iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Ойын арқылы баланы тәрбиелеу

Бұл мәлімет 1 617 рет қаралды

Қазақ халқының дәстүрлік танымында адамның балалық шағы-ойын баласы деп аталады. Бұл — заңды кұбылыс. Өйткені баланың өсіп, өркендеуі, дүниені танып білуі ойынмен байланысты. Қай заманда да қай халықтың өмірінде болсын баланың мектепке дейінгі кезеңінде ойынның атқаратын қызметінің мәні орасан зор. Ойын өмір қажетінен туған балалык шақтың ажырамас шарты. Бала үшін ойын-іс әрекет, еңбекке бастайтын қимыл-қозғалыстың жебеуші шарты болумен қатар дүниені танып білу, түсіну, ұғынудың кілті. Сондықтан ойын туралы ғылыми зерттеу жүргізген ғалымдар да, тәлім-тәрбие ісімен шұғылданушы педагогтер де ересек адамдар үшін жұмыс, қызмет, еңбектің мәні қандай болса, бала үшін ойынның да мәні сондай деген орынды тұжырым жасайды.

Халық даналығында — «ойнай білмеген, ойлай да білмейді, ойында озған өмірде де озады» — деген аталы сөзінің сырына жүгінсек мектепке дейінгі кезеңдегі баланың ойынға деген құлқы, карым-катынасы олар өсіп өркендеп, есейгенде де өміріне жалғаса кететіндігін дәлелдерлік дәйекті деректер жетерлік. Оны біздің де күнделікті тәжірибеміз жан-жақты айқындап отыр. Біз бакылау жасап, тәжірибе жүргізген мектепке дейінгі қоғамдық мекемелеріндегі және бірнеше жылдар бойы жинақталған деректерге зейін аударғанда жасаған пайымдауларымыз — бала ойында қандай болса, кейін ер жетіп, есейіп еңбекке араласқанда да, окуда да, қызмет бабында да, атқаратын жұмысының барысында да көбіне сондай болатындығына көзіміз жетуде. Өйткені бала өзінің іс-әрекетін, күш-жігерін ойын арқылы машықтандырып, өзі қарым-қатынаста болған заттар мен құбылыстардың сыр сипатын ойын барысында ұғынады. Болашаққа тән болмыс нышандары айқындала түседі. Мектеп жасына дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін ойынның ролі ерекше.

Тәрбиеші бағдарламада көрсетілген сюжетті ролдік, қимыл-қозғалысты, дидактикалық және баска да ойын түрлерін пайдалана отырып, топтағы баланың ойын әрекетін ұйымдастыра білуі тиіс. Ойын барысында балалардың айналадағы дүние жайында мағлұматтары кеңейіп /таным белсенділігі артып/, игерген білім — машықтары негізінде бір сюжетке орай басты кейіпкерлерге еліктеуі / шығармашылык белсенділік/, ойын ойнауға өзіне серік тауып алуы, онымен шынайы қарым-қатынас орната отырып, таңдап алған рөлдеріне деген жауапкершілігі арта түседі. Ойын -балалардың окуға, еңбекке деген белсенділігін арттырудағы басты құрал.

Бала ойын ойнағанда өмірде көрген-білгенін өзіне ұнаған адамның іс-әрекетіне еліктеп отырып бейнелейді. Бала үшін өзіне ұнаған адамнан артық ештеңе жок, оған барлық жағынан ұқсағысы келеді. Жалпы бала табиғаты өзін бірнеше есе үлкен ғып көрсетуге бейім. Тез есейгісі келіп, бәрін өзім істеймін деп талпынады. Баланың осы талпынысын мұқалтпай, сен үлкенсің, мен көмектесіп жіберсем, бәрін де өзің істей аласың деп, сенім білдіре тәрбиелеу ұтымды әдіс. Үлкен адам мен баланың айырмашылығы үлкендердің сана-сезімі мен іс-тәжірибеснің молдығында ғана.

