iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Төлем балансы

Бұл мәлімет 802 рет қаралды

Төлем балансы еліміздің тауармен, қызметпен және капиталмен халықаралық алмасуға қатысуын сипаттайтын негізгі макроэкономикалық ауыспалыларды экономикалық талдаудың негізін қалады.

Төлем балансы — осы елдің резиденттері мен қалған әлемнің арасында белгіленген уақыт кезеңінде, әдетте, жыл ішінде жасалған барлық экономикалық мәміле қорытындыларының жүйеге келтірілген жазбасы. Төлем балансының шоттары осы елдің резиденттері мен қалған әлем арасындағы нақты ағындарды (тауардың, қызметтердің, сыйлардың және т.б.) және қаржы ағындарын (түрлі формада қарыз алу және беру) көрсетеді. Төлем балансы жеке емес, осы ел мен басқа мемлекеттер арасында жасалған жиынтық мәмілелерді көрсетеді.

Төлем балансы қосарлы шот принципі бойынша жасалады, яғни барлық экономикалық мәмілелердің екі жақты жазбасы болып табылады. Бұл жағдайда кез келген мәміленің екі жағы болады: егер сіз өзіңіздің шетелдік әріптесіңізден бірдеңе сатып алсаңыз,сіз оған төлеуге тиіссіз, ал ол өз кезегінде сізден алған ақшаны қалайда пайдалануға — не оны жұмсауға, не банктегі шотқа салуға тиіс.

Кредитке нәтижесінде құндылықтар жылыстайтын және елге валюта түсетін мәмілелер жатады (олар «плюс» белгісімен жазылады). Мәселен, шетелге ұшақ сату, шетел туристеріне қызмет көрсету, шетелден зейнетақы алу, шетелдіктердің отандық компаниялардың акцияларын сатып алуы кредитке жазылады, өйткені аталмыш мәмілелер шетел валютасының түсімін «көрсетеді». Дебетке нәтижесінде ел сатып алынатын құндылықтарға айырбас ретінде валюта шығындайтын мәмілелер жатады (олар «минус» белгісімен жазылады). Төлем балансының дебет шотында, мысалы, автокөлік импорты, лицензия сатып алу, шетел компанияларының кірісін осы елден аудару, ұзақ мерзімді қарыз беру сияқты мәмілелер көрсетіледі. Осындай мәмілелер резиденттің шотындағы шетел валютасы қорын азайтады.

Төлем балансына негізгі екі шот: 1) ағымдағы операциялар шоты; 2) капиталмен және қаржы құралдарымен жасалатын операциялар шоты кіреді.

Ағымдағы операциялар шотында (балансында) бейрезиденттерге тауар мен қызмет сатудан түсетін барлық түсім және резиденттердің шетелдіктерге сататын тауарлар мен көрсететін қызметтерге жұмсайтын шығысы, сондай-ақ инвестициялардан түсетін таза кіріс пен таза трансферттер көрсетіледі.

Тауар экспорты мен тауар импорты арасындағы айырма сауда балансын құрайды. Сауда балансы баспасөзде жиі жарияланады, өйткені кеден қызметтерінен алынатын ақпараттың негізінде оны есептеу қиын емес. Экспорттың импорттан асуы, яғни сауда балансының актив сальдосы экономиканың қалыпты жайкүйінің көрсеткіші болып саналады. Актив сальдосында берілген елдің тауарларына әлемдік сұраныс артады және ішкі нарықтағы сатып алушылар талғамдарын импорттық тауардың орнына жергілікті өндіріс тауарларына береді. Алайда сауда балансының жай-күйін осылай бағалау әркезде әділ бола бермейді. Елдің қолайлы инвестициялық ахуалы (темір-жол, зауыт, шахта және т.б. салу) сауда балансы тапшылығының себебіне айналуы мүмкін, осының салдарынан жаңа импорттық жабдық сатып алу қажеттілігі туындайды. Бұл жағдайда сауда балансының тапшылығы елдің қолайсыз экономикалық жағдайының дәлелі болып табылмайды.

