iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Сембек Жұмағалиев

Бұл мәлімет 344 рет қаралды

Сембек Жұмағалиев бұрындары Гурьев деп аталған Жайықтың екі бетінде орналасқан қаланың шетіне жалғаса орналасқан Балықшы елді мекенінде 1953 жылдың 5 желтоқсанында республикамызда шоқтығы биік, асқақ дарын өмірге келді. Атырау облысының адамдары күмбірлеген күй мен сыңғырлаған әнді бұл дүниенің күнделікті өткінші өмір көрпесін серпіп тастап, ықыласпен тыңдайды. Құрманғазының жанға жая, көңілді шалқытатын күйлері мен Мұхиттың асқақ әндерін музыка әуенінің жоғары нұсқасы деп таниды. Кем дегенде екі үйдің бірінің төрінде қоңыр домбыра ең сыйлы орында ілулі тұрады.

Өткен ғасырдың ортасында күйшіліктің айдынына шыққан ҚР халық әртістері — Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияр, Бақыт Қарабалина, Рыспай Ғабдиев, сазгер Тоқсанбай Құлтумиев, берірек еңбек сіңірген әртістер — Шәміл Әбілтай мен Айгүл Үлкенбаеваның домбыра тартудағы аса кәсіби шеберліктері мен ерекше орындаушылықтары тыңдармандарды таң тамаша етеді. Осы өңірде өмірге келген ҚР халық әртісі, опера солисі Ғафиз Есімов, ҚР еңбек сіңірген әртіс — әнші Ұлмекен Қарағұлова, қобызшы Гүлсара Ізтілеуова, сөз майталманы Гүлшара Есетова және ерекше таңбалы өнерпаз Еділ Құсайынов шығармашылыктарын шыңдауда. Облыстық музыка өнерінің дамуына жан-жақты атсалысқан мәдениет қайраткерлері — Сейілхан Құсайынов пен Раушан Нұрпейісовалардың, сазгер, ақын, музыка өнерінің зертеушісі Ілия Жақановтың есімдерін құрметпен атауымыз керек. Сембек Жұмағалиевтің әкесі Қадыр Ұлы Отан соғысынан еліне оралып, байырғы кәсібі машина жүргізушілігін жалғастырды. Анасы — Бөкен дүкенде сатушы болды. Ол шаруа арасында ыңылдап әндерді айтып жүретінді, той-жиын ортасында саздылығымен әндерді орындайды. Ата-анадан өрбіген 7 ұл — кыз бұл күндері әртүрлі шаруашылықта. Сембек Қадыр Жұмағалиевтің үшінші ұрпағы. Бала кезінде үй шарбағының шет жағында су құятын цистерна бар-тұғын. Соның қақпағын жауып, бұғып отырып ән айтатын. Сонда әннің акустикалық шығуы ұнайтынды. Көрші жігіт гитарада ойнайды. Сембек оған: «Аға, маған өнеріңді үйретші», — деп аспапта ойнауды үйренді. Ол радио діңгегінің жоғары жағына көтеріліп алып, жолдастары алдында ән айтып өсті. Ән салу оған күн өткен сайын ұнай түсті. Сондықтан мектептегі хор үйірмесіне қатыса бастады.

