iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Рамазан Стамғазиев

Бұл мәлімет 250 рет қаралды

Рамазан Стамғазиев Алматы облысының Райымбек ауданындағы Көкпиаз елді мекенінде 3 мамыр 1967 жылы туылды. Өмірге шыр етіп дарынды ұл Рамазан Стамғазиев келді. Көрші үйдегі келіншектер Күмісхан мен Сара ана Ұлдаханды қолтығынан ұстап, сүйемелдеді. Нәрестенің кіндігін кесті де, әжесі Әйімханға ұсынды. Әже нәрестені таза, ақ шүберекке орап, құс жүнінен тігілген көрпешектің үстіне жайғастырды. Нәрестеге ет бауыры елжіреп, мейірлене қараған кең пейілді Әйімхан әже: — Немерем өзіме ұқсап, әнші болар, — деп оның оймақтай аузына қарап сүйсінді. Киіз үй іргесінен таудан соққан самал жел жаңа босанған Ұлдаханның терін кептіре бастады. Ол енді толғақтың қысуынан құтылып, жан рахатының тыныштығына бөленгендей, нәрестені бауырына қысып, емізгісі келді. Ұлдахан оның бұл ниетін байқап: — Шыдай тұр, нәрестеге бір сағат өткесін ана сүтіңді сыйларсың, — деді. Өмірге келген нәрестені қызықтағысы келген оның тетелес, балауса апа-ағалары есіктен мезгіл-мезгіл сығырая, жылтылдап қарайды.

— Бар болғырлар, сендерді Тәңір жарылқасын, енді тағы да бір інілі болдыңдар, ол келешекте менің болжауым бойынша әнші болмақ, сендер оның ұйқысын бұзбаңдар. Жолдан әкелеріңді қарсы алып, сүйінші сұраңдар, — деп Әйімхан әже шаттана түсуде. Жамырап жүгірген жас Стамғазиевтер жолға тесіле қарап, әкелерін күтуде, бірақ әзірше шаң көтеріп, дүрілдеген машина көріне қоймайды. Тау бөктерінде орналасқан, аз тұрғындары бар Көкпияз ауылының үстіндегі аспан шыныдай жарқыраған, ашық еді. Кенеттен батыстан шығысқа қарай қараша бұлттар аспанда жөңкуге кірісті. Жаңбыр себезгілей бастап, сосын шелекпен құйғандай ақ жаңбыр құя түсті. Бұл ел ырысы, табиғат жаңа өмірге келген нәрестені құттықтағандай!.. Жаңа ғана тау бөктеріндегі белуарларына дейін келетін көк майса шөптерді екі жарып, аунап-құлап жүрген балалар енді, ауылға қарай топырлап жүгірісті. Осы сәтте Өмірәлі әкенің жүк машинасы шаңды жоғары көтеріп үйге жақындады. Ұл-қыздар бәрі жамырай қосылып: — Әке, әке сүйінші! Ұлды болдыңыз, — деп шуылдасып жатты.

Ол: — Ауыздарыңа май, мен сезгенмін. Сендерге тоқаш пен кәмпит әкелдім, — деп шүберек қалтаны біреуінің қолына ұстата салып, көңілі шалқып, ширақ адымдап үйіне беттеді. Енді балалар сәбидің туғанына қырық күн толуын асыға күтті. Сол күні мойнына тәттілер, бауырсақтар қалтасы байланған итті қуып, тағамды бәрі үлесіп жемек. Бұл бір балалардың көңілді мейрамы. Өмірәлі кешқұрым ісек қойды бауыздады. Шешесі қара қазанды ошаққа орналастырып, астына ағаштың қу бұтақтарын тамызды. Әрі-беріден кейін қазанның қақпағы үстінде бүлкілдеп, еттің жас иісі бұрқырай түсті. Өмірәлі көршілерін шақырды. Ең қымбатты қонақтар сәбидің екі кіндік шешесі Сара мен Күмісхан. Осылай деп келісілгенді. Ауылдың үлкен ақсақалдары төрге жайғасты: — Сәби бақытты болсын, Әйімхан әжесінің тілеуімен әнші болсын. Ал Өмірәлі балам сен ұлыңа ат қой. —  Ата, бүгін Рамазан айының бірінші күні, Құдай алдынан жарылқасын, атын Рамазан деп қойғым келеді. — Бәрекелді, бәрекелді жақсы ырым, жақсы есім. Өмірәлі орынды таптың. Ақсақал сәбиді көтеріп, оның құлағына аузын тақап: — Сенің атың Рамазан, еліңнің айналайын, қалаулысы бол! Аллаһ-әкпәр, — деп бетін сыйпады. Отырған жиын тобы бәрі: — Ақсақал айтқаныңыз келсін, сәбидің бауы берік болсын, — деп жамырай қосылып кауқылдасты. Ақсақал құйқаны құйрыққа, бауырға араластырып төменгі жақта отырған балаларға асатты да, Әйімханға қарап: —  Ал келін сен енді немере қуанышына орай ән салшы, ол Рамазанның құлағына құйыла берсін, біздер сенің әніңді естімегелі көп болды. Бүгін айтпағанда, қашан айтасың?! Әйімхан әже жаулығын жөндеп қойып, түндіктен аспанға бір қарап алып, Жетісудың сарынды әнін шырқай бастады.

