iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Уильям Шекспир өмірбаяны

Бұл мәлімет 265 рет қаралды

Ұлы ақын, драматург Уильям Шекспирдің шығармашылық қызметіне қатысты мәліметтер өте көп сақталған. Оның өмірі мен әдеби қызметіне байланысты материалдар замандастарының берген бағалары, естеліктері негізінде жинақталған. Уильям Шекспир 1564 жылдың 23 сәуірінде Орталық Англияның Стратфорд қаласында туған. Ол отбасындағы 8 перзенттің үшіншісі еді. Әкесі Джон Шекспир қарапайым қолғап тоқушы, саудамен де айналысатын адам болған. Өз еңбегімен абыройға ие болып, қала кеңесіне сайланады, қала әкімі қызметіне де тағайындалады.

Стратфорд Эйвон өзенінің бойында орналасқан, Бирмингамнан Оксфорд пен Лондонға баратындар осы қала арқылы өтетін. Сондықтан, бұл қалада әр түрлі адамдар — мәртебелі саяхатшылар, саудагерлер мен қолөнершілер, кедей студенттер мол болатын. Стратфордқа актерлер труппасы да жиі келіп, түрлі тамашалар көрсетіп отыратын. Бұл оқиға қала мәдениетінің дамуына белгілі дәрежеде әсер етті. Шекспирдің театрға қызығушылығы да осы жерде оянды.

Уильям алғашында ауылдың «Грамматика мектебінде» білім алады. Мұнда негізінен латын тілі үйретіліп, схоластикалық логика мен риторикадан қысқаша түсініктер берілетін. Уильямды әсіресе Рим ақыны Овидийдің шығармалары ерекше қызықтырады, бірақ кедейліктің салдарынан 16 жастағы Уильям оқуды тастап, жұмыс істеуге мәжбүр болады. 18 жасында ол Анна Хэтуэй деген фермердің қызына үйленіп, Сузанна есімді қыз, Юдеф және Гамлет есімді ұлдары дүниеге келеді.

Стратфорд Шекспирдің үлкен талап-мақсаттарын қанағаттандыра алмайтын еді. Ол 1587 жылы Лондонға барып, сондағы театрға қызметке орналасады. Бұл жерде Уильям суфлер көмекшісі, соңынан актер, кейінірек режиссер, тіпті театрды басқару істеріне де араласады. Шекспир театрда алдын басңа авторлардың пьесаларын қайта өңдеп, жаңа мазмұнмен байытады («Адасулар комедиясы», «Әр нәрсенің мейірімі бар», т.б.). Сонымен бірге өзі де пьесалар жаза бастайды және аз уақыттың ішінде шебер драматург ретінде танылады.

Актерлер арасынан шығып үлкен абыройға ие бола бастаған осы жаңа драматургті кейбір жазушылар ұнатпайды. Мәселен, Шекспирдің замандасы болған драматург Роберт Грин оны «кедейлер арасынан шығып, біздің қауырсындарымызға оранып алған жасанды «қарға», өзін «сахна әміршісімін», деп ойлайтын «келімсек» деп әжуалайды. Шекспирдің драматургия саласындағы еңбегі көп қырлы, әрі әсерлі болатын. Сондықтан да дұшпандарының көп болуы табиғи нәрсе еді. Шекспир 90-жылдардың басында театр жанашыры болған жас ақсүйек граф Саутгемтонмен танысады. Оған өзінің екі поэмасы — «Венера мен Адонис» және «Лукрецияны» сыйға тартады.

Шекспир 1599 жылы әріптестерімен бірге жаңа ашылған «Глобус» театрына қызметке тұрады. Бұл дәуірде «Глобус» театрына Джемс Бербеж, Уильям Кемп сияқты талантты актерлар жиналып, театрдың абыройы едәуір артқан болатын. Бұл болса, театрдың әлеуметтік жағдайын көтеруге мүмкіндік береді. Шекспирдің де материалдық жағдайы оңалады. Шекспир шығармашылығының гүлденген дәуірі де оның осы театрда жұмыс істеген жылдары болды.

Ұлы драматург 1612 жылы Лондоннан өзінің туған қаласы Стратфордқа қоныс аударады. Бұдан соң шығармашылықпен айналыспайды. Яков I билігі дәуірінде феодалдық озбырлық күшейіп, театрлар толығымен сарай бақылауында болады, ақсүйектік рухтағы драматургия белең алып, шынайы халықшыл қойылымдардың сахнадан толығымен ығыстырылып шығарылуы Шекспирдің жазушылықты қоюына себепші болған деуімізге толық негіз бар.

