iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Роза Бағланова

Бұл мәлімет 484 рет қаралды

Роза Бағланова Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты «Ақ патшам» деп атады. Сол Ақ патшасы түсінде қойнынан бір затты алып, Розаның киімінің жағасын қолымен ұстай бергенінде оянып кетеді. Бұл түсін Роза Рәтбек қажыға жорытады. Ол: «Ақ патшаңыз омырауыңызға бағасы жоқ керемет бір белгі тағатын болады», — дейді. Бұл түсті Роза 1996 жылдың 20 қарашасында көрген-ді, ал осы жылдың 16 желтоқсанында оған «Халық қаһарманы» атағы және «Алтын жұлдыз» белгісі тапсырылды. Роза Бағланова өзінің «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты естелік кітабында: «Ақ патшам — қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы. Мен халқымның қиын-қыстау кезеңінде осындай Ақ патшамдай басшының болғаны үшін Аллаға мың да бір алғыс айтамын. 1992 жылы 70 жылдық мерейтойыма арнап Ақ патшам 70 раушан гүлін, құттықтау хатын, сый-сияпаттарын көмекшісі арқылы жіберіпті», — деп жазады. Роза Тәжібайқызы Қызылорда облысының Қазалы каласында 1.1.1922 жылы туды.

Ол ән өнерінің қаншама жолдарын қажымас жігерлікпен, үлкен табыстармен атқарып халқының аса сүйіспеншілігіне бөлене түсті десеңізші! Ол қазақ ән әстрадасының ең биік шыңына көтерілді. Бұл күндері Роза Бағланованың ән соқпағын дарынды ізбасарлары Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нұрлан Өнербаев, Рамазан Стамғазиев, Майра Ілиясова, Бағдат Сәмединова, Гүлнар Сиқымбаева, Алтынай Жорабаева және тағы да көптеген іні-сіңлілері жалғастыруда. Америка Құрама Штаттарында 1899 жылдан шығарылып келе жатқан А.Н. Маркестің «Жаһанда кім кім еді» деген кітабында әр елдің отыз жеті мыңнан астам құрметті тұлғалары туралы анықтама берілген. Оның 1995 жылғы «Жер жүзі әйелдерінің ішінде кім кім болып табылады» деген басылымында Маргарет Тэтчер, Элизабет Тейлор қатарында Роза Тәжібайқызы Бағланова да аталады. Мұндай бағалау қазақ әншілерінің ішінде тек қана оған тиесілі.

Розаның әкесі Тәжібай Жанқожа батырдың туын көтерген Текенің ұлы. Теке батыр ірі, тұлғалы болған, ол атқа мінгенде аяқтары салақтап жерге жетеді екен. Сондықтан көбінде нарға мінетін. Оны халқы «Шақкөз» деп атапты. Розаның айтуына қарағанда Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романындағы алмас қылышты сол Теке ұстапты. Текенің анасы — атақты Сейіт Қожаның қызы. Розаның әжесі — Күндейдің әкесі Айсалтөре бай болған, ал әкесі Тәжібайдың анасы — Қорасан Қожаның қызы. Оның арғы аталары Абылай хан тұқымынан тараған төрелер, тегі Шыңғыс ханға тіреледі. Розаның әжесі Күндей сымбатты жантұғын. Көздері тостағандай жайнап, бұрымы тізесіне жететін. Ол сұңғақ бойлы, мінезі паң еді. Мұнтаздай тазалықты сүйетін. Күндей әже он төрт жасында Меккеге барып қажы атанған. Әжесі Розаны бауырына басқан. Ол өзінің киімдерін кішірейтіп, ықшамдап, Розаны қуыршақтай киіндіретін. Олар пәуескеге мінуді ұнататын. Розаның есінде жайлауға көшу, даланың көктемдегі құлпырған шағы жақсы сақталған. Сол көш үстінде сәнді киінген бозбала-қыздар қиқуласып атқа мініп жарысатын. Сәби кезінде домбыра тартқан, ән салған сал-серілерді Роза бар ықыласымен тыңдайтын. Розаның әжесінде, әкесі 18 түйе беріп жасатқан он екі қанат киіз үйі болған екен. Киіз үйдің керегесінің көзі, уықтарының ұшы күмістен жасалыпты. Розаның жайма-шуақ өмірі ұзаққа созылмады. «Ақтабан шұбырынды» жылдарынан кейін қазақ халқына 1932 жылы Голощекиннің қырсығынан тағы да жаппай ашаршылық басталды.

