iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Шал ақын

Бұл мәлімет 807 рет қаралды

Шал ақын Құлекеұлы 1748 жылы туып, 1819 жылы қайтыс болған. Туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына қарайды. Бейіті де сол жерде жатыр. Әкесі Құлеке жасында батыр атанып, жоңғарларға қарсы соғыста талай жорықтарға қатысқан. Абылайдың замандасы, ханмен жақын қарым-қатынаста болған. Әдебиет тарихының бұрынырақта жарық көрген оқулық-тарында да, әр жылдардағы жекелеген ғылыми зерттеулерде де Шал ақын XVIII ғасырдағы жыраулар тізбегіне тіркесіп, солардың соңын ала жүретін. Өйткені оның өмірінің дені сол ғасырдың екінші жартысында өткен де, соңғы жиырма шақты жылы ғана XIX ғасырдың еншісінде болатын. Қазіргі тәуелсіздік жағдайында, еліміздегі қоғамдық-саяси құрылыстың түбегейлі өзгеруіне байланысты, әлеуметтік ғылымдар саласындағы көптеген ұстанымдармен бірге ұлттық әдебиет тарихын дәуірлеу жөніндегі көзқарастарда да елеулі өзгерістер орын алып отыр. Соларға сәйкес әр дәуірдің ішкі құрылымында да тиісті алмасулар, ауыстырулар мен толықтырулар болатыны түсінікті.

Соның бір көрінісі — Шал ақын шығармашылығын зерттеу мен зерделеу мезгілінің XIX ғасыр басына шығарылғандығы. Бұл уақыт шеңберіндегі жай ғана тасымалдау емес, ақын мұрасының бүкіл табиғатын ескергендіктен туған мәнді өзгеріс. Сөйтіп, бір ғасыр жыраулар қазынасымен аяқталып, одан кейінгі ғасыр ақындар шығармашылығының шымылдығымен ашылып отыр. Мұның мәнісі — екі ғасырдың ара жігінде халықтың тарихи тағдырындағы күрделі өзгерістердің әсерімен оның рухани өмірінде, атап айтқанда, ауыз әдебиеті үрдістерінде бір дәуір тәмамдалып, жаңа бір кезең басталды деген сөз. Осы орайда мынадай орынды сұрақтар туындайды: Жырау деген кім? Жыраулар толғауы деген не? Жыраудың ақыннан, жырау толғауларының ақын өлеңдерінен қандай айырмасы бар? Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеушілердің бұл сұрақтарға жауап беретін айқын анықтамалары, түйінді тұжырымдары бар. Мұхтар Әуезов мұны былай сипаттайды: «Жырау құр ғана тақылдақ өлең айтпайды: бұл — заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді, Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрін терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді… Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі туралы не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады». 1927 жылы жарық көрген оқулығында айтылған осы пікірді М.Әуезов кейінірек, отызыншы жылдардың басында жазған бір еңбегінде былай деп толықтыра түседі: «Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Жыраудың мақсаты, міндеті — не болса сол, көңіл ашар, әлде не дерлік сөзді айту емес. Ол заман сынын, мезгіл, дәуір болжамын, тарихи оқиғаның мазмұнын, бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады». Расында да, жыраулар поэзиясының айрықша бір белгісі — онда ғаламдық, заманалық проблемалар болмаса, күнделікті күйбең тіршіліктің күйкі жәйттері сөз болмайды.

Сәбит Мұқанов — Сыпыра жырау, Асанқайғы, Бұқар толғау-ларын қарастыра келіп, жырауларды XIX ғасырға дейінгі қазақ ақындығының символы деп атайды. Олардың хан ордасына жақын жүріп, әр кездегі мемлекет мәселелерін шешуге белсене араласқанын, қиын кездерде ханның ақылшысы болып, қазақтың ел-жұртын сақтап қалуға себін тигізгенін Мұқанов та жоғары бағалайды. Бірақ бұл тұста есте болатын бір жәйт, олардың бірде-біреуі сарай ақыны рөлінде сайрамаған. Ханның аузынан шыққан әрбір сөзді қағып әкетіп, бұқара халық алдында мадақ пен марапатқа айналдырмаған. Ел сүйсінер жақсы ісі болса, оңашада өзіне хоштау білдіріп, ал ұнамсыз, жолсыз қылықтары үшін, қай ханның да бет-жүзіне қарамай, жұрт алдында қатты сынап, батыл әшкерелеп отырған. Асанқайғының Жәнібек ханға («Ай, хан, мен айтпасам білмейсің»), Марғасқа жыраудың Тұрсын ханға («Ей, Қатағанның хан Тұрсын»), Бұқар жыраудың Абылай ханға («Ал, тілімді алмасаң») айтқан қаһарлы сөздері — осының айқын айғағы. Әрине, уақыт бір орында тұрмайды. Тарих тегершігі ілгері жылжы-ған сайын заман өзгереді. Олардың зардабы алдымен халықтың ба-сына қасірет болып орнайды, арқасына ауыртпалықтың жүгін артады.

