iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары

Бұл мәлімет 561 рет қаралды

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары және Қазақстан Президентінің әлеуметтік-саяи бастамалары. 1991 жылдың желтоқсан айында бұрынғы «Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы» деп аталған біздің отанымыз және заманындағы ұлы державаның аяқ астынан ыдырап түскен шағын мен Мәскеу қаласында қарсы алған едім, Ғылыми іссапармен бұл қалада болған күндері таңертең Мәскеу радиосы хабарларын тыңдайтынмын. Оныншы желтоқсан күні әдеттегідей радионы қоса қалғанымда «Қызыл империя құрыды, оның орнына жаңа «Славян одағы» құрылды!» дегенді естідім және осы хабар әрбір бес минут сайын зор салтанатпен қайталанып тұрды.

Мен сасқалақтап қалдым. Басыма келген алғашқы ойлар: «Қалайша ұлы держава бір түнде ыдырап түсуі мүмкін?», «Біздер мыңдаған жіптермен байланған орта едік қой, ендігі жерде елдің ертеңгісі не болар екен?» Шырмаған ойлар маза бермей, ИНИОН кітапханасына жеттім. Уақыт аз, мүмкіндігінше жұмыс істеп үлгеру керек. Түскі тамақуақытында асханада маған жақын отырған мәскеулік үш орыс ұлтты ғалымның өзара әңгімесінің куәсі болдым. Олардың талқылап отырғаны да мені мазалаған сұрақтар екені байқалды. «Ресей қалайша өзін славян мемлекеті етіп қана бейнелейді. Жерінің үлкен бөлігі Азиялық және халқының да үлкен бір бөлігі мұсылмандық орта емес пе? Қалыптасқан жағдайға Нұрсұлтан Назарбаев не айтар екен?» дейді біреуі.

Соңында естігенімізше, сол «Беловеж» орманында үш президенттің (Ельцин, Кравчук және Шушкевич) түн ортасында халықтан жасырын қол қойған үш жақты «Славян одағын» орнатқан келісімі жасалған уақытта Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеу қаласында болғанын, бірақ үштіктің шақыру жасағанына қарамастан, ол жерге бармағаны туралы, М. Горбачевтің азамат соғысын болдырмау мақсатында үштікке қарсы күш қолдануға талпыныс та жасамағаны туралы әңгімелер гуілдеп естіліп жатты.

Ресейді қоса алғанда барлық бұрынғы одақтас 15 республика халқы «Тәуелсіздік! Тәуелсіздік келді!» деп қуанып, ғасырлар бойы күткен арманы орындалып, мерекелік көңіл-күй толқыны аспандады. Бірінен соң бірінде тәуелсіз мемлекеттің орнағаны арнайы жария етілді. Әрине, бұл Күн өзінен-өзі келмеген. Ғасырдан ғасырға берілген арман-тілектер 80-жылдардағы ресми саясатқа айналған «демократия мен жариялылық» жылдары жаңа серпін алды, тұншығып келген ойлар мен үндерді дауыстап айту, жазу мүмкіндігі артты. Одақтың бұрынғысынша қала алмайтыны айқын болып, жылдар бойы оны жаңаша қайта құру мәселесі талқылауда жүрді. Аталған жылы конфедеративтік негіздегі жаңа Одақ жобасы талқыланып, ол 22-желтоқсанда арнайы қаралып, бекітілуге тиіс болатын. Жаңа одақтың Егемен республикалардың одағы болып қайта құрылуы күтілген. Әрі 1990 жылы-ақ Қазақстанның Егемендігі Декларациясы қабылданып та қойған болатын.

Тәуелсіздік келген алғашқы күндері-ақ бұрынғы өмір шындығының тағы бір қыры айқындалып қалды. Кешегі «Менің мекенжайым Кеңес Одағы» деген сенім және көңіл күймен тіршілік етіп жатқан көп ұлтты елдің біршама халқы «Мен енді қай елдің азаматымын?» деген сұрақтың алдында тұрды. Егер Қазақстан халқының 43 пайызын 1989 жылы тек орыс этносы құрап тұрғанын ескерсеңіз, мәселенің қарапайым еместігін бірден сезінуге болады. Оның үстіне ірі өндірістердің Орталықтан (Мәскеуден) басқарылып келгені, көптеген қалалар халқының негізінен славян тектес ағайындар екені тек демографиялық сипаттағы мәселе емес еді. Жас тәуелсіз мемлекеттің алдынан шыққан күрделі құбылыстың бірі ұлтаралық қатынастар мәселесі болып дереу бой көтерді.

