iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Сейдоллаұлы Жеңіс

Бұл мәлімет 287 рет қаралды

Сейдоллаұлы Жеңіс қазіргі таңда Гүлдер ансамблінің жетекшісі. «Гүлдер» ансамблінің құрылғанына 40 жыл толды. Халқымызға кеңінен танымал бұл ансамбльді Гүлжиһан Галиева құрғанды. Ансамбльдің бірінші топ әншілері — Серік Елеусізов, Сара Тыныштығұлова, Гүлжан Талпақова, Лұқпан Есенов, Сара Қабиғожина, Сұлтанғали Шүкіров, Рахым Тәжібаев сияқты бел гілі дарын иелері. Кейінірек «Гүлдер» ансамбліне Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, Бақтияр Тайлақбаев, Айжан Нұрмағамбетовалар келіп қосылды. «Гүлдер» мемлекеттік ансамблі алғашқы концертін Лермонтов атындағы орыс драма театрында көпшілік қауымға ұсынды. Бұл өнер ұжымы қазақ сахнасында ә-деген кезден-ақ пайда болған қазақ мәдениеті саласында тың құбылысқа айналды. «Гүлдер» ансамблінің жиһанда бармаған тауы, баспаған жері қалмады. Ансамблдің ірге тасын қалаған Қазақстанның халық әртісі Гүлжиһан Қалиқызы Галиева туралы айтып өтсек. Ол 1938 жылы Тұрар Рысқұловтың көмегімен Мәскеудегі мемлекеттік театр өнері институтының актерлік студиясын бітірді. Кейін Қазақ драма театрына әртістікке орналасты. Одан әрі Жамбыл атындағы Қазақтың мемлекеттік филармониясында, «Қазақконцерт» бірлестігінде өнерін өрбітті. Ал 1965 — 78 жылдары осы ұжым жанындағы Республикалық эстрада-цирк студиясының директоры және көркемдік жетекшісі болып тағайындалды.

«Гүлдер» ансамблінің құрылғанына 2005 жылы 35 жыл толуына орай естелік кітап жарық көрді. Сара Тыныштығұлова: «Гүлдер өнердің барлық түрін біріктірген ұжым. Онда айтыс та, би де, күй де, домбырамен айтатын әнші де, эстрада әншісі де болды», — десе, Қайрат Байбосынов: «Қазақ халқының жалынды ұлы қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың қазақ өнерін жаңғыртуға қосқан үлесінің бірі, әлемге аты әйгілі республикалық «Гүлдер» жастар-эстрада ансамблі еді», — деп әрі сілтейді, ал Қапаш Құлышева: «1969 жылдың 29 қазанында «Гүлдердің» алғашқы концерті болған. Сол кезден бастап әлі күнге дейін осы ансамбльден қол үзбей жұмыс істеп келе жатқан адамның бірі менмін», — деп мақтанышпен еске алады. «Гүлдермен» біз кішкентай ауылдың, кішкентай сахнасында да болдық, шет елдің үлкен сахналарында да ән салдық», — деп бастап Роза Рымбаева Кубадағы гастрөлдік сапарын тебірене айтады. Нағима Есқалиева: «Мен «Гүлдерге» 24 жасымда 1978 жылы келдім. Әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ эстрадасының даңқын асырдық». Мақпал Жүнісова: «Мен «Гүлдер» ансамбліне келгенімде бар жоғы он жеті жаста ғана едім. «Гүлдер» мен үшін өнерімдегі де, өмірімдегі де үлкен белесім», — дейді. Қазақтың ән-би өнерін тұтастай жержүзіне таныстырған, еліткен, қызықтырған «Гүлдер» мемлекеттік ансамблін Гүлжиһан Ғалиевадан бастап, Камел Чурин, Диляфруз Қияқова, Серік Елеусізов, Батыр Амангелдиев, Ғабиден Тұяқбаев, Елдос Усин, Еркебұлан Мүсірепов, Эльдар Богушевский, Ақжол Мейірбеков, Болат Қабылбаев, Әділ Қойтанов, Алтынбүбі Омарбекова басқарды.

2006 жылдан бастап ансамбль басшысы тізгінін Жеңіс Сейдоллаұлы қолына алды. Ұжымда 43 адам бар, олардың ішінде 20-сы бишілер, 15-і әншілер. МӘдина Сәдуақасова, Шахизада, «Азия» тобы, «KZ» тобы, жас әншілер Дәулет Болатбаев, Гүлхан Сіргебаева ансамбльдің дарынды әншілері. Сәуле Тұманова, Анар Жүсіпова, Дана Байназарова көрермендердің сүйікті бишілері. Ансамбльдің ежелгі әншісі «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» Қапаш Құлышева 40 жылдай ұжымда үзбестен әншілік қызметте. Жеңіс Қызылорда облысының Төретам бекетінде 1962 жылдың 14 мамырында туды. Әкесі Сейдолла теміржол маманы, кейінгі жылдары Төретам стансасында жұмыс істеді. Шешесі Үрзиба да теміржол саласында қызмет атқарды. Сейдолла мен Үрзиба жанұясында он бала өмірге келді. Құдайға шүкіршілік, бәрі де аманесен. Жеңіс солардың ішінде ортаншысы. Оның мектепке дейінгі өмірі Байқожа бекетінде өтті. Жеңіс ес білгелі музыка әуеніне құмар болып өсті. Ол сегіз жылдықты Төретамда бітірген соң, 1978 жылы Шымкенттегі музыкалық училищеге түсті. Оның қалауы музыка теориясы саласы болды. Бұл жылдары оны музыка айдынын, өнерін терең түсінуге жетектеген ұстаздары — Клара Майтанова Тортинская және Көшербаев. Жеңіс: — Мен алтыншы сыныптан бастап гитарада ойнап көркемөнер ұйымының белсенді мүшесі болдым, — дейді.

