Версаль-Вашингтон жүйесі

Версаль-Вашингтон жүйесі

Париж конференциясы

Версаль-Вашингтон жүйесі Бірінші дүниежүзілік соғыс бітісімен жеңіске жеткен елдер алдында соғыстан кейінгі дүниені қайта құру міндеті тұрды. Осы міндетті орындау үшін және бітім келісім-шарттарын дайындап, қол қою үшін Парижде бітім конференциясы шақырылды. Ол 1919 жылы 18 қаңтарда басталды. Оның жұмысына 27 елдің өкілдері қатысты. Конференция жұмыс тәртібін ұлы державалар өкілдері — Францияның премьер-министрі Жорж Клемансо, Англияның премьер-министрі Дэвид Ллойд-Джордж, АҚШ президенті Вудро Вильсон анықтады. Олар мәселені оңаша шешті. Конференцияға соғыста жеңілген елдер шақырылмады. Азамат соғысы жүріп жатқан Ресей де қатыспады.

Жеңіске жеткен елдер арасындағы қарама-қайшылықтар. Вильсонның «14 тармағы»

Соғыстың соңына қарай капиталистік дүниенің жаңа күштерінің арасалмағы анықталды. Әрбір державаның көздеген мақсаты мен материалдық табысқа жетуінің өзіндік жоспарлары болды. Соғыстың үшінші жылында ғана шайқасқа тартылған АҚШ одақтастарына ірі несие беруші және қуатты елге айналды. Осыдан келіп АҚШ-тың Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін дүние жүзін қайта құру бағдарламасы қалыптасып, онда халықаралық қарым-қатынастардың жаңа принциптері белгіленді. Бұл мәселе президент В.Вильсонның 1918 жылы 18 каңтарда АҚШ конгресіне жолдаған «14 тармағында» баяндалып, халыққа жарияланды. Оларда Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында отарлар мен ықпал етуші аймақтарын қайта бөлісу, Антанта елдері арасындағы барлық құпия келісімдерді жариялау, жерде, теңізде жүзу еркіндігін қамтамасыз ету, кеден кедергілерін жою және халықаралық деңгейде «ашық есік» пен «тең мүмкіндік» принциптерін мойындау, қару-жарақ шығаруды шектеу, келіссөздерді ашық және жария түрде жүргізу мәселелері көтерілді. АҚШ Бельгияны қалпына келтіруді, Францияға Эльзас пен Лотарингияны қайтаруды, бейбітшілікті қолдау үшін халықаралық ұйым — Ұлттар Лигасын құру қажет деп есептеді. В.Вильсонның бұл ұстанымдары дүниежүзілік саясаттағы жаңа пікір болатын.

Ұлыбритания алға қойған міндеттерін Париж конференциясына дейін жүзеге асырды. Оның көздегені — қарсыласы Германияны әлсірету және ұлы державалар қатарынан шығару еді. Осман империясының Таяу Шығыстағы үлкен иеліктерінде Германияның ықпалы жойылып, Англия ықпалының күшеюі оның күш-қуатын барынша арттырды. Африкадағы герман отарларын Англия, Франция, Бельгия, Оңтүстік Африка Одағы бөлісуге келіскен.

Соғыстың барысында Франция қатты зардап шекті. Ол несие беруші елден қарыздар елге айналды. Германияның мейлінше әлсіреуін міндет еткен Франция, оны бұрынғыдай ұсак мемлекеттерге бөлу жоспарын құрды, оларды Францияның әскери-саяси одақтастығымен байланысқан елдердің ықпалына бағындыруды көздеді. Франция үкіметі Рейнге дейін шекарасын кеңейту, Германияға барынша төлемақы төлету және Осман империясының иеліктерін өз үлесіне беру сияқты талаптарын да ұсынды.

Бітім конференциясының барысында кешегі одақтастар арасында шиеленіскен алауыздықтар пайда болды. Президент Вильсонның «14 тармағы» негізіне сүйенген келіссөздер барысында жеңіске жеткен елдер өз жоспарларынан бас тартпауға, мүддесін ешкімге бергісі келмеді. Антанта Италияны өз жағына соғысқа тарту үшін оған жер беруге уәде берген еді, Италия осы жерлерді конференцияда талап етті. Ал Италияның қуатсыз соғыс күші бұл иеліктерді алуға қауқарсыз болды. Сондықтан Италияның қойған талаптары орынсыз көрінді. Румыния 1916 жылы өзіне уәде етілген Трансильвания, Буковина және Банат иеліктерін беруді талап етті. Ол 1918 жылы Бессарабияны жаулап алды. Сондықтан Париж конференциясында бұл мәселе талқыланбай қалуы мүмкін емес еді.