Тәжібай әке дүние салып, одан кейін бұл жанұяның мал-мүлкі, дүниесінің берекесі шашырай бастайды. Сол жылдардан Роза Тәжібайқызы ернеуі ақ күмістен жасалған қант салғыш, қасық және шанышқыны сақтап қалған. Бұл мүліктер бүгінде әке-шешенің ұмытылмас көзіндей. Роза 8-9 сыныптарды Қызылорда облысының Үлкен Қазалы қаласында оқыды. Қыста ол тізеге дейін жауған қалың қармен үш шақырым жерде орналасқан мектепке баратын. Бұл кезде үй ішінің хал-ауқаты төмен, Розаның қалың киімі де жоқ еді. Әнді Роза бір рет естісе болғаны сол бойда жаттап алатын көрінеді. Әжесі Розаға, негізінен, халық әндерін үйретеді. Әрине, Роза осындай өнерге деген талпынысымен, даусының әсемділігімен мектепте көркем өнерпаздар үйірмесінде белсенді әнші қатарына көтерілді. Ол аудандық, облыстық байқауларға, жарыстарға қатысқанында жүлделі орындарды иелене бастады. Роза үшін сахна төрі ұлғая түсті. Қызылордамен қатар Орынбор, Алматы қалаларындағы ән сайыстарында биіктерден көрінді. Ол әжесінен үйренген «Жайдарман», «Қара торғай», «Айнамкөз», «Екі Жирен» әндерін құлпырта айтатын.

Розаның екі анасы болған. Тәжібайдың 1917 жылы үйленген татар қызы Мариям Абдоллахан қызы сырнайда шебер ойнайтын, тегі хан тұқымынан тарайды екен. Мариямнан туған балалар шетіней берген. Сол себепті Күндей ұлына Ақкүрішті 1920 жылы айттырып алып берген. Ақкүріш Розаны босанғанда Мариям Ыдырысты туады. Осылайша екі анадан бір қыз, бір ұл өсіп жатты. Сондықтан Роза ылғи да бұл өмірде екі анам бар деп санайды. Розаның әкесі Тәжібай да «Ахау керім» әнін мейлінше бабына келтіре шырқайтын. Оның бәйбішесі татар халқының «Шаян Күзлярим», қазақтың «Алқоңыр» әндерін сырнайға қосып шырқайтын. Розаның туған анасы Ақкүріш те келбетті, дөңгелек көзді, аппақ сұлу жан болатын. Тәжібай қайтыс болған соң, ер адамдар Ақкүрішке қызығып бұл үйге жиі келіп жүретінді. Ол 1965 жылы 65 жасында дүние салады. 1933 жылы Тэжібай қайтыс болғанда Роза он бір жаста еді. Жалғыз бауыры Ыдырыс Ұлы Отан соғысына аттанып, одан қайтып оралмайды. Ыдырыстың майданнан жазған жалғыз ғана хатын Роза әлі күнге дейін сақтап келеді. Бұдан кейін үйдегі жалғыз ғана бас көтерер Роза болды. Ол Мариямды «мама» деп, ал туған шешесі Ақкүрішті «жеңге» деп атайтын. Екі ана бірге тұрды. Бұл кең пейілділіктің, ақыл мен парасаттың үлгісі еді. Мариям Розаны «Сары қызым» дейтін. Ол 1952 жылы жетпіс үш жасында қайтыс болды. Роза екі шешесін де жақсы көріп, олар тірі кезінде шофер жалдап, машинасымен жүріп-тұруларына мүмкіншілік жасады. Екі ананы да ол құрметтей білді.

