iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Валюта бағамы

Бұл мәлімет 434 рет қаралды

Валюта бағамы екі анықтамаға — атаулы және нақты валюта бағамына бөлінеді. Атаулы (айырбас) валюта бағамы — екі ел валютасының салыстырмалы бағасы немесе бір елдің екінші елдің ақша бірлігінде көрсетілген валютасы. Ұлттық ақша бірлігінің шетел валютасындағы осы сәттегі бағамын белгілеу валютаның құнын белгілеу деп аталады. Ұлттық ақша бірлігінің бағамы бірлік ретінде шетел валютасы қабылданатын тікелей баға белгілеу (еуропалық нұсқа) формасында да, сонымен бірге бірлік ретінде ұлттық ақша бірлігі қабылданатын валютаның құнын кері белгілеу (жанама) бағалау (британдық нұсқа) формасында да (валютаның құнын кері белгілеу негізінен Ұлыбританияда және АҚШ-та бірқатар валюта бойынша қолданылады) белгіленуі мүмкін.

Валюта бағамдарының бір-біріне қарама-қарсы — тіркелген валюта бағамдары жүйесі мен еркін құбылмалы немесе икемді валюта бағамдарының жүйесі және олардың әр түрлі нұсқалары қолданылады. Тіркелген валюта бағамы жүйесінде ҰБ валюта бағамын белгілейді және өзіне оның деңгейін бір қалыпты ұстау міндеттемесін алады. Тіркелген валюта бағамының деңгейі оның тепетең мағынасынан ауытқыған жағдайда, Ұлттық банк валюта нарығында басқыншылықты жүзеге асырады, яғни валюта бағамының жарияланған деңгейін қолдау мақсатында шетел валютасын сатып алады немесе сатады. Егер Ұлттық банктің тіркелген валюта бағамын ұзақ уақыт бойы қолдау үшін жеткілікті резерві болмаса, онда ол ерте ме, кеш пе ұлттық валюта бағасының көтерілетіні (ревальвация) немесе төмендейтіні (девальвация) жөнінде ресми түрде жариялайды. Еркін құбылмалы валюта бағамында Ұлттық банк валюта нарығының қызметіне араласпайды және тепе-тең валюта бағамы шетел валютасына сұраныс пен оның ұсынысы теңелетін деңгейде белгіленеді. Икемді валюта бағам жүйесінде шетел валютасы бірлігінің ұлттық ақша бірліктеріндегі бағасы өсетін ұлттық валюта құнсызданады (арзандайды). Сондай-ақ керісінше, шетел валютасы бірлігінің ұлттық ақша валютасы бірлігіндегі бағасы төмендесе, онда ұлттық валюта қымбаттайды.

Қазіргі заманғы валюта бағамының жүйелеріне икемді әрі тіркелген валюта бағамы жүйелерінің әр түрлі нұсқалары кіреді. Валюта нарығындағы валюталық айлаамалдарға Ұлттық банк тарапынан араласуға жол берілмейтін еркін құбылмалы валюта бағамымен қатар Ұлттық банктің икемді валюта бағамдарына валюта бағамдарының ұнамсыз ауытқуларын «тегістеу» мақсатындағы валюта нарығындағы басқыншылық жасау мүмкіндігі де қарастырылатын «құбылуды басқару» да жатады. Тіркелген валюта бағамы жүйесіне қайсы бір елдің валютасына немесе валюталар «себетіне» «тіркеп қоюмен» қатар ұлттық валюта алдын ала жоспарланған және жарияланған мөлшерге күн сайын девальвацияланатын (құнсызданатын) «сырғымалы тіркеп қою»; бәсекеге қабілеттілікті қалпына келтіру мақсатында ұлттық валюта алдын ала жарияланбаған мөлшерге ұдайы құнсызданатын «реттелетін тіркеу»; ұлттық валюта күн сайын алдын ала белгісіз мөлшерге, алайда алдын ала жарияланған шеңберде құнсызданатын «валюталық дәліз»; ақша жиынының кез келген өсімі тек шетел валютасы резервінің өсімімен орны толтырылатын және Ұлттық банктің үкіметке ішкі кредитке толықтай жол берілмейтін «валюталық кеңес» жатады. Сонымен бірге шетелдік валюта резервтері деңгейіндегі төлем балансымен байланысты кез келген өзгеріс ақша базасының өзгеруін де өзінен-өзі реттейді. Валюта бағамының бірде-бір жүйесінің жұмыспен толық қамту және бағалардың тұрақты деңгейіне қол жеткізуге қатысты ерекше артықшылығы жоқ.

Тіркелген валюта бағамы жүйесінің негізгі артықшылығы -оны болжау мүмкіндігі мен анықтығы, сол себептен аталмыш жүйе сыртқы сауда мен халықаралық несиелердің мөлшеріне жағымды ықпал етеді. Тіркелген валюта бағамы дамушы елдердің және экономикасы өтпелі елдердің тәжірибесі көрсеткендей инфляциямен күрес жолында «атаулы зәкір» ретінде ойдағыдай пайдалануы, яғни тұрақтандыру бағдарламаларында басқа макроэкономикалық көрсеткіштерді әзірлеуде бағдар ретінде болуы мүмкін.