Франция Еуропадағы Польша, Чехословакия және т.б. шағын мемлекеттерінен Германияға қарсы одақ топтастыруды көздеп, жеңілген мемлекеттер есебінен аталған елдердің жер аумақтарын кеңейту талабын қойды. Жапония соғыс кезінде Германияның Тынық мұхиттағы отарларын: Каролинг, Мариан, Маршалл аралдары, сондай-ақ Қытайдың Шаньдун түбегіндегі иеліктерін басып алған. Оған қоса Қытайда өз ықпалын күшейте түскен. Сол жағдайды халықаралық шешімдермен бекітуге бел байлаған.

Версаль бітімшарты

Германиямен келісімшарттың мәтіні мамыр айында дайын болды. Бұл елмен жасалған бітімшарт Версаль бітімі деп аталды. 1919 жылы 28 маусымда Версаль сарайының Айналы залында шартқа қол қойылды. Ол соғыстан кейінгі дүние жүзіндегі мемлекетаралық қарым-қатынастарды реттеудегі маңызды құжат болды. Келісімшарт талаптары бойынша Германия аумағының белгілі бөлігі көрші мемлекеттерге өтті. Германия бұрын басып алған Эльзас пен Лотарингия Францияға кері қайтарылды. Экономикалық жағынан аса маңызды Саар облысы Францияның қолына өтті. Бельгия Эйпен және Мальмеди округтерін алды. Данияға Шлезвигтің солтүстік бөлігі берілді. Версаль бітімшарты бойынша Германия өз аумағының 1/8 бөлігі мен халқының 1/12 бөлігінен, отарларынан айырылды.

Германияда жалпыға бірдей әскери міндеттілік жойылды. Ол жалдамалы негізде құрылатын 100 мыңдык әскер ұстауға құқылы болды. Германияға соғыс техникаларын ұстауға тыйым салынды. Соғыс жылдарында Антанта елдеріне келтірген шығындардың орнын толтыру үшін Германия едәуір төлемақы төлеуге міндеттелді. Бірақ оның сомасы жөнінде жеңіске жеткен елдер бір жақты шешімге келе алмады. Лондон конференциясы (1920 ж.) соғыс шығындарынын (репарация) жалпы мөлшерін 132 млрд. алтын марка деп есептеді. Германиямен жасалған шарт оның бұрынғы одақтастары Австриямен, Болгариямен (27 қараша, 1919 ж.), Венгриямен, Түркиямен бітім-шартқа қол қоюмен аяқталды.

Ұлттар Лигасы

Ұлттар Лигасын құру жөнінде Париж конференциясы шешім қабылдады. Оның Жарғысын әзірлеуге арнайы комиссия құрылып, оған ұлы державалардың өкілдерімен қатар ірі және ұсақ елдердің өкілдері де қатысты. Вильсонның басшылығымен қысқа мерзімде Жарғының негізі 1919 жылы 14 ақпанда дайын болды. Лиганың басты мақсаты — халықтар арасында ынтымақтастықты дамыту, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету еді. Ассамблея мен Кеңес Лигасының басты органдары болды. Ассамблея отырысы (Лига өкілдерінің жиналысы) жылына бір рет шақырылды. Ассамблеяның әрбір мүшесі отырыста бір дауысқа ие болды. Ұлттар Лигасын құрудың бастаушысы АҚШ үкіметі оның қатарына кірмей қалды. АҚШ үкіметі еріксізден 1921 жылы тамызда Германиямен жеке бітімшартын жасауға мәжбүр болды. Бұл бітімшартта Ұлттар Лигасы туралы ештеңе айтылмады.

Бірінші дүниежүзілік соғыс Еуропадағы алып күштердің ара-салмағын өзгертті. Аса ірі екі империя — Ресей мен Габсбург (Австро-Венгрия) империялары ыдырады. Азияда Осман империясы құлады. Қуатты империялардың ыдыраған аумақтарында тәуелсіз мемлекеттер пайда болды.

Әзірбайжан, Армения, Грузия

Қазан төңкерісінің және Ресей империясының құлауы нәтижесінде көптеген ұлттық шеткі аймақтар тәуелсіздікке қол жеткізді. Кеңестік Ресей осы мемлекеттердің тәуелсіздігін мойындады. Бірақ ол елдегі оқиғалар большевиктік ұйымдар әзірлеген жоспарлар бойынша өріс алды. Жергілікті большевиктер Қызыл Армияның көмегімен осы жерлерде Кеңес өкіметін орнатты. Олар 1922 жылы желтоқсанда КСРО құрамына енді.

