iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Сұлушаш Нұрмағамбетова

Бұл мәлімет 305 рет қаралды

Сұлушаш Нұрмағамбетова өмірінен. «Жетісу» газетінің тілшісі Шолпан Жұмаділованың 2009 жылдың 18 маусымында жарық көрген мақаласында: «Сары даланы сахнаға айналдырып, талай күміс көмей, жезтаңдайдың өткеніне уақыт куә. Заман өзгеріп, буын алмасқанымен бойында Алланың берген дарыны бар өнерпаздардың есімі ел ішінде ардақ болып сақталып қала бермек. Өйткені олардың өнердегі өзіндік жолы, өзіндік биігі, өзіндік тағдыры бірін-бірі қайталамайды. Әрқайсысы өзінше дарын, өзінше тұлға. Солардың бірі ән әлемінде әдемі даусымен өз тыңдаушысын тапқан, талантымен талай жүректі ғашық еткен, қазақтың маңдайалды сазгерлерінің сазды әуенін халыққа саф қалпында жеткізе білген бірегей әнші — Қазақстанға еңбегі сіңірген әртіс Сұлушаш Нұрмағанбетованың әлемімен таныс болғыңыз келсе, бізбен бірге болыңыз», — деп сырлы-бояулы жол тізбектерін жариялады.

Сұлушаштың әкесі — Құлжабай Қоқышбаев Алматы облысының Нарынқол ауылында өмірге келді. 19 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, сол сұрапылды басынан аяғына дейін кешті. Ол Украинаны, Белоруссияны фашистерден азат етуге қатысты, елге оралғасын колхоз шаруашылығының әртүрлі қызметін атқарды. Анасы — Данила 5 қыз, 3 ұлды дүниеге әкелді. Сұлушаш өмірге сол өлкеде 2.1.1951 жылы келді. Нағашы атасы Ауданбек пен әжесінің ермегі болсын деген ниетпен 2 жасынан бастап нағашы үйіне жіберді. Балалардың ортасында екіншісі. Оның бауырларының бәрі сол Нарынқолда еңбек жолында. Туған ата-ана көшенің бір бетінде, ол нағашыларымен бірге оның екінші бетінде тұрып жатты. Сұлушаш: «Мен есейген шағыма дейін қарсыдағы көрші үйдің түлегі екенімді білмедім», — дейді. Сұлушаштың балалық шағы қазақтың биік шыңы Хантәңірі етегінде, Теріскей Алатауының жоталарының баурайында өтті. Ол асқақ Хантәңірі ұшына қараудан жалықпайтынды, оның пішінін тәкаппар батыр деп есептейді. Атасы колхозда малшы, жазда киіз үйін Сырт, Шұбартал атты көкмайса жайлауға тігеді. Сұлушашты көгал арасында шашырап өскен гүлдер сұлулығымен тартады, таудан сыңғырлап аққан бұлақ-өзеннің дауысын әнге ұқсатады. Қыздар-балалар жаппай аттарға мініп сайды қуалай жарысады. Асудың арғы бетін Қырғыздар жайлаған. Оған атасы 4 жасында патифон сатып әпереді. Дөңгелей айналған күй табақтан Қанабек Байсейітов, Жүсіпбек Елебеков, Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова, Роза Бағлановалардың құйқылжытып айтқан әндері құлақ құрышын қандырады. Сұлушаш 4-сыныпта оқып жүргенінде облыстың партия басшысы Асанбай Асқаров келеді деп дүрлігеді. Көркемөнер ұйымының балауса өнерпаздары Мәдениет үйі сахнасында басшының алдында ән салады. Сұлушаш үлкен қоғам қайраткері болған бұл абзал азаматтың 70 жылдық мерей тойында кәсіби әнші дәрежесінде «Ағаларым» деген әнді салғанын есіне алады. Асанбай Асқаров сонда оған «Тағдыр» атты кітабының бетіне бұрыштама жазып, сыйлайды.