Ойын-баланың жан серігі іспеттес. Қай бала болмасын ойнап өседі. Әрбір елдің ойыны сол елдің қоғамдық идеологиясына, тұрмыс-тіршілігіне, айналысатын кәсіп — шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты. Ойын сырттай қарағанда анау айтқандай қиындығы жок, оп-оңай тәрізді көрінуі мүмкін. Ал іс жүзінде бала үшін ойынға қатысты басқалармен тіл табысып, өзінің ойлаған ойын іске асыру оңай емес. Мәселен, рольдерге бөлгенде балаға өзіне ұнамсыз рол тиюінің өзі-ақ көп нәрсені шешеді. Сондықтан тәрбиешінің міндеті-балаларды ойынға өз қызығушылығымен, ынтасымен қатысуын камтамасыз ету. Сонда ғана ойын өз мақсатына жетіп, тәрбиелік мәні арта түседі. Айталык, тәрбиешінің ұжымдық ойынды тартымды ұйымдастырып өткізуі балалардың бір-бірімен достық қатынастарының дұрыс қалыптасуының нышаны екені сөзсіз. Ойын кезінде жолдасының айтқанымен келісіп, оны құрмет тұтудың өзі адамгершілікке бастайтын жол. Тәрбиеші ойын арқылы әр баланың игі бастамасын қолдап, оның бойындағы жақсы қасиеттерді өрбіте, өзіндік мінез-құлқын қалыптастырады.

Қазақтың ұлттық ойындары халыктың еңбек, шаруашылык үрдісіне байланысты туғандыктан, оның түрі мен мазмұны төзімділікке, батылдыққа, ұстамдылыққа, тапқырлыққа және мейірімділікке баулитын сипатта болады. Мұның өзі көңілге кеңдік пен дарқандык ұялатады. «Сайыс», «Аударыспак», «Бәйге», «Көкпар тарту» т.б. ойындары үлкен адамдарға тән дегенімізбен, оның көріністері мен мәні бала ойынының репертуарынан да тиянақты орын алған. Балабақшадағы топта ойналып жүрген «Ақ серек пен көк серек» , «Қазан доп», «Күшің жетсе, үзіп кет», «Арқан тарт», «Алақан соқпақ», «Жаңылма», «Байқап қал», т.б. ойындар баланың белсенділігін жебеп, жігерін қайрап, қапияда жол табатын тапқырлыққа, аңғарымпаздыққа баулиды. Ойындағы ұтқырлық-екінші жағынан өнер. Халықтың аңсаған арман тілектеріндегі, іс-әрекетгеріндегі атрибуттар бала ойынынан көрінісін табумен қатар тікелей әрекетіне айналады. Халық ойындарына тән сипат-өмірге үйлесімділік шындықтан туындайды. Онда қойылған талаптарды орындау барысында дене ширап, көңіл көтеріліп, дербестік дамып, баланы ұғымталдыққа ұмтылдырады. Балалықтың базарлы шағындағы ойынның кайсысында болмасын, ойынның мазмұнына қарай, өлең, тақпақ, ән араласа жүреді. Ал олар ойынның тікелей мазмұнында болмаған күннің өзінде жеңіліс тапқан топ немесе ән, болмаса би билеп, күлдіргі әңгіме айтып айыбын етеуге тиіс. Бұл — қазақтың ұлттық ойынындағы басты ерекшелік.

Ұлттық ойын қазақтың халықтық шығармасы — ауыз әдебиетімен біте қайнасып, бірге өрістеп, бір тамырдан нәр алғандықтан бұларға ортақ кұбылыстар көп. Бір-біріне ұтылай жалғасқан. Балалардың жүгіріп ойнайтын ойындарында айтылатын өлең, тақпақ, ән-әуен, немесе отырып ойналатын ойындарында айтылатын мәнінің (мәтін) мазмұнында әзіл-қалжың, сықақ, күлдіргі сөздер мейлінше қарапайым, айтуға жеңіл, сөздері ойнақы болып келеді. Өлеңнің дыбысталуы, ондағы аллитерация, ассонастық қайталаулар агглютипативтік тілдін табиғатына тән. Сондықтан да ұлттық ойындар халкының әдет, ғұрпын білуге, тілін меңгеруге ыкпалы зор жол екенін ешбір шүбәсіз мойындаймыз. Бала ойынында жеңуші бар да, жеңілуші бар. Әрине, жеңген топ немесе бала табысын жұбаныш етсе, жеңілушінің айыбын өтеуі үшін айтатын такпағы, биі, мақал-мәтелі, жұмбағы болу керек. Сонда бала ойынның қай түрінде болсын — іс-әрекет, ән, би, өлең, жұмбақ, нақыл сөз араласа жүретіндіктен синкретті деп танимыз. Мұның педагогикалық мәні-баланы жан-жақты дамуға, тәлім-тәрбиенің арнасын кеңейтуге мүмкіндік беретін тиімді жол екендігінде.

