horse

Жылқыны азықтандыру

Жылқы малы біздің республикамызда ежелден өсіріліп, жан-жақты пайдаланылып келе жатқан төрт түліктің бірі. Жылқы күйіс малы емес, дегенмен, өсімдік тектес азықтарды жақсы жеп, қорытады, оған жылқының ұзындығы 150 метрге жететін тоқ ішектеріндегі микробиологиялық процестер де жақсы жәрдемдеседі. Оған қоса жылқы тұяқты мал ретінде жайылым отын тыңғылықты теріп жесе, қыста тебіндеп жайылады. Сондықтан оларға қосымша азық аз жұмсалып, арзан да, сапалы өнім алынады.

Жылқы қарынының сыйымдылығы небәрі 14-16 л. Өңеш қарынға тура жалғасқандықтан, қарынға түскен азық, не жиналған газ кері қайтпайды — қарын керілсе, өңештің түп жағы жабылып қалады. Сондықтан жылқыны азықтандырудың тәртібін сақтап, азықтарды белгілі бір ретпен беріп, суару ережелерін мұқият сақтаған дұрыс. Өйткені жылқы азықтандыру тәртібінің бұзылуына өте сезімтал келеді. Сонымен бірге микробиологиялық процестерді күшейтетін шырынды азықтарды шамадан тыс көп бергенде, ас қорыту мүшелерінің жұмысы бұзылып, жылқы — «Өлі тию» ауруына шалдығады, себебі қарын-ішектердегі жын дұрыс жүрмей, ашу-шіру процестері басталады, соның салдарынан газдар, улы заттар жиналып, іші кеуіп, түйнек, шанышқақ жабысады. Бұл жылқыны дұрыс азықтандыру мен суарудың мәні зор екенін көрсетеді. Атты азықтандыру. Жылқының басқа ауыл шаруашылық малынан ерекшелігі — оларды жұмысқа қолданады. Сондықтан, бұл ерекшелік олардың ас қорыту және зат алмасу процестеріне әсер етеді. Жылқыны жұмысқа қолданғанда, олардың зат алмасу процесі артып, ағзада қорланған қоректік заттар (гликоген, май, ақуыз) пайдаланыла бастайды. Жұмысқа пайдаланылатын жылқы азықтың сіңірілетін көмірсуын жеткілікті мөлшерде алып тұрғаны жөн, себебі тәуліктік азық рационында крахмал мен қант жеткіліксіз болса, ауыр жұмыста олар өз денелерінің қорын жұмсайды, ең алдымен гликоген, сосын май қолданылады, егер олар энергия балансын теңестіруге жеткіліксіз болса, ақуыздары ыдырап пайдаланылады. Жылқы азықпен энергияны жеткілікті алмаса, тез арықтап, жұмыс істеу қабілеті төмендейді.

Жұмыс атын азықтандыру мөлшерін жасағанда олардың жұмысқа қолданылуы ескеріледі, жалпы азық мөлщерін жүмыс істемейтін, жеңіл, орташа, ауыр жүмыс істейтін атқа жеке-жеке жасайды. Жұмыс атының істеген жұмысының жұмыс мөлшерін анықтау үшін жүк салмағына (кг) жүк тарту күшіне (күш), жүру қашықтығына (м) қарай (килограмм-күш-метр) (ккм) өлшеммен анықтайды. Жұмыс атының тірілей салмағына қарай бұл өлшем 900-200 ккм аралығында жеңіл, 1500-2000 ккм аралығында орташа, 2100-2800 ккм аралығында ауыр жұмысқа жатады. Олардың әрбір 100 кг тірі салмағына 75 г қорытылатын протеин болуы тиіс және олар үздіксіз ас тұзын алып отыру керек. Жұмыс істемейтін аттың тәулік рационына пішен, сабан қосады, аз мөлшерде оларға дәнді азық береді. Жұмыс аты бір азық өлшеміне 80 г қорытылатын протеин, 4-5 г кальций, 4-5г фосфор және 10-15 мг каротин алатын болса, олар салмағын жоғалтпай жақсы жұмыс істей алады. Қоңдылығы ортадан төмен аттың тәуліктік азық рационын 3-4 азық өлшеміне арттырады. Жүмыс аты 100 кг тірі салмағына 4 кг дейін сапалы пішен жей алады. Дегенмен, ірі азықты көп жегенде дем алуы қиындап, жұмыс істегенде кедергі жасайды, не терлегіш келеді. Осы себептен жұмыс ауырлығына байланысты ірі азық мөлшері тәулігіне 100 кг тірі салмағына 2 кг аралығында болған жөн. Жылқыға құрамында астық тұқымдас дақылдары басым дала пішені беріледі. Пішеннің жарты бөлігін сабанмен алмастыруға болады. Жаз айларында жұмыс атты оттықтан 25-50 кг көк шөп жейді де, түн мезгілінде жабайы және мәдени жайылымға жіберіледі. Дәнді азықтың ішінде жылқы малы сұлыны сүйсіне жейді. Жас малға сұлыны тұтас күйінде беруге болады, дегенмен астық тұқымдас дәндерді жаныштап, болмаса жарма түрінде берсе, жақсы қорытады және астықты 6% -ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сұлыны жұмыс атына 6-12 кг, арпаны 6-8 кг, қара бидай, бидайды 3-4 кг, бүршақ тұқымдас дәндерін 2-3 кг беруге болады. Жұмыс атына ірі азықтарды таңертең, жұмыс басталардан кемінде екі сағат бұрын және жұмыстан кейін береді. Түсте дәнді азықтарды, аздаған пішен турамасына араластырып береді. Ауыр жүмыстан кейін қызып келген жұмыс атын суаруға болмайды.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.