Ағымдағы операциялар шотында, сондай-ақ зиялылық меншікті (патент, технология, авторлық құқық) пайдалану төлемдері, халықаралық туризммен, көлікпен, сақтандырумен байланысты шығыс жататын қызметтердің экспорты мен импорты да тіркеледі. Ағымдағы операциялар балансында инвестициялардан түсетін таза кіріс көрсетіледі. Ол кредиттік қызметтің «таза экспортымен», яғни шетелде салынатын ұлттық ақша капиталының қызметімен байланысты. Осы бапқа тегінде инвестицияларға кіріс, борышқорлық міндеттемелер бойынша пайыздар, сондай-ақ шетелде жұмыс істейтін резиденттердің еңбекақысы кіреді. Егер шетелдегі ұлттық капитал осы елге инвестицияланған шетел капиталымен салыстырғанда пайыз бен дивидендтің көп мөлшерін әкелсе, онда инвестициялардан түсетін таза кіріс оң, ал кері жағдайда — теріс болады. Ағымдағы таза трансферттерге жауап ретінде тауар немесе қызмет (зейнетақы, сый, шетелге ақша аударымы немесе шетел мемлекеттеріне тегін көмек) алмай жеке меншік және мемлекттік қаражатты басқа елдерге аудару кіреді.

Егер елдің тауар мен қызмет экспортынан түсетін кірісі мен шетелден келетін трансферттері оның тауар мен қызмет импортына жұмсайтын шығысынан асып кетсе, онда осы елдің ағымдағы операциялар балансы бойынша сальдосы оң болады. Егер ел шетелдік тауарлар мен қызметтерге, сондай-ақ шетелге трансферттерге, шетелге тауар мен қызмет сатудан кіріс түрінде алатынмен салыстырғанда көп жұмсаса, онда осы елдің ағымдағы операциялар балансы тапшы болады. Ағымдағы операциялардың маңызын ЖІӨ құрылымын қайта қарастыра отырып түсінуге болады. Ұлттық шоттардың негізгі тепе-теңдігі жиынтық шығарылымның мөлшері, ішкі шығыс пен ағымдағы операциялар балансының өзара байланысын көрсетеді. Егер біз ағымдағы операциялар балансын экспорт (ЕХ) пен импорт (IM) арасындағы айырма ретінде анықтасақ, онда ұлттық шоттардың тепе-теңдігін мына түрде көрсетуге болады:

NX= Y- (C + I + G),

Ағымдағы операциялар балансы = шығарылым — ішкі шығыс. Егер шығарылымның мөлшері ішкі шығыстан асып кетсе, онда ел айырманы экспорттайды:  ағымдағы шоттың сальдосы оң болады. Егер шығарылымның мөлшері ішкі шығыстың орнын толтырмайтындай шамаға дейін төмендесе, онда ел айырманы импорттайды: ағымдағы шоттың импорты теріс болады. Ел ағымдағы операциялар балансының тапшылығымен кездессе, онда ол осы тапшылықты төлеуге тиіс.

Төлем балансының ағымдағы операцияларының тапшылығы:

1)  активтің бөлігін шетелдіктерге сату жолымен, яғни шетел капиталын осы елдің экономикасына тікелей немесе қоржындық инвестициялар түрінде салу арқылы;

2)  шетел банктерінен, үкіметтерінен немесе халықаралық ұйымдардан алынған шетел қарызының көмегімен;

3)  Ұлттық банкте сақталатын ресми валюта резервін қысқарту есебінен қаржыландырылуы мүмкін.