Орталық Азия

Бұл аймақтарда кеңестік тәртіпті Қызыл армия орнатып Түркістан Республикасы, Қазақ Автономиялы Республикасы шыққан. 20-30 жылдарда аймақ аумағында Өзбек,Тәжік, Қырғыз, Түрікмен және Қазақ республикалары жарияланып, КСРО шеңберінде қалды. Кеңес одағында қабылданған конституциялар бойынша әр республиканың оның қатарынан шығып кету құқығы сақталған, тек іс жүзінде Мәскеу тоталитарлық зорлық саясатты жайлатқызып, олардың егемендігін таптап келген.

Түркия

Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілгеннен кейін, 1918 жылы 30 қазанда Мудрос қаласында тізе бүгу туралы келісімшартқа қол қойды. Шарт бойынша, Антанта елдерінің әскерлеріне түрік аумағындағы көптеген маңызды порттар берілді. Ұлыбританияның әскери флоты Стамбұл жанында тұрды. Француздар Киликия облысын алды. Италяндықтарға Анталья мен Кония қалалары берілсе, гректер Кіші Азияның батыс жағалауына орналасты. Темір жолдар, пошта және телеграф жеңімпаздардың бақылауына өтті.

Ұлттық рухы жоғары түрік офицерлері, зиялылары, кәсіпкерлері, саудагерлер, тұрғын халықты басқыншылардың талан-таражынан қорғауға әрекет жасау үшін «Құқық қорғау қоғамын» құра бастады. 1919 жылы мамыр айында гректер Азияның Батыс жағалауындағы өте маңызды порт Измирді алды. Сұлтан үкіметі соғыс жариялағанымен талқандалған армияның соғысуға шамасы келмеді. Осындай жағдайда елдің қорғанысын 40 жастағы генерал Мұстафа Кемал патша (1881-1938 жж.) басқарды. Ол елдің барлық тұрғын халқын тәуелсіздік үшін күресуге шақырды. Ол Кұқық қорғау қоғамының дербес үкіметін, ұсыныс комитетін сайлаушы «Құқық қорғау қоғамының» съезін өткізді. Түрік халқының ұлт-азаттык қозғалысы, яғни Кемал революциясы түрік халқының халық бұқарасы тұрған Анадолының бүкіл аумағын қамтыды. 1920 жылы сәуір айында Анкарада парламент — Түркияның Ұлы Ұлттық жиналысы (ТҰҰЖ) шақырылды.

М.Кемал дамудың республикалық жолын мақұлдады. Бұл сұлтан айналасындағылар мен монархистердің қызу қарсылығын туғызды. Одақтастар революцияны гректердің көмегімен басып-жаныштауды көздеді. Грек әскері шабуылға шықты. Осындай ауыр сәтте М.Кемал Кеңестік Ресейден көмек сұрады. Кеңестік Ресей Анкараға қару-жарақ, оқ-дәрі және ақшалай қаражат жіберді. Осы көмек М.Кемал тобының сұлтан жақтастарын түпкілікті талқандауына мүмкіндік берді. 1921 жылы 20 күндік Сакарья ұрысында М.Кемал қолбасшылық еткен революциялық армия грек басқыншыларын талқандады.

Түркияның Ұлы Ұлттық жиналысы 1922 жылы қарашада сұлтанатты жою жөнінде заң қабылдады. М.Кемал көптеген ескі қалдықтардан құтылып, куатты жаңа держава болу үшін Еуропа елдерінің тәжірибесін қабылдау керек деп есептеді. 1923 жылдың шілде айында Швейцарияның Лозан қаласында өткен конференцияда Түркия халықаралык мойындауға қол жеткізді. Осыдан кейін барлық шетелдік әскерлер елді тастап шықты. 1923 жылы 29 қазанда М.Кемал Түрік Республикасының түңғыш президенті болып сайланды. Жаңа мемлекеттің астанасы — Анкара қаласы болды. 1924 жылы 3 наурызда ТҰҰЖ халифатты жою туралы заң қабылдады.

Араб елдері

Соғыстан кейінгі оқиғалардың ықпалымен арабтың шығыс елдерінде империалистік державалардың отарлық саясатына қарсы жаппай азаттық қозғалыстары басталды (1918-1923 жж.). 1918-1923 жж. Осман империясының бұрынғы иеліктері: Сирияда, Ливанда, Египетте, Мароккода, Алжирде, Бахрейнде, Оманда, Суданда ұлттық қарулы күштердің бас көтерулері болды. 1917 жылы қарашада кабылданған «Ресей халықтары құқықтарының Мәлімдемесі» және Кеңес үкіметінің «Ресей және Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» үндеуі араб халқының көңіл күйіне орасан зор ықпал етті.

