iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Тіршілік ортасы, таралу аймағы және экологиялық қуыс

Бұл мәлімет 218 рет қаралды

Организмдердің тіршілігі олар тіршілік ететін ортаға әсер ететін факторлар жиынтығына байланысты. Бірақ организмдер тарихи даму барысында көптеген бейімделушілік қасиеттер пайда болды, солардың нәтижесінде қоршаған ортаға бейімделіп тіршілік етіп келеді. Осы қасиеттер белгілі бір түрдің таралу аумағын Жер шары бойынша кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Таралу аумағы бар болғаны бірнеше шаршы шақырым немесе тұтас бір материкті және одан да ауқымды болуы мүмкін. Одан басқа, түрдің бейімдеушілік қасиеті оның таралу аумағын өзгертпей-ақ ортаның қолайсыз әсерлерінен басқа аумаққа қоныс аударуына мүмкіндік жасайды.

Жануарлардың құрлықта, Әлемдік мұхиттарда, ауа да тіршілік етуі олардың қоныс аудару, қоректенуі мен көбеюіне өте қолайлы мүмкіндік беретін басты қабілеті бейімдеушілік қасиетінің бірі болып саналады. Мысалы, көптеген киттер жылдың күз мезгілінде қорегі мол солтүстік ендіктерге қоныс аударса, ал қыс айы жақындай бастаған кезде қайтадан экваториальды ендіктерге оралады. Тунец және албырт балықтары өздерінің көбеюі мен қоректенуіне қажет орын табу үшін өте ауқымды аумақты жүзіп өтеді. Өзен жылан балығының дернәсілдері Саргасс теңізінен Еуразияның және Солтүстік Американың өзендеріне дейін өрістейді, ал жыныстық жетілген даралар (аналықтар) Саргасс теңізіне қайта оралады.

Сонымен бірге, жануарларды мақсатқа сай арнайы қолдан «қоныстандыру» шаралары белгілі. Мысалы, Азов теңізінен экономикалық қажеттілікке байланысты Каспий теңізіне көпқылтанды құрттар (полихеттер) мен қос жақтаулы моллюскаларды, Қиыр Шығыс теңіздерінен қиыршығыс албыртын Оңтүстік Америка және Жаңа Зеландия теңіздеріне жерсіндірілді. Сонымен бірге Америкадан Еуропаға өте қолайлы «қоныстанушы» зиянкестің бірі болып саналатын колорадо қоңызын атауға болады.

Өсімдіктер өздігінен басқа жерлерге тарала алмайды, бірақ желмен бірге олардың тұқымдары алыс жерлерге таралады. Соған қарамастан өсімдіктерде белдемдік таралу байқалады яғни олар экваторлық ендіктерден полюстерге қарай өсімдіктердің бір бірлестігінен екінші бір бірлестігіне ауысуы арқылы көрініс береді. Бірнеше белдемдерді ажыратады: оларға қылқан жапырақты, жалпақ жапырақты орман, дала, шөл, саванна, жыл он екі ай жасыл тропикалық орман және басқалар жатады.

Өсімдіктердің температураға байланысты бейімделушілігінің бірі ретінде өсу ерекшелігін атауға болады. Мысалы, суық аудандарда (Арктикада, биік тауларда) өсімдіктердің көптеген түрлері жатаған болып өседі. Сонымен қатар оңтүстіктің өсімдігін солтүстікте өсірген кезде, ол күн түсетін беткейлерде ғана өседі. Жануарлар және өсімдіктер элемдерінің мысалдары олардың тек қана таралу аймағының аумағында ғана өспей, одан да басқа аумақтарда өсіп, өсімтал ұрпақтар бере алатыны дәлел бола алады.

Организмдердің абиотикалық және биотикалық факторларға бейімделушілігінің нәтижесінде түрлердің бейімделушілігі пайда болады және басқа түрлермен де қарым-қатынасқа түседі, әртүрлі аудандардағы бірлестіктерде организмдердің ұқсас (эквивалентті) түрлері өсе береді. Мысалы, Аризон (АҚШ) штатында өсетін кактус Еуропадағы сүттігенге эквивалентті, олардың сыртқы түрі де бір-біріне мүлдем ұқсамайды және филогенетикалық тұрғыдан өте алыс. Бірақ, кактус пен сүттіген өз бірлестіктерінде бір-біріне ұқсас қызмет атқарады, яғни ұқсас экологиялық қуыстарда өседі. Қорыта айтқанда, организмнің тіршілік ортасы оның «мекен жайы», ал экологиялық қуысы әсерлеп айтқанда организмнің «мамандығы». Организмдердің екі түрі бірдей бір экологиялық қуыста тіршілік ете алмайды (бір-біріне бәсекелестік қағидасы).

Экологиялық қуыстарды іргелі және нақтылы деп екіге бөледі. Іргелі экологиялық қуыста кез келген түрдің қайсысы болса да тіршілік етуіне мүмкіндік беретін жағдайлар жиынтығы бар. Керісінше, нақтылы экологиялық қуыста шын мәнінде, түр тіршілік ететін жағдайлар жиынтығы болады. Мысалы, адам аскаридасының іргелі қуысы сүтқоректілердің ішегі болса, ал нақтылы қуыс адамның ішегі болып саналады.

Организмдерге жүйелі түрде қоршаған ортаның факторлары әсер етсе, өз кезегінде организмдерде қоршаған ортаға әсер етеді. Бұлардың мысалы өте көп. Мысалы, өсімдік ауаның газдық құрамын өзгертеді, себебі өсімдік фотосинтез арқылы оттек бөледі. Сонымен бірге өсімдік ауадан көмір қышқыл газын, ал азот жинақтаушы бактериялар азотты жинақтайды.

Сонымен қатар организмдер топырақтың физикалық және химиялық қасиеттерін өзгертеді. Мысалы, микроорганизмдер топырақтың түзілуіне қатысса, ал құрттар және ін қазушы сүтқоректілер топырақтың құрылымын өзгертіп, оны қопсытады. Ал өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік әрекеттері судағы органикалық және минеральдық заттардың құрамын өзгертеді.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>