14 жасар Сұлушаш колхоз адамдары қой тоғытып, қырқып жатқанда, қырман басында аты аңызға айналған Бибігүл Төлегенова ауылға келіп концерт береді. Атасы немересін көк есегінің артына мінгізіп апаның концертіне алып келеді. Сол жолы Сұлушаштың жүрегіне әнші болсам деген талпыс ұялады. Оған аңызды әнінінің киімі қор қызын елестетті, ал бұлбұл дауысы есінен кетпеді. Сұлушаш 10-сынып оқушысы. Сол кезде Әсет Бейсеуовтің Нұрсұлтан Әлімқұловтың өлеңіне жазылған «Айшажан» және «Меңдіқыз» әндері әйгілі еді. Олар Нарынқолға келгенде «Ауылым» атты әндерді шырқады. Әнші мен ақын жастарды автобусқа мінгізіп алып аудандағы елді мекендерді аралайды. Сұлушаштың жадында бұл уақиға мейрамдай сақталған. Сол жолы ол ағаларының құрметіне арнап баян аспабының сүйемелдеуімен «Әпитөкті» Рабиға апаның дауысына ұқсап ән айтты. Оның орындауында Роза Бағланованың репертуарынан «Қыз қуу», «Сәулем, Сәулешім» әндері жалғасты. Оны ұқыпты тыңдаған Әсет Бейсеуов оған: «Сен мұнда неге жүрсің, Алматыға кел оқуға түс. Сенің талантың бар», — деп бағалап, кеңес берді.

Ол 7-сынып оқушысы шағынан Нарынқол ауданының халық театры құрамында қырғыздық «Атаның тағдыры» қойылымында бала рөлін ойнап, концерттерде әндер айтады. Соның бірі — Батыр Зәкіровтің репертуарынан. Қырғыздың әнін күндіз жаттап алып, кеште концерте орындайды. Осылайша оның бұл театрдағы бір жылы өтті. Сол мезгілде оған бүгінгі күндері «Терісқақпай» театрының актері Асқардың ата-анасы көп нәрсені үйретті. Сұлушаш Нұрмағанбетова 1971 жылы Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк студиясында (қазір колледж) оқуға қабылданды. Оны бұл өнер оқу орнына Алдаберген Нұрбеков ертіп келеді. Ұстазы — ҚР халық әртісі Бекен Жылысбаев. Бүгінгі күндерге дейін ол бұл ұстазын пір тұтады. Сондай-ақ өмірдегі, өнердегі қымбатты ұстазым деп Нұрғали Нүсіпжановты бойындағы бар ризашылығымен атайды. Кейінгі жылдары Сұлушаш ол құрған «Жазира» ұлттық аспаптар оркестрінде өнер көрсетті. «Семіздікті қой көтереді. Өнердің қошеметін көтеріп жүру оңай келмейді, әрине, ол үшін ақыл керек», -дейді Сұлушаш. Әншілік өнеріме Нұрғали Нүсіпжанов пен Әсет Бейсеуов үлкен әсер етті, өнерге батыл орнығуыма екеуі сендірді деп есептейді.

Эстрада-цирк студиядағы екі жылдық мерзім аяқталғасын Сұлушаш Нұрмағанбетоваға Мәдениет министрлігі «Қазақконцерт» бірлестігіне жолдама береді. Ол кезде бұл өнер ұжымының директоры ҚР халық әртісі Гүлжиһан Ғалиева болатын. Сұлушаштың алғашқы гастрөлдік сапары — Павлодар облысынан басталды. Ол Өмірхан Телғозиевтің «Сырласайық оңаша», Нұрғиса Тілендиевтің «Сағындым-ғой», Мыңжасар Маңғытаевтың «Жаным саған не дейін?» әндерін орындап жүрді. «Қазақконцерт» ұжымының сол кездегі басты әншілері — Жамал Омарова, Роза Бағланова, Шара Жиенқұлова оған: «Радиоға барып әндеріңді жаздыр», — деп ақыл-кеңестерін берді. Қазақ тіліндегі әндер қатарына орыс халқының әндері бой түзеді. Сол жылдары «Қазақконцерт» бірлестігі жылына 2 айдан 4 дүркін гастрөлдік сапарларда жүрді. Сұлушаш осы міндетпен қазақ елінің барша аймақтарын, көптеген елді мекендерде өнерін танытты. Әр кварталда 57 концерт атқарылуы керек, оңай емес. Үй қайда, отбасы бұған қалай шыдайды? әртістер түздің адамдары іспеттес. Әсіресе әйел қауымына бәрінен де ауыр тиеді. Балашағаны кім бағады, тәрбиелейді? Міне, әртіс тағдыры осылай.

