iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Нұрлан Жарасов

Бұл мәлімет 227 рет қаралды

Нұрлан Жарасов 3.11.1953 жылы туды. Ол кәсіби білімін К. Байсейітова атындағы дарынды жасөспірімдерге арналған музыкалык училищеде бастады. Ол 8 сыныптан бастап дирижерлікті қалап, филармонияның және опера және балет театрының концертіне қатысып жүрді. 1972 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияда Тұрғыт Османовтың жетекшілігімен «Халық оркестрінің дирижері» сыныбында білімін жетілдірді. Оны тәмамдағасын 1981 жылы Н.А. Римский-Корсаков атындағы Ленинградтағы мемлекеттік консерваторияның «Опералық симфонияны дирижерлеу» бөлімінде кәсіби музыкалық білімін толықтырды. Мұнда ол Ресейдің халық әртісі В.А. Гергиев сыныбында тәлім-тәрбие алды.

Нұрлан Салаватұлы еңбек жолын 1984 жылы ҚР мемлекеттік симфония оркестрінің дирижерлігінен бастады. Бұл ұжымдағы жұмыс 5 жылға созылды. Осы тұста Шұға Алпысқызы Қансыдықоваға үйленді. Шұға ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Нұрлан Жарасов 1989 — 97 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның композиция және оркестрлік дирижерлеу кафедрасының меңгерушісі, ал 2001 жылдан бастап осы кафедраның доценті қызметтерін атқарып жүрген жетекші ұстаз. Оның басқаруымен опера-симфония өнерінің ұлттық кадрлары өрби түсті, талай дирижерлер дайындалды. Олар бұл күндері еліміздің әр түрлі аймақтарында және кейбір шетел музыкалық ұжымдарында шығармашылық өнерлерін таныта түсуде. Солардың қатарына ҚР еңбек сіңірген әртіс Б. Ладога, К. Байсейітова атындағы опера және балет театрының бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген кайраткері А.Мұхитдинов, Халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегері, Астаналық симфониялық оркестрдің дирижері, профессор А.Нүсіпбаев, вьетнамдық Трань-Хань-Ха, моңғолиялық Батбатр және Е.Бақтыгереев, Р. Бузаев, Д. Глымов, А. Абжанов қосылады. Доцент Н.Жарасовтың класында «Опера-симфониялық дирижерлеу» мамандығы бойынша 30-дан астам студенттер тәрбие алды. Ол дирижер дайындаудағы іс-шарада, тәрбиесінде студенттердің оку процесінде нақтылы музыкалық мекемелерде тәжірбиеден өтуін жете қадағалады.

Нұрлан Салаватұлы ғылыми-методикалық жұмыстарға байсалдылықпен қарап, күйлерді өңдеуде (аранжировкалауда), методикалық еңбектерге, өнерді орындаушылық тарихына, оркестр дирижерлігінің негізіне үлкен мән береді. Оның «Қалауовтың «Қаспан-Ата» күйін ұлттық аспаптар оркестрі үшін өңдеу», «Ресей тарихында симфониялық музыканың дамуы», К.Күмісбековтың «Лирикалық поэмасы екі рояльдар үшін оңтайлануы», т.б. құнды еңбектері бар. Олар оқу процесінде тұрақты пайдаланылуда. Сондай-ақ, 2005 жылы жарық көрген «Қазақ композиторларының опера-балеттік музыкасын интерпретациялау мәселелері» атты оқу құралында қазақ композиторлары — А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара» опералары, Ғ.Жұбанованың «Аққанат», «Хиросима» балеттері тұрғысында опера-балет музыкаларын орындауға арналған әдістемелік ұсыныстары берілген. Сондай-ақ, «Дирижерді тәрбиелеу» және КСРО халық әртісі Шамғон Қажығалиев туралы мақалалары осы бағытты толтыра түседі.

Нұрлан Жарасов музыкалық өнерді дәріптеуде радио, телевизия және республикалық газет-журналдар басылымдарын тиімді пайдалана білді. Мемлекеттік «Қазақстан» телеарнасында оның шығармашылығына арналған көрсетілім — беріліс көрермендер алдында өнерін кеңінен таныстыруды мақсат еткен әдіс. Нұрлан Жарасовтың ҚР композиторлар Одағы кеңесінің репертуарына араласуы, әр түрлі музыкалық жарыстарда «шебер-класстарды» жүргізуі, кейбір облыстық музыкалық колледждерде Мемлекеттік сынақ комиссиясының төрағасы дәрежесінде көрінуі — оның жан-жақты бшімді шығармашылық іс-әрекетін байқатады. Нұрлан Жарасовтың Абай атындағы ҚМАОБ театрдағы 30 жылдық дирижерлік еңбегі мейлінше жемісті. Оның репертуар құрамының ұзын-ырғағы 30-ға жуық. Олар қазақ, орыс және батыс Еуропа елдерінің алғы шептегі классикалық шығармаларынан тұрады. Сондай койылымдардың жетістігінің бірі — Джоакино Россинидің «Севиль шаштаразы» операсы. Осы аты шулы операның Абай атындағы ҚМАОБ театрында 2003 жылдың караша айының 27 жұлдызында мерейтойлық қойылымы өтті. Фигаро ариясын орындауда теңдесі жоқ әртіс Е.Серкебаев осы операны аса айшықтандырды. Мерекелік қойылымда Нұрлан Жарасов өзінің шебер дирижерлігін барша кауымға тәптештеп танытты. Осындай мерей той фестивалі дүниежүзінде операның алғаш қойыла бастағанына 400 жыл толуына арналды. Бұл қойылымда Төлепберген Әбдірашев және Нұрлан Жарасов дарынды дирижерліктерін паш етті.