Ұлт-азаттық қозғалыстың алғашқы толқындарының нәтижесінде, империалистер араб елдерінен қуып шығарылмаса да олардың отарлық тұғыры мықтап шайқалды. 1923 ж. Египеттің тәуелсіздігі жарияланды. Одан кейін ағылшындар Ирак, Иордания мемлекеттерінің негізін қалауға келісті. Йемен мен Сауд Арабиясы 1920 жылдары өз тәуелсіздіктеріне жетті. Кеңес үкіметі алғашқылардың бірі болып Сауд Арабиясын мойындады. РКФСР үкіметі жаңа корольдікте өзінің өкілетті өкілі етіп қазақ халқының перзенті, көрнекті мемлекет қайраткері, тамаша дипломат, журналист және педагог Нәзір Төреқұловты (1892-1937 жж.) тағайындады. Жеті жыл кеңестік дипломат қызметін атқарған Н.Төреқұлов кеңес-сауд қарым-қатынастарының тұрақтануына, Сауд Арабиясының дипломатиялық қатынастарының қалыптасуына жәрдемін тигізді.

Вашингтон конференциясы

Вашингтон үкіметі Германия және оның одақтастарымен жасалған бітімшарттарында теңіз қару-жарақтарын шектеу, Тынық мұхиты және Қиыр Шығыс мәселелері бойынша қосымша шарттармен толықтыру қажеттігін білдірді. АҚШ үкіметі осыны іске асыру үшін Вашингтонда конференция шақырды. Конференция 1921 жылдың 11 қарашасынан 1922 жылдың 6 ақпанына дейін өтті. Оның жұмысына тоғыз елдің — АҚШ, Англия, Франция, Португалия, Италия, Жапония, Бельгия, Голландия және Қытайдың өкілдері қатысты. Қытайға енудің аса тиімді жолын қамтамасыз ету үшін Америка делегациясы Қытайдың егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеуге шақырып, барлық державалар Қытаймен болатын қатынастарын «ашық есік» және «тең мүмкіндік» негізінде іске асыруды ұсынды.

Тоғыз державаның шартына сәйкес Жапония Қытайдағы бұрынғы артықшылықтарынан бас тартуға мәжбүр болды. Сонымен қатар АҚШ пен Англия Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапония басып алған Шаньдун түбегін Қытайға қайтаруды талап етті. Олар АҚШ жобасын дайындап ұсынған «Тоғыз державаның шартына» қол қойды. Вашингтон конференциясында теңіз қару-жарақтарын қысқарту туралы «Бес державаның шарты» деп аталған құжат қабылданды. Бұл халықаралық қатынастар тарихындағы қарулануды шектеудің тұңғыш келісімі еді.
Париж және Вашингтон конференцияларының шешімдері соғыстан кейінгі халықаралық қарым-қатынастар үлгісінің негізін қалаған Версаль-Вашингтон жүйесін қалыптастырды. Бұл жүйенің құрылуы шиеленістерді бәсендетуге мүмкіндік берді, халықаралық қатынастардың жаңа қағидаларын бекітті, халықтардың өзін-өзі билеу қағидасын мойындады. Бейбітшілікті сақтаудың халықаралық ұйымы ретінде Ұлттар Лигасы құрылды. Бұл жүйенің осындай қол жеткен табыстарымен қатар, оның тиянақсыздығына негіз болған алғышарттар да тіркелген.