Ел активімен жасалатын барлық халықаралық мәмілелер (оны сатып алу және сату) капиталмен және қаржы құралдарымен жасалатын операциялардың шотында көрсетіледі. Капиталмен және қаржы құралдарымен жасалатын операциялардың шотына, сондай-ақ таза қаржы күрделі трансферттер (негізгі капиталға меншікті тегін беру ) де кіреді. Оған мысалы, жол, емхана, әуежай салуға берілген инвестициялық гранттар жатады. Капиталмен және қаржы құралдарымен жасалатын операциялар шоттарының ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттерді беру мен алу қамтылатын баптары бойынша сальдосында активтермен жасалатын барлық мәмілелерден шетел валютасының таза түсімі көрсетіледі.

Ұзақ мерзімді кредит «тікелей» және «қоржынды» инвестиция түрінде беріледі. «Тікелей» инвестицияға айтарлықтай дәрежедегі инвестордың өз меншігі болып саналатын кәсіпорынға салынған инвестициялар жатады, ал мұның өзі оған осы кәсіпорындардың қызметін бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді инвестициялардың қалған барлық түрлері «қоржындық» инвестицияларға жатады. Активтермен жасалатын барлық халықаралық мәмілелер (Ұлттық банкке тиесілі ресми валюта резервін қоспағанда) капитал қозғалысы шотына шартты түрде бөлінеді. Капитал қозға лысы шотының оң сальдосы елге капиталдың таза құйылымы ретінде анықталады. Керісінше, таза жылыстауы (немесе капиталдың әкетілімі) шетелде актив сатып алуға жұмсалатын шығыс оны шетелде сатудан түсетін кірістен асып, осының салдарынан капитал қозғалысы шотының тапшылығы байқалғанда пайда болады. Ағымдағы операциялар балансын капитал қозғалысы шотының баптарымен толықтыру төлем балансының жалпы сальдосын алуға мүмкіндік береді:

Төлем балансының жалпы салъдосы =
= ағымдағы операциялар балансының салъдосы +
+ капитал қозғалысы балансының салъдосы.

Төлем балансының жалпы сальдосына, сондай-ақ «Таза өткізу және қателіктер» деген бап енгізіледі. Теориялық тұрғыдан әрбір мәміле төлем балансында — дебет және кредит бойынша екі рет қамтылуға тиіс болса да — іс жүзінде аталмыш талап көбінесе орындалмайды. Бірқатар жағдайларда жасалатын мәмілелерде түрлі қызметтер ескерілуге тиіс, ал олардың ақпараты уақыты бойынша да, сондай-ақ саны жағынан да сәйкес келе бермейді. Кейбір экономикалық құндылықтар ағыны, әсіресе іс заңсыз мәмілеге қатысты болған жағдайда, статистикалық есептен мүлдем тысқары қалуы мүмкін. Осындай ескерілмеген ағындардың жалпы сомасын кредит пен дебет бойынша жалпы қорытындыны есептегеннен кейін ғана анықтауға болады.

Қосарлы шот принципі бойынша жасалатын төлем балансы анықтама бойынша нөлге тең болады, яғни елдің борышы түгелдей төленуге тиіс дегенді білдіреді. Сондықтан ағымдағы операция шоты бойынша тапшылық капиталмен және қаржы құралдарымен жасалатын операциялардың шоты бойынша оң сальдоға дәлмедәл сәйкес келуге тиіс. Егер төлем балансының жалпы сальдосы тапшылықты білдірсе, онда берешекті өтеуді Ұлттық банк шетел валютасының ресми резервін қысқарту арқылы (егер Ұлттық банк айырбастау бағамын нақтылаудан бас тартқан жағдайда) жүзеге асырады. Төлем балансының жалпы сальдосы оң болған жағдайда ресми валюта резерві жинақталады.

Макроэкономика: Оқу құралы / Жалпы ред. басқарғандар: Ә.Ә. Әбішев, К.А. Хубиев. Басылым ықшамдалып алынды. — Алматы: «Экономика», 2008. — 368 бет. Мәлімет оқулықтың 300-ші бетінен алынды.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>