Бұрынғы еңбек бөлінісі бойынша шикізатты бір-бірінен алып, даяр тауарды екіншісіне сатып келген өзара байланыстылыққа негізделген өндірістер шекаралардың жабылуы, экономикалық байланыстарды реттеу және жаңаша заңдастыру мәселесі шешіліп болмай жатқан уақытта бірінен соң бірі өз жұмысын тоқтатып, мыңдаған еңбеккерлер жұмыссыздарға айналып жатты. Экономикасы жоғары дамыған Батыстың ғылымынан шет жүріп, тек маркстік-лениндік теория ауқымымен шектеліп келген экономикалық және философиялық ғылыми орталықтардың жаңа тарихи және экономикалық жағдайда саясаткерлерге тигізген көмегі де шектеулі болып шықты. Жас мемлекеттің шекарасын бекітіп, тек ішкі емес, сыртқы саясат пен қатынастарды заңцастыру, оның қазіргі және стратегиялық бағыт-бағдарын айқындап алу да оңайға түспеді. Өзінің түпкі мақсаттарын басшылыққа ала отырып, жас тәуелсіз мемлекеттерге өзіне қолайлы ықпалын өткізуге тырысқан күштер де аз болмады. Нарықтық қатынас талаптары, әрі бәсекелестікті дамыту арқылы экономиканы жаңаша дамытуға ынталандыру мақсаты мемлекеттік меншікті жекешелендіруге бет алғызды. Алайда процесті заңдастырып, осындай жаңа қозғалысты мемлекеттік бақылауда ұстап отырудың да күрделі мәселе екені байқалды. Экономика субъектілеріне жаңа технологиялар мен капитал, білікті мамандар жетіспей жатты. «Шегіп» қалған болашағы бар өндіріс салаларына қуатты инвестиция тарту қажеттілігі артты. Экономикалық дағдарыс мәдениет, ғылым сияқты ел болашағы үшін маңызды салалар тіршілігіне де тоқыраушылық салдар ала келді.

Сөйтіп, жас тәуелсіз мемлекетті, біріншіден, сақтап қалу, екіншіден, ішкі бірлігін сақтай отырып, жаңаша дамыту ерекше тарихи және адамгершілікті жауаптылыққа, Ел басқарушының жауаптылығына айналды. Осы тұста мемлекет басшысы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халық осыған дейін танып үлгерген тұлғалық қасиеттері мен халықтың оған сенімі ерекше рөл атқарды.

Тарихи қысылтаяң кезеңде Президенткезор қолдау болған құбылыстың бірі — Елбасының озық тәжірибелер мен ғылымның озық ойының көмегіне сүйенетіні, өз төңірегіне озық ойлы ғалымдарды топтастырғаны. Елден табылмаған ақыл-ой мен білім, ғылым сырттан іздеп табылды. Отандық ғылымның да сенімді үлгілері ел игілігіне қойылды. Соның бір дәлелі — тәуелсіздіктің алғашқы көп қырлы проблемаларды алға тартқан күндерінен бастап, Президент басшылығы жанында әлеуметтік зерттеулер, яғни, зерттеуші-сараптаушы орталықтың тынбай жұмыс істеуі. Мақсат — Ел басшысының қоғамдағы әлеумёттік, саяси, экономикалық ахуал туралы нақты шындықтан үнемі хабардар болып отыруы, жақын және стратегиялық даму бағдарламаларының өмірдің нақты шындығына негізделіп жасалуы, орын алуы мүмкін әр түрлі саяси ауытқулар мен жанжалдардың алдын алу. Сондай проблемалардың бел ортасында ұлтаралық қатынастар тұрды.

