iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Жеңіс Ысқақова

Бұл мәлімет 347 рет қаралды

Жеңіс Ысқақова Қызылорда облысының Тереңөзек елді мекенінің іргетасы 1906 жылы Орынбор-Ташкент теміржолын салу барысында қаланған-ды. Ол Сырдария өзенінің жағалуындағы жайылымда орналасқан. Осында 1966 жылдың 9 мамыр күні Жеңіс Ысқақова дүниеге келді. Әкесі Ермағанбет пен ағасы Сәндібек жеңіс күнін тойлап отырғанда бесінші перзенті туады. Сол үшін Жеңіс деп атаған. Анасы Күлпәш Беркімбаева экономика, қаржы саласында қызмет атқарды. Ермағанбет Жеңісті еркелетіп, бетінен қақпай өсірді. Жеңістің аға-апалары — Анар, Гүлнәр, Мәди Алматыда, Жамбыл облысы өңірінде қызметте. Әкесі 56 жасында өмірден ерте өтті.

Жеңіс Ысқақова 8-сыныпты бітіргесін Қызылордадағы музыкалық училищеге қабылданады. Ұстазы — хор дирижері Синявский Жеңісті классикалық үлгіде опера әншілігіне тәрбиелейді. Бірақ та Жеңістің талғамы эстрадаға жақын еді. Сондықтан училищені тастап кетеді. Тереңөзекке қайтып келіп, осында Рамазан Таймановтың жетекшілігінде «Ауылым» ансамблінде өнер көрсете бастайды. 1985 жылы Жеңіс Алматыдағы жастардың республикалық әншілік сайысына қатысады. Сайыстың әділқазылар төрағасы оған мәдениет оқу орнына түсуге жолдама береді. Дегенмен айтқан бетінен қайтпайтын Жеңіс жолдамасын калтасына салып, Алматыға аттанады. Мұнда Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрадацирк студиясына келеді. Оның әншілік дарынын байқаған комиссия мүшелері бірден оқуға қабылдайды. Комиссия мүшесі Лаки Кесоглу өз класына қабылдағысы келіп: «Бұл баланы маған беріңіздер», — дейді. Училищеде опера әншісі Қанат Омарбаев эстрада өнерінен сабақ беретін-ді. Лаки Кесоглу айтқан бетінен қайтпай Қанат сабақ беріп жатқан сыныпқа келіп, айтқанын орындатады. Ұстаздар түсінісіп, Жеңісті эстрада класына ауыстыруды шешеді.

Лаки Кесоглу: — Мен сенен айырылып қала жаздадым. Сенің дауысың — эстрадалық. Сенің дарыныңды осы бағытта дамытуға тырысамын, — деп Жеңісты қуантты.

— Бірде училищенің дәлізінде тұрғанымда бір оқушы маған таяу келіп, «Сені Кесоглу шақырып жатыр», — дейді. Ұстаздың кабинетіне кіргенімде оның қасында бір қазақ кісі отыр екен. Лаки Кесоглу: — Жеңіс , дайындаған сүйікті әндеріңді айтшы. Бұл ағаң композитор Кеңес Дүйсекеев, сенің жерлесің, — дейді.

Ұстазы «Гүлдер» ансамблінің жетекшісі Эдуард Богушевскиймен де таныстырады. Жеңіс Кеңес Дүсекеев, Тілес Қажығалиев, Эдуард Богушевскийдің әндерін «Гүлдер» ансамблінде орындай бастайды. 2-курстан бастап ансамбль ұжымымен Жеңіс концерттік сапараларда Ресей және Прибалтика республикаларының біраз өңірлерінде өнерін көрсетеді. Сапарда жүрген кезінде: «Сен Алматыға тез қайт, Юрмалада өтетін Бүкілодақтық Байқауға барасың», — деген қуанышты хабар алады. Мұнда алғаш рет Халықаралық байқауға қатысып, жеңімпаз атанады. Осы жылдың күзінде Мәскеуде Бүкілодақтық жаңа эстрадалық байқау өтеді. Әділқазылар көңілін баурап алған Жеңістің жұлдызы оңынан туып, тағы да жүлдегер атанады.

Жеңіс Ермағанбетқызының «Гүлдер» ансамблінің қанат жайғанына 35 жыл толуына орай жарық көрген «Гүлдер» кітабында «Есімнен жасыл концерттер кетпейді» деген мақаласы шықты: «Алғаш рет «Гүлдер» ән-би ансамбліне 1987 жылы келдім. Ол кездерде гастрөлдік сапралар мен концерттер көп болатын. Бір айда 30 күн бар десек, соның 20 күнін гастрөлде, жолда өткізетінбіз. Күніне 3-4 концерттер берген кездер де болды. Жылуы жоқ Мәдениет үйлерінде де өнер көрсеттік. Үстімізде капрон көйлек, қолымызда микрофон. Қолымыз катып қалады. Осындай суыққа қарамастан халық үшін сахнаға шығамыз.

Ансамбль шарықтау шегін де, тоқырау кезін де бастан кешті. Бірақ «Гүлдер ансамблі» талай талантты эстрадалық жұлдыздарын әлемге танытып, өнер шаңырағы болғаны баршаға аян. Шетелдіктер үшін қазақтың халық әндері мен билері таңсық. Содан болар, қызығушылық та жоғары. Бұл ұжымда оншақты жыл қызмет еттім. «Жасыл концерттер» ұйымдастырып, талай қызықты күндерді өткізген кездер есімде», — деп жазды. Жеңістің Алматыда өткізген жеке шығармашылық концерті көрермендер көңілінен шықты. Оның репертуарында қазақ және орыс тілдеріндегі әндер көп орын алды.

1992 жылы көп балалы жанұяда тәрбиеленген Тоқтасын Бекболатовпен танысып, отбасын құрады. Тоқтасын ғылым кандидаты, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде доцент. Дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі, грек-грим күресінен «спорт шебері». Өнерден де құр алақан емес, домбыра тартады. Ұлы Айбатыр оқушы. Әкесіне еліктеп күрес, бокс түрімен шұғылданады. Әлішер музыка мектебінде тәрбие алуда. Жеңіс Ермағанбетқызы Ысқақова — ҚР еңбек сіңірген әртісі.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>