Ұлмерей апайдың қазақ әдебиеті пәнінен дәріс беруі қызғылықты еді. Сембекке жоғары сыныптарда оқып жүргенінде соғыс тақырыбындағы патриоттық әндер ұнай түсті. 10-сыныптан соң мектепті бітіргесін әртіс боламын деген мақсат қояды. Оның мұндай қиялын мектептің көркемөнер ұйымында соғысқа арналған қойылымдарға қатысушылығы оятқанды. Бірақ алғаш еңбек жолын мұнай өңдеу заводында электрліктен бастады. Ол кәсіби электромеханик болғысы келді. Отан алдындағы азаматтық борышын Түркменстандағы Марыда әуелік қорғау бөлімінде орындады. 1973 жылы барлаушы шарды ұстап, офицерлердің назарына ілінді. Оған кіші сержант атағы берілді. Сол гарнизонда халық ансамблі бартұғын. Сондағы қазақстандық Женя Төлегенов (Бибігүл Ахметқызының немере інісі) оны ансамбльге қатыстырады. Ляльков Сембектің дауыс диапазонын тексеріп, барлық октаваларға лайықты деп бағалады. Ол енді хор әншісі, би тобында солис. Ансамбльдегі 30 адамның ортасында 2-ақ қазақ бар. Оған армиядағы өнерін танытқан жылдар ұнады. Мерзім аяқталды. Сембек еліне оралды. Ол 1974 жылы Атыраудың балық заводында «Балауса» атты ансамбльді құруға атсалысты. Онда әрі гитарашы, әрі әнші. Оның көкірегінде бала шағындағы қалайда болмасын Алматыда тұрамын деген арманы орын алғанды. 1975 жылы сол ниетпен көзді жұмып Алматыға тартып тұрды. Мұнда келгесін ағасы Хамитің жолдасы — Политехникалық институтта оқып жүрген Еламанның үйін паналады. Ол Алматының бір жайма-шуақ күнінде жатахананың ауласында өзінің өміріндегі алғашқы концертін студенттер алдында атқарды. Жұмағалиев Сембектің әндерін тыңдап болғасын Еламан: — Сенің болашағын — әншілік, саған құрылысшының қажеті жоқ, консерваторияға түсуге тырыс, — деп жол сілтейді. Консерваторияда оған қатал көрінген Бекен Жылысбаев: «Сенің эстрада — цирк студиясына барғаның дұрыс», — деді. Ол бұл өнер ошағына келгенінде алдынан тағы да осы ұстаз шықты. Бекен аға оның ұстазына айналды.

Сембектің кәсіби әншілік өнерін игеруі басталды. Ол атақты ұстаз қолындағы шәкірт. Тап осы 1975 жылы Республикалық жастар — эстрада ансамблі «Гүлдерге» жаңа өнерпаздарды тарту жүргізілді. Сембек ансамбльге әншілерді таңдап алушылар — Тасқын Оқапов пен Ғабиден Тұяқовтың алдынан шықты. 12 үміткердің ішінен «Гүлдерге» қабылданушылар қатарына әнші Сембек пен жүргізуші Зұлқара өтті. 1976 жылы наурыз айының соңғы күні студия директоры Сембекке: — Ертең «Гүлдерге» жұмысқа кел, — деді.

— Сенбеймін. Ертең 1-сәуір ғой.

— Мына жігіт сықақшылықтан құр емес.

Сембек Жұмағалиев «Гүлдер» ансамблінде әртістікті балауса, қараторы қыз Роза Рымбаевамен бір күнде бастады. Ансамбльде Сембектің алғашқы орындаған әндері Мария Жагорқызының «Дударайы» және «Дос-Мұқасан» тобының жетекшісі Мұрат Құсайыновтың «Қуанышым менің» әні. Енді оның сахна алдында концерттік нөмірлері басталды. 1976 жылы Абай атындағы опера және балет театрында өткен концертке қатысып, өзінің кәсіби әншілігінің бастамасын толық сезді. Оған ілесе Оралда сапарлық концерті өтті. 1977 жылы Сембек Жұмағалиев, «Гүлдер» басшыларының жолдамасымен «Ленконцертің» эстрадалық шеберханасына жаттығуға аттанды. Мұндағы ұстазы — Феодор Рубенович Оганян. Ленинградқа келуін Сембек тағдырдың сыйлығы деп қабылдады. Ресейдің ең озат мәдениеті мен сәулетінің көркем жиынтық орталығында екі жыл өмір сүру оған интеллегенттік өрісін көтеруге бірден-бір себепкер болды. Эрмитаж, Опера және балет театры, қилы-қилы мүсіндер, ескерткіштер, сәулетті ғимараттар, Васильев аралы, қаладағы жіңішке каналдар, Нева өзені, түнде қанатын жайған алып құстай екі жаққа көтерілетін көпір, Неваны бойлай жүзгенде алдыңнан шығатын Балтық теңізі, қаланы қоршаған пейзаж — бәрі тамаша. Ол 1977 жылы КСРО композиторлар Одағы ұйымдастырған «Песни года» сайысына қатысып, Петр Гекенің күзді сипаттайтын әнін орындады. Бұл жолы Ленингард облыстық теларнасы концерт желісін эфирге таратты. Сонда жолдастары Сембекке: «Сені теледидардан көрдік», — деп хабарласты.

