тілі туралы ұлы Абай:

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді.

Тыңдағанда көңілдің әсері бар. —

десе, ал дарынды ақын Иса Байзақов:

Күйлердің сөзін ішіп, сорғалатқан,

Бармақтап бал тамызып, жорғалатқан.

Тәтті күй жанның тілі, жігер, қайрат.

Қазағым, мақтана бер, соны тапқан, —

деп шаттанған екен.

Күй жанрына тұңғыш назар аударған, оған лингвистік және музыкатанушылық көзқараспен нақтылы және құнды пікір жазған профессор Құдайберген Жұбановтың (1899-1937) мынандай деректерін келтірейік: «Күйлер халық музыкасында сирек ұшырайтын нәрсе. Бұл — осы күнгі Еуропаның симфониясы тәрізді. Мұндай дәрежеге жетісу үшін халық музыкасы жақсы дамыған болуы керек. Сондықтан күйлерді қазақ музыкасынын ең жоғарғы түрінің үлгілері деп білуіміз керек…».

Бұл ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған дәстүрлі музыка өзінің синкреттік түрімен сараланады. Әдетте күй шығармаларында проза пен поэзия, оған қоса музыка табиғи біртұтастықта келістіріліп, өте күрделі циклдық композицияны құрайды. Күй программасында белгіленген тақырып, сюжет тек музыка арқылы бейнеленіп қоймай, арасында әңгіме, өлең қосылып, бай және жан-жақты тәсілдермен ашылып отырады. Заман өзгерген сайын аспапты музыка бұл дәстүрлі болмысынан жіктелініп, концерттік (жеке орындаушылық), ансамбльдік және оркестрлік музыкаға ауысты. Біздің көшпенді өркениетіміздің тарихында домбыраның орны мен маңызы ерекше. Домбыра қазақтың жаны мен тәні, сырын шертетін айырылмас досы. Академик Ахмет Жұбанов айтқандай, «ат жалында, түйе қомында» домбыраның үні арқылы сан-сиқырлы ойлар мен толғаныстар күмбірлеп, сөйлегендей… Халқымыздың рухани тарихында көптеген дарынды домбырашы, атақты күншілердің есімдері үлкен сый-құрметпен айтылып, зеректікпен сақталған. Олар — Әбди, Әлшекей, Байсерке, Бапыш, Түркеш, Есбай, Есір, Дәулеткерей, Құлшар, Тока, Тәттімбет, Қыздарбек, Мәмен, Салауаткерей және т.б.

Әр өнер өкілдері өздерінің жалғасын талантты шәкірттерінен тапқан («ұстаз — шәкірт»), ал жас домбырашы күйші ұстаздан алған тәлім-тәрбиесін өсиет ретінде ұқыптылықпен одан әрі дамытқан. Соның нәтижесінде үздік күйшілік өнер атадан балаға мирас болып, халықтың асыл қазынасына айналған. Домбыра музыкасы өзінің тұрақты (стабильді) музыкалық өзектерін сақтап, жаңа тәсілдермен көркемделіп, орындаушылық және стильдік түрінен «төкпе» және «шертпе» деп жүйеленеді. Оларда негізгі музыкалық тақырып канонды (өзгертілмейтін) әдістермен өзектеліп, күй мақамы әндік және речитативтік ннтонациялармен безендіріледі. Төкпе күйдің тұрақты элементтері негізгі ой-образдарды екпінді, қажырлы, жігерлі, динамикалық желіске толы музыкамен сомдайтын болса, шертпе күйлер — жүрек тербететін сарындармен, сүйкімді және мәнерлі әуен ырғақпен, философиялық терең толғаныспен ажарланады. Құрылымдық, жанрлық, өзіндік ерекшеліктерімен сипатталатын домбыралық күйлер Батыс, Манғыстау, Шығыс, Арқа және Жетісу аймақтық аспапты музыканың мектептерін құрған.

Күй мәдениетінің тарихи түрде даму жолдарында, мысалға, айтыс күйлерін айта кетуге болады. Маңғыстау өңірінде кең тараған өнердің бұл түрі фольклорист-ғалым Қ.Сыдиықұлының ойынша, қолма-қол тұтқиылдан күн шығарып, өнер сайысына түсу, жарысудан тұрады. Нақтылы дерек ретінде ол күйші Өскенбайдың түрікмен дутаршысы Құлбаймен күй тартысына шыққанын келтіреді. Ғалым «күй айтысы, күймен өнер жарыстыру — халық композиторларынын ерте кезден келе жатқан импровизаторлық дәстүрінің бір үрдісі». — деп тұжырымдайды. Аталған стильдік бағыттарда көптеген классикалық деңгейде шығарылған күйлердің саны бірталай. Сонымен, күйде халықтың дүниетанымы, руханияттық байлығы сақталып, ұлт менталитетінің айнасы ретінде күй жаңа заманда өзінің жалғасын тапты.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.