Бұл зандылықтың зардабынан қазақ халқы да сырт қалған жоқ. Оның өз алдына хандық құрып, дербес ел болғаннан бергі екі жүз жыл өмірі үздіксіз соғыспен өтті. Төрт құбыласынан алма-кезек соққан шапқыншылық дауылы оны бірте-бірте әлсіретті, ақырында әбден титықтауға айналды. Кезінде Тәуке, Есім, Қасым сияқты есті, көреген хандар тұсында етек-жеңін жиып, әжептеуір күш жинап қалған ел өзге әредік хандардың алауыздығынан берекесі кетіп, сыртқы жауларға төтеп бере алмайтын халге жетті. 1723 жылғы «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейін қатты күйзеліске ұшырап, бет-бетіне ыдырап кетті. Осындай шарасыздық халде жан сақтаудың амалын ойлаған Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей патшалығының бодандығына кірді. Одан кейін Орта жүз, сонсоң Ұлы жүз қазақтары да осы ретпен өз еркіндігін қолдан беріп, патшаның кіріптарлығына бой ұсынды. Халықтың саяси-экономикалық жағдайындағы мұндай мүшкілдік хал оның рухани өміріне де теріс әсерін тигізді. Ауыз әдебиеті саласында төрт ғасырлық дәстүрі бар жыраулар поэзиясы өмір сахнасынан ғайып болды. Халықтың рухани өмірі бірте-бірте жаңа тарихи жағдайға бейімделе бастады. Бұған патшалықтың алғашқы жылдардағы біршама саябыр саясаты да жағдай туғызғандай әсер еткен-ді. Ауыз әдебиетінде жыраулар сахнадан кеткенімен, олардың айтқыштық өнері, суырып салма шығармашылық дәстүрі жоғал-ған жоқ. Жыршылық, өлеңшілік, айтыс өнерлері жаңа тарихи жағдайда жаңа бір өрісті үрдіспен ілгері дами бастады. Жыраулар орнын дәл солардай суырып салып өлең тоғытатын, айтыста арқасы қозып, аруақтанып кететін ақындар басты. 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихында» тарихи жырлар мен зар заман ақындарына жеке-жеке тарау арнаған М.Әуезов бұл екі ағымның туу, қалыптасу жолына шынайы ғылыми тұрғыдан түсінік береді:

«Тарих өлеңдері, ең алдымен ел тіршілігінде анық болып өткен тарихи оқиғадан туады. Пәлен жыл мен пәлен жылдың арасында болған тарихи дәуірдің жыры. Сол дәуірде арнаулы оқиғаның қақ ортасында болған атақты адамдардың басынан кешкен өмір, қолымен істелген істің жыры болады… Бұл әңгімелердің көбі сол оқиғалардың ішінде болған, көзі көргеннің әңгімесі». Енді зар заман ақындары туралы айтқанына келейік. «Зар заман ақындарының көпшілігі ХІХ ғасырдың орта кезінен бері қарай, Исатай, Махамбет, Кенесарылар қозғалысының артынан шығады. Қалың қазақтың ұйтқысын шайқап шыққандай болып, орта жүзді, кіші жүзді түгел оятқан Исатай, Кенесары қозғалыстары қайғылы халмен біткен соң, елдің тауы шағылып, иығы түскен, бұрын болымсыз үміт болса, белгісіз келешектен күткен азғана сәуле болса, барлығы да жаңағы ерлердің жолсыз жорығынан соң суалып біткендей болады. Сондықтан XIX ғасырдың орта кезінен кейін зар заман күйі қалың елге түгел жайылады… Сол қазалы күй осы заманның қайғышыл ақындарын туғызып, зар заманшыл уайымшылдардың санын көбейтті. М.Әуезовтың айтуы бойынша, жаңағы тарихи жырларды туғызған оқиғалар мен сол жырлардың өздерінің, сондай-ақ зар заман тақырыбындағы шығармалардың дүниеге келу кезеңі Абылай заманынан бастап, Абайға дейін, яғни жүз жылдай уақытқа созылған. «Осы жүз жылдық дәуір, — деп жазды Мұхтар Омарханұлы, — қазақ өмірінің барлық суретін өзгертті, бар өмірін екінші салаға түсіріп жіберді». Бұл жерде автор екінші сала деп елдің алдында «темір ноқта мен қайыс ноқтаның» таңдауы шыққан заманды және «ел тілегін айтып, зар-мұңын сөзбен шығарған, ел қамын сөзбен жоқтаған жоқшыларды, солардың ішінде нақтылап, зар заман ақындарын айтып отыр. Олай болса, сол жүз жылдық дәуірдің қалың бір қапталын толтырып, әдебиет арнасына халықтың айтқыштық өнерін жаңа бір өріске өрбіткен суырып салма ақындар легі де өздерінің соны үрдісімен қосылған еді деп айтуға толық негіз бар. Ендеше аты-жөндері белгілі сол лектің көш басында Шал ақынның тұлғаланып көрінуі де даусыз ақиқат еді.