«Ленинконцерттегі» жаттығуын 1978 жылы үздік аяқтап, Алматыға өзінің ұжымы «Гүлдерге» оралды. Ол жоғары кәсіби музыкалық білім алуға талпынып, Ленинградттық тәжірибеден кейін, Алматыдағы Т.Жүргенев атындағы Өнер академиясын тәмамдады. Сембектің өнерге деген көзқарасы, әртістік қабілетінің өскендігін ұжым басшылары байқады. Көрермендер алдына Республика сарайында жаңа биікке шықты. Концертті бақылаған атақты өнерпаз Тахир Ибрагимов оны «Сені халық жақсы қабылдады», — деп қуантты. Сембектің концерттерге қатысуы үдеп, М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры, Қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер теат ры, Ұйғырдың музыкалық комедия театры, Кәріс театры және Алматы облыстық филармонияларында жалғасын тапты. 1979 жылы КСРО халық әртісі Аркадий Райкиннің төрағалығымен Ленинградта IV Бүкілодақтык эстрада әртістерінің сайысы өтіп, Сембек Жұмағалиев лауреат атанды (3 сыйлық). Аркадий Райкиннің «Музыкальная жизнь» журналына берген сұхбатында: «Сембек Жұмағалиевті көздің қарашығындай сақтау керек. Оның өңешінде гауһар тас бардай сезім береді», — деп құрметпен айтты. 1980  жылы кейіпкеріміз Чехославакияның Братислава қаласында өткен фестивальде жүлдегер атанды, Польшаның Зелен Гура қаласында атқарылған Кеңестер Одағы әндерінің фестиваліне қатысты. Оның гастрөлдік сапарларымен Болгария, Венгрия, Чехославакия, ГДР, Кубада өнерін көрсетті. 1980 жылы Грузияда өткен ҚазКСР 60 жылдығына және Украйнадағы Қазақстан мәдени күндеріне арналған Киев, Ужгород, Львов қалаларында өткен концерттерге қатысты.

Кеңес Дүйсекеевтің «Ғашықтар жырын» Мақпал Жүнісовамен бірге дуәтпен орындады. Оның орындауында Тілес Қажығалиевтың, Еркен Слетдиновтің, Нұрлан Байқозовтың, Жанбота Тұяқбаевтың, Темірәлі Бақтыгеревтің әндері алғаш таспаға басылды. 1995 жылы Сембек Қадырұлы туған өлкесі Атырауға келіп, филармония әншісі болып жұмысқа орналасады. Облыс әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің қолдауымен ол жастар ансамблі «Атырауды» құрып, әрі сол ұжымның директоры, әрі көркемдік жетекшісі болады. Әуелі дарынды музыканттарды, бишілерді, әншілерді жинап, облыстық «Әлемі» сайысына қатысады. Содан кейін бір жыл өткесін Атырау -Маңғыстау облыстарының өнерпаздары күштерімен «Аймақ» ретро-фестивалін өткізеді. Фестивальдің қазылар төрағасы — Лаки Кесоглу. Осы шақта ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сембек Жұмағалиевті Құрмет грамотасымен марапаттады. 2004 жылы Сембек Жұмағалиев сүйікті қаласы Алматыға оралды. Осы жылдың наурыз айында оның Республика сарайында «Кездер-ай, ерке қыздар-ай» атты шығармашылық кеші жемісті өтті. Концертке үлкен шабытпен қазақ эстрадасының алғы шептегі майталмандары — Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Қапаш Құлышева, Нағима Есқалиева тағы да басқа өнерпаздар қатысты. Сембектің өзі концертті «Дудараймен» ашып, «Карнавал», «Ауылың сенің іргелі», «Алтынай» атты көпке танымал әндерімен жалғастырды. Халықтың сүйікті әндеріне айналған Мақпал Жүнісова екеуінің орындауындағы «Ғашыктар жыры», Б.Қоқамановтың «Атырауымды» орындады.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>