Нұрлан Салаватұлы Жарасов әрдайым қазақтың опера және балеттерін, концерттерін аса жауапты дәрежеде, биік тұрғыда атқарды. Ыстамбұл қаласында өткен опера фестивалінде, Қазақстан Республикасының әдебиет және мәдениет күндерінде (Ресейде, Украинада) дирижерлік шеберлігімен қалың қауымды тамсандырды. Қазақ халқының дарынды жазушылары Мұхтар Әуезовтің (Мәскеуде), Ғ.Мүсіреповтың (Петропавлда) туғанына 100 жыл толған мерейтойларында музыкалық жетекшілік етті. Нұрлан Жарасовтың өнеріне Қазақстанның байтақ елі, ТМД қалалары, Болгария, Қытай, Түркия жэне Франция көрермендері ыстық ыкыластарын білдірді, үлкен ынтызарлықпен қарсы алды.

Ол Халықаралық опера-балет фестивальдерін жемісті өткізушілердің бірі. Оның концерттерді ұйымдастырудағы еңбегі ұлан-ғайыр, симфониялық оркестрде дирижерлігімен қатар ұлттық аспаптар және үрмелі оркестрлерді, камералық ұжымдарды тең басқарады. Сондай-ақ, жас буын үшін концерттер ұйымдастырып жүр. Тиісті осындай салуалы ұстаздығын, қазақ жастарын мәдениет эстетикасы биігіне жетелеудің бір орынды қыры деп бағалауға тұрарлық. Оның П.И. Чайковскийдің №5 симфония мысалымен оркестрлік хат», «Жас дирижерді тәрбиелеу», «Методиканың негізгі принциптері», «Опера дирижері қызыметінің ерекшелігі» басқа да өткізілген шебер-класстары осыған дәлел. Нұрлан Жарасов Қазақстан аймағы мен дүниежүзі елдері арасында жоғары сатыдағы кәсіби музыкант болып танылды, ҚР мемлекеттік симфониялык оркестрінің жетекші дирижері қызметін атқарып келеді. Ғ.Жұбанова мен Б.Баяхуновтың Ленинградта өткен авторлық кештерінде дирижерлік өнерін тамаша танытты. Оларға ҚР композиторлар Одағының концерті және қазіргі дәуір музыка фестивальдерінің концерттері ілеседі. Осының бәрінде де Нұрлан Салаватұлы Жарасов Қазақстанның музыка өнеріндегі жетістіктерін кең қауымға уағыздауда, танытуда зор үлесін косты. Оның басқаруымен Е.Рахмадиевтің, Ғ.Жұбанованың, Б.Жұманиязовтың, М.Сағатовтың, Т.Қажығалиевтің, Б.Баяхуновтың, Б.Аманжоловтың және бірнеше композиторлардың шығармалары алғаш рет сахналарда орындалды.

Абай атындағы ҚМАОБ театрының бас дирижері Нұрлан Жарасовтың репертуарында «Қыз Жібек», «Абай», «Біржан және Сара», «Аида», «Патша қалыңдығы», «Чио-чио-сан», «Кармен», «Евгений Онегин», «Севиль шаштаразы», «Корсар», «Шелкунчик», басқа да опера мен балеттер сап түзген. Ол Еркеғали Рахмадиевтің «Абылай хан» операсының премьерасын сахнаға шығаруда және Г.Доницеттидің «Люция Де Ламмермур» операсын концерттік түрінде шығаруда, Пуччинидің «Турандот», Ғ.Жұбанованың «Құрманғазы» операларын, Алмас Серкебаевтың «Тілеп және Сарықыз» балетіне дирижерлік өнерімен зор үлес қосты. «Севиль шаштаразышысы» операсының Абай атындағы ҚМАОБ театрында 2003 жылдың 27 караша күні мерейлік қойылымы орындалды. Бұл жолы да Нұрлан Жарасов шебер дирижерлік кілт таба алды. Ол бұл қойылымға өзінің барлық күш-қуатын, жігерін, шеберлігін, білімін сарқыла жұмсады. Нұрлан Салаватұлы Жарасовтың музыка өнеріндегі елеулі еңбектері, ұстаздық және ұйымдастырушылық жоғары қабілеті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрметті мақтау грамотасымен, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл толуына байланысты медальмен марапатталынды. Оған ҚР еңбек сіңірген әртісі атағы берілді.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>