Он жылдықты бітіріп, Нарынқол халық театрында әнші болып жүргенінде бір концертке қатарлас әдемі бір жігіт келеді. Ол Қарақалпақстанның Нүкіс оралығынан келген Сәтмағанбет Нұрмағанбетов еді. Ол домбыраны еркін меңгерген, құйқылжыта тартқан күйлері көңілді шаттандыра қозғайды, ал жыр-термелері орындаушылығы да шебер. Екі жас танысқандарына бір жыл өткен соң отбасын құрды. Сәтмағанбет те өнер училищесіне түсіп Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті болды. Өмірге Мырзахмет пен Алма келді. Сұлушаш бұл кезеңді «Өмірінің ең шуақты сәттері» деп есептейді. Отау құрғаннан кейін арада 16 жыл өтті. Бірақ та түсшіспеушіліктердің салдарынан ажырасуға тура келді. «Өткен өміріме өкінішім жоқ — сүйдік, жар болдық, балаларымызды құштық. Мен бағасы жоқ аналық бақытқа ие болдым. Келінді болдым, Мырзахметімнің 4 баласы, қызым — Алмамның бір сәбиі бар. Достарым, әріптестерім өзімді қатты сыйлайды. Мен де оларға жүрегімді айқара ашамын, — деп өзінің отбасы туралы сыр шертті. «Алтын бесік» журналының 2008 жылдың 2-нөмірінде Мағира Қожахметова: «Сұлушаштың сүйгені де, сенгені де — өзінің өнері. Балалары оның маңдайына біткен тағдыр сыйлығы», — деп ауқымды мақаланың бетін ашқан. Сұлушаш пен Мырзахмет екеуі ажырасқаннан соң қайын енесі сәбиді алып кетеді.

Ұзақ жылдар өткесін Сұлушаш пен оның қызы Алманың басы Мырзахметпен бірікті. Келіні — Дана отбасының ажары. Сұлушаш Құлжабай қызы енді жанұясының толығып, біріккеніне Аллаға мың да бір алғысын білдіреді. Алма Қыздар педагогикалық институтының филология факультетін үздік аяқтап, қазір Басқару академиясында оқуын жалғастыруда. Қазір анасының өнердегі продюссері десек те болады. Сұлушаш Құлжабайқызы үшін сахна киелі орын. Ол өзі және отбасы мүшелері қатысқан концертін ұйымдастырды. Сахнада 4 сынып оқушысы немересі Шұғыла ән шырқады. Оған ілесе көрермендер алдында Сұлушаштың өзі шығып әндерді құйқылжытып орындағанда, зал ішіндегілердің қол шапалақтауы ұзаққа созылды, оны сахнадан көпке дейін жібермеді. Енді оның қасына екінші немересі 3 сыныпта оқитын Іңкәр қосылды. Қызы Алма бимен сүйемелдегенінде зал толқуы одан әрі қызды. Әсет Бейсеуовтің «Құралай» әні өте сәтті шықты. Концерт Сұлушаш Нұрмағанбетова мен Шұғыланың Мұқағали Мақатевтың өлеңіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Отан — ана» әнімен концерт пафосты биікте аяқталды. Балауса немерелерінің және өзінің орындауындағы әндер үнтаспаға жазылды. Өнердің ортасында тәрбие алған оның бүлдіршіндері туған халқының мәдениетіне үлестерін қосатындығына Сұлушаш толық сенеді. Сұлушаш Құлжабайқызы Алматының жадыраған жазында үйінің ауласында әртүрлі гүлдерді өсіреді. Оның қасында немерелері — Еңлік, Нұрсилаш, жиен немересі Мұхтар әжесінің қолғанаты. Қазақ әндерін алыс-жақын шетелдерге кеңінен насихаттап жүрген ҚР еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағанбетова қалың жұртшылық көңілінен жақсы орын алған майталман әнші.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>