Версаль-Вашингтон жүйесінің баянсыздығы

Версаль-Вашингтон жүйесі халықаралық қарым-қатынастардың жаңа үлгісі болғанымен, жүйенің империалистік сипатын өзгерте алмады. Бұл әсіресе Кеңестік Ресейге қарсы жүргізілген күрестің барлық бағытынан көрінді. Капитализмге балама құрылыс ретінде пайда болған социалистік елге интервенция ұйымдастырды. Версаль-Вашингтон жүйесінің бітімшарттарының бірде-біреуіне Кеңестік Ресей өкілдерінің қолы койылмады. Соғыста жеңілген елдер соғыс шығынын төледі, соғыстың бүкіл ауыртпалығы халықтың мойнына түсті. Жеңілген Германияны әлсіретсе де, оның халқының революциялық қозғалысын тұншықтыруға АҚШ, Англия, Франция қол ұшын беруге әзір тұрды. Бірінші дүниежүзілік соғыста көтерілген шовинизм мен ұлтшылдық толқыны бәсеңдеді. Оның күші ұлттық келіспеушілік сезімін қолдаудан көрінді. Ұлтшылдықтың толқуына шекара мәселесін дұрыс шешпеудің де ықпалы болды. Румынияның құрамына венгрлер мен болғарлар орналасқан аумақ қосылды. Бұл жағдай Румыния, Венгрия және Болгария арасында тікелей дұшпандық қатынастардың пайда болуына әсер етті. Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропа аумақтарының шекара мәселесін қайта қарау басқа елдер арасында өткір қайшылықтарды тудырды. Бұл қайшылықтардың әсерінен Болгария мен Югославия, Австрия мен Венгрия, Венгрия мен Чехословакия, Чехословакия мен Польша және т.б. елдер арасында сенімсіздік пайда болды. Версаль-Вашингтон жүйесі — Германия отарлары мен бұрынғы Осман империясының халықтарына тәуелсіздік әпермеді. Ұлттар Лигасы бұл халықтарды мандатпен басқаруды енгізіп, билеушілерін ғана өзгертті. Мандаттар — Англия, Франция және Жапония қолына тиді. Капиталистік мемлекеттер арасында отарларды және кішігірім жерлерді қайта бөлісу жүзеге асты, отаршылдықтың жаңа түрі пайда болды. Сондықтан отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар күресі тыйылмады. Орталық Еуропада үш империяның орнына бірнеше шағын мемлекеттердің құрылуы бұл аймақтағы саяси тұрақсыздықты біржолата жоя алмады. Өйткені осы аймақтағы мемлекеттердің бір-біріне деген көптеген шағым-талаптары сақталып қалды. Ұлы державалардың араларында шешілмеген қарама-қайшылықтар орын алды. Түптеп келгенде, осы жағдайлардың бәрі Версаль-Вашингтон жүйесінін баянсыздығын айқындады.

Германия жағдайын жеңілдету. Германия мен оның одақтастарының соғыс шығынын төлеу туралы халықаралық қатынастардың Бірден-бір негізгі мәселесіне айналған шарты Париж конференциясында шешілді. 1921 жылы белгіленіп, 48 жыл ішінде қайтарылуға тиісті соғыс шығынын Германия төлеуден бас тартты. Бұл жағдай 1923 жылы қаңтарда, оның негізгі өнеркәсіпті ауданы Рурды француз және Бельгия әскерлерінің басын алуына себеп болды. «Рур дағдарысы» Германияда өндіріс өнімдерінің азаюына және құнсызданудың артуына әкеліп соқтырды. АҚШ-тың ұсынысымен Германияға халықаралык несие беру белгіленді. Бұл несие Германия экономикасын қалпына келтіруде үлкен көмек болды. Германия үшін Локарно конференциясының (5-16 қазанда 1925 ж.) шешімі маңызды болды. Франция мен Германия, Германия мен Бельгия арасындағы шекараның мызғымайтындығын қамтамасыз ететін «Рейн кепілдік пактісі» қабылданды. Бұл пакт Германияның көптен күткен саяси теңдігін өзіне қайтарды. 1926 жылы Германия Кеңестің тұрақты мүшесі ретінде Ұлттар Лигасына қабылданды. Соның негізінде оған Ұлы держава мәртебесі берілді. Аталған жағдайлардың бәрі халыкаралық карым-қатынастардың тұрақтылығын біршама нығайтты. Үкіметаралық деңгейде қарусыздану мәселесін талқыға салу тұңғыш рет 20 жылдары қойылған еді. Бірақ Версаль-Вашингтон жүйесінің қару-жарақта теңсіздік орнатуы осындай маңызды қадамның алға басуына кедергі келтірді. Соған қарамастан 1925 жылы химиялық және бактериологиялық қаруларды шығаруға тыйым салуға Женева конференциясы қол жеткізді.

АҚШ-тың оқшаулануы 1920 жылы сайлауда республикашылдардың жеңіске жетуіне мүмкіндік беріп, үкімет басына президент Уоррен Гардинг бастаған жаңа әкімшілік келді. Ол бұрынғы президент Вильсон қолдаған сыртқы саясат бағытынан бас тартып, АҚШ-тың сыртқы саясатының негізін оқшаулану идеясына кешірді. АҚШ-тың оқшаулануы соғыстан әлсіреп шыққан Англия мен Францияның дүниежүзілік саясаттағы жетекші рөлін арттырды.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.