— О, Әйімхан! Көп жаса, немерелеріңнің қызығын көр. Стамғазы жұбайың бүгін бір аунап жатқан болар, — деп ақсақал ризашылығын білдірді. Рамазан өсіп келеді. Оны тау бөктеріндегі гүлдер де, шөптен-шөпке ұшып жүрген көбелектер де, қанаты қиылған қарлығаш та, аспанда қалқыған бүркіт те, зымырай төмендейтін лашын да қызықтырады. Әсіресе ол бұлбұлдың сайрауына ынтығады. Бірде Арқадан келген әнші кісі сол үйге тоқтады.. Оның салған әндері Рамазан Стамғазиев құлағынан кетпеді. Рамазанды жылқы үйірі, әкесінің ахалтеке тұқымдас Қаратөбел жүйрігі қатты қызықтыратын. Рамазан Қаратөбелге мінгенде дала кемесінің үстіне мінгендей сезінеді, оның жіңішке сирақтары қандай сүйкімді. Рамазанның сол күндерде басталған жылқыға деген ынтызарлығы бүгінге дейін сақталған. Кейінірек Ақан Серінің Құлагерінің драмалы оқиғасымен танысқанда, оның иесінің жүрегі жарылғандай өкінішті қайғылы болғаны, аттың сол шақта қазақ серісі үшін соншама қымбат, жан жолдастай болғанын түсінді. Өмірәлі мен Ұлдаханнан төрт ұл, бес қыз тарайды. Рамазан Стамғазиев алтыншы сыныпқа жеткенде колхоз клубының сахнасында ән шырқай бастады. Оның дарындылығын байқаған ауданның партия секретары Бексырға Данышпанов Рамазанды көз қиығына алды. Әрі қарай Рамазан Стамғазиев аудан клубының сахнасында көрінетін болды. Салтанатты мейрамдар мен концерттерде көзге түсті, тіпті онсыз мейрам сәні келмейтіндікке айналды. Рамазан Стамғазиев мектепті бітірген соң, Отан алдындағы борышын өтеу үшін Ленинград әскери округына шақырылды. Петрозаводск қаласында әскери міндетін атқарды. Оның үлесіне тек қана қарапайым жаяу солдаттық емес, танкистік тиді. Оның сымбатты тұлғасына әскерлік форма жарасымдыақ. Бұрын Рамазан мектепте оқыған кезінде, құрбыларымен бірге қазақша күреспен айналысатын. Мұнда қазақша күрестен классикалық күреске ауысты, жетістікке жете алды.

Әртістік сапарлар денсаулықтың мықтылығын қалайды. Өйткені, елден-елге, қаладан-қалаға жүріп концерттер беру төзімділікті талап етеді. Спорттық жаттығулар, қандай жағдайда болмасын қиындыққа төзуге бейімдейді. Әскер қатарынан оралғасын Рамазанның жұлдызы оңынан туып, қазақтың тамаша әншілері Қайрат Байбосынов пен әнші Жәнібек Кәрменовпен танысты. Арқа әндерінің екі маршалы Алматы эстрада-цирк өнері студиясының ұстаздары. Олар Рамазан Стамғазиевтың дарындылығын танып, жетекшіліктің кең құлашты қамқорлығына алды. Енді Рамазанның ән салу мәнері, мамандығы әртістікке жол тартты. Осылай екі жылдай әншілік білімін жетілдірді, оған ілесе Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының 4 жылдық музыкалық факультетінде білім алды. Оның әншілік шеберлігін, дарындылығын көрермендер, мамандар бағалай бастады.

  • 1994 жылы Семейде өткен Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілер байқауында жүлдегер атанды;
  • 1997 жылы Самарқандағы Халықаралық «Шығыс әуендері» жарысында да жүлдегер атанды;
  • 1998 жылы 31 жасында ҚР еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Рамазанның өнері өрлей түсті. «Қазақконцерт» бірлестігінде және халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың «Жазира» ансамблінде 15 жыл қызмет атқарды. Еңбекқор Рамазан Стамғазиев Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрадалық-цирк колледжінде бүгінге дейін сабақ беруде. Ол Қазақстан республикасы Президенті әкімшілігі оркестрінде қосымша жұмыс атқарды. Республика Қорғаныс министрлігінің ән-би ансамблінің әншісі.

Қыр мұрынды, аққұба көрікті Рамазанға мектепте талай қыз-құрбылары ғашық болатын. Бірақ оның шынайы махаббатқа арналған жүрегі алда өзінің қалаулысын күтуде еді. Ол өмірлік жарын Алматыдағы эстрада-цирк училищесінде 1987 — 89 жылдары оқығанда талдырмаш, сүйкімді, биязы Ұлту Қабаеваны кездестіріп, бірден ғашық болды. Ұлту да Рамазанның махаббатын оңынан қабыл алды. Оларды албырт сезім жетелеп, екі өнерпаздың жүректері бір арнада соға бастады. Ұлту Оңтүстік Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Ол Жүргенов атындағы Кино және Театр Академиясында әншілік шеберлігі бойынша білім алды. Халық әртісі Шора Үмбеталиевтің сүйікті шәкірті — Ұлту Қабаева Әсет Бейсеуов атындағы «Армандастар» байқауында лауреат атанды. Ерлі-зайыпты Стамғазиевтердың бір ұл, бір қызы бар. 20-жастағы Олжас математика мамандығы бойынша Қазақ — Британ университетінің студенті.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>