Шалдың ұлттық әдебиет тарихындағы алар орны мен ақындық дарын-қабілеті жөнінде бұрынғы зерттеушілердің еңбектерінде қалыптасқан айқын пікірлер бар. Олар мына сияқты болып келеді: «Шал Құлекеұлы қазақ әдебиетінде Бұқардан кейінгі ірі ақындардың бірі екендігінде шек жоқ. Мұндай халық тұрмысына, тірлігіне жақын тұрған табиғи текпе ақындар сирек ұшырайтын құбылыс санатына жатады». «…Шал ақын поэзиясы жеке ақындар шығармашылығы басталған-дығының куәсі… Әдебиетке автордың өзіндік көзқарасы, стилі, тақырыбы енді. Сөйтіп, ауыз әдебиетінен бөлініп шықты… Шал ақын өлеңдері осы тұрғыдан алғанда өздері дәуір кешкен заманның қайшылықты көрінісін айнытпай бере біледі, халыққа жақын, хан мүддесінен қашық поэзия жасады». «Шал ақынның бізге жеткен шығармаларының дені — импрови-зациямен, экспромтпен айтылған өлеңдер. Бұл тұрғыдан алғанда Шал — ақын, ақын болғанда, қазақ ұғымындағы ақын. Қазақтың бұрынғы өткен барлық импровизаторлары сияқты, Шалға да өлеңмен я қара сөзбен сөйлеу бір қисап болғанға ұқсайды». «Шал — жаңа типтегі ақын; кейін иісі қазаққа мәлім болған, орыс этнографтары мен әдебиетшілерін өзінің төкпе жырымен таңырқатқан Жанақ, Арыстанбай сияқты ақындардың атасы»Шал ақынның есімі республикалық баспасөз бетінде алғаш рет 1929 жылы мәлім болған. Сол жылы «Жаңа әдебиет» журналының №5 санында «Он бес деген жасым-ай» атты елеңі жарық көреді. Содан кейін толығырақ мәліметтерді белгілі ақын Ғалым Малдыбаев «Қазақ әдебиеті» газетінде 1958 жылы 28 қарашада жария етті. Өзі сол өлкеде туып ескен ол Шал ақынның өмірінен біраз мәліметтер келтіре отырып, бір топ өлеңін бастырды. Содан былай қарай там-тұмдап Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорына жинала берген Шал ақын мұрасы қазір мың жарым жол шамасында. Шал ақын жайындағы ең тұңғыш тарихи мағлұматты «Қазақ шежіресі» («Киргизское родословие») атты еңбегінде Шоқан Уәлиханов қалдырған. «Қазақтардың шығуы жайындағы аңыздардың ішіндегі бір тамашасы, — деп жазады Шоқан, — Арғын руының Атығай тайпасындағы Құдайберді әулетінің Бәйімбет атасынан тараған, өзі менің үшінші атам — Абылай ханның замандасы Шал ақынның жыры. Шал осы жырында қазақтардың шығуы жөніндегі халықтың барлық аңыздарын жиыстырып, хандардың, Алаштан тараған барлық рулар мен тайпалардың (әлбетте, бүкіл халықтың) үрім-бұтағын, 12 ата Атығайдың бір сілемі — Дәуіттің 12 ұлының біреуі Құдайберді батырға дейін таратып, шежіре қалдырып кеткен деседі». Осы мұраны зерттеп, толықтыра түсу мақсатымен Шал ақынның туып-өскен жерінен оның ұрпақтарын іздестіріп шыққан сол кездегі жас ғалым, қазіргі халық жазушысы Мұхтар Мағауин 1964 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев ауданында (қазір Шал ақын есімімен аталатын аудан) ақынның бесінші буын ұрпағы (шөшиегі) Қошан ақсақалмен ұзақ әңгімелесіп,  ақынға  қатысты қыруар  материал жазып алады.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>