iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы

Бұл мәлімет 231 рет қаралды

Шекспир шығармашылығында пайда болған үлкен өзгерістерді бейнелеген көлемді шығармасы — «Гамлет» (1601) трагедиясы. Атақты сыншы В.Г.Белинскийдің сөзімен айтқанда, «Гамлет» — драмашы ақындар патшасының басындағы алтын тәжінің ортасына қадап қойылған, жарқыраған асыл гауһар тас». Автор трагедияның материалын өзіне дейін болған әдеби деректерден, жалпы даниялық Саксон Грамматиктің (XIII ғасырдың басы) хроникасынан алады.

Трагедияның басты кейіпкері — Дания королінің ұлы шаһзада Гамлет. Әкесі қастандықпен өлтірілгеннен соң көп ұзамай, анасының тақты иемденген Клавдийге тұрмысқа шығуы Гамлетті шексіз жан азабына душар етеді. Оның көзіне бүкіл дүние «қараңғы, тұңғиық, мазмұнсыз көрінеді». Әкесін өлтірген өз туысы Клавдий екендігін (әке аруағы арқылы) білген соң, Гамлеттің қайғысы күшейе түседі. Інінің ағаны өлтіріп, оның тағын, бақытын иемденуі сияқты ауыр қылмысқа шыдау мүмкін емес қой. Сол үшін Гамлет Клавдийдің жиіркенішті келбетін, опасыздығын әшкерелеу, одан кек алу өз мойнына түскендігін сезінеді. Белинский айтқандай, «енді ондағы балалықтың белгілері жойылады». Қияли елестер жоқ болады, тосыннан болған мұндай қорқынышты оқиғалар, оны әділетсіздіктер мен зұлымдықтар дүниесіне қарсы күреске шақырады. Ол ұзақ уақыт өзімен, өзіндегі қарама-қарсы, күрделі ойлармен, түсініктермен арпалысады. Өз басына түскен қасірет басқалар бақытсыздығын аңғаруға мәжбүр етеді. Жеке бас қайғысы адамзат қасіреті алдында өзінің маңызын жояды. Олай болмағанда, ол сорлы Клавдийден әлдеқашан кек қайтарған болар еді. Бірақ Гамлет жеке өш алудан бұрын, көптеген маңызды мәселелер туралы ойланады. Гамлет қорқақ, жүрексіз жан болып көрінгенімен шындығында олай емес. Өмірдегі өткір қарама-қарсылықтар, бір жағынан, әкесінің жауыздықпен өлтірілуі, екінші жағынан Клавдий сарайында болып жатқан бұзықшылықтар, ішілген әрбір кесе шарапты зеңбірек атумен белгілеу және басқа да келеңсіздіктер оны терең ойға қалдырады. Гуманист Гамлет орта ғасыр кекшіліне де, яки замандастары Лаэрт, Фортинбрастарға да мүлде ұқсамайды. Олар қанға қан алумен ғана шектеледі, ал Гамлет намысы тапталған жан үшін кек алғысы келеді. Гамлет қанішерді қорғайтын мықты сақшылар болғанымен, оны өлтіруге мүмкіндік таба алар еді. Мәселен, Клавдий ғибадат қылып жатқан уақытта, Гамлет өз борышын орындауына болады. Бірақ ол мұны істемейді. Өйткені, Гамлет қорқып, үрікпей, ашық күрес жолымен кек қайтаруды, қанішерді қылмыс үстінде ұстап, жазалауды қалайды. Клавдийдің қылмысына ұқсас оқиғаны көрсететін «Тышқан қақианы» ойынының сахнаға қойылуы Гамлет мақсаттарының іске асуына мүмкіндік береді. Опасыздық әшкере болады, бірақ осыдан кейін Гамлет батыл қимылдай алмайды, тағы да жан азабына түседі. Оның осы уақыттағы көңіл-күйі атақты «Өмір яки өлім» монологында айқын бейнеленген.

Гамлет тұлғасы күрделі, қайшылықты болса да, бұл сұраққа ол батыл жауап беріп, әділетсіздікке қарсы күресу керек, деген шешімге келеді. Гамлет анасының бөлмесінде онымен ашық сұхбаттасып отырғанында, перде артында куә ретінде аңдып отырған адам бар екендігін сезеді, оны қылышымен шауып өлтіреді. Гамлет бұл адамды король деп ойлаған еді, бірақ ол «делбе есуас» Полоний болып шығады.

Залым Клавдий салық өндіру сылтауымен Гамлетті Англияға сүргінге жіберіп, көзін құрту әрекетінен ештеңе шықпаған соң, басқа айлаға көшеді. Әкесі мен Офелияның өліміне Гамлетті күнәһар деп көрсетіп, Лаәртті оған қарсы қояды. Гамлет бұл жауыздықтың сырын түсінеді. Ол енді шайқастан да, өлімнен де қорықпайды. Ол әрқашан дұшпанға қарсы күреске дайын. Лаэртпен жекпе-жек айқасқа түскенінде, Гамлет өзіне бағытталған жаңа қиянатты аңғарады. Уланған қылыштан ауыр жарақаттанғанында шапшаң қимылдап, барша қылмыстың себепшісі болған Клавдийді қылышымен шауып өлтіреді. Әкесі үшін жеке кек қайтару тілегі Клавдий мен оның бұзылған сарайынан кек алу сияқты үлкен әлеуметтік тартысқа дейін көтеріледі. Қайғылы өлімі алдында да үмітсіздікке салынбаған Гамлет Горациоға өсиет етіп, болған оқиғаларды және бүкіл шындықты адамдарға әңгімелеп беруін өтінеді. Сол арқылы ол әділдік үшін күрес әрқашан ең маңызды мәселе екендігін тағы да бір рет дәлелдейді.

Трагедияда Гамлет Қайта өрлеу дәуірінің ірі қайраткері ретінде көрініп, тозығы жеткен феодалдық қоғамның тәртіптеріне қатты соққы береді, «жолдан шығып кеткен» және бұзылған ғасырды «жолға салуды» өз мойнына жүктелген борыш деп біледі. Тек король Клавдийді өлтірумен іс бітпейтіндігін түсінеді, оның көзіне бүкіл дүние «қараңғы тұңғиық», әсіресе «Дания-зындан» болып көрінеді.

Демек, Гамлет Қайта өрлеу рухымен сусындаған Шекспирдің драмалық шеберлігі туғызған жаңа типтегі адам — әділет үшін күресуші гуманист образ. Оның бейнесі күрделі жағдайда, ішкі және сыртқы көптеген оқиғаларға байланысты дамып отырады.

Гамлет тек қылмыскерді анықтау және одан кек алу үшін ғана ұмтылмайды. Ол сарай ақсүйектерінің менмендігіне, монархтың озбырлығына қарсы күресу қажеттігін аңғарады. Гамлеттің «Егер әркім қимылына қарай сыбағасын алатын болса, онда таяқ жеуден ешкім де құтыла алмас еді!» деген сөзі алдымен феодалдық озбырлықты өз бойына жинақтаған залым Клавдийге және сарай ақсүйектеріне қарсы бағытталған. Белинскийдің айтуынша, «Гамлеттің әрбір сөзі у жалатқан жебенің ұшындай».

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>