Халықтык ойын бала киялына козғау салатын, эмоциялық сезімін тербеп, түрлі еліктеу барысында өзіндік жол-жосық іздеуге ұйытқы болуымен қатар ғажайып сыры мол фантазияға жетелейді. Ғажайып қиял адамның ойлау өресін жаңа сатыға көтеретін заңдылық деп білсек, болашақ тұлғаның ой-қиялын өрістетудің нышаны ойыннан бастау алары хақ. Әрине, мұндағы киял дерексіз ұғымдар емес, тікелей өздері көріп, қабылдап, танып жүрген көріністерден туындайды. Сондықтан балабақшада шығармашылық (творчестволық) деп шартты түрде атап жүрген ойындарда, тек көрсетілген ережені малдану емес, балалардың ойын барысында өздері тапқан немесе жаңадан өздері құрастырған мазмұн мен түрге ерекше ықылас қойып, оны ризашылық ниетпен қолдап, мадақтап отырамыз. Бұл, көбіне, аралас топтағы ересек балаларға тән.

Әсіресе, «Тоғыз құмалақ», «Ептілік», «Айтыс» ойындарында балаларды тапқырлыққа, математикалық ойлау зандылықтарына баулуда, салыстыра айтсақ бұлар «Шахмат», «Дойбы» т.б. ойындардан артпаса кем түспейтін ұлттык ойындар қатарынан өзінің сыбағалы орын алатындығына қазіргі балабақша тәжірибелері көзімізді жеткізіп отыр. Халықаралық ойындар санатына косылмағанымен де, асықпен ойналатын қазақтың ұлттық ойындарының балабақша үшін және жанұялар үшін мәні зор. Дене ширатуда, түсті ажыратуда, дәлдікке үйретуде, ұстамдылық көрсетіп тиісті тәртіп сақтауға баланы машықтандыратын «Хан», «Жиырма бір», «Алтын сақа», «Алшы, тәйке-хан талапай» т.б. асық ойындары — ойлау мен қимыл әрекеттің тұтаса келіп тоғысатын тәлімдік, тәрбиелік үйлесімі басым, бала үшін қызықты ұлттық, мәні зор ойындар. Ұлттық ойын — халықпен бірге жасайтын өмірмен құбылыс. Балалық шақтың қайталанбас ескерткіші, әрбір тұлғаның, әрбір ұрпақтың балауса кезінде бастан кешкен өмірі. Ойыннан бастау алып, ертеңімен сабақтасатын тәлім-тәрбиені бойға қондырып, ойға дарытудың алғашқы машығы. Қазақ халқының ұлттық ойындарына тән басты ерекшелік- ойын адамгершілік әдептеріне баулудың тиімді жолы, тәлім, тәрбие мектебіне саналған. Ойын арқылы көңіл көтеру, түйсік сезімін арттыру, күлу, айтылмақ пікірін дәл жеткізу, тапқырлық, сыйластык, мейірімділік, кешірімділік, төзімділік, сабырлық сияқты қасиеттерді баланың бойына нәресте, сәби кезден бастап сіңіруді мақсат еткен. Айтар насихат, берер үлгі-ойынға жеңіл-желпі емес, терең мән бергендіктен «ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле»- деген даналық сөз — қазақ халқының бұл саладағы құқылық тұжырымы, атадан балаға мирас болған өнегелі өсиеті.

Қазақ халқының балаларға арналған ұлттық ойындарына тән сипат, жоғарыда айтқанымыздай, қарапайымдылық қасиетіне қоса, оны ұйымдастыру үшін күрделілікті тілейтін арнайы жағдай мен қиыннан қиыстырылған ойыншықтарды да керек ете бермейді. Тым кірпияздығы шамалы. Ойын кезінде бала қиратып алмайын, бүлдіріп тастамайын деп қауіптенбейді, ешбір күдіксіз ойынға еркін кіріседі. Көңілі қалауынша еркін кіріскен ойын үстіндегі қимыл-қозғалысы, ақыл-ой жұмсауы баланың шамасына қарай әрекеттенуіне мүмкіндік берді. Сондықтан да баланың ұлттық ойынға өте ықыластылығы, белсенділігі байқалды. Балабақшадағы ұлттық ойындардың ерекшеліктеріне тоқталып, балабақша топтарындағы ойынның мән-мағынасын ашуға және адамгершілікке тәрбиелеу әдіс-тәсілдерін тәжірибеде қолдануға бағыт-бағдар алдық. Ойын кезінде бала белсенді қарым-қатынастағы әсері ерік-жігеріне, эмоциясына ықпал етіп, олардың жақсы-жаманды ажыратып, адамгершілік әдептеріне жаттығады. Ойын арқылы баланың бойына сіңірген машығы-тәуелсіздікке қолы жеткен елдің ертеңгі азаматының азаматтық келбетінің бастауы, болашақ бағыт-бағдарының қозғаушы күші.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>