Облыстық филармониядағы «Ауылым-әнім» атты әнді орындаған вокалдық ансамбльде ол гитарада және клавиш аспаптарында ойнады. Сондай үздік өнерімен облыстық және республикалық жарыстарда жүлдегер атағына ие болды, 1978 — 82 жылдары Шымкент музыка училищесінде композиция және дирижер класында оқыды. 1984 жылы Жеңіс еңбек кітапшасының алғашқы жолын «Гүлдер» ансамблінде ашты, мұнда клавишті аспаптарда ойнады. Ол музыкалық училищені тәмамдаған соң, Республикалық эстрада-цирк колледжінің ән бөлімінде әншілік білімін жалғастырды. 1984 жылы Алматыда Алмагүлмен танысады. Алмагүл Аркалық музыкалық училищесінің бірінші курс түлегі, домбыра тартуды шебер игерген. Алмагүл ол кезде консерваторияның жатаққанасында тұрып жатқан. Жеңіс әрдайым кешке таман сол маңға Алмагүлмен кездесу үшін жиі-жиі келіп тұратын. Ол кезде Жеңіс жиырма екі жаста, ал Алмагүл он тоғызда еді, мезгіл өткен сайын олардың жүректері бір ыңғайда соғып, шын көңілмен сүйіспеншілік бұлағына терең бойлай түсті. Екеуі де өнер биігіне жетуге, қазақ халқы алдында табиғаттарына біткен өнерлерін көрсете түспекші. Ақыры 1986 жылы олардың үйлену тойы дос-жарандары, туыстарымен бірге атқарылды. Жеңіс пен Алмагүлдің тұңғышы Олжас 1987 жылы туды. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң және халықаралық байланыс факультетінде оқиды, ал 1992 жылы өмірге келген қызы Жанел өнерге жақын, әнге бейім. Сонымен қатар музыка жазуға тырысады. 2004 жылы жұбайлардың кенжесі Ажар өмірге келді.

Жеңіс Сейдоллаұлы 1987 — 89 жылдары әскери борышын өтеді. Одан оралған соң, Сүйінбай атындағы Алматы облыстык филармониясына әнші-ұйымдастырушылық қызметке орналасты. 2005 — 2006 жылдары «Гүлдер» ансамблінің жоғары дәрежедегі әншісі. Бұл мезгілдерде ол Қазақстанның көптеген аймақтарында, шетелдерде әншілік өнерін таныта түсті, ел көрді. Ол әнді қазақша, орысша, французша, қытайша нақышына келтіріп орындай алады. Сондай-ақ, он төрт ұлттың биін сахнаға шығарды. «Гүлдер» ансамбліне басшы Жеңіс Сейдоллаұлы ұжымды, Эстрадалық-цирк колледжі түлектерімен толтырып отыруда.

Жеңіс Сейдоллаұлы: — «Елу жылда ел жаңа» деген бар ғой, «Гүлдер» ансамблі құрылғалы қырық жылға таяп қалды. Жас әртістеріміздің әрқайсысы өнердегі өз жолын адаспай-ақ тапты десем де болады. Тәуелсіздік бастапқы шағы басталғанда кімнің, қай ұжымның басында қиыншылықтар болмады. Мұндай қиын кезеңдер «Гүлдердің» де басынан өтті ғой. «Гүлдер» ансамблін жабам деген өнерге, музыкаға жаны ашымайтын басшылар да болды», — деп есіне алады. Ерекше өнерлі «Гүлдер» ансамблі бұл күндері қалың қазақ қауымының жоғары талғамын қанағаттандыруда десек жаңылмаймыз. Шетелдердегі сапарларында қазақтың шалқыған бай ән-би өнерін насихаттап, таныстырады, көрермендерді таң қалдырады, өздері қошаметке бөленеді. Бұл ұжымның жержүзінде бармаған елі некен-саяқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдерге бару сапарларына «Гүлдер» ансамблі бірнеше рет еріп барып, талғамдары биік көрермендердің таңдайын қақтырды. Ансамбльдің әртістері киген ұлттық киімдері қазақтың сәнді, зергерлік өнерлерімен кеңінен таныстырды, — деп ансамбль өнерін шолып өтті.

Жеңіс Сейдоллаұлы ұжымды  мығым басқаратын, әрбір әнші бишілерімен тіл табыса білетін төзімді, тәрбиеші, жетекші дипломат — басшы. Оның еңбекқорлығы жастарға үлгі болғандай. Күнделікті күйбің өмірде ақкөңіл, бастаған ісін тындырмай тоқтамайды. Адамдардың өзіне деген міндетін, сенімін лайықты, табысты орындау оның өмірлік ұстанымы. Ол бильярд, теннис кортында бос уақытын тиімді өткізеді. Отбасында балаларына үлгілі әке, қазақтың елеулі азаматтарының қатарына көтерілуіне тынымсыз еңбектенуде. Оған ҚР еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Оның жеке концерті жемісті өтті, бұл жолы жүргізуші Жеңіс Ысқақова болды, өзі және «Гүлдер» ансамблінің бірнеше өнерпаздары шеберліктерін танытты. «Гүлдер» ансамблінің шығармашылық өмір жолы ұзаққа барады.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>