dna

Тұқымқуалаушылық пен өмірдің ұздіксіз жалғасуы

Бүкіл органикалық молекулалардың ішінде, тек қана нуклеин қышқылдары өздігінен көбею қабілетіңе ие. Сонымен қатар, нуклеин қышқылдары клеткалардың ішінде болғанымен, клетканың құрылысы мен қасиеттерін (белсенділігін) бақылап отырады. Сол себепті генетикалық тұрғыдан алғанда, тіршілік атаулының өзіндік бірегей ерекшелігі нуклеин қышқылдарының жыныстық клеткалар арқылы ұрпақтар арасындағы химиялық байланысты қамтамасыз етіп отыруында. Көбею, тұқымқуалау және өзгергіштік қасиеттердің арқасында биологиялық түрлердің тіршілігі ұрпақтардың үздіксіз алмасып отыруы түрінде шексіз жалғасып, ұрпақтар арасында өзара химиялық байланыстар сақталып отырады. Тіршілік атаулының бірегей ерекшелігі биологиялық түрлердің тұрақтылығында деуге де болады. Организмдер көбею барысында әруақытта өзін-өзі өндіріп отырады. Екі бактериялық клеткалар эрдайым олардың ата-аналық клеткалардың түріне ұқсас келетіні сияқты тышқандар жұбының ұрпағы да әруақытта тышқандар болып шығады. Демек, түрлердің тұрақтылығын ата анасынан ұрпағына ұқсастықтың беріліп отыруы, яғни, ата-аналық қасиеттердің тұқымқуалауы қамтамасыз етіледі, соның арқасында, бір биологиялық түрдің ішіндегі барлық ұрпақтардың организмдеріне жалпы генетикалық немесе тұқым қуалайтын мінез-құлық тән болып келеді.

Тұқымқуалаушылық — бұл ата-анасынан ұрпағына ұқсастықтың берілуі немесе организмдердің өз ата-аналары тәріздес болуға бейімділігі. Тұқымқуалаушылық ұғымы анатомиялық, физиологиялық және тағы басқа қасиеттер мен ерекшеліктердің бір ұрпаққа жататын организмдерден екінші ұрпақ организмдеріне берілуі деген мағынаны білдіреді. Ұрпақтар арасындағы байланыс жыныстық клеткалар арқылы жүзеге асып отыратындықтан, ал ұрықтану дегеніміз сол жыныстық клеткалардың ішіндегі ядролардың қосылып, зиготаның түзілуі болып табылатындықтан, жыныстық клеткалардың ядролары ұрпақ аралық байланыстың физикалық негізін құрайды. Организмдердің тұқымқуалаушылығы деген кезде, ата-анадан ұрпағына тұқым қуаланып берілетін бір ғана генетикалық материалдың болатындығын түсінген жөн. Бұл генетикалық материал ядро ішіндегі хромосомаларда болады және ол гендер немесе тұқымқуалаушылықтың бірлігі деп аталады. Демек, ата-анасынан ұрпағына қандай да бір қасиеттер мен көрсеткіштер емес, сол қасиеттер мен көрсеткіштерді бақылап отыратын гендер беріліп отырады, сонымен бірге, көрсеткіштердің генетикалық себептілігінің (детерминделуінің) бірден-бір белгісі олардың түқымқуалана алуы болып табылады.

Тұқымқуалаушылықтың бірнеше түрін ажыратуға болады: а) жыныс ерекшелігіне қатысы жоқ, тәуелсіз тұқым қуалау ә) жыныспен бақыланып отыратын тұқым қуалау б) жыныспен шектелетін тұқым қуалау в) жыныспен тіркес түқым қуалау. Жыныс ерекшелігіне қатысы жоқ тұқымқуалау дегеніміз — белгінің ата-ана немесе ұрпақ организмдерінің жынысына тәуелсіз түрде түқым қуалауы болып табылады. Жыныспен бақыланатын тұқым қуалау барысында гендердің көрінуі жыныстың екі түрінде де байқалғанымен көріну дәрежесі, сипаты әртүрлі болады. Жыныспен шектелген түрде тұқым қуалау кезінде гендердің көрінуі тек жыныстың бір түрінде ғана байқалады. Ал жыныспен тіркесіп тұқым қуалау дегеніміз белгілерге сәйкес гендердің жыныстық хромосомаларда орналасып тұқым қуалауы болып табылады. Тұқымқуалаушылықтың жоғарыда аталған түрлерінен басқа полигендік тұқымқуалау деген түрі де кездеседі, мұнда белгінің тұқым қуалануы бірнеше гендердің бақылауында болады.

Алайда, қандай да бір ата-ана жүбынан тараған организмдердің барлығы толық ұқсас бола бермейді. Бір төлден шыққан тышқандардың арасында немесе бір бактериядан өрбіген бактериялық себіндінің (культурасының) ішінде қандай да бір көрсеткіштер бойынша ата-аналарынан ерекшеленетін организмдер мен клеткаларды кездестіруге болады. Кейде, қандай да бір ұрпақтан оның түпкі ататегіне ғана тән болған белгілерді немесе оның арғы ататегінде де, ата-анасында да болмаған, жаңа белгілерді байқауға болады. Демек, жеке дара организмдерге белгілердің ажырауы, өзгергіштігі тән. Тұқымқуалаушылықтың қарама-қарсы қасиеті өзгергіштік болып табылады. Ол генетикалық материалды өзгеріске ұшыратып, организм белгілерінің өзгеруін сүйемелдейді. Өзгергіштіктің нәтижесінде организмдердің жаңа бір түрлері пайда болады, тіршіліктің алуан түрлілігі үздіксіз жалғасып отырады.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.