Бүгінде «Салыстырмалы әлеуметтік зерттеулер институты» сияқты бірнеше қосымша зерттеу орталықтары Президент басшылығына қоғамдық шындықты танып-біліп отыруға қызмет көрсетіп келеді. Кешегі социалистік идея мен құндылықтарды басшылық еткен әлеуметтік ортада «енді қандай қоғамда өмір сүрмекпіз», «қоғамның ендігі даму бағыты мен құндылықтары қайсысы» деген сұрақтар да аз болмады. Абдырап қалған халыққа бағыт-бағдар боларлық ресми құжаттар мен бағдарламалар қажет болды. Жас мемлекеттің оңы мен солын айқындап, бағыт-бағдарын бағамдауға негіз болған ресми құжат — Қазақстан Республикасының алғашқы және 1995 жылғы Конституциясы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың халық пен атқарушы билік үшін бағдарламалық сипаттағы кең көлемді мәлімдеме-баяндамалары. Соның алғашқыларының бірі — Қазақстанның ұстайтын әлеуметтік-саяси бағдары ынтымақтасу, қоғамдық прогресс және әлеуметтік әріптестік екендігі туралы және Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен даму стратегиясы туралы баяндап берген, іші нақты идеялық, саяси бағдарламалық қойылымдарға толы баяндамалары. Бұларды «Қазақстан стратегиясы — 2030» бағдарламасына дейінгі қазақстандық қоғам, қазақстандықтар басшылыққа алған мемлекеттік сипаттағы құжаттар деп айтуға болады. Мұндағы қойылымдар тек ішкі саясатқа ғана қатысты емес, сыртқы дүниенің де жас мемлекеттерімен қарым-қатынас орнатып, бұл елге қатысты саясатының бағыты мен мазмұнын анықтауына негіз берді. Аталған бағдарламалық сипаттағы қойылымдар қазақстандық этностардың да бұл елдегі болашағын айқындады, олардың Қазақстандағы еркін тіршілігіне сенімділігін берік бекітті. Көпұлтты қазақстандық әлеуметті мемлекеттік маңызды істерді бірлесе атқаруға жұмылдырды. Мемлекет басшысының ұлттық арабайланыс пен татулықты, біртұтастықты нығайтуға бағытталған шешімді ісінің бірі — «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деп аталған жаңа сипатты қоғамдық әлеуметтік институттың бой көтеруі. Ұлттардың мәдениетінің, тілінің, дәстүрінің құрметтелуіне, сақталуына, еркін дамуына мемлекеттік кепілдіктердің берілуі, сөзсіз, өзара сенімділікке, өзара сыйластыққа бастайтын сенімді әлеуметтік- психологиялық фактордың бірі. Бұл институт езіне артылған сенімді ақтады, ұлттардың көңіл-күйі мен мүддесін бейнелеуде, ортақ отандық іске халықты жұмылдыруда елеулі ұйтқы болып келеді.

Тәуелсіздіктің алғашқы сағатынан бастап сыртқы саясат бірінші кезектегі мәселе ретінде алға тартылды. Шекара жабылғанымен, бұрынғы жан-жақты байланыстағы республикалар арақатынасын үзіп тастаудың қисыны жоқ еді. Алайда ендігі жерде — егемен елдер мемлекет басшыларының қандай саясат ұстайтыны барынша маңызды мәселе. Жалғыз қалған жас мемлекетке алыс шетел алпауыттары қандай тұрғыдан келмек және олармен бұдан былайғы дербес саяси және экономикалық қатынастарды ел үшін тиімді етудің жолдары қандай? Осындай толғаныстар Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін ресми түрде жариялау алдында біраз істерді тындырып, алғышарттарды даярлап алуды қажет етті. Солай болды да. Алматы қаласына Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы және шақыруымен жаңа жас мемлекеттер басшылығы бас қосып. тарихи қалыптасқан ымыра мен өзара байланыстан ажырап қалмаудың тетіктері ойластырылды. Біріктіруші басты жаңа мемлекетаралық институттың аты «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы» деп аталды. Сейтіп, бұрынғы Одақ кеңістігінде (Балтық жағалауы елдерінен басқалары) береке-бірлікті дербес және тәуелсіз мемлекеттер жағдайында адамгершілікпен жалғастыруға мүмкіндік беретін және алыс шет елдер үшін де аймақтық халықаралық бірлестік ретінде таныла алған жаңа сипаттағы ұжымдық ұйымның негізі қаланды. Бұл ұйым етпелі кезеңді, оның барлық ауыртпалықтарын басынан еткізген жас мемлекеттердің қажет болғанда бір-біріне арқа сүйеуіне, қажетіне қарай мемлекет басшыларының кеңес құруына, шешуші мезеттерде күш біріктіруіне мүмкіндік берген кемеңгерлік ойдың және даналықтың туындысы болды. Соңғы жылдары бұл ұжымдық ұйымға жаңа тыныс беріп, оның мәнділігін ортақ аймақтық мүддеге бейімдеу ісінде де Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік атқаруда. Кейінірек өмірге келген Еуразиялық экономикалық Одақтың, біртіндеп жаңа жолға шыға бастаған Орта Азия елдері Одағының да бой көтеруіне ТМД-ның сенімді іргетастық негіз бола алғаны даусыз.

Тыныштық Қалдыбаева
әлеуметтану ғылымдарының докторы,
Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ профессоры

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>