Біріншіден, Ұлттық банктің барлық іс-әрекеті валюта бағамының жарияланған деңгейін қолдауға ғана бағытталады, сондықтан дербес ақша-несие саясатын жүргізу мүмкін емес болуы, екіншіден, валюта бағамының тіркелетін деңгейін таңдау кезінде қателікке жол беру салдарынан ресми валюта резервінің едәуір ысырабына әкеп соқтыру жағдайы да тіркелген валюта бағамының кемшіліктеріне жатады.

Икемді валюта бағамы жүйесі төлем балансын ресми валюта резервінің айтарлықтай ысырап етпей реттеуге ықпал ететін «автоматты тұрақтандырғыш» ретінде болуы және осы жағдайда Орталық банктің нарықтық механизмге араласуын қажет етпеуі осы жүйенің артықшылығы болып табылады. Сонымен бірге валюта бағамының айтарлықтай ауытқуы халықаралық экономикалық қатынастарда тәуекел мен белгісіздік туындата отырып, халықаралық сауда мен қаржыға жағымсыз әсер етеді. Сонымен бірге аталмыш жүйеде ҰБ инфляциялық саясат жүргізуі де ықтимал.

Нақты валюта бағамы
Жабық экономика ашыққа айналғанда өндірушілер мен тұтынушылар бағалардың елде ғана, оның шектерінен тысқарыда жасайтын іс-әрекетін ескереді. Салыстырмалы бағалар немесе кейбір тауарлардың басқа тауарлардың бірліктерінде көрсетілген бағалары өндірушілердің өнім шығару және ол шығарылатын мөлшер жөніндегі шешіміне де, сондай-ақ бюджеттік шектеулер шеңберіндегі тұтынушылардың жоспарына да өте ықпал етеді. Әр түрлі елдерде өндірілетін тауарлардың салыстырмалы бағасын бағалайтын көрсеткіш нақты валюта бағамы деп аталады.

Нақты валюталық бағам шетел тауарлары мен қызметтерінің ішкі тауарлар мен қызметтерде көрсетілген салыстырмалы бағасын білдіреді. Басқаша айтқанда, нақты валюта бағамы бір елдің тауарлары басқа елдің тауарларына сатылуы мүмкін арақатынасты сипаттайды. Нақты валюта бағамын анықтаудың түрлі тәсілдері қолданылады. Жалпы алғанда нақты валюта бағамы тауардың шетелде және осы елде бір валютада көрсетілген бағаларының арақатынасын сипаттайды.

Доллардың фунтқа нақты валюта бағамын анықтау үшін сандық мысал келтіреміз. Өзгермейтін тұтынушы себетінің, яғни үй шаруашылықтары мен фирмалардың атынан кәдімгі американдық және британдық тұтынушы сатып алатын тауар мен қызмет жиынының бағаларын салыстырамыз (бұл ретте әрбір тұтынушы себетінде өз елінде өндірілген тауар мен қызметтің өзіндік үлесі біршама көп болады деп қарастырылады). Британдық тұтынушының себеті 100 фунт, ал американдық тұтынушынікі — 200 доллар делік. Екі себетті салыстыру үшін барлық бағаларды бірыңғай мөлшерге келтіру қажет. Мұны атаулы валюта бағамының көмегімен жүзеге асыруға болады.

Біздің мысалда, егер атаулы валюта бағамы фунт үшін 2 долларды құраса, онда Ұлыбританияда тұтынушылық себет тиісінше 200 доллар (2 доллар/фунт х 100 фунт) тұрады. Осы бағаларда нақты валюта бағамы британдық тұтынушының себеті үшін американдық тұтынушының бір себетін құрайды. Осы көрсеткіштің ұлғаюы фунтқа қатысты доллардың нақты құнсыздануы деп аталады. Доллардың атаулы құнсыздану нәтижесінде, сондай-ақ Ұлыбританияда тұтынушы себеті бағасының көтерілуінен немесе АҚШ-та тұтынушы себеті бағасының төмендеуінен оның нақты құнсыздануы мүмкін. Доллар фунт үшін 2-ден 2,2-ге дейін атаулы құнсызданса, онда бағасы долларда көрсетілген британ тауарының бағасы көтеріледі. Фунт үшін 2,2 доллар бағамында нақты валюта бағамы бір британ себеті үшін 1,1 американдық себетті құрайды. Осы мысалда нақты құнсыздану доллардың АҚШ-та сатып алу қабілетімен салыстырғанда оның Ұлыбританиядағы сатып алу қабілетінің азайғанын білдіреді. АҚШ-тағы бір тұтынушы себеті үшін Ұлыбританияда бір тұтынушы себетінен аз алуға болады.

Доллардың қымбаттауына, сондай-ақ Ұлыбританияда тұтынушылық себет бағасының төмендеуіне немесе АҚШ-та тұтынушылық себет бағасының өсуіне байланысты осы көрсеткіштің кемуі фунт қатысында доллардың нақты қымбаттауын білдіреді. Доллардың әлемдік тауар мен қызмет нарығындағы нақты сатып алу қабілеттілігі американдық тауарға әлемдік сұранысқа, демек американдық өндірушілердің жағдайына да ықпал етеді. Сөйтіп, нақты валюта бағамы — екі елде өндірілген тауарлардың салыстырмалы бағасы немесе шетел тауарларының отандық тауарларда көрсетілген салыстырмалы бағасы.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

Макроэкономика: Оқу құралы / Жалпы ред. басқарғандар: Ә.Ә. Әбішев, К.А. Хубиев. Басылым ықшамдалып алынды. — Алматы: «Экономика», 2008. — 368 бет. Мәлімет оқулықтың 311-ші бетінен алынды.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>