Роза бойжетті. Сол кезде он жеті жасында өз еркімен соғысқа сұранып барған Садық Әбдіжаппаров әскерден Кеңес Одағының батыры атағымен еліне оралады. Ол осы үйде қазақтың әнші қызы барын естіп, Бағлановалардың үйіне келіп тұрады. Жігіт екі шешеге де мейлінше ұнайды, оның үстіне әрі сымбатты, әрі батыр. Екеуінің аялаған Розасына бұдан артық қандай күйеу керек. Ол Розаны алғаш көргенде-ақ ғашық болады. Екі ана Розаға: «Сөзді қой, осы жігіт сенің теңің», — дейді. Роза мен Садық 1945 жылы үйленді. Садықтың туған жері Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауылы. Садық Алматы Заң мектебін бітірген соң, Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Ол оқуда, ал Роза жиі-жиі гастрөлге шығып тұрады. Осындай жұбайлық өмірдегі кедергілердің салдарынан үйленгендеріне жеті жыл өткен соң, олар ажырасып кетеді. Роза: — Әйелге күйеуін күтумен қатар, болашақ дені сау, мәдениетті, іскер ұрпақ тәрбиелеудің де үлкен жүгі бар. Жалғыз балам Тәженді қолынан қақпай, маңдайынан шертпей өсірдім, — дейді. Тәжен Отан алдындағы әскери міндетін атқарып келген соң, ҚазМУ-дың Заң факультетінде білім алды. Ол анасы Роза Тәжібайқызына: «Маматай, мен тек сізге ұнаған қызға үйленемін. Ол сізді әлпештеп, күтуі керек», — деген-ді. Тәжен Маралға үйленді. Роза Маралды «Бозторғайым» деп еркелетті. Өмірге балдай тәтті немерелері — Маржан, Тәжібай келді. Роза немересінің атын әкесін есімін жаңғыртып осылай атады.

Роза Бағланова соғысқа аттануға дайындалған вагон платформасының үстінде 1941 жылдың 17-тамызында әскерлерге арнап концерт берді. Роза майдан даласында «Степь да степь», «И кто его знает?», «Қараторғай», «Дүние-ай», «Сырымбет», «Айнамкөз», «Қыздар-ай» халық әндерін шырқады. Бұдан кейін 1941 жылдың қыркүйек айында 26 адамнан құрылған филармония әртістерінің тобы әскерлерге өнер көрсетпек мақсатпен майданға аттанды. Роза Бағланова — бас әнші. Оның қасында анасындай қамқорлық көрсеткен ән-би ансамблінің жетекшісі Гауһар Рахима бартұғын. Майданның алдыңғы шебінде концерттер берген Қазақстанның әртістер тобы қиыншылыққа, мерт болып кету қаупіне қарамастан жаралы жауынгерлерге медбикелермен қатар дәрігерлік көмек керсетті. Госпитальда жаралы, мүгедек жауынгерлерге, офицерлерге көмектесіп, рухани жағынан демеу берді. Ұйқысыз, мазасыз күндерді бастарынан өткізді. Мәскеу маңында отанды жан-тәнімен қорғап жүрген Панфилов дивизиясының, Орта Азия округінің әскерлері алдында әндер орындалды. Роза Бағланова: «День Победы» әнін естігенімде, жүрегім сыздап, тұла бойымды қасірет билейді. Көз жасым тыйылмады», -деп сол күндерді есіне алды. Аспаннан бомбалар жарылып, жер беті лезде-ақ ала топалаң болып, қан сасып жатқан, алай-дүлей шақта ән шырқаудың өзі де қиынның киыны-ау! Роза 1943 жылы сәуір айының 30-ы күні өзінің омырауына таққан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальді атақты қолбасшы маршал И.С. Конев тапсырғанды. Сондай екінші медальды 1945 жылдың 22 ақпанында маршал К.К. Рокосовский тапсырды.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>