Уильям Шекспирдің авторлық мәселесі

Шекспирдің шығармашылық қызметіне байланысты деректердің аз болуы оның авторлығына күмән келтіретін пікірлердің тууына себепші болды. Ұлы жазушының шығармашылығына өз замандасы мен одан кейінгі адамдар күдік келтірмейді. Мәселен, драматург, ақын Бен Джонсон Шекспирге арнаған өлеңінде оны «өз ғасырының жүрегі» деп бағалайды. Гамлет рөлін ойнаған, XVII ғасырдың соңында жазушының шығармашылық қызметіне қатысты материалдарды жинақтаған атақты актер Томас Беттертон, сондай-ақ Шекспирдің тұңғыш өмірбаянын зерттеген Николос Роу да оның авторлығына күмән келтірмейді. Бірақ XVIII ғасырдың аяғында Батыста «Шекспирдің авторлық мәселесі» деп аталған мәселе туындады. 1772 жылы Герберт Лоренс «Шекспир атындағы пьесаларды философ Френсис Бэкон жазған» деген пікірді айтады. 1857 жылы америкалық Делия Бэкон Шекспир туралы кітап жазып, онда Шекспир қаламынан туған шығармаларды «философ Френсис Бэкон басшылық еткен үйірме мүшелері жазған, өйткені, Шекспир пьесаларында анық, жеке көркемдік, әдеби әдістер жоқ», деп дәлелдеуге ұмтылады.

Карл Блейбтрей (1907) ұлы драматургтің пьесаларын граф Ретлендт жазған дейді. Бельгиялық журналист Дамблен де (1918) Ретлендтің авторлығын қуаттайды. Шекспир туындылары феодал-зодагондардың түрлі өкілдері (философ Бэкон, граф Ретленд, граф Дерби) тарапынан жазылған деген пікірлер әрине негізсіз. Шекспирді «кедей ортадан шыққан, жоғары білім алмаған, сондықтан оның мұндай шығармалар жазуы мүмкін емес» деп қарау — қарапайым адамдар арасынан жетілген ұлы адамдардың шығармашылық талантына, қуатына сенбеушілік, яғни — ұлыларды туғызғаң Қайта өрлеу дәуірінің нақты мазмұнына түсінбеушіліктің нәтижесі. Шекспир Лондонда антикалық мәдениетпен, әдебиетпен кең түрде танысты, өзінің білімін көтерді. Өмірдің өзі оны білімдар еткен болатын.

Уильям Шекспир шығармашылығы

Шекспирдің әдеби қызметі үш дәуірге бөлінеді. Ол барлығы екі поэма, 154 сонет және 37 пьеса жазды. Шығармашылығының бірінші кезеңінде (1590-1601) Шекспир поэма, сонеттерден тыс, Қайта өрлеу дәуірінің мазмұнын бейнелеген тамаша комедиялар: «Адасулар комедиясы», «Вероналық екі жігіт», «Ғашықтық сезімнің өршуі», «Жаз түніндегі түс», «Виндзорлық сайқымазақ әйелдер», «Болмашы нәрседен туған үлкен дау», «Бұл сізге ұнай ма?», «Он екінші түн», Англия тұрмысынан алынған хроникаларға жататын тарихи драмалар: «Ричард III», «Генрих IV»,«Генрих V»; «Ромео мен Джульетта» және «Юлий Цезарь» атты даңқты трагедияларын жазды.

Шығармашылығының екінші кезеңі 1601-1608 жылдар аралығын қамтиды. Орта ғасырдағы феодалдық зұлымдыққа және басқа да түрлі жауыздықтарға қарсы күрес рухымен қаруланған жазушы дамып бара жатқан капиталистік қоғам мен адамдардың аяққа тапталған арман-мақсатын көреді, туып келе жатқан буржуазиялық қатынастарға сын көзбен қарайды. Осы дәуірде жазушы ұлы гуманистік идеялар мен оқиғаларды бейнелеген өзінің « Гамлет », « Отелло », « Король Лир », « Макбет », «Антоний мен Клеопатра», «Кориолон», «Афиналық Тимон» трагедияларын жазды.

Шығармашылығының үшінші кезеңінде (1608-1612) драматург «Цимбелин», «Қысқы ертегі», «Боран» атты трагикомедияларын жазды. Бұл дәуірдегі туындыларының негізгі ерекшелігі, Шекспир мұнда тұрмыс қиыншылықтарын оптимистік рухта шешуге ұмтылып, романтикалық ертегі сюжеттерінен мол пайдаланады. Мәселен, «Боран» атты шығармасы адамның болашақ тағдырына үлкен сеніммен қараған жазушының ғажайып ойларының жемісі екендігін анық байқаймыз.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>